Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ашаршылық 2179 11 пікір 15 Ақпан, 2024 сағат 14:19

Ашаршылық елестері

Сурет: e-history.kz

Ашаршылық! Аталуы неткен ауыр еді...арулап жерленбек түгіл, беті жабылмастан қаншама қазағым қансырап, сүйектері ақсөңкен болып, айдалада қурап қалды десеңші!

Бұл тақырыпта менің де біраз жазғандарым бар еді, Жетісу, Алтынемел өңірінде орын алған бірер оқиғаларды келтіргенде болатынмын, мысалы, Омар төренің серіктерімен бірге әбден ашыққан адамдарға кездесіп, бір жылқыны сойғызғанда, шыдамаған үш-төрт адамның ыстық қанды топырақ-мопырағымен алақандап жұтып жіберіп, аш өзекке түсіп кетіп, сол жерде домалап жантапсырғандары, біздегі «Керейлердің» ұсақ балаларын ит-құсқа жем болмасын деп үңгірге қамап, таспен бастырып кеткені, бір жақын апамызды кішкентай қыз кезінде «бандының тұқымы деп қызылдардың» тірідей көкпарға тартқаны, әкесінің атылған баласының етін сылып тастап, сүйегін ауылға алып келгені туралы т.б. естігендерді әңгіме еткен де едік.

Көрген зұлымдықтарын ешкімге айтпай, іштерінен ғана тынып өткен ата-апаларымыздың рухтарына тағзым!

Ендігі кезекте, сол кісілердің өзара сыбырласып дегендей шерін тарқатып отырғандарындағы бала кезімде үзіп-үзіп естігендерімді де жаза кетсем (ол қайран ата-әжелер 1890-1925 жылдары туып, барлық босқындықты, ашаршылықты, ақ-қызылдың тонауын, зорлауын, кейінірек Отан соғысын да көзімен көргендер еді...)! Ауыз бармайтын сұмдықтар болғандықтан, кейіпкерлердің (жер атауларын да) аттарын да атағым келмейді, өзімен кетсін сол сұмырай заман. Әйткенмен, болашақ ұрпақ халқымыздың басынан нелер сұмдықтар кешкенін білуі керек! Ол келешектегі ұлт сезімін оятуға қызмет етер деген үміттемін.

Осы сен арағыңды қойсаңшы...

Ауылдас А-ш ата «қызық» кісі еді, қашан көрсең тәлтіректеп жүргені, өз-өзінен айғайлап, әлдекімдерді балағаттап та жүретін, оны көрсек айналып қашамыз! Бірақ, ол кісі балаларға мүлде тиіспейді, өзімен өзі! Бірде үйдің ауласына кіріп келді, тұра қаштық! Ол кісі атама кеп кәдімгідей амандасып, қасына жайғасты, мен де қастарына келдім. Атам, анау-пынау сөздерден кейін: «...Әй сорлы немау, өлесің де қаласың ғой, осы пәлеңді азайтсаңшы...» деді. Сонда ол кісінің айтқаны: «...Еее, Әлеке, нем қалды дейсің менің! Жақында өзім де кетем, әке-шешем қол бұлғап жүр! Бұл өмірде әбден қиналып біттім, бір ой маза бермейді! Түсінбеймін!

...Ауыл тоз-тоз болып босып кетті, кім қайда, ешкім де білмейді. Кәдімгідей 5-6 жастағы кезім, атам-апам, шешем, көрші екі ағайынның үйі әйтеуір сандалып кетіп барамыз! Әкем жаңағы үйдегі немере бауырларымен бірге кеткен, содан көрмедік. Кішкентай, емшектегі қатып қалған інімді құшақтаған шешем тұрмай ыңырсып құлады. Сол жерге бәріміз тоқтадық, үлкендер ілбіп жүріп, су қайнатқан болады, оған әлдебір шөп, бірдемелерді салып, онысын аузымызға тамызады. Әл жоқ. Бұлдыр-бұлдыр болса да қазір бәрі де есіме қайта түсетіндей!

