Елімізде бірнеше жаңа әуежай салынады
Елімізде 3 жаңа жүк авиатасымалдаушы құрылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.
«Ұшу тұрақтылығын және авиатасымалдардың қолжетімділігін арттыру үшін отандық компаниялардың ұшақтар паркі толықтырылып жатыр. Осы жылы қазақстандық авиакомпаниялар 10 әуе кемесін сатып алды. Нәтижесінде олардағы орындықтардың саны 26 пайызға өсіп, 15 мың 200 болды. Жалпы, 2025 жылдың соңына дейін қазіргі қол қойылған шарттарға сәйкес әуе паркі 25 бірлікпен толықтырылып, 124 ұшақты құрайтын болады. Ондағы орындар саны 32 пайызға артады. Борттар санының артуы авиабилеттер құнының және авиарейстердің кешігу деңгейінің төмендеуіне ықпал ететін болады. Оған қоса, жүк тасымалы сегментін дамыту мақсатында 3 жаңа жүк авиатасымалдаушы құрылу сатысында», - деді Марат Қарабаев.
Министрдің айтуынша, шағын авиацияны дамыту үшін бюджет қаражаты есебінен Балқаш, Үшарал және Үржар әуежайларындағы ұшу-қону жолақтары жаңғыртылды және Үшаралда жаңа аэровокзал салынды.
Сонымен қатар, аз қуатты әуежайлар және аталған әуежайларға ұшатын рейстер мемлекет тарапынан субсидияланып жатыр.
«Алдағы 2-3 жылға арналған жоспарда Балқаш және Үржар әуежайларын жаңғыртуды жүзеге асыру, Қарқаралы, Ұлытау, Зайсан және Катонқарағай әуежайларын салу мәселесі пысықталып жатыр», - деді ол.
фото: ғаламтордан
Abai.kz