Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 24016 0 пікір 22 Қараша, 2013 сағат 05:05

ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨЗЕНДЕР: ПРОБЛЕМАЛАРЫ МЕН ҚАЗАҚСТАНҒА ТӨНГЕН ҚАТЕРІ

Су – тіршілік көзі. Бұл анықтама беруді қажет етпейтін аксиома. Бүгінде бүкіл әлем бойынша су тапшылығы сезілуде. Енді бірнеше жылдан кейін бір тамшы судың құны мұнай мен газ, алтынның бағасынан қымбат болады екен. Сондықтан қазірден бастап қолда бар судың қадіріне жетіп, оны үнемдеп пайдалану аса маңызды. Өкінішке қарай, шекарааралық суларды, анығында өзендерді пайдалануда Қытай жағы өзімбілемдік пен өктем саясатқа басып отыр. Анығы, «Трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану және қорғау» туралы келісімге қол қоюға бейіл емес. Ендігі қауіп қазір суы орталанып бара жатқан Ертіс пен Іле өзендеріне қатысты. «Алдаспан» ашық пікірсайыс алаңында «Трансшекаралық өзендер: проблемалары мен Қазақстанға төнген қатері» деген тақырыпта өткізілген бүгінгі әңгімеде шекарааралық өзендердің бүгіні мен келешегі әңгіме арқауы болды.

«Суға жауаптылар жиі ауысады»

Дидахмет Әшімхан:


Су – тіршілік көзі. Бұл анықтама беруді қажет етпейтін аксиома. Бүгінде бүкіл әлем бойынша су тапшылығы сезілуде. Енді бірнеше жылдан кейін бір тамшы судың құны мұнай мен газ, алтынның бағасынан қымбат болады екен. Сондықтан қазірден бастап қолда бар судың қадіріне жетіп, оны үнемдеп пайдалану аса маңызды. Өкінішке қарай, шекарааралық суларды, анығында өзендерді пайдалануда Қытай жағы өзімбілемдік пен өктем саясатқа басып отыр. Анығы, «Трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану және қорғау» туралы келісімге қол қоюға бейіл емес. Ендігі қауіп қазір суы орталанып бара жатқан Ертіс пен Іле өзендеріне қатысты. «Алдаспан» ашық пікірсайыс алаңында «Трансшекаралық өзендер: проблемалары мен Қазақстанға төнген қатері» деген тақырыпта өткізілген бүгінгі әңгімеде шекарааралық өзендердің бүгіні мен келешегі әңгіме арқауы болды.

«Суға жауаптылар жиі ауысады»

Дидахмет Әшімхан:

Құрметті редакция қонақтары! «Алдаспан» ашық пікірсайыс алаңының бүгінгі тақырыбы: «Трансшекаралық өзендер: проблемалары мен Қазақстанға төнген қатері». Осы тақырыптың өзі-ақ сіздерге көп жағдайды аңғартып тұрғаны анық. Сондықтан әңгімеге тікелей кірісіп кетсек деймін. Мәселе бір әңгімемен бір күнде шешіліп кетпесі белгілі. Ең бастысы, негізгі проблемаларды алға тартып, қоғамдық ортада пікір тудыру ғой. Сонымен әңгімені бас­тай отырып, бүгінгі пікір-сайыстың модераторы – белгілі саясаткер Айдос Сарым екенін сіздерге жеткізгім келеді. Ендігі басшылық сізде, Айдос мырза!

Айдос Сарым:

Трансшекаралық өзендер проблемасы біздің қоғамда жиі айтылады. Қазақтың «Судың да сұрауы бар» деген мақалын екі күннің бірінде «Нұр Отан» партиясының үлкен басшысынан кіші басшысына дейін қайталайды. Шын мәнінде судың сұрауы бар ма? Негізі еліміздегі ағатын өзеннің саны үлкен бақыттың басы деуге болады. Біз – судың тұтынушысымыз. Өзіміздегі судың қоры аз екені анық. Әлемнің ғалымдары, тарихшылары, саясаттанушы мен геосаясаттанушыларының айтуынша, ХХІ ғасырдың соғыстары жер, темір, мұнай үшін емес, су үшін болуы ықтимал. Көптеген басталып келе жатқан немесе осыдан 50-100 жыл бұрын басталған геосаяси қақтығыстардың көбісі айналып келгенде судың әңгімесінен тарайды. Үндістан мен Пәкістан, Иран мен Израильды алайық. Мұнайдың да қадірі кетіп барады. Ғалымдар айтады, егер дәл бүгінгі жағдай жалғаса беретін болса, бір дерек бо­йынша Балқаш көлінің үштен бірі, ал екінші дерек бойынша бестен бірі ғана қалады. Сондай-ақ Орал өзені мүлдем суалып, ал Жайықтың үстінде тұрған Ресей қалаларының белсенді жұмыс істеп, оған күл-қоқысын төгуі өзеннің шайылып, бізге жетпеуі түбі Каспий проблемасына және басқа да мәселелерге алып келуі ықтимал деген жорамалдар айтылады.

