Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 3921 0 пікір 22 Желтоқсан, 2023 сағат 14:13

Қыз киесі

Көкте күн күлімдеп, күздің тағы бір алтын таңы арайлап атты. Шалғынбай шәйін ішіп әдемі дуәнби (қымбат матадан тігілген) кастюм-шалбарын киіп, шайтан арбасына мініп, сиырдың тіліндей галустүгін тағып, асығыс жолға шықты. Көше толы адам, абыр-сабыр сапырылысқан жүргінші.

Шайтан арба бұл өңірде мінсең тұлпар, артсаң қара нар, бір үйдің ауыры мен жеңілі сол байқұстың мойнында. Дене шынықтыру пәнінен беретін Ершат пен Долқыннан басқа ешкім де спорт кимін кимей-ақ, дәл осы Шалғынбайша туфлиін майлап, барын сайлап, шашын қайырып, ауын айырып әр күні үйінен шығады. Жетпіс мың қазақтың баласы оқитын аудандағы жалғыз орта мектепке кешікпей тез жетуге асыққандар күн сайын осылай жарысады, өмір деген жарыстан тұрады. Үздік оқитын оқушылар екпеттеп құлап кетердей алға ұмтыла, жылдам басады, артқы партада отыратын оқушылар тартыншақтаған бұзаудай шалқая кербез басады.

Шайтаншағының алды-артына ағаштан орындық жасатып, балаларын мінгізіп алған жасамыс келіншектерде қара көбейтіп кетіп барады. Жаяулар сағатына бір қарап, аяғы-аяғына тимей зулайды. Қызыл қоңыз сияқты таксилер анда-санда сигинал бере жандарынан өтеді, ішінде шашын сиыр жалағандай қозы қарын қара қытай шіренеді, десе де көп көлік анау айтқандай көшеде шұбырмайды.

Ауланы тұндыра ащы шыққан қоңырау үнімен мектеп сілтідей тынды. Кезінде айдарынан жел есіп, саясаттан сабақ беретін бұрынғы мектеп директорының күйеу баласы Есім бүгінде қақпа күзетшісі. Сарала шапан киіп, есікте отырған ол «шайтан күндерін» сағына есіне алды. Кімнің басысың деген кісіге директор Нұржанның күйеу баласымын деп шіренуші еді. Ол кезде түкірігі жерге түспейтін, жұмысқа алабөртіп келіп сабақ өтетін, мектептен шыға карта ойнап, боза ішетін, артынша ақ жыланы аузынан заһар шашатын, үйіне екі күннің бірінде төрт аяқтап, зорға жететін... Тілін шайнаған ол келіншегіне: «Мен директордың күйеу балысымын, есікті аш», - деп ақырғанда көршілердің бәрі сықылқтай күлуші еді... Енді міне, жанында шайтан досы жоқ, жалғыз өзі өткен-кеткенге телміре қарайды. Кешіккен оқушыларды тізіп алып, майдан айналдырған Долқынның бір.. екі.. бір... даусы ғана тыныштықты бұзып тұр.

Екінші сағаттық үлкен үзілісте Шалғынбай беліндегі шиқылдаған шақырғысына қарады. Досы Мұраттың нөмері. Қақпа алдына шығып қоңырау қайтарды. ХХ ғасырдың соңында шыққан шақырғылар әлі ауданда көп адамың белінде жоқ...Шақырғысы шиқылдаса: «Мені іздеген адам бар», - деп паңдана басатын кез... Қыз біткен шайтанға тез алданып, ондай жігіттерге қызыға қарайды. Нарықтық экономика жандана, адамдардың ойлау жүйесі өзгерді, адам бойында айтуға ауыз бармайтын асылдар ақшаға сатыла бастаған. Ақшасы барларды «халық батыры» деп табына бастаған шақ...

