Әзербайжанға сапар: Тоқаев не дейді, Әлиев не дейді?
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кешеден-бері Әзербайжан елінде ресми сапармен жүргенін осыған дейін жаздық.
Тоқаев пен Әлиевпен келіссөз жүргізді
Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентімен келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Әзербайжан Президенті сайлауындағы айқын жеңісімен және биыл Бакуде СОР 29 саммитін өткізу мүмкіндігіне ие болуымен құттықтады.
Президент Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастығының мазмұны байып, бірлескен ірі жобалармен толыға түскенін және қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалады.
Әзербайжан Президенті Қазақстанмен арадағы бауырластық байланыстардың беки түскенін айтты.
Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, азық-түлік қауіпсіздігі және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ықпалдастық мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар екі ел экономикасының дамуына тың серпін беретін инвестициялық жобаларды іске асыру перспективасы қарастырылды.
Онан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты.
«Сізді әзербайжан халқының жалпыға бірдей танылған көшбасшысы деп білеміз және халықаралық аренада да осындай тұлға ретінде қабылдайды. Сонымен қатар Әзербайжанның өз егемендігін қалпына келтіру ісінде тарихи жеңіске жеткеніне шын жүректен қуаныштымыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан мен Әзербайжанның алыс-беріс, барыс-келісі қай деңгейде?
Мемлекет басшысы Астана мен Баку ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетіп, бірлескен жұмыстың жаңа бағыттарын дамытып отырғанын ерекше атап өтті.
«Жаңа ғана біз сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастыққа, халықаралық аренадағы өзара ықпалдастыққа қатысты барлық мәселені егжей-тегжейлі талқыладық және ортақ ұйғарымға келдік. Бұл Қазақстан мен Әзербайжанның, шын мәнінде, стратегиялық серіктес, одақтас мемлекеттер екенін көрсетеді. Осы орайда екі ел үкіметтері бүгін қол қойылған құжаттар, келісімдер түріндегі уағдаластықтарды жүзеге асырумен айналысатынын ескерсек, ынтымақтастығымыздың перспективасы өте зор. Мен COP29 саммитіне қатысуға шақыруыңызды ықыласпен қабыл аламын. Мұндай шараны өткізу – Әзербайжан мемлекеті мен оның дипломатиясы үшін айтулы тарихи жетістік. Саммит қазіргі климат мәселелерін реттеу және жаһандық ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан өте маңызды. Баку бұл міндетті абыроймен атқаратыны сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы.
«Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 2020 жылдан бері 5 есе артты. Әрине, бұл цифр соншалықты таңқаларлық көрсеткіш емес шығар. Бұл бағытта жұмыс істеу керек, алайда қазіргі сауда қарқыны оң бағалауға лайық. Елдеріміз айтарлықтай экономикалық әлеуетке ие. Біз бұдан да зор жетістікке жетеміз деп ойлаймын. Шын мәнінде, ынтымақтастықтың ауқымы өте кең. Біз бүгін мұнай мен газдан бөлек, көлік пен логистикадан бастап, цифрландыруға дейінгі мәселелердің бәрін қарастырдық. Халықаралық аренада табысты жұмыс істеп жатқанымызға көңілім толады. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы және басқа да халықаралық ұйымдардағы делегацияларымыз өзара жемісті қарым-қатынас жасап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы.
Ильхам Әлиев не дейді?
Әзербайжан Президенті Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысының тарихи мәніне тоқталды. Оның пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары мен Мемлекетаралық кеңес отырысының қорытындысы екі ел қарым-қатынасының алдағы күн тәртібін айқындайды.
«Қазақстан мен Әзербайжан – бауырлас мемлекеттер. Халықтарымыз ғасырлар бойы тату, бауырлас ел ретінде ынтымақтастықта өмір сүріп келеді. Соңғы кездері біздің бір-бірімізге жасаған сапарымыздың жиіледі. Осыдан-ақ өзара қатынастардың қарқыны қаншалықты күшейе түскені айқын көрінеді. Біз Қазақстанның әр табысына қуанамыз. Сізді және бүкіл бауырлас Қазақстан халқын әлеуметтік-экономикалық және инновациялық даму жолындағы керемет жетістіктерімен құттықтағым келеді. Сонымен қатар біз екі елге ортақ жобалар туралы әңгімелестік. Мен Қарабақты қалпына келтіру ісіне бауырлас ел ретінде жәрдем бергені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығымды білдірдім. Физули қаласында Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығы қазақ халқының әзербайжан халқына тартуы ретінде Президент Тоқаевтың бастамасымен бой көтерді. Ертең біз достығымыздың орталығына айналатын осы нысанды ашамыз. Сондай-ақ Әзербайжанның егемендігін қалпына келтіру мәселесінде қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Әлбетте, Әзербайжанда Қазақстанды бәрі сенімді дос әрі одақтас ел ретінде таниды деп ойлаймын», – деді Ильхам Әлиев.
Қос Президент Сиань қаласынан Апшеронға контейнерлі пойыздың келуіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Сиань қаласындағы Қазақстан мен Қытайдың жаңа көлік-логистика орталығынан шығып, Транскаспий халықаралық көлік бағытымен (ТХКБ) Апшерон станциясына контейнерлі блок-пойыздың келуіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға телекөпір арқылы қатысты.
Бұған дейін биыл 28 ақпанда Сианьда Қазақстан терминалы ашылып, Қытай – Қазақстан – Әзербайжан бағыты бойынша алғашқы пойыз жолға шыққан болатын.
Қазақстан мен Әзербайжан президенттерінің келіссөзі нәтижесінде мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы Жоғары мемлекетаралық кенесінің бірінші отырысының шешімі;
2. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы теңіз кемелері экипаж мүшелерінің кәсіби дипломдарын өзара тану туралы келісім;
3. 2017 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Білім министрлігі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық, оның ішінде докторантураға орын бөлу туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;
4. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі, Әзербайжан Республикасының Жастар және спорт министрлігі арасындағы 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары;
6. «Самұрық-Қазына» АҚ мен Әзербайжан инвестициялық холдингі (AIH) арасындағы стратегиялық серіктестік туралы келісім;
7. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы қазақстандық мұнай транзитінің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісім;
8. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы қазақстандық мұнайды сатып алу-сату саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандум;
9. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесі мен Әзербайжан Республикасының медианы дамыту агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
10. Қазақстан Республикасының «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен Әзербайжан Республикасының «Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігі» жария құқық заңды тұлғасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
11. Атырау қаласының әкімдігі (Қазақстан Республикасы) мен Ширван қаласының атқарушы билігі (Әзербайжан Республикасы) арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары;
12. Ақтау қаласының әкімдігі (Қазақстан Республикасы) мен Сумгаит қаласының атқарушы билігі (Әзербайжан Республикасы) арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары;
13. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен Әзербайжан Республикасының Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігі (KOBIA) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау шараларын іске асыру жөніндегі жол картасы;
14. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік техникалық қызметі» АҚ мен Әзербайжан Республикасының Арнаулы байланыс және ақпараттық қауіпсіздік қызметі арасындағы ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
Ал бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасына мемлекеттік сапары аясында Физули қаласына барды.
Мемлекет басшысын Физули қаласының әуежайында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қарсы алды. Мұнда президенттер Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының ашылу салтанатына қатысады. Сондай-ақ жергілікті халықпен кездесіп, алдағы уақытта салынатын Физули қалалық Орталық ауруханасының жобасымен танысады.
Бұдан кейін екі ел басшылары Шуша қаласындағы әлеуметтік-мәдени және басқа да нысандарды аралап көреді.
Abai.kz