Жаркентте қайтыс болған сарбаз: Министр өлімнің себебін атады
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Жетісу облысы Жаркент кентінде мерзімді қызмет сарбазы неден қайтыс болғанын айтты.
«Желтоқсан айында Жаркентте мерзімді қызмет сарбазы қайтыс болды. Ол туралы білесіз бе? Не себеп болған?» - деп сұрады журналист министрден Парламент Палаталарының бірлескен отырысынан кейін.
Руслан Жақсылықов өлімнің себебі менингит екенін айтты.
«Біріншіден, марқұмның отбасына тағы да көңіл айтқым келеді. Ауру. Бұл – менингиттің жылдам өтетін формасы. Білесіз бе, әдетте аурудың мұндай формасы тасымалдаушыларда кездеседі. Өкінішке қарай, біз жас жігіттерді әскерге шақырған кезде міндетті анализдердің тізбесінде менингит тасымалдаушыларды анықтайтын талдау жоқ. Біз қазір осы талдау түрін тізбеге қосуға күш салып жатырмыз», - деді ол.
Айтуынша, бұдан былай әскери бөлімшеге келген болашақ сарбаздар менигитке қарсы тексеруден өтетін болады.
«Осы жағдайдан кейін жас жігіттерді әскери бөлімге келген сәтте менингокок тасымалдаушыларға қарсы 100 пайыз тексеру жүргізу туралы шешім қабылдадым және ақша бөлінді. Егер анықталса, дәрі-дәрмектің көмегімен-ақ 5-7 күннің ішінде емделеді. Болашақта мұндай болмайды деген сөз. Бірақ проблема бар. Мен өзім де әкемін. Бұл оның отбасы үшін ғана емес, бәріміз үшін үлкен қайғы. Қайғырып көңіл айтам, қазақша келгенде бұл ажал», - деді Руслан Жақсылықов.
Фото:gov.kz
Abai.kz