Бір күндік оқу аяқталды. Мұрат та қақпа алдына дайын болыпты. Әкесінің емхана бастықтығы оның оқуын құрдымға жіберді. Сегіз сыныптан соң әкесінің қол астында запас кадр болған. Былтырдан бері оған тықыр таяп, кадрлық статусқа өту үшін Құлжаға медколледжде ашылған қазақ ұлттық этно медцина бөліміне оқуға барған. Өз ұлтының ұшан-теңіз мәдениетін осы арадан білді. «Аяғы ауыр әйелге түйенің етін жегізбеу, жұмыртқа аузына салдырмау, туылған баланы қырқынан шығарарда қой қораның әр жерінен кепкен қырық құмалақты теріп әкеліп, судағы күміс сөлкебайлардың жанына салып, бірнеше шөптің күлінен жасаған сабынмен баланы шомылдыру себебін, ер жігіттің қанжығасында жүретін қыл арқан сырын, орта жас ердің белінде жүретін белбау құпясы» бәрі-бәрі тұнып жатқан қазақ медцинасы екенін ұқты. Әр жерден терілген құмалақ баланы түрлі ауырудан сақтайтын бүгінгі вакцина рөлінде болса, күміс таза дезенфекция, ал алабота, тікен шөп, қалақайдың күліне жылқының майын қосып жасаған сабын тері ауыруның қай түріне болса да ем. Қазақтану деген ғылымды барлық қазақ оқу керек деп ойлаған сонда, бұл Мұрат. Биыл екінші жыл, көп нәрсені көкейге түйіп, өз ауылына практикаға келе жатқан беті.

Сан мың түсті нұр батыстан горизонтал бағытпен тарап, жер бетіне басқаша рең береді. Мектептен қайтқан адамдар шоғыры жөңкіле аққан топан судай тасқындауда... Сағым ойнаған сәуленің арасында көктен түскен періштедей бөлекше бір сұлу қыз пайда бола кетті. Ертегідегі аққу бейнесінде келетін арудың дәл өзі дерсің. Ерттелген аттай денесі еріксіз көз тартады. Шымқай қара қодани костюм-шалбары аппақ нұрлы жүзін одан сайын аша түскен. Кере қарыс кең маңдайы күнге шағылыса жарық-жұрық етеді. Мұратқа жымия амандасты. Жымиғандағы екі ұртының ұры шұңқыры қызды одан бетер сұлуландырды. Шалғынбайдың жүрегі дір етті. Үлкен де емес, кіші де емес, құп жарасқан қыр мұрны сондай әдемі. Бота көзі мөлдіреп, төгіліп тұр. Кең кеудесі, сұңғақ бойы, қолаң шашы, сымға тартқандай сымбатты бітімі мысық мұрт бала жігіт Шалғынбайды шайтан естен тандырды. Өзін ұстай алмай, буын-буыны қалтырап тісі-тісіне тие қалшылдап кетті, жерден аяғы көтеріліп бара жатты...

Өне бойына өрт кеткен Шалғынбайдың құр сүлдері ғана состиып, Мұратттың жанында қалды. Даңғырлай сөйлеп жатқан досының әңгімесін еш түсінбеді...

Алтын қыз қақпаның арғы шетінде әлде біреуді тосып тұр. Су жаңа шайтанарбасы да өзіне арнап жасалғандай, бек жарасымды. Қыз аяғының жиегіне болымсыз жұққан шаңның өзі Шалғынбай үшін жаһұттай жарқылдады. «Бұл қыз кімді күтіп тұр» деп, Шалғынбайдың іші қылпылдап, қызғанып барады. Жеңіл басып қақпадан шыққан сары шашты кішкене қыз «әкпе» деп бас сала, мойнына асылды.