Жанымызда Ресейден басқа Қытай бар. Бір ғана Қытайдың өзінде 1991 жылдан бүгінге дейін 1200 көл мен өзен жойылып кеткен екен. Экономикасы мықты дамуда. Үш шатқал бөгетін салды. Оны салғанда 38 кішкене қала мен 3 ірі қала, мыңдаған ауылдарды судың астына батырып жіберді, оның астында талай өзен, көл кетіп қалды. Ал енді Шыңжаңда 20 миллион халық бар. Оларға су керек, оған тіршілік, жұмыс істеу керек, күрішін суаруы керек. Сондықтан бұл мәселені көп тақырыптың айналасында жүргізуді ұсынып отырмын. Елімізде төрт бассейн бар, біріншісі – Іле-Ертіс бассейні. Олар Қазақстанның экономикасына, экологиясына, табиғатына әсері мол. Екінші даулы мәселе – Сырдария аңғары, осындағы аймақтар – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдердің тіршілігі. Олардың өзара таласы өте даулы. Қырғыздар «Біз ешкіммен келіспей-ақ, Қамбар ата ГЭС-ін саламыз» дейді. Бұл түбінде Қырғызстан мен Өзбекстан арасында, Тәжікстан мен Қазақстан арасында қақтығыс тудыруы мүмкін. Үшінші мәселе Ресеймен арадағы Орал мен Жайық, Каспий жайы. Бәлкім бұл трансшекаралық дегенге келмейтін шығар. Жалпы түсінік ретінде, Қазақстандағы су мәселесіне көзқарас, өзіміздің жерасты және жерүсті су қоймаларына деген қатынас. Кеше ғана жақсы шешім қабылданды. Экология министрлігі Су ресурстары министрлігі боп аталды, яғни биліктің өзі судың бірінші мәселеге айналып отырғанын түсініп, айқын бағыт ретінде басымдыққа алып отыр. Бұл қоғамдағы сана-сезімнің көрсеткіші деп есептеймін.

Ортақ сұрақ бар: жалпы кез келген нәрсе ойдан, түйсіктен басталады. Проблеманы ашық аңғарудан басталатын сияқты. Бүгінгі күні Қазақстан қоғамының, Қазақстанның арнайы институттары, елдің элитасы су мәселесін, трансшекаралық өзендер мәселесін қаншалықты дұрыс, қаншалықты айқын аңғарып отыр?

Жақып Достай:

Мен қысқаша шолу жасап кетейін. Қытаймен өзендер мәселесі бойынша дүйсенбіде Бейжіңге жүргелі отырмыз.

Қазақстанның географиялық орны – геосаяси ортада. Еліміз барлық ірі өзендердің төменгі сағасында орналасқан. Ертеде Ресей және Қытай империяларын бөлу барысында осы өзендердің төменгі жағы қалды. Сырдария, Шу, Талас, Еділ, Жайық, Тобыл өзендерінің бастауы шетелде. Әртүрлі деректер бойынша, 100 текше метр судың 50 пайызы басын шетелден алады. Өздеріңізге белгілі, көрші мемлекеттердің экономикасы қарқынды дамуда. Өндіріске су молынан қажет. Сусыз тіршілік жоқ. Шамамен, 2030-2050 жылдары 1 тамшы судың бағасы 1 грамм алтыннан қымбат болуы мүмкін. Еділ мен Жайық, Шу мен Талас өзендерінің бас­тауында шетелдегі халықтың санының өсу қарқыны байқалуда, жылдан жылға өсіп келеді. Сантк-Петербургтегі Мемлекеттік гидрология институтының есебінше, 1979 жылы Іленің, Ертістің жоғары жағында 400-500 мың гектар жерден артық жер игеруге берілмейтін. Ал қазірдің өзінде осы алаптардың басында 2-2,5 миллон гектар жер игерілген. 8 жылдан бері Қытаймен жылына екі-үш рет жұмыс тобы кездесіп, бағалау жөнінде ақпарат алмасамыз, олар уақытты созғысы келеді. Жылына 100-200 мың гектар шаруашылық жер қосылады. Іленің бастауында осыдан он жыл бұрын Нарынқол, Текестің ар жағында шағын ауылдарда 100 мыңнан астам халық тұрған. Осы мәселелер бойынша министрлік құрылып, келіссөзге министрдің орынбасары баруы мүмкін. Бұрын Ауылшаруашылығы министрін жіберетін. Проблеманы бажайлағанына көп уақыт өтіп кетеді. Кезінде мамандарды тартпағандықтан, көп қателіктерге бой алдырдық, қазір соларды жөндеуге күш жұмсалып жатыр.

