Балаева: «Креативті индустрияны дамыту үшін салықты жеңілдету керек»
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева шығармашылық субъектілеріне салықтың жеңілдетілетінін айтты.
«Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімеy бірге кешенді жұмыс жүргіздік.
Негізгі мақсатымыз шығармашылық субъектілеріне салықты жеңілдету болатын.
Осы кешенді жұмыстың нәтижесінде Үкімет ( ҚР ҮҚ #1240 29.12.2023ж.) қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес 40 қызмет түрі арнайы бөлшек салық режиміне өтті. Бұл дегеніміз бизнес КТС, жеке табыс салығы, ҚҚС төлеуден босатылғанын білдіреді. Аталған қызмет түрлерімен айналысатын субъектілер енді бірыңғай салықты ғана төлейді. Бұл жеке кәсіпкерлер үшін 2%-дан 4%-ға дейін, ЖШС үшін 8%-ға дейін болады. Тек компанияның жылдық айналымы 2,2 миллиард теңгеден аспауы, ал штатта 200 адамнан көп болмауы қажет.
Салықты жеңілдету кино, бейнеконтент пен телебағдарламаларды өндіруге және одан кейінгі өндіріске, музыкалық шығармаларға дыбыс жазу мен басып шығаруға, театр және музей өнеріне, сәулет және дизайнға, қолөнер бұйымдарына, халық шығармашылығына және кәдесыйлар өндірісіне әсер етеді.
Осы қолдау шарасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибені мұқият талдағанымызды атап өткім келеді. Ең озық елдердің (Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея) тәжірибесі креативті индустрияны дамыту үшін салықты жеңілдетуге ерекше мән беру керектігін көрсетеді»,-деп жазды министр.
Балаеваның айтуынша, аталған жұмыс саланы ауқымды дамытуға бағытталған алғашқы қадамдардың бірі.
фото: ашық дереккөзден
Abai.kz