Бокс: 5 боксшымыз Парижге жолдама ұтты
Италияның Бусто-Арсицио қаласында бокстан Париж Олимпиадасының лицензиясы үлестірілетін әлемдік турнир өз мәресіне жетті. Бұл жарысқа Қазақстан құрамасының ерлер және әйелдер арасындағы 11 боксшысы (6 ер, 5 әйел) қатысып, ұлттық құрама қоржынына Париж Олимпиадасының бес жолдамасын салды.
Атап айтар болсақ, Париждегі Олимпия ойындарына жолдамаларды ерлер бәсекесінде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов (51 кг), әлем чемпионы Сабырхан Махмұд (57 кг), әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жүлдегері, ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг), әлем чемпионы Нұрбек Оралбай (80 кг) және 2018 жылы Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында ұйымдастырылған жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Айбек Оралбай (92 кг) жеңіп алды.
Өкінішке қарай әйелдер құрамасы лицензияға қол жеткізе алмады.
«Бокстан Италиядағы Олимпиадаға іріктеу турнирінде сәтті өнер көрсетіп, Париждегі дүбірлі додаға жолдама жеңіп алған былғары қолғап шеберлерін құттықтаймын. Ел жанкүйерлері қашан да боксшылардан үздік нәтиже күтеді. Сіздер бұл жолы жанкүйерлердің сенімін ақтап, ұлттық құрама қоржынын маңызды лицензиялармен толықтырдыңыздар. Енді Олимпиадаға дайындықты күшейтіп, Париж төрінде топ жаруларыңызға тілектеспін», деді Ермек Маржықпаев.
Айта кетейік, барлығы ерлер арасында Олимпиаданың 28, әйелдер арасында 21 жолдамасы үлестірілді. Еске сала кетейік, бұған дейін бокстан Қазақстан еншісінде екі жолдама бар еді. Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимова (57 кг) Париж Олимпиадасына баруға мүмкіндік алып қойған болатын.
Abai.kz