Қырым: Ресей қорғамады. Тас дәуіріне оралдық...
Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана Ресейдің оккупант билігі Қырымды «жүз пайыз қорғалған, ешқандай қауіп төөнбейтін, тыныш әрі гүлденген курорттық аймақ» ретінде әлемге жар салып, мақтанышпен жарнамалайтын еді.
Ал бүгін бәрі өзгерген. Жоғарыдағы сұлу сөздердің барлығы дерлік сағымға айналған. Украина Қырымды мықтап қыспаққа алуда. Логистикаға күн сайын соққы жасауда. Электр энергиясы тапшы. Украинаның от тұмсықты темір құстары Қырымдағы электр станцияларын аяусыз төпештеп жатыр. Жанармай тапшылығы өрши түскен. Қырымға апаратын құрлық жолдары соққыдан көз ашпай отыр. Тіпті, түбекке жанармайды танкерлер арқылы тасу да мұңға айналды. Украина Қара теңіз бен Азов аспанында «аңшылық науқанын» бастап, көзге көрінген танкерді тесіп түсуде. Бұның бәрі Қырым халқының ығырын шығарып, тіршілігін тұралатқан.
«The Guardian» осындай бейшара күйдегі Қырым туралы керемет бір сюжет жасапты. Сол мақалада Евпаториядағы шағын қонақүйлер мен демалыс орындарын басқаратын Марина есімді кәсіпкер әйел зар жылапты. «Биылғы жаз маусымының астаң-кестеңі шықты. Қонақ үйлер қаңырап бос қалды. Туристер жоқ. Тіршілік тоқтады», - дейді.
Шыны солай. Қазірдің өзінде Қырымда бензин жоқ, кәсіпорындар мен дүкендерге ең қажетті азық-түлік өнімдерін жеткізудің өзі мұңға айналған. Жарықсыз, сусыз...
2014 жылы Қырымды аннекциялап алған Ресейдің орнатқан «гүлденген әлемі» осы қазір. Украина айналасы 1 аптаның ішінде Қырымдағы «гүлденген әлемнің» быт-шытын шығара білді.
Жаңағы Марина бастаған Қырымдағылардың өздері қазір: «Бізге 12 жыл бойы Қырым 100 пайыз қорғалған деп айтып келді. Ал бір айдың ішінде бізді тас дәуіріне қайта апарып тастады: жарық жоқ, су жоқ, жанармай жоқ», - деп ойбайлауда.
Ал Кремль тағайындаған жергілікті билік өткен айда ресми түрде төтенше жағдай жариялап, әскери техника мен шұғыл қызметтердің қорын сақтау мақсатында жеке көліктерге бензин сатуға уақытша шектеу қоюға мәжбүр болды. Қырымның шамамен 2,5 миллион тұрғынының 70 пайыздан астамы жарықсыз қалған. «Біз қазір өмір сүріп жатқан жоқпыз, біз тек аман қалудың амалын жасап жүрміз», – дейді жергілікті тұрғындар.
Кремль үшін Қырым әрқашан стратегиялық маңызды геосаяси аумақтарының бірі болып саналған. 2022 жылы Украинаға соғыс ашқанда дәл осы Қырымды әскери плацдарм еткен. Ал қазір Кремль Қырымды қорғай алмай, «шақшадай басы шарадай» болып тұр.
Ал Украина Қырымды нысанаға алу арқылы болашақ бейбіт келіссөздерде өз позициясын айтарлықтай күшейтуді көздейді. Киев әу баста Қырымды Ресейден оқшаулайтынын айтқан. Қазір соны іске асыруда қарқынды түрде жүргізуде.
Әскери сарапшылардың пікірінше, Украина алдағы апталарда Қырым көпіріне (Керчь көпіріне) қарсы шабуылдарын күшейтіп, түбектегі тапшылықты одан әрі ушықтыруға тырысуы мүмкін.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz