Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2311 12 пікір 8 Қаңтар, 2024 сағат 12:05

Президенттің сұхбаты. «Алға, Қазақстан!»

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

Президенттің сұхбатында айтылған сыртқы саясатқа қатысты прогрессивті даму стратегиялары

Өткен жыл еліміз үшін көптеген қуанышты сәттер мен оң өзгерістерге толы болды, дегенімен оның ішінде еліміздің есінде қалатын қиын сәттерімізде болғаны анық. Ал жаңа келген 2024 жылда елімізді не күтіп тұр, қандай жетістіктер болады, қандай мәселелерге тап боламыз? Бұның барлығы өткеннің шешілмей қалған мәселелерінен туындауы да ықтимал, мысалы халықтың жадында қалып қалған белгісіздік пен ақпараттардың жеткіліксіздігі мен белгісіз нәрсеге қатысты туындаған күдіктер мен мазасыздықтар дамуымызға кері әсер етуі ықтимал. Менің ойымша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қараша айының 3 жұлдызында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтқан сөздерін жаңа жылды өткеннің естеліктерін түсіндіруінен, бағалауынан, алға қойған мақсаттарына қарап көп нәрсені түсінуге мүмкіндік беретін сияқты.

Бұл сұхбаттың өзіндік ерекшелігі бар, бұл жерде Президентке бүкпесіз сұрақ қойып отырған тілшінің «халықтың үніне құлақ асқандығы», яғни қоғамда өзекті болған мәселелерден хабарының барын, және сол туралы Мемлекет басшысына сұрақ қоя білуі халық үшін маңызды болып тұрды. Әрине, сонымен қоса, Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір қойылған сұраққа бүкпесіз, боюсыз барлық сұрақтарға толықтай жауап беруі көрінуде. Шын мәнісінде, бұл сұхбат қоғамда тараған жалған пікірлер мен жалған ақпараттардың тарауы мен халықтың санасы мен пікірін ластауды тоқтатады. Себебі, сұхбатта айтылған әрбір тарихи жағдайлар мен мәселелерге қатысты қисынды, дәлелді ойлар мен пікірлер.

Бұл мақалада мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген сұхбатындағы сыртқы саясат мәселелеріне тоқталатын боламын, себебі бұл бағыт мемлекетіміздің әлеуметтік саласының дамуына, халықтың жағдайына толықтай әсер етеді деген ойдамын. Сұхбат барысында Президент халықаралық ұйымдарға, көршілес мемлекеттер мен біздің мемлекетіміздің арасындаға қарым-қатынасқа халықтың теріс пікірі бар екендігін де айтқан болатын. Халықтың сыртқы саясатқа қатысты теріс пікірі әртүрлі мәселелерден туындаған, сондықтан да бұл мәселені зерттеу мен талқылау қазіргі кезде де өзекті.

Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде халықаралық саяси аренада өзіндік орнын тапқан, әлем саясаткерлері мен жұртшылығы таныған бірден бір мемлекетке айналды. Мемлекетіміз тек әлемдік саясатта ғана емес, сондай-ақ сол мемлекеттерді, дүниежүзілік саясаткердерді бір орталыққа біріктірген ұйымдарда да басшылық етуде. Бұл туралы да Мемлекет басшысы сұхбат кезінде де Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін ескере отырып, әрдайым сыртқы саясаттағы қызметін жалғастыратындығын, ынтымақтастық пен серіктестікті арттыруды жалғастыратындығын айтқан болатын. Қазақстан дүниежүзі бойынша көптеген беделді халықаралық ұйымдарға мүше, соның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Аралды құтқару халықаралық қорына, Түркі мемлекеттері ұйымына, сонымен қатар Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалықта етеді.

Тоқаевтың көрегендігі мен ұлтының құндылықтарын дәріптеуінің тағы бір белгісі ол Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізуі де еліміз үшін, мәдениетіміз үшін маңызды оқиға болатындығы анық. Бұл сұхбатта Президент мемлекеттің сыртқы саясатын жаңғырту кезінде көршілес мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың маңыздылығына да тоқталған болатын, бұл туралы төменде айтатын боламын.

1. Қазақстанның және ҰҚШҰ бітімгершілерінің күш-жігерлерінің рөлі: қаңтар оқиғасы мысалындағы тәжірибе мен көрінісі...