Бөлек факультетте оқыса да «жерлес аға» деп, кездескен сайын жымия амандасып өтетін Алтынайға Мұрат жылдамдата жетіп, қарындас бізбен бірге кешкі ас ішіп кетсең, деп өтініш жасады, досының хәлін байқап. Тосын ұсынысқа тосылып қалған Алтынай: «Жоқ аға, мен асығыспын», - деген жауаппен паңдана кете барды. Қыз пәк болған сайын паңданады. Салмағы артады, қадірлі болады. «Жүрісі қандай әдемі! Кер маралдай керілеген» деп, күбірлей тамсана артынан ішіп-жеп қарады. Жер-әлем Шалғынбайға алғаш рет сондай әдемі көрінді, бәрі оған мейірлене қарап тұрғандай, барлық нәрсені жақсы көріп кетті. «Жердегі қара құмырысқаны басып кетпейін» деп, жерге аяғын қоюға батылы жетпеді. Қыз сиқыры, қыз магниті, қыз жылуы, қыз оты оның тура жүрегіне түсті. Жүрегіне түскен махаббат шоғы өнебойын бір ысытып, бір суытты. Бірақ бір түрлі жеңілдеп барады. Мазасыздана «бәкісін жоғалтқан шалдай», басын сипай берді. Қыз мүйісті айланып, әлде қашан көрінбей кетті. Шалғынбай әлі қарап тұр. Қыз оған қайтып келе жатқандай, құшағын аша өзіне жүгіріп келді. Таңғала қарап тұр. Көзін ұқалап, қайта қарады. Ешкім жоқ. Мұрат оның кеудесінен түрте, рухы мен тәнін бір-біріне қосты.

***

Шалғынбай қыз үйін нақты білмесе де, әр күні кеште сол маңға барып, айналсоқтайтын әдет тапты. Оны қыз еш білмейді. Жігіт содан рахаттанады. Олай етпеген күні ұйқысы келмей, дөңбекшіиді. Бір күні дағдылы әдетімен сол маңда жүргенде жуан балтырдан бірдеңе қыса қалды. Жалыт қарады. Артында үлкен қызыл төбет ит тетір айналып кетіп барады. Неге екені белгісіз, Шалғынбай қабағат қуанды, жақсылыққа жорыды. Құдды қыз өзін сүйіп алғандай бақыттан басы айналды. Иттің артынан еріп, сол үйге бірге барды. Ит еш асықпай басып, бір ауладан ішке енді. Апасының «иттің өз жүнін қапқан жерге тарту керек, болмаса адам жаман ауыруға тап болады дегені» есіне түсті. Айғай салды, үйден адам шықты. Шалғынбай итіңіз балтырымды қанатты. «Менің басқа дауым жоқ. Ол ит-қой. Сіздер тек маған бір уыс жүнін қиып берсеңіздер болды», - деп өтініш жасады. Ит иесі ілезде итін ұстап жүнін қиып, күйдіріп, күлін аяғына салып, жақсылап таңып берді. Шалығынбай ақсаңдай басып, қыз үшін берген бодауына қуана-қуана үйіне білдірімей келіп ұйқтады. Сол күн түс көрді.

***

Жатса да, тұрса да қиялына түнеген ғашығы түсінде өзін анадайда күтіп тұр, ол қуана оянды. Студент кезінде «менен көп сабақ сұрамаңдар, махаббатасып жүрмін» деген ағылшын тілінен беретін апайының сөзі есіне түсті. Иа, ғашықтық - ауыру. Барлық нәрсеге ғашығының көзімен қарайды. Тезектің астындағы қара қоңыз да оған сондай сүйкімді көрінді. Бала кезінде Мұқан ақсақалдың айтатын ертегісінде: «бір кісі осы сиырдың жаппасының астынан шыққан қос мүйізді қызыл қоңызды Жартушы неге жаратты екен, бұл неге керек деп ой кешіпті. Аз күннен соң әлгі адам белгісіз ауыруға шалдығады. Бармаған жері жоқ, еш ем болмайды. Амалы таусылған ол халық емшісіне барады. «Сенің жалғыз емің боқтың астында өмір сүретін қос мүйізді қоңыз, соны жесең жазыласың» дегенде өзінің Жартушының ісіне араласқан келеңсіз ойына опық жеген екен» дегені есіне түсті. Иа, бұл өмірде кездейсоқтық деген болмайды. Бәрі Алладан деп, Шалғынбай шаттанды. Көңілі тоқ болды, «Алла қаласа ертең-ақ сол бойжеткенге кездесем» деп үміттенді.