Қанша жаттым білмеймін, түн уағында оянып кетсем, атам мен кіші атам күбірлесіп отыр екен, еміс-еміс естіп қалдым. Атам «басқа амал қалмады, мыналардың бәрі қырылады...қаны бөлек қой... ендігі сол келінді тұрғызбай...» ар жағы есімде жоқ. Ертеңіне ме, әлде қанша күннен соң екенін кім білсін, аузыма сорпа құйып отырған апамның сөзін естідім: «...е құдай жалғыз қалған тұяқ, осыны ең болмаса аман сақташы...».

Бірде атамның кіші атама: «ал енді қош, бақұл бол! Маған қарама, енді өлмейсіңдер, анау сарғайған белдің астында ел басталады. Мына жалғыз тұяқ өзіңе аманат...». Одан кейінгі есімде жоқ, аздап есім кіре бастағанда кіші атам, мені біреулерге беріп жатты. Содан оңалдым да, бір дүнгендерге малайлыққа тастаған екен. Ер жеткенше солардың қолында болып өлмедім. Олар жаман қарады деп айта алмаймын. Ел бері қайта өткенде, бәрін тастап мен де келдім. Іздемеген жерім жоқ, туыстарымнан ешкімді де таппадым. Сонда қалай тірі қалдым, түк түсінбеймін. Не іштік, не жедік, қалай жеттік, білмедім...

Қазір бір жаман ойлар басымнан шықпайды, ендігісі бәрібір. Тезірек келсе келе берсін сол ажал...»...

Шешем қайда жоқ боп кетті

«Біздер мына Жалайырдың «С-ы» боламыз ғой. Жиырмалардағы кезім, әбден ашықтық. Елмен бірге бассауғалап жан-жаққа біз де аудық. Құдды бір жайылған мал сияқтымыз, кейбір ел қарасаң, сүйретіліп былай кетіп барады, кейбірі керісінше жаққа. Ешкімде ес қалмаған. Үйдегілердің бәрі қырылып болды, қалғанымыз ағам және мен, шешемізді тастамай сүйемелдеп-сүйрелеп келе жатырмыз. Қолымыздан келгені аузына су тамызамыз. Болды! Содан ілбіп отырып мына «Л-ы» тауына да жеттік. Ағам: «...мына судың қасына шешемізді жатқызайық. Екеуміз екі жақтап тау жаққа барып, інінен тышқан, саршұнақ кездесіп қалар, қой жуа бар ма екен, қарайық, жүр...» деді. Біраз жерге барғанда су жаққа кетіп бара жатқан бір тобырды байқадық.

Жарықтық, таудың аты тау ғой, бауырым айтқанындай аппақ боп қуарған жылқы сүйегін, қой жуа, тағы бірдеме-бірдеме тауып та алдық. Онымызды алып, бағанағы шешемізді жатқызған жерге келсек, ол кісі жоқ! Ары қарадық, бері қарадық. Содан күн де батты, ертеңіне талай жерге барып шарлап та қайттық. Шешеміз жым-жылас...»...

Қазыдан жеші

«...Кәдімгідей 15-16 жастағы кезім. Ауылда тігерге тұяқ қалмаған, кешікпей ит-мысық та бітті. Сүйек-саяқ, тері-қайыс, шөп-шаламды талғажау ету басталды. Елмен бірге сүйретіліп кетіп барамыз, әйтеуір үлкендерден естігенім, Қытайға жетсек... Ілбіп бара жатып құлағандарға қарауды да қойдық! Ана, «А-қ» деген темір жол стансасы бар ғой, соның маңынан бізге ұқсамайтын орыс па бір әйел қосылды, өзі арып-ашпаған, кәдімгідей толық. Қайдан келеді, қайда барады ешкім де білмейді.

Бір-екі күн өткен болар, ес-тұсымнан айрылып құладым, көз алдым қарауытып кеткен, ұйқы ма, түс пе білмейтіндей жағдайдамын, қанша жаттым, оны да білмеймін. Тек қана шешемнің «...айналайын, қарағым-ай, жалғызым-жарығым, мына қазыдан жеші, жұта ғой, тұрып кетесің...» деп аузыма салған бір түйір майдың еріп, ішіме барғанынан күш алып есім кірді. Содан шамамыз келгенше жүріп отырып, оншақты адам шекара астық. Ауылдан бірге шыққан елу-алпыс адамнан қалғаны сол еді, әлгі жолдан қосылған орыс әйелді көрмедім. Кейін әбден ес кіріп, ойлаймын да, ол қайдан келген қазы, қалай табылған май...»