Биыл қаңтар оқиғасының орын алуынан бері екі жыл өтті. Қаңтар оқиғасы елімізде ұзақ жылдар бойы жиналған мәселелердің көрінуі мен жаңа орнаған биліктің ұстанымына қарсы болғандардың жасаған әрекеттерінен орын алған тарихы терең оқиғаның бірі болды. Мәселе бейбіт түрде болған шеруден басталып, кейінгі толқындары араңдатушылар мен дүрбелеңшілердің әсерінен сананың ластауына соқтырып, қарулы қақтығыстардың орын алуына, біреудің мүлкіне қол сұғушылық пен құқықтың тапталуына, Ата заңда айтылған ережелерге қарсы келу мен бұзақылықтардың орын алуына, бейбіт отандастарымыздың қаза болуына алып келді. Қаңтар оқиғасының орын алуына қатысты халық арасында кері пікірлер, расталмаған ақпараттар мен қауесеттер көп болды, оның бірі бұл әрекеттердің орын алуына халықтың әлеуметтік-жағдайының төмен болуынан орын алды десе, екіншісі осы толқуларды басуда Қазақстанға Ресей көмектесті, Ресей Қазақстанды құтқарып қалды деген пікірлер де болды. Менің ойымша, халық арасында ҰҚШҰ бітімгершілерінің Қазақстанға көмектесуге келуін халқымыздың кері түсінуіне әсер еткен ол осы уақытқа дейін қазақстандықтардың жерімізді шет елдіктер сатып алып, жаулап алады деген немесе тарихи оқиғаларды қазбалаудың түбінде қалып қалған саналары да әсер етуі мүмкін. Дегенімен, осы жерде Қаңтар оқиғасы кезінде мемлекетімізде болған барлық заңсыздықтарды басқан ол өзіміздің Қазақстандықтар, өзіміздің әскеріміз бен қарулы күштеріміз екендігін нақты айту керек. Яғни, сол уақытта елімізге келген ҰҚШҰ бітімгершілік күштері лаңкестікке қарсы операцияларға қатысқан жоқ, олар оқ атып, қару қолданған да жоқ. Іс жүзінде, Президенттің сөзінде Армениядан келгендер «Ақсай» нан зауыты мен «Алматы су» мекемесін, Беларусьтер Жетігендегі аэродромды, Тәжікстан мен Қырғыз Республикаларының әскери бітімгершілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресейлік жасақ үшінші жылу электр орталықтары мен телекоммуникация нысандарын күзеткен болатын. Яғни, ҰҚШҰ бітімгершілері лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін аймақтарды күзеткен, ал Қазақстандық қарулы күштерді лаңкестікке қарсы операцияларға жұмылдырылды, осындай шынайы жағдайда да біздің күштеріміз тәжірибелерін арттыра алды деген ойдамын.

Қаңтар оқиғасы кезінде мемлекетіміздің барлық саяси бірлестіктерде ортақ бейбітшілікті қалыптастыру мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларға қатысуда жасаған әрекеттерінің дұрыс екендігін көрсетті. ҰҚШҰ құрамына ТМД елдері кіреді, Қазақстанның басына келген қиын кезеңде осы елдер мен ұйым қолдау болды. Сондықтан мына мақалда еске түседі, «Жолдасты жол айырады». Мақалдың түбінде аталған ұйымға мүше мемлекеттердің даму стратегияларының ұқсастығы, ал бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ортақ ұстаным болғандықтан, бірліктің арқасында мәселені шеше алғанымызды айтуымыз керек.

ҰҚШҰ өзіндік тиімділігін ТМД елдері арасында көрсетті, менің ойымша Қазақстан ҰҚШҰ жұмысына да белсенді қатысуы керек. Мысалы, Қазақстан ҰҚШҰ мүше елдеріне аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен тұрақтылықты сақтау бойынша бастамаларды алып, сол бойынша шараларды атқара алады. Бұл ұсыныс пен бастама терроризм, есірткі сату мен басқа да қауіптерді алдын алу бойынша шараларды атқара алады. Келесі ұсынысым тікелей Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық, лидерлік қасиеттеріне болады деген ойдамын. Қазақстан түрлі жағдайларда, жанжалдар кезінде екі тарап арасында модераторлық қызметтерді ұсына отырып, ҰҚШҰ-да дипломатиялық көшбасшы рөлін атқара алады, сондай-ақ ұйымға мүше елдер арасындағы диалог пен өзара түсіністікті көтермелей алады. Келесі ұсыныс ол, Қазақстан ҰҚШҰ мүшелері арасында білім мен ғылымды дамытушы мемлекеттің бірі болуы керек. Білім мен ғылымға инвестициялар Қазақстанның түрлі салалардағы сараптама орталығы ретінде мәртебесін арттыруға ықпал етуі мүмкін, бұл өз кезегінде одақтастықтардың елімізге де назары мен сенімін аудартуы мүмкін.