***

Қытайлар бар күшін салып, өздерін жаулаған монғолдарды алдымен қытайластырды. Неге екені, монғолдардың тілі барлық тілге бейім. Қытайшасы өлшемді, қазақшасы да бір ізді. Сондықтан да универді жаңа тауысқан ұзын бойлы арық монғол қызы қазақ балаларына қытай тілінен сабақ беруге келді. Бойдақ қыз жатақханада жалғыз тұрды, аталарынан жоңғар шапқыншылығын көп естіген жігіттер бір-ақ түнде ащы суды ұрттап келіп, есікті шағып қызды жалаңаштап терекке таңып кетіпті. Осы оқиғадан кейін мектеп ауласы тас түйін қоршалды. Өз елінде бай қытайлар қатын-баласын ауылдарына тастап, «Батыс өңірді зор күшпен ашамыз» деген сылтаумен мемлекттік қолдау қаржысын алып, Шинжяңға ағылды. Солардың бірнешеуі біздің ауданға келе сала, қаланың дәл ортасындағы мектеп айналасына көзі түсті. Қымбат бағамен сатып алып, зәулім сауда кешендері мен сан түрлі тірлікке бейімдеген жалға беретін алпауыт құрылыстарды тұрғызды. Бүгін де мектеп айналасы ығы-жығы адам, іздегеніңнің бәрі осы маңнан табылады.

Сарала жапырақтар жерге түскен күні Шалғынбайды шайтан жетелеп, аяқ-киім сататын дүкенге жалғыз апарды. Сұлбасы Алтынайға ұқсайтын қыз тетір қарап, аяқ-киім көріп тұр. Үлкен де емес, кіші де емес, доп домалақ жамбасы женси шалбардың ішінде, көзіне оттай басылды. Әйелдің бөксесі әу бастан ана болуға дайындалып, бөлекше жаралған-ғой. Талдырмаш денесі тіптен есінен тандырды. Жанына жақындады. Иә. Алтынай! Соның дәл өзі.

- Сәлеметсіз...

- Сәлеметсіз. Сіз мені қайдан танисыз?

- Есіңізде болса, өткенде мектеп қақпасының алдында көрдім. Сіздермен бірге оқитын Мұратың досымын.

Қыз үнсіз төмен қарады, екі бетінде алқызыл нұр ойнап, домалақ жүзі сондай сұлуланып кетті. Аузы қандай оймақтай, көзі, қасы, қандай?.. Жұмақтағы хор қыздары осындай болар деп, Шалғынбай шексіз сүйінді.

- Маған бір аяқ-киім таңдап берсең қарындас.

- Мынау қандай...

Қыз таңдаған сәлғана өкшесі бар қара бәтіңкені киген Шалғынбай дүниедегі ең бақытты адамға айналды.

- Ал сен өзіңе ұнаған біреуін таңда, - деді жігіт.

Алтынай жетінші сыныпта оқып жүргенде лотария билетінен кір жуғыш машина шыққан, сонда әкесі:«Бұл дүниеде ешқашан тегін нәрсе жоқ» деп, алдырмай қойған. Қазір аяқ-киім алса бұл жігіт ақшасын төлеп жібергелі тұр.

- Маған ұнаған аяқ-киім жоқ екен.

«Ал онда мен аяқ-киімді жуып берейін саған» деп, жігіт сөз тапты. Екеуі кешкі шапақта дүкеннен шыға өздеріне жақын жердегі атақты Маметжан лағманханасына келді. Әп-сәтте буы бұрқырап, қолдан созған лағман алдарына «же, мені» деп, дайын болды. Үстінде кілең ет, оның бетін жұмыртқа қымтай жапқан, дәмділігімен ауданға аты шыққан. «Ғашықтың тілі үнсіз тіл» деп, екеуі де үнсіз. Сыртта сөйлеп тұрған Шалғынбай ішке кіре жынын алған бақсыдай жуасып қалды, қарсы алдында отырған сұлу қызға құмарлана қарады, балаша езу тартты, жымиды, жігіт қараған сайын қыз төмен қарайды. Өзін, отбасын таныстырған жігіт туысым болып қалмасын деп, қызды ептеп сөзге салды....

