Жексенбі, 24 Қараша 2024
Болған оқиға 2732 5 пікір 22 Желтоқсан, 2023 сағат 14:17

Ауғанстан: Амин сарайы қалай алынды?

Сурет әлеуметтік желіден алынды

1979 жылы 25 желтоқсанда Кеңес әскері Ауғанстан территориясын кесіп өтті. Бұл Ауған соғысы деген атпен тарихқа енді. Бұл соғыстың басталғанына 25 желтоқсанда 44 жыл толады. Кабулдағы алғашқы жауынгерлік қимыл Ауғанстанның сол кездегі басшысы Хафизулла Аминнің резиденциясын шабуылдаудан басталды.

Хафизулла Аминнің жеке басына тоқталсақ ол – Ауған елінің сол кездегі мемлекеттік, саяси және партия қайраткері. Сыртқы істер министрі (1978-1979 жж.), Премьер министр, Ауғанстан халықтық демократиялық партиясы (АХДП) Орталық комитетінің Бас хатшысы және Ауғанстанның Революциялық кеңесінің төрағасы болды (1979 ж.). Өзінің алдындағы Ауғанстан басшысы Н.М. Таракиді тақтан тайдырып, 3 ай Ауғанстан демократиялық республикасын басқарды. Оның қысқа уақыт билікте болған кезі елде жаппай террорлық және репрессиялық жағдайды ушықтыруымен есте қалды. Кеңес Одағының әскерлері Ауғанстанға осы басшы тұсында кірді. АХДП көшбасшылары ішінде Кремль көсемдерінің сеніміне кіре алмаған бірден-бір басшы.

1979 жылы қыркүйек айында билік басында Хафизулла Амин келген соң, елде қатаң рең алған оқиғалар орын ала бастады. Социалистік ұрандар мен демократиялық құндылықтарды жамыла отырып, Х.Амин тоталитарлық, диктаторлық режим орната бастады. Ел ішінде кең көлемдегі жазалаулар мен репрессиялар жүргізді. Амин ең алдымен өзіне қарсы сөйлеген немесе сәл де болса қарсылық көрсеткен, өзінің пікірімен келіспегендерді құрта бастады.  Сонымен қатар партияда жоғары беделге ие, болашақта өзіне иықтас  болады-ау дегендердің көзін жойды. Кейіннен репрессияға мемлекеттегі «аминдік» емес партиядағы фракциялар мен топтар ұшырады. Кейбір басшылар елден аластатылып, басқа жаққа кетуге мәжбүр болды.

Х.Аминнің резиденциясы Тәжі-Бек сарайында орналасты. Тәжі-Бек сарайының күзеті өте мықты және сенімді етіп ұйымдастырылған еді. Сарай ішінде Х.Аминнің өз туысқандары мен сенімді адамдарынан жасақталған күзет қызмет атқарды. Олар басқа ауған әскерлеріне қарағанда арнайы форма киді: ақбелдік, ақ кебура және жеңдеріне ақ қаптама киді. Аминнің күзет бригадасында барлығы 2,5 мыңдай адам болды. Бірнеше рет кеңес әскерлерінің Ауғанстанға келуін сұрап өтініш жасаған Амин бұл уақытта кеңес әскерлерінің келетінін естіп, көңілі күпті бола бастады. Ол санаулы күндерден кейін осы әскердің өзінің көзін жоятынынан мүлдем хабарсыз еді.

Кеңес әскерлерінің Ауғанстандағы ең алғашқы соғыс қимылы 27 желтоқсанда Хафизулла Аминнің көзін жоятын жауынгерлік операциядан басталды. Ал бұл күні кеңес әскерлерінің Ауғанстанға енгізілгеніне және өз мақсатына жеткеніне дән риза болған Хафизулла Амин, күндіз өзінің сарайында Саяси бюро мүшелерін, министрлерін жанұяларымен қоса шақырып, түскі тамақ берді. Бұған себеп, біріншіден, жақтаушыларына өзінің жаңа резиденциясын көрсету болса, екіншіден, кеңес әскерлерінің Ауғанстанға келе бастағанын айтып лепіру еді. Өйткені ол әскерін әкелген Кеңес Одағы басшыларының өзін қолдайтынына сенімді болды. Бірақ кенеттен түскі тамақ ішу барысында Х.Аминнің өзі де, қонақтары да бойларын жаман сезінді. Кейбіреулері есінен айырылды. Х.Амин толық есін жоғалтты. Ал бұл оқиға кеңестік Мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің (МҚК) бастамасымен болып жатқан арнайы әскери операцияның іс-әрекеттері еді. Операция жетекшілерінің ойы – Хафизулла Аминді тамағын улау арқылы көзін құртып, тез арада Тәжі-Бек сарайын басып алу деген ұйғарым болатын. Өйткені Кремль көсемдері Х.Аминнің көзін жойып, оның орнына өздерінің таңдауына түскен Бабрак Кармальды отырғызу шешімін жасап қойып еді.

Ауған Қарулы күштерінің Жоғарғы саяси басқарма бастығы М.Экбал Вазири өтініші бойынша, Кабулда орналасқан кеңестік дәрігерлер тобы сарайға шақырылды. Бұл операция құпия түрде жүріп жатқандықтан дәрігерлерге ескертілмеген болатын, сондықтан да олар тапсырманы орындауға кедергі де келтірді. Кеңестік дәрігерлер сарайға келісімен тамақтың жаппай уланғанын анықтады. Осы уақытта ауғандық дәрігер Велоят жүгіріп келіп, Х.Аминнің ауыр халде жатқанын айтып, кеңестік дәрігерлердің жәрдем көрсетуін өтінді. Ал дәрігерлер Х.Аминнің бөлмесіне кіргенде ол ес-түссіз жатыр еді. Дәрігер полковниктер В.Кузнеченков пен А.Алексеев оны жуынатын бөлмесіне апарып, су шашты және асқазанын шайды. Сосын демалатын бөлмесіне әкеліп укол және екі қолының тамырына инелер салды. Сөйтіп оны аман алып қалды. Бірер сағат өткен соң ол есін жиып, бұл жағдай неге менің үйімде болды, мұны кім істеді, кездейсоқ болды ма, әлде қастандық па? – деп аласұрды. Бірақ бәрі кеш еді.