2. 2024 жылдағы Ресейдегі Президенттік сайлаудың халықаралық аренаға әсері: Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара ынтымақтастық...

Президенттен сұхбат барысында 2024 жылдың наурыз айында болатын Ресейдегі Президенттік сайлаудың халықаралық аренаға қалай әсер етілетіндігі сұралған болатын. Ресей ол барлық мемлекеттер үшін, әлемдік саяси аренада маңызды ролді атқаратындардың бірі. Ол жерде болып жатқан процестер барлық мемлекеттерге әсер ететіндігі анық, сонымен қоса бұл жағдайды күрделендіретін тағы бір мәселе ол жаңа Президенттің жаңа саяси бағдар мен ұстанымды алып келетіндігі, ал бұл қалыптасып қалған ынтымақтастыққа да әсер етуі ықтималдығы көп.

Жалпы, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасының орнауы өте ерте кезеңдерден басталады. Тарихқа жүгінетін болсақ, 18-19 ғасырлар аралығында Қазақстан Ресей империясының құрамында болғандығы. Бұл үрдіс кезінде, қазақ жерінде қоғамдық-саяси құрылымның өзгеруі мен аймақтың мәдениеті толықтай өзгеріске ұшыраған болатын. 20 ғасырда революция мен Ресейдегі азаматтық соғыс кезеңінде (яғни Кеңестік билік тұсында) Қазақстан РКФСР құрамында, тек 1920 жылы ғана ол ҚазақАКСР болды. Ал 1936 жылы Қазақстан Кеңес Одағының құрамында толыққанды одақтық республика болды. Осы кезеңде мемлекеттің экономикасында, білім мен мәдениет саласында қайта құрулар орын алған еді. Тарихтағы маңызды сәттердің келесі ол, 1991 жылы Қазақстанның егемендігі, Тәуелсіздігін алу кезіндегі Ресеймен қарым-қатынасының жаңа сатыға көтерілуі болды. Осы жылдар аралығында Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынастар орнады. Әртүрлі ынтымақтастық жөніндегі келісімдер жүзеге асырылды, соның ішінде Ресей, Армения, Беларусь және Қырғызстанмен бірлесіп Еуразиялық экономикалық одақ құру.

Ресей мен Қазақстан тарихи процестер негізінде жақындасқан, көршілес мемлекеттердің бірі. Президент 2024 жылда Ресейде болатын Президенттік сайлаудың маңыздылығын айтып, осы жағдайды бақылайтындығын да айтып кеткен болатын. Сонымен қоса, Президент: «Ресей Федерациясының әлемдік саясатта аса маңызды рөл атқаратынын және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі екенін ұмытпаған жөн» - деген болатын. Және де Тоқаев қазіргі кездегі Ресей Президентіне қатысты да пікірін білдірді: «Ресей Президенті Владимир Путин – сөзімен де, ісімен де жаһандық ахуалға ықпал ететін тұлға.», сондай-ақ: «Ресейдің ұстанымымен бүкіл әлем санасатыны жасырын емес. Бұл мемлекеттік қатысуынсыз дүние жүзінде бірде-бір проблема шешілмейді. Ол айдан анық» - деген болатын Қазақстан Республикасының Президенті сұхбат барысында.

3. Стратегиялық серіктестік: жаңа «алтын отыз жылдық» кезеңінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың дамуы...

Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара ынтымақтастыққа негізделген саяси серіктестіктің барлық мемлекеттер үшін маңызы бар деген ойдамын. Мысалы, Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының Орталық Азия елдері мен ТМД елдеріне және басқа да аймақтар үшін өте маңызды болып келеді. Екі ел арасында орнаған серіктестік ұзақ жылдар бойы жүзеге асқан қарым-қатынастың, көршілестіктің нәтижесінде қалыптасқан. Бұл екі елдің өзара іс-қимылының ұзақ тарихы бар және соңғы онжылдықтарда әртүрлі деңгейдегі, соның ішінде экономикалық, саяси, мәдени ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеді.