Кере қарыс маңдайы жарқыраған қыздың болмыс бітімі бұл ауданның адамдарынан бөлекше, рең басы сондай таза және өзгеше нұрлы. Әжесі сонау Самарқан текті Қожаның ұрпағы болып шықты. Атасы кезінде ақын Көдек Маралбайұлымен бірге Тәшкен, Бұқара, Самарқан барып, тапқан жары екен. Иезит хандығы кезінде Кербала шайқасында екі дүние сардары Пайғамбарымыздың (с.а.у) сүйікті немерелері Хусейін (р.а) шаһит болған соң, ардақты Пайғамбарымыздың ұрпақтары Орта Азия жеріне қоныс тепкені тарихтан белгілі дегенде, Шалғынбайға қыздың іші жылып сала берді. Қыз да қуанды, жігіт текті жерден тараған ару қызбен кездескеніне қуанса, қызда өз алдында отырған дөңгелек жүзді, аққұба, ат жақты, көзінде оты бар, оқыған, білімді жігітпен кездескеніне қуанды.

Ғашықтық оты лапылдап жанған Шалғынбай қыздың алдында қанаты күйген көбелектей күй кешіп, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп, бүгежектей, ебі қаша берді. Қызды жақсы көргені сондай, оның бір тал шашын майыстырмауға іштей өз нәпсісімен серттесті. Ғашығың сен үшін қашанда аспандағы шолпан жұлдыз, оны тек бағалап, қадірлеп аялау міндетің. Сүю деген міне, осы. Өз салмағын жоғалтқан жігіт кібіртіктеп, ештеңе айта алмады. Мың ойланып, жүз толғанып, ақыры «мен сізді жақсы көріп қалдым» деп, зорға айтты. Қыздың екі беті ду етіп, күлгін нұр бөлменің ішін жарық еткізді. Кең маңдайы одан бетер жарқырап кетті. Үндемеген үйдей жауап деген осы, «ашуландырып алдым ба?» деген қорқынышынан әзер айықты. Далаға шықты, мақпал түн, көше шырақтары жанған. Жұлдыздар қуана жымың-жымың етеді. Ай да бұларды құттықтағандай күлімдеп тұр, ағаштар болмашы күзгі самалмен бір-біріне сыбырлап, қызбен жігіттің адалдығын, шын сүйгенін жеткізіп, өзара бөлісіп тұрғандай. Мүлде басқаша әлем.

Үйіне жеткізіп қойды, қолын кеудесіне қойып үнсіз бас изей қоштасты жігіт. Былай шыға шайтан Шалғынбайды қатты жазғырды. «Жайшылықта ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас», неге сонша үнің ішіңе түсіп кетті?!. Ез, ынжық жігіт екен деп қалды-ау... Қыздар негізі өжет, жан-жақты піскен жігітті жақсы көреді. Неде болса қыз үйінің телефонын алғанына қуанды.

***

Досы Мұрат екеуі Алтынайды ертіп шығып, сәнді сарайда, аспа-төк дастарханда, төре табақ тауық етін жеп бір қайтты.

Шалғынбайдың жанында көрінбейтін шайтаны бар. Қыздың практика көріп жатқан емханасына кештете барып, үйіне жеткізіп жүрді. Бірақ, шайтан қанша азғырса да қыз бен жігітке еш қол ұстата алмады. Қараңғы түнде де жабысып жақын жүрмеді. Жанында Алтынай барда Шалғынбайдың айналасы нұрға толып, бақыттан басы айналып, өзін қоярға жер таппай кетеді. Тағы бір күні Алтынайды үйіне ертіп барды. «Әжем ауырып қалыпты, Әкем інімді ертіп ауылға, үлкен үйге кеткен, менен басқа үйде ешкім жоқ, әкпем бар еді. Ол келмепті, оның құрбылары көп, кейде келмей қалады»... деп, күмілжи, шынайы сенген жүрекпен тіл қатты қыз. Анасы қайтыс болып, әкесі жарыма екі дүниеде адал боламын, қыздарымды өгей шешенің қолында жәутеңдетпеймін деп, үйленбепті.

