Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаһан жаңғырығы 2716 6 пікір 21 Желтоқсан, 2023 сағат 15:03

Украинаны келер жылы не күтіп тұр?

Өткен бейсенбі күні Ресей президенті Путин былтыр өтпей қалған жылдағы журналистермен, халықпен тікелей эфирде кездесуін өткізді.

Украинаға берілетін әскери көмектің АҚШ-тың екі азулы партиясының көкпарына айналуы, тиіп тұрған Еуроодақтың көмегінің де Сталинің отары болған Венгрия басшысы Орбанның қыңырлығынан өтпей қалуы – Зеленскийдің көңілін пәс еткенімен, Ресей басшысына қанат бітіргендей. Әсіресе ХАМАС Израильге тосыннан шабуыл жасап, әлем назары Орта шығысқа ауғаннан кейін белсеніп сала берді. Мәукеуден ұзап Қытайға, Қазақстанға, Сауд Арабиясына, Біріккен Араб Әмірлігінен барып қайтты.

Дәстүрлі кездесуінде наурызда болатын сайлаудан гөрі Украина туралы көп айтуы да соны аңғартады. Әдеттегідей Батысты айыптап, Украинаны «фашистерден тазарту» ниетінен қайтпағанын жеткізді. Орыс басшысының сөзіне сенсек, Батыстың санкциясының күші әлсіреп, Ресей экономикасы аяққа тұра бастаған. Әскери әлеуеті де айтарлықтай шығынға ұшырамаған.

Зеленский де қалыспай сейсенбі күні жылдық баспасөз мәжілісін өткізді. Оның: «НАТО бізді қабылдауға асық болып тұрған жоқ», - деген сөзінен Киев арыстандарының соғыста өз күштеріне сүйенуге бекініп отырғаны сезілді. Кездесуде айтылған: «Келесі 2024 жылы 1 миллион дана дрон өндіретін боламыз», - деген сөзі де соны аңғартады. Украина әскери мамандарының сөзінше, орыс әскеріне соққы беру үшін оларға айына 100-120 мың дана дрон керек болады екен. Украинада 2022 жылы дрон өндіретін 80 компания болса, қазір олардың саны 200-ге жеткен.

Путинге де бір әскери тілші: «Алдынғы шепте неге әскери дрондар жетіспей жатыр?» деп сұрақ қойған еді.

Украина қолбасшылары Ресейдің соңғы кезде шабуылды өршіткенін айтуда. Ол әрине түсінікті. Наурызда болатын президент сайлауына дейін Ресей басшысының абыройын көтеретін, ауыз толтырып айтарлықтай жаңа нәтиже керек болып тұрғаны айдай анық. Сол мақсатқа жету үшін барын салып жатқаны шүбәсіз.

Зеленскийге де сары уайымға салынуға әлі ерте. Жақсы жаңалықтар жоқ емес. Еуроодақ Венгерияны дауыс беру құқынан айыратын қарар шығаруды ойластырып отырғандарын айтса, Ресейге тиіп тұрған Солтүстік Еуропа елдері Украинаға жақтас болуда. НАТО-ға мүше болған Финландия Ресеймен шекарасын қымтаса, Дания да әскери әуе базаларына Америка әскерінің тұруына рұқсат берді. Балтық елдері де АҚШ пен әскери селбестікті күшейтуде.

Зеленский үшін нәтижесі белгілі Ресейдегі президент саулауынан гөрі АҚШ-та өтетін келесі жылғы президент сайлауының нәтижесі маңызды. Ол үшін жүйкесін жұқартпай, демократиялық жүйенің созбалаң шешімін сабырлықпен күтуіне тура келеді.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588