Әдемі келіншек еді-ау

Екі апам, «құдағи, шай алыңыз» деп қойып, көлеңкеде әңгімелесіп отырған, ауылдағы «жынды апа» дейтін кісі келе қалды. Ештеме сұрамастан, қастарына отыра қалып, апама: «Әжетай, маған тәтті кәмпит-мәнпәси берші» деді. Онысына балалар күліп алдық. Апам, біздерге аулақ жүріңдер деп ұрысып, әлгі апаға шай құйып берді. Күлетініміз де бар, өйткені, ол кісі кім, қайдан келген, неге осылай болып қалған, оның үстіне, жас болсын, кәрі болсын елдің бәріне күлімсіреп «апа, әже» деп жүреді. Тіптен, қайдан тамақ ішеді, ешкім де білмеуші еді. Әйтеуір, ешкімге керегі жоқ, елеусіз қалған жұмбақ жан. Бір шыны шәй ішіп, бергендерді алып, қалтасына салып, «әже рахмет» деп кеткен соң, құдағи-апаның сұрағына, апам әңгімесін бастады:

- Еее құдағи, айтарыңыз бар ма, бұнымен түйдей жасты едік, 14-15-тегі кезімізде осы ауылға бірге келін боп түстік. Әдемінің әдемісі, өзі өте көңілді, елдің бәрін күлкіге батырып жүретін, сұлу, әнші келіншек еді ғой. Екеуміз айлас болып, бірге босандық, менің балам шетінеп кетті де, бұның баласы балпанақтай болып өсіп келе жатты. Айналасы екі-үш жылда шат-шәлекейіміз шығып, ел ашаршылыққа ұшырап, жан-жаққа бассауғалап ауа да бастады. Біздер екі-үш ағайын бірігіп атамның таудағы қыстауына жетіп, сонда өлместің күнін көріп жан бақтық, ал бұлар қытайға ауған елмен бірге кетті.

Күйеуі әбден әлсіреп жығыла беріп, оның үстіне бұның арқалаған баласы бар, ілескендерден алыста қалып қойыпты. Күндердің күнінде әбден көзі қарауытқан ері, «баланы сойып жейік, одан басқа жол қалмады...» деп айта берген екен. Басында аса мән бермеген бұл, біраздан соң шоши бастаған. Қанша уақыттан кейін екенін кім білсін, құлап жатқан байының қасына от жағып, даладан бірдеме-бірдеме теріп қайтып келсе, баласын сойып тастапты, қолы қан-қан. Содан жанұшырған бұл байқұс айдалаға безе берген. Адам итжанды деген рас екен-ау, сол кеткеннен кетіп, ілбіп-салып шекарада солдаттардың қолына түссе керек.

Онда қанша жүрді ешкім де білмейді. Кейін, ел тынышталғанда, бұның солдаттардың иттерімен бірге ат қораларының қасында қаңғырып жүргенін көрген ауылдың бір адамы, танып, алып келіпті. Бар әңгімесін сондағы бір қазақ айтып берсе керек, ал өзінде ес қалмаған. Бір таң қалатыным, әлде мені шырамыта ма, әлде біреуге ұқсата ма, анда-санда келіп тұрады...

«Маңқа» болған жылқы еті

...Алдымен сыпырып-сиырып бар малды бітірді. Ел ашыға бастады. Одан кейін бар жылқыны «маңқа» деген өте қауіпті ауру деп атып тастады. Атқандарын ешкімді жолатпастан, алдында қаздырған терең шыңырау құдыққа тастай берді. Мылтықты қарауылдар жүреді.

Ит пен мысық та бітіп, ел тері шалбарларын т.б. қайыс-пайыстарды қайнатып жей бастады. Ауылдас «Қ-тармен» бірге әлгі шұңқырға бардық, түнделетіп. Сыбырласып, келісіп, 17-18-дегі балаң жігіт кезім ғой, үш-төрт адам беліме арқан байлап мені түсірді. Іші сасық екен, көз қарауытып, бас айналды, сонда да шыдап, қолыма ілінген етті терісімен бірге пышақпен кесіп, арқандағы қапқа екі рет байлап жібердім. Үшінші рет салып жатқанымда, кесілген арқан сылқ етіп қайта түсті. Айқайлағаныма ешкім жауап қатпады. Шошыған қалпы отырдым да қалдым.

