Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 2453 27 пікір 19 Ақпан, 2024 сағат 15:28

Навальныйдың нәубеті мен нәсібі

Фото: Антон Новодережкин/ТАСС

Мына тұрған көршіміз - Ресейдің 19 жылға сотталған аса танымал оппозиционері, Путин мен оның жекебас билігінің ең тегеурінді сыншысы Алексей Навальный түрмеде отырып, өмірден өтті.

Сөз жоқ, Ресейдің жаңаша тарихында Навальныйдың алар орны бір төбе. Авторитарлық жүйеге атойлап қарсы шыққан оның жүрек жұтқан батылдығы мен ерлігін ешкім де, тіпті оның дұшпандары да, жоққа шығара алмайды. Ресейде орныққан саяси жүйе мен жемқорлықты әшкерелеудегі ноу-хаулары мен креативті идеялары да жаңашылдығы мен тиімділігімен ерекшеленді.

Уланғаннан кейін шетелде қалу мүмкіндігі болса да, елге қайтып келуі де – көзсіз батырлыққа татиды.

Бірақ бәрі тәуекелге бел буған оның күткеніндей болмады. Оны түрмеге тоғытты. Арты өлімге әкеп соқты.

Меніңше, дәл осылай болатынын ол іштей сезді.

Бәлкім, «іріп-шіріген путиндік режим көп ұзамай құлайды да, мен Нельсон Мандела секілді түрмеден босап, билікке келемін» деген ойы да болған шығар.

Навальныйдың ойында не болғанын бір Құдайдың өзі біледі.

Кезінде оның Орталық Азия елдері, соның ішінде қазақтар мен өзбектерге қатысты ксенофобиялық астары бар әжуа-мысқылдары, грузиндерді орынсыз кекетуі, сөзсіз, оған абырой бере қойған жоқ. Бас билікке ұмтылған кез келген саясаткер басқа ұлттардың намысына тиетін ондай жөнсіздіктерге жол бермеуі керек еді. Жә, Құдай кешірсін енді оны.

Навальныйдың түбіне жеткен Путин мен оның айналасы тарих алдында жауап берері сөзсіз.

Мен болсам, Навальный феноменінің біз үшін қандай сабақтары бар екені туралы айтқым келеді.

Меніңше, оның төрт тағлымы бар.

Біріншіден, бізде де жүйелі жемқорлық бар екенін әмбеге аян. Сол жүйелі жемқорлықпен біз жүйелі түрде күресіп жүрміз бе? Жүйелі құбылысты біз соның ішінде, билік сыншылары, жүйелі түрде әшкерелеп жүрміз бе?

Жоқ!

Навальный деген жеке тұлға ғана емес, ол тұтас бір команда. Оның жұмысын қамтамасыз ету үшін тиісті қаржы керек болды. Ресейдің барлық дерлік аймағында оның «Жемқорлыққа қарсы қорының» бөлімшелері болды. Қаншама зерттеулер жасалды, фильмдер түсірілді, қанша жемқордың арты ашылды?!

Алғашында қорға ақшаны компаниялар мен жеке тұлғалар берді (шынымды айтсам, қордың қазіргі қаржылық жағдайын білмеймін). Содан қор аяққа тұрып кетті.

Ең бастысы – ешкімнің (президент, премьер демеді) бет-жүзіне қарамай, жемқорлықтың шынайы болмысын ашып берді.

Бізде неге сондай жобалар мен тиісті демеушілер жоқ?

Екінші тағлымның өзін оппозиция санайтын күштер мен тұлғалардың сын сәттерде бірігіп, бір-біріне қол ұшын беру мәселесіне қатысы бар. Ресейде Навальныйдан да басқа оппозиционерлер бар. Оны улап, соттап, түрмеге жауып жатқанда олардың дені үнсіз қалды.

Бізде де солай. Және бұл теріс дәстүрі сонау 90-жылдардың ортасынан бастау алады. Яғни, оппозицияда жүрген әр партия жетекшісі не жеке саясаткер тек өзін ғана мықты санайды да, басқа әріптестерін місе тұтпайды. Дарвинге салсақ, олар түраралық емес, түрішілік талас-тартыспен айналысып кетті. Қудаланып не сотталып жатса, тек өз партияластарын қорғады да, басқа әріптестеріне қараспады. Ондай бөлінушілік өзара араздық туғызды, әрі билікке де тиімді болды.

Үшінші тағлым мынада: Жаңа Қазақстанның бір кемшілігі сол – бізде де саяси тұтқындар бар. Әртүрлі себептермен, соның ішінде билікке қарсы шығып, сын айтқаны үшін сотталған азаматтар бар.

Егер де солардың бірі қапаста отырып, (беті аулақ!) айықпас дертке душар болса, немесе Навальный секілді қайтыс боп жатса, ол үшін кім жауап бермек?! Ұзақ жыл түрмеде отырып, бостандыққа шыққан бойы өмірден озған Арон Атабектің трагедиясының өзі не тұрады?! Оның да түбіне жеткен соның салдары емес пе?! Қазір түрмеде отырған Марат Жыланбаев, Әйгерім Тілеужан және басқалардың халі нашарласа, не болмақ? Жаман айтпай, жақсы жоқ, алда-жалда бір нәрсе боп қалса, кім жауап бермек?

Төртінші тағлымның халықаралық сипаты бар.

Навальныйдың өлімінен кейін Батыстың дамыған елдерінің басшылары, Еуроодақ секілді халықаралық ұйым жетекшілері улап-шулап жатыр. Ол тірі кезде олар қайда болды?! Неге оны босатуды табанды түрде талап етпеді? Сол үшін барлық жағдай жасамады?

Соңғы кездің бір белгісі сол; бүгінде халықаралық байланыстарда бұрынғыдай «демократия», «адам құқы», «сөз бостандығы», «саяси қудалауға жол бермеу» секілді деген талаптар айтылмайтын болды, бәрін геосаясат, экономикалық мүдде мен пайда шешіп кеткен сықылды.

Олай болса, нақты елде демократия орнатуда өзін демократия жаршысы деп жариялайтын халықаралық ұйымдар мен державаларға аса сенім жоқ.

Өз елінде әдідетті қоғам орнату ісі – әр халықтың, әр азаматтың өз ісі.

Соны түсінейік.

Соны түсінуге себеп болған Навальныйға бір рахмет!

Әміржан Қосан

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383