Сасқалақтаған жігіт: «Онда мен сені қорқытпай жаныңда болайын» деп, өз сөзінен өзі қорқып кетті, қыз үнсіз қалды. Сол күн Шалғынбай қыздың жанында қонды. Алма мойын ару қасында жатыр. «Алтынайымның бір тал шашын майыстырмаймын» деп, өзіне берген сертін қайта-қайта есіне алды. Жанында жатқан қызға еш қол созбады. Шайтан сан ойлармен мазалады, жігіт өзін зорға тежеп жаттыр. «Шын сүю, махаббат деген осы шығар». «Ертең үйленсем жақсы, егер тағдырма бұл қызбен үйлену жазылмаса, байқұс қызға болашақ жары өмір бойы бетіне салық етер» деп, оны аяды...

«Иә, бұл сенің жарың, үйленесің, одан ажырап қалмауың үшін осы орайда құшағыңа ал» деп, шайтан тоқтаусыз сыбырлай берді. Нәпсісі күшейіп, жыланы жыбырлап, інінің аузында қыдиып, ендігі қимылды аңдып тұр. Қараңғы түн, қыз да үнсіз, жігітте үнсіз, жанында шайтан мен нәпсі қан тамырының ішінде бүлкілдеп соқты. «Қыз «һкет ары емес, үйде ешкім жоқ» дегенді айтқандай-ақ. «Қыз өзін арнады саған», - деп сыбырлаған шайтан.

Жо...жоқ, Алтынай ондай қыз емес, ол көкте нұрдан жаралған, кіршіксіз пәк қыз. Маған сенген соң айтты деп, қызды ақтады Шалғынбай. «Мен Алтынайымды сондай жақсы көрем, ақ некеміз қиылмайынша оның қолын да ұстамаймын, оны осылай сүйдім, осылай аялаймын» деп, тісін тісіне басып, зорға жатты. Қыз әлде қашан жеңіл пысылдап ұйқтап кетті. Шалғынбай басын көтере қызға қарады, айдай нұры терезеден түскен аймен шағылысады, оймақтай аузынан сүйіп алғысы келді, шайтан қабағат қуанды, Шалғынбайдың көз алдында өзіне Құран үйреткен ұстазы келді. Шалғынбай қайта төсекке құлады. Нәпісі зар еңіреп жылып жіберді. Ол ақыры шыдамады, болмаған соң, Алтынайды ойлап, сол оңбаған бір тамшы лат суды өзімен-өзі алысып, сыртқа шығарды-ау. Ұһ деп, рухы аспанға ұшты, сосын жайланып ұйқыға кетті. «Көршілері көріп, әңгіме болмасын» деп, қызды ойлаған Шалғынбай таң атпай, жерге жарық түспей, қыздың да ұйқысын бөлмей, елге көрінбей кетіп қалды.

***

Төбеде күні, жүрегінде махаббат сезімі тасқындаған Шалғынбай әр күні кеште Алтынайдың жұмысына қарай қадам басады, шайтанның одан көңілі әбден қалды. Кей күн ерсе, кей күн ермейтін болды. Қызы жанында барда Шалғынбай сондай жеңіл жүрді, құдды көкте ұшып келе жатқандай күй кешеді. Бақыттан басы айналып, мас болады. Сол түннен кейін Алтынай Шалғынбайға туған ағасына сенгендей сеніп кетті. Практикасы бітіп, оқуына Құлжаға барғанда жиі-жиі барып тұрды. Қонақ үйге бірге жатты. Шашына қолы байқамай тиіп кетсе өне бойы дір етіп, шошып оянды. Жанында жатқан аруды аялай, жүрегімен елжірей сүйіп, балқып ұйқтады.