Таң ағарып ата бастағанда немерелес бауырым, білесің ғой, Б-ай атаң келіп, шұңқырға аузын тосып, «А-ай, барсың ба» деп шақырғанда селк етіп ұйқыдан шошып оянғандай болдым! Арқан тастап, итшілеп жатып, сүйрелеп мені әрең шығарып алды. Былайырақ шыққан соң, бірге барған ауылдастарымды милитса ұстап әкеткенін айтты. Қойныма біраз ет тығып үлгерген едім, соны талғажау етіп, ауылдан тауға қарай қашып, бассауғаладық. Ал аналардың сол кезде мені неге шұңқырда жалғыз тастап кеткенін, әлі күнге түсінбеймін...

Обадан тірі қалған

...Жейтін ештеме қалмады, әкем сасқалақтап жан-жақты тіміскілеп тапқан сүйек-саяқ, терінің қалдығы, шөптер сияқты бірдемелерді әкеледі, шешем соны қайнатып береді. Ауыл қаңырап қалған, аз-аздап қалған бірді-екілі адамдардың күні де солай. Жетілердегі кезім, бәрі де есімде! «Жұт жеті ағайынды» дегендей ауылға ауру келді! Өздері де аш, беттері көнектей боп ісіп кеткен адамдардың үстіне жаралар қаптап, көздері қанталай ісіп, іштері тоқтамай өтіп, ыстықтан бұратыла құлап қиналып жатып өлгендер көбейді. Бір үлкен апаның «бұл қырсықтың қырсығы, оба...енді ешкім тірі қалмайды...қашу керек...» деп күңіренгенін, құлағым шалып қалғаны бар. Бір күндері бөтен әскери адамдар келді, көршілерден «ауылды солдат қоршапты, ешкімді шығармайды...атады екен...» дегенді естідік. Үрей жоқ!

Бұрқ етіп түгел ауылды өрт басты, әке-шешем тұра алмай жатқан еді. Есіктен далаға қарағанымда, қашпақ болғандарды мылтықтың дүмімен ұрып үйлеріне лақтырып есіктерін бастырып тастап, өртеп жүрген солдаттарды көрдім. Үйге қашып кіргенім сол еді, біздің үй де жана бастады. Әкем мен шешем ыңырсып келіп, еңбектей жүріп мені ауыз үйдегі ұраға тастады, бетіндегі қақпағын киізбен жауып, «төмен қарап жат, қорықпа, күпіңді басыңа оранып ал» дегендері есімде. Ар жағын білмедім, қанша жаттым оны да ұқпадым! Көзімді ашсам, қоңырсыған түтіннің ащы иісі қолқаны алады, шұңқырдың ішінде қасымда құманмен су тұр екен (байқұс шешем қойып кетіпті ғой, кейін ойласам), содан ішіп жан шақырып едім, біраздан соң тағы да есімді жоғалттым.

Одан кейін қанша уақыт өтті, оны да білмеймін, біреулер кеп ашып алды. Ақ киінген адамдар ұраның үстінде жатқан екі адам қалдықтарын сүйреп алып кетті (кейін ойласам әкем мен шешем, мені бастырып жатқан қалпы өлген екен ғой...)! Ақ киінген орыстар маған қарап тұрды, сол кезде бір қазақ кісі құшақтап алып, көтеріп арбаға салды. Екі орыс иықтарын қиқаң еткізіп кетіп қалды. Сол, иманды болғыр, Т-к аға сөйткен қалпы мені тастамай алып жүріп, балалар үйіне өткізді. Пәмиламды өз атына жаздырған, қазір де солай қалдым...

Қыздың алақандары

...Бар ауылда ер адамдары тамақ іздеп кеткен төрт-бес үй қалдық. Әкем де түгел қалған-құтқанды шешеме беріп, солармен бірге кеткен еді. Біраз уақыттан соң, бір ауып келген адамдар келді. Өздері қазақ болғанымен біздің елден басқаша, босап қалған үйлерге, немесе жандарынан ін қазып соған орналасып алды. Бізбенен араласпайды. Көп ұзамай ауылдастардың арасында «бұлар Ш-у деген жерден ауып, босып келіпті, байқамасаңдар адам жейді екен...» деген жаман сөз шықты. Қорыққанымыздан үйден де шықпайтын болдық, тек күндіз шешеме еріп, айналадан тіміскілеп, жейтін бірдеме-бірдеме іздейміз.