Айдос Сарым: Осы мәселе бойынша ұзақмерзімді комиссия құрылуға тиіс шығар?

Жақып Достай: Негізі тұрақты жұмыс істейтін комиссия бар. Оның өз мамандары да бар. Тек басшы өзгеріп тұрады. ҚХР су шаруашылығы министрінің орынбарасы Юль деген азамат 10 жыл болды, ауысқан жоқ. Ал бізде 5 адам ауысты. Сондықтан келіссөз кезінде біздің тарап басшыларының кәсібилігі жетіспей жатады, кейбірі тіпті ашуланады. 2014 жылы Іле, Ертіс өзендерінің су қорларын бағалап, 31 желтоқсанда келісімшарттың 2-3 нұсқасын дайындап қойдық. Биыл президенттер кездесті, суды тең пайдалануға уәде берді деді. Екінші мәселе – Ресей тарапынан туады. Олармен 1983 жылы Кеңес үкіметі кезіндегі шартпенен жұмыс істейміз. Кейін Д.Медведев билікке келгенде, Өскеменде болып, протоколды өзгерткені бар. Ертіс бойынша 28 текше шақырым суды Ресей пайдаланады. Қытаймен қосқанда бар-жоғы 30-35 текше шақырым. Егер оны Қытай алып қойса, бізге не қалады? Жайық өзенінің жоғары жағында 4 объекті бар. Челябинск, Башқұртстан, Омбы және т.б. олардың ішінде мыңнан астам бөген бар. Үшеуі – ірі. Солтүстік Оралда химия, металлургия сияқты құнды зауыттар бар. Жайық өзенінің суының сапасы төмен. Бекіре балығы 100 шақырымға дейін уылдырық шашатын. Жақында бірде-бір балық ұстай алмадық. Сонда бізге 8 текше шақырым қалады, неге сендерге 28 текше шақырым беріледі деп айтпаймыз?

Атамұрат Шәменов:

Су – экономика. Кез келген мемлекеттің қозғаушы күші. Экономика жағынан алғанда, өркениетті елдер пайдаланған суды қайтадан тазалайды. Бұл қымбат процесс. Біз төрт мемлекетпен жұмыс жасаймыз. Сондықтан әр мемлекет суды пайдаланған соң суды көршілерге жібере салады. Ол – арзан. Лас су бір мемлекеттен екіншісіне ауысады. Бұл халықаралық тұрғыдан шектеу қойылған нәрсе. Әр мемлекет өз күшіне қарай жүзеге асырады. Су – экология емес, экономика. Судың тазалығы, жеткілікті болуы маңызды. Біздің кемшілік – трансшекаралық судың сапасын, көлемін тексеру нашар. Мемлекеттік құрылымдар бар, гидрологиялық бекеттер бар. Кезінде «Қазгидрометті» 6 жыл басқарғам. Қазір су сапасын тексеретін 298 бекет қалыпты. 1996 жылдың 1 қаңтарында – 322 бекет болатын. Соңғы 17 жылда бұл көбеюі керек еді. Біздің әлсіздігіміз – басқалардың өз экономикасына пайдаланып қойған суын аламыз.

Елімізде Қазақстанның экономикасына қажет судың 60 пайызы ғана бар. Трансше­каралық суларды тиімді пайдалануымыз керек. Басымдықтың экологиядан экономикаға ауысуын қарауымыз керек. Бұл екі ортадан үлкен саясат, мемлекетаралық қатынас шығады. Осы екі саланың байланысын ескере отырып, суды қабылдауға дайын болу керек. Жалпы келіссөзге дайын болған жөн.

Айдос Сарым: Қазақ табиғатпен үндестікте болған. Судың қай жерде қалай ағатынын қарап отырған. Қоғамдағы суға деген қатынас, көзқарас қалай? Осы мәселені партиялар неге көтермейді?

