Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2467 18 пікір 29 Ақпан, 2024 сағат 11:59

Бағы тайған БАҚ:«Өлке тынысының» тынысы тарылды

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтың назарына!

Ықылым заманнан бері ең көне мамандықтардың бірінен саналатын журналистиканың адамзат дамуындағы жетекші қызметі жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Бүгінгідей білек күшінің текетіресі екінші орынға ысырылып, адамдардың ақыл-ойы мен санасын жаулап алу жолында ақпараттық майдан алдыға шыққанда, бұқаралық ақпарат құралдарына немқұрайлы қараған мемлекет ұтылатынын ұғатын уақыт жеткен сияқты. Алайда, бүгіндері Алматы облысында қалыптасып отырған жағдайға қарап, өлке билігі (облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев) бұл мәселеге әлі де жете мән бермей келе ме деген ойға қаласың.

Жақында әлеуметтік желіден «Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы тілшісі Ардақ Айбардың облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерін біріктіретін «Өлке тынысы» ЖШС-ін ветеринар басқарып отырғандығы жайында жазбасына көзіміз түскен еді. Баяғыда бір бейбақ: «Мені сорақы-сорақы дейсіңдер, ауылда бір әпкем бар, менен өткен сорақы» деп ақталыпты дейді. Сол айтқандай, өткенде Шығыс Қазақстанда өлкелік газеттердің тізгінін дәрігерге ұстатыпты деп шулағаны да ұмытыла қойған жоқ. Соны естігенде: «Сендерде тым құрығанда адам дәрігері басқарады екен, ал Алматы облысында маңызды саланың майлы жілігін мал дәрігері мүжіп келеді...» ¬ деп өскемендіктер үшін қуанған едік.

Мейлі ғой, егер ақпарат саласының ұңғыл-шұңғылын терең меңгеріп, қаламгерлердің алаңсыз жұмыс жасауына барынша жақсы жағдай қалыптастырып отырса, ешқандай әңгіме туындамас па еді. Өкінішке орай Алматы облысы екіге бөлініп, 105 жылдық тарихы бар «Жетісу» газеті өзі аттас Жетісу облысында қалғанда, Алматы облысында жаңадан ашылған «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» газеттерін біріктіретін серіктестікке Қарасай ауданында Мәдениет үйінің директоры (?) қызметін атқарып жүрген Болатхан Айтмұхаметов деген азамат келе қалады. Азан шақырып қойған аты «Болатхан» болғанымен, өзі жүрген өңірде «Айдар» деген есіммен белгілі ветеринардың Баспасөз саласына басшылыққа келуі бес баттан құпияның астында қалып отыр. Сірә, «Тоқпағы келіссе киіз қазық жерге кіредінің» кері осындай болса керек. Алайда, журналистер қауымына уәдені үйіп-төгіп келген Болатхан-Айдар, іске келгенде сұйықтау болып шықты. Оған Алматы облысы әкімінің құзырына қарайтын газеттерде бүгінге дейін шешімін таппаған мәселелер дәлел бола алады.

Ең алдымен екі газет қызметкерлерінің жалақы мәселесі ұзын-сонар дауға айналған. Еден жуушы мен күзетшіден кем жалақы алатын жоғары білікті журналистер, сонымен қоса жаңа жерге келгеннен кейін пәтер қиындығын да көргені анық. Басында төленіп келген «пәтерақы» қаржысы біраз уақыт бойы тоқтап қалып, жуырда ғана журналистердің табанды талап етуімен қайта қалпына келтіріліпті. Бүгіндері екі басылымда қызмет жасайтын 50 адамның бірде-бірінде баспана мәселесі толық шешілмеген. Біразы жалдамалы пәтерлерде тұрса, көпшілігі 70 шақырым жердегі Алматыдан қатынап жұмыс істеп жүр. Пәтер мәселесі серіктестік басшысының құзырында емес дегенімізбен, қол астындағы қызметкерлеріне жайлы жағдай туғызу басшының ең алғашқы міндеті емес пе.

«Өлке тынысы» ЖШС қызметкерлері есте жоқ ескі замандардан бері алып келе жатқан мерекелік сыйақылардан қағылғалы қашан? Басқа мемлекеттік мерекелерді былай қойғанда, журналистер үшін қасиетті саналатын «Баспасөз күнінде» де алақандары майланбай, пұшайман күй кешіпті. Себебі, алдында ғана мемлекеттік тендер мен сайлауды жарнамалаудан түскен қомақты қаржыға Болатхан Кеңесханұлы жұмыс кабинетін жаңа жиһаздармен толтырып қойыпты. Құзырындағы халық тұрмыс тапшылығын тартып, жәутеңкөз күй кешіп жүргенде, Болатхан-Айдар су жаңа көлікпен желдей есіп жүрді дейді білетіндер. Республика күні, Тәуелсіздік мерекесі, Жаңа жыл дейтін айтулы даталар серіктестік басшылары үшін ешқандай маңызды емес-ау, осы.