Бірде көрші дәу апамыз келіп, шешеме «...Абысын, тез жүре ғой, біздің қораның артындағы сайда қойдың тұтас сүйегі жатыр екен, ешкім көріп қоймай тұрып, алып келіп алайық...» деді. Шешем екеуміз қолға түскен қапты ала салып бірге ілестік те, менен үш жас үлкен ондардағы әпкем бұлақтан су алып келуге кетті. Содан көрмедім, әлі күнге дейін көз алдыма қызыл бешпетімен әдемі қыз болып елестейді.

Үйге келе сап, шешем екеуміз шарқ ұрып іздеуге шықтық. Жым-жылас. Бізге жақындау үйшікте біреулер тұрып жатқан, соларға бардық. Еркек пен әйел шығып, біздерді балағаттап, итермелеп қуып жіберді. Сонда да қоймай тағы бардық, ертеңіне де сол! Үшінші күні әлгілердің есік алдында шешем, еркектің шығып тепкілегеніне де қарамай, «бар пәле сендерден келді...» деп зарлап отырып алды. Ақыры, әйел шығып, шүберекке оралғанды бетімізге лақтырып жіберді де, «құрыңдар, әйтпесе...» деп талай бірдемелерді айтты. Түйіншекте қыздың шашы мен алақандары жатты! Шыңғырған шешемнің дауысы өмір бойы құлағымда қалып қойды!

Сүйретіліп үйге келдік, одан мола жаққа барып тырмалап жатып әлгілерді көмген болдық. Шешем сол жерде жатқаннан тұрмады, бауырына мені басқан күйі жатты да қойды. Үйге апаруға шамам да келмеді. Ертеңіне түске қарай бір адамдар келіп, әбден әлсіреген мені арбаға салды! Ыңырсыған анам сол жерде қалды, оған ешкім қарамады да...

Кейінірек білдім, тірі қалғандарды жинап жүргендер екен, содан қалаға алып барды, одан С-д жақтағы жетімдер үйінде ер жеттім. Адам алақаны у болады, тіпті, қасқыр да жемей, қарға шаншып кетеді екен дегенді де кейінірек естідім...

Шалымды құртқан сен...

...Көрші ауылдан атамның бауыры, досы Т-н ата келіп, далада әңгімелесіп отырған, бір апа қақпадан кіріп келіп: «...сен оңбаған...бандының тұқымысың...білем мен сені...шалымды өлтірген сен...» деп айқайлап аузына не келсе соны айтып, аттандай бастады. Атам еш жауап қатпастан тұрып қабырғаға сүйеулі тұрған таяқты алып «ә әкеңнің, сені де құртпасам...» деп әлгіге қарсы ұмтылып еді, кейуана кәрілігіне қарамай зыта жөнелді!

Т-н ата, «...е мынаның емін дәл біледі екенсің ғой, сөзді шығындамай...» деп, екі атам әбден күлкіге батты да қалды. Сосын «...мына қақпас әлі тірі екен-ау, баяғыда өлген шығар десем, өзі сол таудың ішінде тұра ма?..» деп сұрады.

Атам: - ...Иә, көріп отырғаныңдай тірі, жоға кейін ауылға келді ғой сүйретіліп. Осында тұрып жатыр...

- Сол жолы өзі қалай болып еді, толық айтпадың ғой?!

- Несін айтасың, өзімен кетсін де құрғырлар! Өзің де білесің, кезінде мынаның байы Н-к еңгезердей дәу, топқа түсіп күресетін де, ұрылығы да бар біреу еді ғой. Мынау болса қыз кезінен шайпау болып, «Ақи көз А-р» аталып, ешкім жоламай жүргенде сол алыпты да. Бұдан өзі жиырма шақты үлкен де екен, қосыла салып елден аулақтау, саяқтанып ғұмыр кешкен. Ашаршылық басталғанда кезеңнің ішіне орналасып, жертөле қазып, тастан қабырға қалап, сонда бала-шағадан айрылып, екеуі ғана сопайған қалпы тұрып жатты емес пе! Кешікпей ел арасында бұлар «ары-өткен бері өткендерді тонайды екен, жалғыз-жарым адамдарды жейді екен...» деген сөз шыққанын да білесің.