Ал Тәжі-Бек сарайын басып алу операциясы кешкі 19 сағат 30 минутта «Дауыл-333» белгісі бойынша басталды. Сарайды басып алу операциясына МҚК-нің полковнигі Г.И. Бояринов жетекшілік етті. Оған: 50 адамнан тұратын МҚК-нің офицерлер тобы, капитан В.А. Востротин бастаған 9-рота десантшылары, 345-жеке жаяу десантшылар полкының бір взводы және бұрыннан дайындықта жүрген майор Хабиб Халбаевтың арнайы мақсаттағы мұсылмандық батальоны қарады. Бұлардың бәрі ауғандық әскери формада киінді.

Шабуыл жалпыға ортақ белгі бойынша басталды. Жауынгерлік қимыл қараңғы кезде басталғандықтан кеңестік жауынгерлердің қолына ақ шүберек байланды, ал бас киімдеріне ақ лента жапсырылды. Мұның бәрі Х.Аминнің қарауылдарымен шатасып қалмау үшін жасалған айла-белгі еді.

Сарайды басып алу соғысы 30-40 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде МҚК-нің арнайы тобы Х.Амин орналасқан бөлмеге де басып кірді. Атыс барысы кезінде осы топ офицерінің қолынан Х.Амин қаза тапты. Асыға күткен кеңес әскерлері керісінше Х.Аминнің өзінің көзін жойды. Ауғанстан Демократиялық Республика басшысының өлі денесі кілемге оралды. Негізгі әскери тапсырма осылайша орындалды. Шабуыл барысында кеңестік жауынгерлерден 11 адам оққа ұшты. Майор Х.Халбаевтың мұсылмандық батальонынан 6 адам, десантшылардан 4 адам және осы операцияға жетекшілік жасаған МҚК-нің полковнигі Г.И. Бояринов қаза тапты. 38 адам әртүрлі жарақат алды.

«Дауыл-333» соғыс операциясының құрамында және Тәжі-Бек сарайына шабуыл жасаған арнайы мақсаттағы мұсылмандық батальон құрамында болған қазақстандық қатардағы жауынгер Расульметов Құрмантай Мұратұлы да оққа ұшты (Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. Шымкентте жерленді). Әскери тапсырма мен бұйрықты орындау үшін айқасқа кіріскен К.Расульметов отырған әскери бронялы машина (БТР) кенеттен сарай күзетшілері зеңбірегінің көзіне ілікті. Олардың қолымен көздей отырып атылған зеңбірек оғы, әскери бронялы машинада орналасқан К.Расульметов пен оның жолдастарын мәңгілікке көз жұмдырды. Сөйтіп қорғанысы мықты Тәжі-Бек сарайына шабуылдау барысында бірнеше жауынгер өз борышын өліммен есептесіп, мәңгілікке қош айтысты. Әскери борышын өтеймін деген өрімдей жастар өз жандарын осылайша қиды. Күзеті өте күшті сарай біріншіден, оқ өтпейтін дуалдармен қоршалса, екіншіден, арнайы орындарға орналасқан «Шилка» атты зениттік қондырғы аузынан айдаһарша от шашты, үшіншіден, сарай биіктікте орналасып ашық айналаға қарай оқ жаудыруға қолайлы болды. Ал шабуылға шыққан десантшылар тобы көзге айқын көрініп, оларды жайрату оңайға түсті. Әйтсе де шабуылға көшкен МҚК-нің қызметкерлері мен десантшылар тобы сарайды алды. Өйткені бұйрықтың аты – бұйрық еді.

27 желтоқсанда кеңестік жауынгерлердің Тәжі-Бек сарайына шабуыл жасап Х.Аминнің көзін жойғаннан кейін, Ауғанстан халқына Б.Кармальдың үнтаспаға жазылған үндеуін Кабул радиостанциясы жариялады. Бұл үндеуінде ол: «Біздің мыңдаған отандастарымызды, бауырларымыз бен іні-қарындастарымызды мерт еткен Х.Амин және оның жендеттерінің зорлық-зомбылық әрекеттері бұзылды» – деп хабарлады. 27 желтоқсан күні кешке сол уақыттағы КСРО МҚК-нің төрағасы Ю.В. Андропов байланысқа шығып, Б.Кармальды өзінің және Л.И.Брежневтің атынан оның Ауғанстан Революциялық Кеңесінің төрағасы болып тағайындалуымен құттықтады.

Осылайша, Кеңес әскері Ауған еліне кірісімен көзі жойылған Хафизулла Аминнің билігі тоқтады. Сақадай сай дайындалған кеңестік әскери операция Кабулдағы жүйені толық өзгертті. Кремль көсемдерінің солақай саясаты салдарынан басталған бұл соғыс он жыл отқа оранып, қаншама боздақтардың жанын жалмады. Бұл соғыс барысында 1000-ға жуық қазақстандық боздақтардың жаны қиылса, соғыстан кейін 5-6 мың қазақстандық арамыздан кетті. Ауған соғысы аяқталғанымен, оның қиын қасіреті тарихта қалып қойды.

Болат Сайлан,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның                                                                        профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ауған соғысының ардагері

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570