2023 жылы Қазақстан Президенті Қытайға іс-сапармен барған болатын, сол кезде Қытай көшбасшысымен Сианьда және Бейжіңде келіссөздер өткізіп, маңызды уағдаластықтарға қол жеткізген болатын.

Қазақстан мен Қытай бүгінде сауда, инвестиция және энергетика салаларында тығыз ынтымақтастықта. Қытай-Қазақстан құбыр жүйесі және Жезқазған – Күмбе – Бейнеу теміржол көпірі сияқты жобалар бұл екі елдің арасындағы аймақтағы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көлік инфроқұрылымын дамытуға маңыздылығын көрсетті. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қазақстан Қытайға Орталық Азия ресурстарына қол жеткізуді, ал Қазақстанға өз тауарларын экспорттауға жаңа мүмкіндіктер беретін стратегиялық орындарды алған болатын. Аталған бағдарлама бойынша, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін бірлесе дамыту жөніндегі келісім және де «Аягөз – Тачэн» бағытындағы темір жол құрылысы туралы меморандумның жасалғандығын және оның екі ел мен басқа да аймақтар үшін маңыздылығын да атап өту керек.

Менің ойымша, Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестіктің тиімді тұстары тек саяси және экономикалық сектор салаларында ғана емес, сондай-ақ мәдениет пен экология саласында да оң нәтижелердің бар екендігін айқын көруге болады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынаста мәдениет пен білім алмасу да маңызды. Екі елдің жоғары оқу орындарында студенттер білім алып, мәдениеттерімен танысуда. Бұндай алмасу халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты тереңдетуге көмектеседі. Қазіргі кезде, қытай тілін меңгерудің де маңыздылығы туындап келе жатыр.

Ал экология саласындағы ынтымақтастыққа келетін болсақ, планетамыздағы климаттың өзгеруіне және экологиялық мәселелердің туындауына қатысты Қазақстан мен Қытай экология және тұрақты даму саласында ынтымақтасуда. Екі елде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және олардың қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайту жобалары шеңберінде белсенді жұмыстарды атқарып келе жатыр.

Президент сұхбат барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестікті арттыру бойынша да пікірін білдірген болатын, ол: «Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауы тиіс. Қазіргі Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Сондықтан шығыстағы көршімізбен ынтымақта болу, достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артықшылықтарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды» - деп айтқан болатын.

Қорытындылай келе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың лидер, басшы ретіндегі көптеген айырмашылықтары бар. Дегенімен, осы мақаладан біз басты қасиетін көруімізге болады. Бұл барлық жағдайдан хабардар болғандығы. Президент сұхбат барысында халқының қаңтар оқиғасына қатысты пікірлерін, Президенттіктің берілуі кезіндегі халықтың ойы жайлы, Қытай мен Ресей, ҰҚШҰ-на қатысты, халықтың әлеуметтік мәселелері мен олардың қауіпсіздіктеріне қатысты, елдегі экономикалық сала мен саясатта болып жатқан жайсыз мәселелер мен қауесет пікірлердің барлығын естіп отырғандығын көрсетті. Сұхбатта айтылған ойдың бәрін біздің еліміздің Президенті айтып отыр, яғни бұл дегеніміз дәлелсіз пікірлерді, теріс түсінушілікті тоқтату керектігін көрсетіп тұр. Президент 2023 жылғы халқына жолдауында, Ұлттық құрылтайда және ҚХА ХХХІІ сессиясы мен басқа да баяндамаларында әрдайым «Адалдық» пен «Әділдік» туралы айтады. Мемлекеттің болашағы адал және әділетті адамдардың қолында екендігін жиі қайталайды. Бұл сұхбаты кезінде де мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін белгісіздік пен жауабы таба алмай жүрген сұрақтардың көбіне де жауап берді.

Қазақстанның жарқын болашағының болуы бізге әрдайым даму мен жаңалық пен өзгерістерге дайын болуымызды талап етіп отырғандай. Мемлекетіміз әрдайым «бейбітшілік», «татулық», «достыққа» негізделген саясатын ұстанып келеді, алдағы уақытта да еліміздің әлемдік саяси аренада алар асуы биік болары анық.

Айнұр Бақытжанова

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351