Кейін ел тынышталғанда да колхозға келмей сол тауда тұрып жатты, жастары да біразға келген, ешкім керек қылып іздемеді де ғой.

Соғыстан жараланып келген соң, мына қолым толық жазылмай бірталай жүріп қалдым, бос жата бермей таудан аң қарауды бастадым. Ашаршылық жылдары жоқ болып кетіп еді ғой, жарықтық аң да кәдімгідей көбейіп қалыпты, көбіне олжалы қайтам. Соғыс алдында «Охотсоюзға» мүше етіп алған, оқ-дәріні солар береді, өзімнің мылтығым, дүрбім бар. Колхоздың үш-төрт жылқысының біреуі асау құнан екен, соны сұрап алып, үйретіп міндім. Атқан аңның етін түгел «Заготконторға» өткіземіз, сонда болсын, әр аң атқанымда бас-сирақ, ішек-қарын, өкпе-бауыр үйде қалып, ауылдағы ел көже қайнатып ішіп бір жасап қалушы еді.

Бір күні екі-үш еліктің ізіне түсіп аңдытып келе жатқам, асудағы осылардың үйінің маңынан өттім. Тастан қалап кәдімгідей қора жасап алыпты, қайдан алғанын итім біле ме, елде жоқ үш-төрт ешкі, бір-екі тана-торпақты байқадым. Сайдың ішінде су бар болатын, соған қарай аяңдатып бара жатқанмын, жартастан бірдеме қалбаң ете қалып, атым үрікті. Жануарды «тыр-тырлап» айналып қарасам, әлгінің шалы, жылт ете қалғанымен түгел көріп үлгердім, екі көзі қып-қызыл, сақал шашы өскен, алба-жұлба киінген, құдды бір жабайы адам сияқты. Байқағанымды сезіп тығыла қалды. Аса мән бермей еліктер суға бет алған болар деп, солай жүре бергем, біраздан кейін жаңағы қапталдағы жартастан тағы қараң етті. Суға жеткенде қарасам, еліктер мені сезді ме, тоқтамай кешіп өтіп кетіпті. Жас құнан ғой, шалдыға бастаған соң, біраз көкке шалдырып, сосын суғарып алмақ болып, аттан түстім де, шылбырмен бөргезге байлап, өзім жантайып жата кеткем. Көзім ілініп кеткен екен, ту сыртымнан қадалған бірдемені сезгендей жалт қарасам, әлгі шал, тасты қалқалап маған қарап отыр екен. Мен ғой сайлатып айналып келдім, ол болса қырдың басындағы жартастармен, жасы бірталайға келгенмен жаяу болса да қалыспай жүріп отырғанын қарасаңшы.

Көрмегенсіп, сыр бермей бақылап жатырмын, ақыры ананың суық қарасынан мені аңдып жүргеніне анық көзім жетті, сұрқия неме! Бұрынғы әдетін әлі ұмытпағанын түсіндім, әзірге батпай отыр, әйтпесе, жоғарыдан тас лақтырып бас салмақшы! Сұмырайдың бір иманын ұшырайын деп, атып тұрдым да «әй иттің баласы, не керек саған» деп ақырып, қалқалап отырған тасының үстінен асырып гүрс дегіздім. Қас қылғанда ербең етіп қалт тұра қалғанын қарасаңшы, «ахх» деп өкіріп құлады.

Мылтығымды кезенген қалпы өрлеп барсам, тастың ар жағында қорылдап жатыр екен, өзім қалыпқа құйып 32-ші калибрьге жасаған домалақ оқ қой, көкірегінің дал-далын шығарыпты. Негізі, оны қасақана атайын деген жоқ едім, көз ілескенше ербең ете қалғанын қарасаңшы! Құрысын деп, тас, топырақ, шөп-шалам, әйтеуір қолға түскенді лақтырып бетін жауып көміп тастап, атымды суғарып, беті-қолымды жуып алып, қайттым. Келген жолыммен жүрмей, әдейілеп келесі сайға астым, кезең үстінен артыма қарасам, аналардың үй алдында басындағы орамалы ағараңдап, осы қатыны көзін алақанымен көлегейлеп қарап тұр екен.

