Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2229 0 пікір 7 Қараша, 2013 сағат 07:24

«Желге ұшқан» миллиондарға кім жауап береді?

Өткен жылы Алматы облысындағы Ескелді мен Кербұлақ аудандары шекарасынан Рудничный кентіне дейінгі жол бөлігінде қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы «Көксу – Кировск – Қарабұлақ – Қайнарлы» жобасына 400 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты. Бірақ жұрттың қуанышы ұзаққа бармады. Көктем шыға сала асфальт жолдың быт-шыты шықты. Кей жері опырылып та қалды.

 

Өткен жылы Алматы облысындағы Ескелді мен Кербұлақ аудандары шекарасынан Рудничный кентіне дейінгі жол бөлігінде қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы «Көксу – Кировск – Қарабұлақ – Қайнарлы» жобасына 400 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты. Бірақ жұрттың қуанышы ұзаққа бармады. Көктем шыға сала асфальт жолдың быт-шыты шықты. Кей жері опырылып та қалды.

 

Жолға көмілген ақша

Жолдағы жөндеу жұмыстарын «Талды­қор­ған жолдары» мердігер-фирма жүргіз­ген көрінеді. Жол салушылардың қиыршық тастың орнына нығыздалған балшықты әкеп төсегені анықталды. Оны да алыстан тасымай, жақын маңдағы таудың бау­райы­нан қазып алған. Сондай-ақ Көксу өзеніндегі ескі көпірдің орнына жаңасы салынып, тұрғындарды бір қуантып еді. Бірақ жаңа көпір ескісінен де бетер апатты болып шықты. Тұғырын су шайған көпір бір жағына қисайып қалған. Үстіндегі тақ­та­лары да дұрыс орнатылмаған. Тақта мен тұғырдың арасына салынатын арнайы амортизациялық жабындының орнына құрылысшылар мәшине доңғалағының резеңкесін төсепті. Ол аз болғандай, өзен жағасындағы бетон жабындыны топы­рақ­тың үстіне салғандықтан, оны да су шайып кеткен. Былтырғы күзде комиссия көпірді қабылдап алудан бас тартқан екен. Сонда да «қисық» көпірді бұзып қайта салудың орнына бұрынғыны жамап-жасқай салуды жөн көріпті.

Ал жолдағы асфальттың көтеріліп келе жатқаны туралы ақпарат облыс бас­шы­лы­ғының құлағына көктемде-ақ жеткен. Тіпті бір жиында «Талдықорған жолдары» ЖШС-на осыған қатысты ескерту айтылып, жолды өз есебінен жөндеу талап етілді. Трас­саға тағы да ауыр техника мен жұмыс­шы­ларды әкелгеннен кейін жолда жөндеу жұмыстары қайта жүргізілді.

Алматы облыстық жол басқармасының бұған қатысты өз пікірі бар. Осы мекеменің бас маманы Қайрат Мұқановтың айтуын­ша, былтыр құрылысшылар жолға ірі түйір­шікті асфальттың бір қабатын ғана салған. Жобаға сәйкес мұндай қабат екеу болуы қажет. Сондықтан биыл оның үстіне ұсақ түйіршік тағы бір қабат салынды. Оның қаншаға жарайтынын ешкім тап басып айта алмайды. Бір қызығы, жолға көмілген миллиондаған бюджет қаржысы үшін ешкім де жауап берген жоқ.

Өткенде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та Елбасы тап­сыр­масын орындауға арналған селек­тор­лық жиында облыстағы бюджет «пара­докс­тарына» тоқталған болатын. Мәселен, Бесқарағай ауданында 90 орындық бала­бақшаға 228 млн теңге жұмсалса, Аягөз ауданында осындай қаржыға 140 орын­дық балабақша салынып жатыр екен. Сон­дай-ақ Тарбағатай ауданындағы бір типті мектеп құрылысының құны – 289 млн тең­ге, ал Күршім ауданында – 352 млн теңге.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаев, ең алдымен, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына назар аударды. Бюджетті оңтайландыру маңызды шаруа, сондықтан мемлекеттің қаржысын тиімді жұмсау қажет» дейді әкім.

Айта берсе, бүкіл ел бойынша бюджет қаржысын тиімді пайдаланбау мысалдары көп. Сондықтан ендігі кезекте бюджет шы­ғы­нын азайту мәселесі күн тәртібіне қойы­лып отыр.

Оңтайландыру саясаты

Сарапшылар да біздегі бюджет қар­жы­сы­ның тиімді жұмсалуы ТМД елдерімен салыс­тырғанда орта деңгейден төмен деп бағалайды. Мәселен, көптеген мемлекеттік бағдарламалар бірін-бірі қайталайды. Бірқатар өндіріс орындары іске жара­тыл­май тұрса, жаңадан пайда болған кәсіп­орындар өз саласында бәсекенің бар-жоғын тексеріп жатпайды. Жаңа тех­но­логиялар есебінен шығынды азайту жа­ғы көбіне ұмыт қалады. Мұндай келең­сіз­діктер өнеркәсіп өндірісінде (авиа­құ­рылыс) де, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда табылады.