Бүгіндері «Өлке тынысы» ЖШС-інде 90-ға жуық адам еңбек етеді екен. Олардың 50-і аталған екі газеттің қызметкерлері болса, қалған 40-қа жуық адам басшылықта, «Алатау-ньюс» сайтында, видеограф, мобилограф болып тіркелген. Егер ұжымға түсетін қаржы «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» газеттерінен түсетінін ескерер болсақ, қалған құрылымдар солардың есебінен күндерін көріп отырғанын дәлелдеудің қажеті жоқ. Солай бола тұра, кейінгілердің жалақысы жанын жалдап жүріп жұмыс жасайтындарға қарағанда әлдеқайда көп көрінеді. Әділеттілік қайда, ағайын?!

Тынысы тарылған «Өлке тынысы» ЖШС ақша үнемдеуді басты мақсат етіп қойған сыңайлы. Жолын тауып журналистердің жағдайын жасаудың орнына, шөміштен қысу белең алған. Сыйақы мәселесін әлгінде айттық. Ветеринар-басшы жұмысы үшін жалақы алатын журналистерге «гонорар» не үшін қажет деген бастама көтеріп, баспасөздің ғасырлар бойы қалыптасқан қаламақы төлеу дәстүрін бұзбақшы болғанын да естігенбіз. Бұлар тіпті жолақы мен іссапарларға төленетін қаржыны да үнемдеуді мықтап қолға алған. Осылайша, 2023 жылға бөлінген 16 млн-ға жуық қаржының 10 млн-ын ғана игерген ғой. Осы себепті биылға «бәрібір игермейсіңдер...» деген желеумен 9 млн. теңге ғана бөлініпті. Осы игерілмеген қаржыны автобуспен немесе жеке көліктерімен іссапарларға шығып, аудан-ауылдарды аралап жүрген арнайы және меншікті тілшілерге берсе, үлкен көмек болар еді-ау.

Салыстырмалы түрде айту үшін өзге өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайына шолу жасап көргенбіз. Алысқа бармай-ақ, кеше ғана еншісін алып шыққан Жетісу облыстық газеттерінің хал-ахуалы таңдай қақтырады. 2014 жылдан бері осы саланы басқарып келе жатқан «Жетісу-медиа» шаруашылық жүргізу құқығы бар мемлекеттік-коммуналдық мекемесінің басшысы, мамандығы заңгер-қаржыгер Шыңғыс Бозым өз ісін жақсы меңгергені байқалады. Қызметкерлерінің көтеріңкі жалақысын былай қойғанда, мұнда өткен жылы 8 мәрте мерекелік сыйақы беріліпті. Журналистердің жүріп-тұру мәселесі толықтай шешілген. Баспанасыз жүрген бірде-бір журналист жоқ. «Өлке тынысы» қызметкерлері ескі-құсқы көліктерді жөндеумен естері шығып жүргенде, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жеке бастамасымен жуырда ғана серіктестік төрағасы мен жаңадан тағайындалған бас редакторға жаңа қызметтік көліктің кілтін табыс етіпті. Алматы облысының экономикалық әлеуеті Жетісудан әлдеқайда қауқарлы екенін ескерсек, мұндағы баспасөз саласына деген салғырттық пен салқындықты қалай түсінерімізді білмей дал болдық.

P.S. Салқындық дегеннен шығады, былтыр баспасөзге жазылу науқаны кезінде осы шаруамен айналысатын құрылымдардың назары бүйірден келіп қосылған «Алатау ардагері» деген басылымға ауғанын аңғардық. «Айналайын-ау, ең алдымен Президенттің, Қазақстан үкіметі мен обыс басшылығының саясатын насихаттап, халық пен билік арасындағы алтын көпір міндетін атқарып келе жатқан облыс әкімінің төл басылымына жазылыңдар деп неге айтпайсыңдар?!» ¬ -- деген журналистердің жанайқайына құлақ түрген ешкім болған жоқ. Пошта қызметкерлері: «Жоғарыдан түскен бұйрық солай. «Алатау ардагері» газетіне жаздыруға тапсырма алдық!» - десті жабыла. Ал, облыстық БАҚ-тың ветеринар-басшысы барлық жүкті журналистердің иығына артып қойып, бұл науқанға тіпті араласқан да жоқ!...

Шәріпхан Қайсар

Ескерту: Мақала суреті alataunews.kz сайтынан алынды!

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371