- Еее, солай де, бауырым! Сен ұсталып кеткен соң, бұл пәлені ауылдан көрдім! Бір от алып алса таңнан кешке дейін ұрысып, бар елдің зығырын шығарады екен. Бүткіл ел «долы қатын» деп айналып қашатын болыпты! Тіпті, бар қазақ шошитын орыс шопыр, трәктәристердің өзі, «бұл адам емес, это не А-р, а пожар...» деп безе қашатын. Қазір осы сексеннен асып кетті-ау, итжандысын қарашы! Айтпақшы, осыны сабасына бір түсірді деп естіп едім...

- Иә, атам қазақ «Долыдан дүлей қашыпты» деп айтқандай, шынымен бар ел безеді екен. Өзің айтқандай ұсталып кетіп, Сталин өлген соң ақталып шықтым ғой, ауылға оралып, жұмысқа шықпай, баяғы әдетпен аң қарауға көшкем. Бар нәградым, инвалидный пенсиям бәрін өкімет қайтарды ғой, құдайға шүкір!

Бір күні таудан келе жатып, шөлдеп қырманға соққам, осы жүр екен. Мені көре салып «сен оңбаған, қараңғалғыр, сен шалымды құртқан» деп айғай-аттанға басты. Қарғап-сілеп, аузынан түкірік-көбігін шашып, тоқтаусыз не келсе соны айтып, бажылдап жатыр.

Негізі, бағана айтқанымдай, сол жолғыны сезген болар, әйтеуір тынбай балағаттады. Ел маған қарап күліп жатыр, қаным басыма шапты! Аттың үстінде тұрған қалпы, мылтығымды алып, «...әй иттің қатыны, қоясың ба жоқ па! Жаныңды жаханнамға жіберіп, сенің де көзіңді құртпаса болмады ғой» деп басында кимешек сияқты шошайған бірдемесі бар екен, соны көздеп тұрып басып салдым! Оқтың екпінінен «ахх» деп тоңқалаң аса құлады, ел «өлді, өлтірді...» деп жүгіргенде, қарамастан желдіре бастырып кетіп қалдым.

Кейін ауылдастар «...ой рахмет саған, долыға да тиым болады екен ау! Қазір бірдеме деп бастаса, әй қақпас А-ға айтамыз, ол жолы сәл мүлт кетіпті, бұл жолы дәл тигізіп ат деп! Не, сол жолы бұтыңа с...п құлағаныңды ұмыттың ба, дейтін болдық!..» деп күлісетін...

Қайран шешем

...Ашыққан адам тамақтан басқа ештеме ойламайды екен, құдды бір малға айналатындайсың. Бәрі де есімде, бәрі де көз алдымда, өйткені 7-8-дегі әжептеуір баламын. Әкем көрші үйдегі немере бауыры екеуі «бір жақта кәсіп бар екен, ары кетсе, он бес күнде келеміз...» деп кеткен, екі айдан асқанымен еш хабар болмады. Солай болған соң, көрші тәтем балаларын ертіп, төркін жұртына кетті де, сопайып біз жалғыз үй қалдық.

Шешем өте пысық, өте ұқыпты жан еді, мүлде ашықтырмай, болса да тойдырмай тапқанын жаратып, күнелтіп жаттық. Сарғая бастағанынан-ақ қонақ шөптің басын жинаймыз, кейде жаужұмырдың тамырын да тауып аламыз, ініне су құйып саршұнақ ұстаймыз, қалған сүйектерді тереміз, сортаң жерден тұз жуып аламыз, қойшы, әйтеуір бір тынбаймыз. Жинағанымыздың бәрін шешем кептіріп, аздап тұз қосып, келіге түйіп алып, түйіншек-түйіншек қылып әр жерге тығамыз. Сүйекті әбден суға қайнатып, алып шығып оған тағы басқа сүйек салып тағы қайнатқанда сорпаның дәмі шығатындай сезіледі. Одан шыққанды отқа қақтап, күйе бастағанда алып келіге салып түйеміз. Сосын шөптердің ұнтағын қосып, шешем атала жасап береді.