Махаббат деген ескі нәрсе, бірақ оны әр жүрек жаңартып отырады. Тағдыр сыйлаған ақ жүзді аруға көп шүкіршілік етті, соған қуанды, ерте есейген достары ерте мұңданды, ащы судың айналасында «күнім-жаным» деп жыласа, бір ақын досының: «Әй, сен қыз! Сен бе бәлем, бүлдірдің бақытымды көрген әрең», - деп дүңгеннің арық қызына жазған өлеңі бүкіл ауданға хит болды, сол кезде. Шалғынбай бұл барып тұрған «әлсіздік» деуші еді, міне, енді өзі сол әлсізге айналды. Сол ақын досы кейін үйлі-баранды болып, көп қабатты үйге зорға қолы жетіп, көшіп барса, тура қарсы беттегі көршісінің әйелі өзі өлең жазған арық дүңген қыз болып шықпасы бар ма! Ол өлеңін студент кезінде, сұр бойдақ шағында жазған, сөзге жан бітті деген осы болса керек. Шын махаббат тек мейірлі, адал адамгершілі жоғары жандарға тән қасиет. Өткінші өмірде адам болып, шын ғашық болмау ол - өкініш.

Шалғынбай апта соңына ғашығын сағына зорға жетіп, Құлжаға тартып отыратынды шығарды. Өстіп жүргенде Қазақстанға көшетіндердің қарасы көп болмаса да, екеудің басы қосылса, тарихи отандары туралы әңгіме айтыса бастады. Шалғынбай ел қатары паспорт жасатуға делдал шалға ақшасын беріп қойған, шақыру қағазы қолына тиді. Аудандық сақшыға құжаттарын өткізіп қазақтың жалғыз отанына кетуге қам жасады.

- Жаным, Алтыным менің, біз Қазақстанға кетеміз. Қыз үнсіз.

- Қазақтың өз отаны бар, ол Қазақстан. Қыз тағы үнсіз.

- Неге үндемейсің жаным-ау. Қыз егіле жылады.

- Не болды саған. Сен жылама, бізді ешкім бөле алмайды.

- Әкемнің Қазақстан туралы көзқарасы мүлде басқа. «Екі адам қалса, мен соның біреуі болып осында қаламын, біреу болса мен сол қалған қазақ» деп, өткенде бізге таңғы шайдың үстіде айтқан. Оны неге айтқанын білмеймін.

Жігітте үнсіз, қалың ойдың ішіне қамалды.

- Әкеңнің ойы өзгереді. Мен саған шақыру қағаз алдырайын, сосын әкеңе айтпай паспорт жасата берейік. Тегі әкең көнбесе, мен сені Қазақстанға алып қашамын.

- Әке ризалығынсыз біз қалай бақытты боламыз? Баяғы қашқан ғашықтардың тағдырын менен жақсы білесің деп, қыз томсырая қалды.

Қыз да үнсіз, жігіт те үнсіз өксіп таң атырды. Құлан иектеп тағы бір таң атты.

***

Қыз әкесі қызының Қазақстанға кеутуіне мүлде қосылмады. Шалғынбай Алматыға екі барып, қайтып келді. Ол жақта оқуға да түсіп үлгірді. Өз әулетіне, нағашыларына шақыру қағаз әкеліп, көш бойынша құжаттар жасатты. Әулетімен көшіп кетер уақыты таяды. Дос-жарындарын шақырып, Шалғынбай ресторонда көшу шай берді. Содан кейін қызын ертіп, үйіне жеткізген Шалғынбай қараңғы түнді жамлып, қызын тұңғыш рет жеңіл құшақтады. Маңдайынан искеді, одан ары баруға оның ары бармады. Оны тағы аяды. Алтынай Шалғынбайдың аспан көгіндегі жарық жұлдызы, мәңгілік күш берер таусылмас азығы. Сенсіз өмір маған....Қыз жылады....жігіт үнсіз шекесінен искеді...