Дегенмен еліміз бюджет саясатын оң­тай­ландыру жолына түсе бастаған сыңай­лы. Биылдың өзінде 2014-2016 жыл­дарға ар­налған республикалық бюд­жет­тің жа­ңаша көзқараспен, жаңа тұжы­рым­дамаға сүйеніп жасала бастағаны байқалады.

Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің соңғы ұсынысы – түсетін табыс пен тапшылықты азайту бойынша нақтыланған болжамды есепке алып, бюджет шығынын 6 033,4 млрд теңгеге дейін түсіру, яғни 65,6 млрд теңгеге қыс­қарту. Экономика министрі Ерболат До­саев­тың айтуынша, 2013-2015 жыл­дарға арналған бюджеттің шығыны 165,8 млрд теңгеге азаюы тиіс. Осы қаржының бір бөлігі (100 млрд теңге) ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталмақ. Мәселен, 30 млрд теңге «Жезқазған-Бейнеу» теміржол желісінің құрылысына, 30 млрд теңге – «Бәйтерек НУХ» АҚ жар­ғы­лық капиталын ұлғайтуға, 20 млрд теңге – ЕХРО-2017 көрмесін өткізуге, Аста­на­да­ғы апатты үйлерді бұзу жобасын орындауға алын­ған несиені «Самұрық-қазына» ӘАҚ-на қайтаруға 20 млрд теңге бөлінеді.

«Республикалық бюджет тапшылығы 80 млрд теңгеге (0,2 пайыз) кемітілді, ол 790,6 млрд теңгені құрайды. Осылайша, бюд­жет қаржысын игерудің жағымсыз тұс­тары жойылады», – деді Е.Досаев.

Жоспарлау мен орындаудағы алшақтық

Әлбетте, бюджетті қағаз жүзінде есептеп, жоспарлау бір басқа. Орын­да­луы­на келгенде жыл сайынғы олқы­лық­тардың қайталана беретіні қызық. Рес­публикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің тарапына айтылатын сын-ескертпелер де еш өзгер­мейді. Бұл бюджетті жоспарлау мен оның жүзеге асуына қатысты бірқатар түйт­кіл­дерге байланысты.

Біріншіден, бюджет бағ­дар­ла­ма­ла­ры­ның негізі мен деректердің шынайылығы үшін заң жүзінде әкімшілік жауапкершіліктің көрсетілмеуі. Қалыптасқан «дәстүрге» сай жоспарлы кезеңге бюджетті құраған кезде дәйектелмеген, көтеріңкі шығындар көр­се­тіледі. Алдыңғы жылдары жүзеге асы­рыл­ған бюджет жобаларының нәтижесі есеп­ке алынбайды. Нормалар мен нор­мативтер орындалмайды. Соның нәти­же­сінде бюджет қаржысы тиісті дәрежеде игерілмей қалады. Оған қоса, құзырлы орындар бюджет өтінішіне енгізілген мәліметтердің дұрыс-бұрыстығын тексере алмайды.

Екіншіден, жергілікті атқарушы орган­дар­дың республикалық бюджеттен бөлі­нетін трансферттерді игермеуі. Мақсатты трансферттерді бөлу жөніндегі шешімді жергілікті атқарушы органдар өз бетінше қабыл­дай алмайды. Оны орталық атқа­рушы органдармен келісуі керек. Бұл рәсімге де уақыт пен шығын көп кетеді. Бұл өз кезегінде жауапкершілікті азайтып, қар­жы­ның кеш түсуіне әсер етеді. Оған білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылым нысан­да­ры құрылысына республикалық бюд­жеттен бөлінетін қаржының мақсатсыз жұмсалып немесе дер кезінде игерілмей қалатын мысалдары дәлел. Үшіншіден, бұл үшжылдық бюджеттің формалдық сипаты. Елімізде 2009 жылдан бері үш­жылдық бюджет қабылданатыны бел­гілі. Кезінде оның біраз артықшылықтары дәлелденгенімен, тәжірибе жүзінде бас­қаша болып шықты. Төртіншіден, мем­ле­кеттің қатысуымен заңды тұлғалардың жыл сайын көп құрылуы. Оларды қорлан­дыруға да шығын өсе түседі. Квази­мемлекеттік сектордағы субъектілерге бөлінетін қаржы тиімді жұмсалмайды. Бесіншіден, бюджет қаржысы есебінен салынып жатқан жобалардың қымбаттап кетуі. Бұл мәселеге өткенде Елбасы да назар аударды. Пре­зидентіміз айтқандай, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу төңірегінде күмәнді бизнестің тұтас бір саласы қалыптасқанға ұқсайды. Жоғарыда келтірілген мысал­да­ғыдай, бірдей нысан­дар­дың құрылысына әртүрлі қаржының жұмсалуы да соның бір айғағы болса керек. Сондықтан ең әуелі бюджетті жос­пар­лау мен орындалуы ара­сындағы алшақ­тықты жоюға кіріскен дұ­рыс болар.

Автор: Гүлнар АХМЕТОВА

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413