Қыстауымыз құмның ішінде, есік алдына қазақ үймізді тігіп қойып, алдына, ішіне түрлі қурайдың т.б. шөптердің дәндерін шашып қоямыз да есікті арқан-жіппен байлап, ауыз үйде мен аңдып жатам. Ішіне торғай кіргенде тартып қалып есікті жабамын, сосын шешем екеуміз барып, қолымыздағы бұтақтары көп таяқпен пырылдап ұшқандарын ұрып аламыз, бастарын бұрап жинап әкеліп, жүнін жұлып тазалап отқа үйтіп аламыз. Шешем еш нәрсесін қалдырмай іске жаратады, бір асқанда жарты торғайдың етін кәдімгідей тамақ ете алатын! Судан сүзіп, әншейінде итбалық деп ойнап ұстайтын шабақтарды аулаймыз, оны да түгел кептіріп, ұнтақтап аламыз. Басын шауып тастаған жыланның көп уақыт өлмей ирелеңдеп жататыны да көз алдымда қалыпты. Кешке жатарда, қайдан алатынын, шешем менің аузыма бір түйір май салып, ыстық су беретін, өзі шөптер салған қайнақ су ішіп отыратыны да есімде...

Бір күні түске таман үйге, қарауға қорқынышты, қаңғырған екі әйел, үш еркек кіріп келіп, әй-шәй жоқ қайнап жатқан қазанға ұмтылды! Шешем алысып жүріп, әрең дегенде жарты кеседей сұйық быламықты алып үлгерді. Соны сораптап бір бұрышқа тығылдық та қалдық, аналар болса қалған бір-екі кеседейін таласып-тармасып жоқ қылып, үйдің ішін тіміскілеп жүрді. Өздері бірдеме-бірдемелерді айтып, шешеммен ұрысып жатыр. Шешем оларға айқайлап: «қазір, аң қарап кеткен отағасым келеді, мылтығы бар, бәріңді атады. Одан да, жейтіндеріңді жедіңдер, құрыңдар енді...» деп айқайлап қояды, оған қарайтын олар жоқ! Тапқан анау-пынауды қазанға салып, екі әйел қайната бастады, үш еркек күбірлесіп отыр. Біраздан соң, біреуі пышағын шығарып, шешеме: «әй былшылдамай, андағы баланы бізге бер, өзің маған қатын боласың. Ертең басқа жаққа бірге кетеміз...» деп тұра ұмтылғаны! Аттан салған анам әлгілермен апыр-топыр алысып-жұлыса кетті де, маған «қаш...» деді. Есіктен қалай шыққанымды білмеймін, ессіз-түссіз айдалаға безе жөнелдім. Артымнан бір әйел мен еркек қуып талай жерге дейін барды, жеткізбедім. Түннің бір уағында өлердей қалпымда жерге құладым. Содан таң атқанда жан-жағыма қарайлап, тағы жүре бердім. Артымнан біреу қуып келе жатқандай жүре бердім, жүре бердім. Ақыры, ес-түссіз құлаппын, содан қанша жаттым білмеймін, өкімет адамдары кездесіп, тауып алып, аштарды жинаған жерге тапсырды...

Сөз соңы

Ашаршылық десе адамның еріксізден бар денесі түршігеді. Сол сұмдықтарды көзімен көрген Мекемтас ағаның анасының туған қызын қасқырлардың талауына тастап, өзін құтқарып қалғаны туралы жазғандарын көрмек тұрмақ, оқығанға шошисың! Алайда, қазіргі жастар еліміздің басынан өткізген геноцидті білуі керек, сондықтан мен де өз құлағыммен естіген әңгімелерімді шамам келгенше жазып отырмын. Бұндағы кейіпкерлердің барлығы да өмірде болған адамдар, өз ауыздарынан естігенмін және сол сөздерді қалпында жеткізуге тырыстым.

Кеңестік кездегі қызмет бабымен біздің үй біраз ауылдарда тұрған болатынбыз, сонда міндетті түрде әрбір ауылда «табиғаттары басқаша» адамдар кездесетін еді. Ол кезде балалықпен олардың кей қылықтарына күлсек те, қазіргі күнде ойлансақ, сол адамдардың ондай күйге түсуіне, жетуіне өздері бастан кешкен адам айтса сенгісіз, сұмдық оқиғалардың себебінен екендігіне анық көз жеткіземіз. Қазақша айтқанда, топырақтары торқа, иманды болсын!

Азкен Алтай

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5639