Шалғынбай үйін көшіріп әкеліп, Алматы маңына қоныстандырды. Ол әр кез қызы екеуінің бірге түскен суретін жанынан еш тастамай, алып жүрді. Соған тесіле қарайды, қандай әдемі, қараған сайын көзі тоймайды, қарай бергісі келеді, қарай бергісі келеді. Ақ шапан, қызылқоңыр шалбары өзіне құп жарасқан, салалы сүйрік саусақтары оны Алматы көшесінде тұратын жаман қыздардан сақтады. «Елге келдім деп», еркелеп, атажұрттан көп нәрсені дәметін тәтті қиялын орыс мінезді, суық жүзді жұрттың одырая қарауы, шеневниктердің тоғышарлығы көңілін қалдырғанда, ғашығының осы суреті оған күш берді. Жиі-жиі Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы «Қарағым-ай» әнін ыңылдап айтатын әдет тапты.

Қарағым-ай
Сұлулық осындай болады екен,
Бір басқа армансыз қонады екен.
Адамдар өмірге қонақ екен,
Шынымен бұл дүние шолақ екен.
Қарағым-ай
Еліктер осылай жосады екен,
Жолыңнан сені кім тосады екен.
Бұл көңіл неліктен босады екен,
Бұл тағдыр сені кімге қосады екен.
Қарағым-ай
Қиылып үзіліп қарадың-ай,
Қарағым, қандай сұлу жанарың-ай.
Қарағым-ай
Бұл өмір осылай өтеді екен,
Сүймесең дүние бекер екен.
Парақтап жинасаң бар ғұмырың,
Бір сүйген күніңе ай жете ме екен.
Қарағым ай
Қиылып үзіліп қарадың ай,
Қарағым, қандай сұлу жанарың-ай.

Ғашығының суретіне Шалғынбай тағы да қиыла қарады, қойнына сүңгітіп, жүрегінің тұсына басып, сағынышын басты. Ақыры болмады, бәрін тастап қыз жанына кетті.

Екеуі бір-біріне қарап, тоймай отырды. Бас салып қызын сүйгісі келеді. Бірақ оны арсыз, ұятсыз нәпсінің еркіне бергісі келмеді. Алтынайын одан жоғары қойды. Еркелей назданған қыз: «Мен сен туралы апама айттым, ол кісі ертіп кел көрейін деді», - деді.

Нұрлы жүзді әже Шалғынбай келгенде орнынан тік тұрып қарсы алды, шекесінен искеді. Жігіттің екі бетті оттай жанып, ұялды. Алтынай қатты қуанды.

Шалғынбай тіке туыстарына айтты. Қыз үйіне құдалық сөйлесіп барып, сосын әке-шешесі де келіп, үйленудің қарекетін жасауды жоспарлады. Алайда қыз әкесі қызын Шалғынбайға бермеуге қатты бекіп, барлық жоспарды бұзды. Қызын үйге қамап қойды. Шалғынбай Алматыға келді. .Қыз суретіне қимай тесіле қарайды. «Қарағым-айды» ыңылдай айтады...

Үй салу үшін көп ақшамен «Арман» құрылыс базарына материал алуға барды. Ғашықтық ауыруы қатты асқынған Шалғынбай саудагер жігіттерге 100 мың теңгесін артық беріпті. Тағы сол суретке қарап ашуын жеңді.

***

Шалғынбай елуге таяды, Алытынай әлі оған сол он сегіз. Отбасындағы ит өмірден биік тұрған ғашығын баяғы суретіне қарап еске алады. Алтынаймен үйленбегеніне қуанды. Алтынайды ол түнде айдың бетінен көреді, иен далада даусын естиді, таңғы салқын самалда оның нәзік күкісі құлағына сыңғырлай келеді. Оның күлкісін жел алысқа алып кетсе де, бірде қайта әкеледі. Шалғынбай судың сарылынан оның алыстан салған әсем әнін естиді. Құстар қыз сәлемін жеткізгендей көп сайрады. Баяғы өзі білетін жұлдыздар тағы жымың қаға қарайды. Шалғынбай бақытты. «Ғашықтық үйленбеумен құнды, үйленсе ол жерленеді» деп, күмбірледі. Шайтан бұның биіктегі етке бойы жетпеген кезде айтан мысық философиясы деп, сыбырлады. Шалғынбай мырс етті.

Нұрхалық Абдырақын

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572