Бөріхан Нұрмұхамедов: Элитаның еш дайындығы жоқ. Себебі стратегияға Елбасы қол қойды. Менің ойымша, бұл мәселе саяси емес, басқару жүйесіне байланысты. Ауылшаруашылығы мен Экология министрлігін ауыстырса да жұмыс бағыттары дұрыс көрсетілмеді. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облысында еліміздегі халықтың 53 пайызы шоғырланған. Кеңес үкіметі тұсында «Главревсовхоз» деген мекеме болды, елдегі қай алқапты қай арықпен суару керектігін белгілейтін. Бұл облыстағы қаншама халықты жұмыспен қамтамасыз етті. Суды бөлетін, арықтарға аударатын қаржы бөлінбейді. Жеке меншіктің қолына кетті. Су мәселесі адаммен байланыс­ты. Халық қай жерде көп тұрады, сол жерге көп көңіл бөлу керек.

Екінші мәселе – ұлттық мүддені жаңадан қарастыру қажет. Өзбек, тәжік, қырғыз елдері де бұны қайта қарау керек. Әр мемлекет өз мүдделері үшін өзгелермен санаспай кетеді. Ортақ, аймақтық сана-сезімді тудыру керек.

Үшінші мәселе – кадр дайындау. Қазір салалық мамандар аз дайындалады. «Болашақ» бағдарламасы бойынша мелиорациялау мамандықтары бойынша грант атымен жоқ.

Ақан Мырзахметов: Қоғамда ой қалып­тастыру қажет болса, трансшекаралық өзендер­дің проблемаларын шешуде басшы­лардың ат­қаратын маңызы зор. Сондай-ақ олардың келіс­сөзге дайындықсыз келуі де ең басты кемшілік. Менің ойымша, еліміздегі гидро­бекет­тердің саны аз болса да, сапалы жұмыс істеп келеді.

«Қытай су мәселесін көтеруден қашады»

Айдос Сарым: Шетелде мемлекеттік құрылымдар, мекемелер, тіпті жеке меншік ұйымдар да бар. Бізде осындай жекеменшік институт бар ма?

Ақан Мырзахметов: Менің қолымда нақты мәлімет жоқ. Бірақ жеке меншікпен айналысуды реттейтін заң жоқ.

Сұлтан Әкімбеков:

Жақында менің осы су мәселесі бойынша кітабым жарық көреді. Бұл кітапта Қытаймен барлық қарым-қатынастың тарихын жаздым. Су мәселесінде экономикалық маңызы басым делінсе, менің ойымша сыртқы саясат маңызды. Қазақстанға Қытайдан 34 өзен ағып келеді. Оның 7-уі қара Ертістің сағалары. Біз қазір тек бергенді ғана алып отырмыз.

Бұл мемлекеттің проблемасы. Біз ол туралы шет жағасын ғана білеміз. Келісімшарттың қалай өткенін, не айтылғанынан хабарсызбыз. Бірақ жақында олар суды бөлісу туралы құжатқа қол қоюға келісім берді. Алайда Қытай дәл осы келісімшарттан 20 жыл бойы бас тартып келген. 1990 жылдардың басында біз Қытаймен су туралы келісімшартты қолға алғанда, олар каналдарды өте жылдам саламыз деп ойлаған жоқ. Қытайлар қазір белсенді жұмыс істеп жатыр. Жылына 0,5 текше шақырым көлемінде ұстап тұрамыз деп ойлады. Біздің шенеуніктер ол кезде 1 текше шақырым қиындық тудырмайды деген еді. Бірақ бүгін олардың не тұрғызғанын білмейміз. Қытай Шыңжаң өлкесін игеру үшін «635» бағдарламасын жүзеге асырды. Мұнда Солтүстік Батысты игеру бағдарламасы да бар, бірақ дәп біз айтқан «635» бағдарламасы Қарамай мұнай зауытын, БоротоМоңғол, Қазақ автономиясын қамтиды. Қара Ертісте тұрғызған соңғы канал Буратала асуы арқылы өтеді. Бұл қымбат, көлемді жоба. Сондай-ақ суды бөлісу келісімшартын кімге не тиесілі екенін ескермей-ақ, кімде қанша халық бар, сол бойынша суды бөлісуді ұсынды. Біздің тарап бұған келіскен жоқ. Олар ШЫҰ-да бұл мәселені көтермейміз деп отыр. Егер Ресей бұл келіссөзге қатысқан болса, жағдай басқаша болар ма еді. Біздің потенциалымыз әртүрлі. Бұл әрине сыртқы саясат мәселелері.

Біздің өзімізде де түйткілдер өте көп. Мәсе­лен, Алматыда көптеген шағын өзендер жергілікті шенеуніктер мен байлардың қолында сияқты. Қазақстанның оңтүстігіндегі жағдай түсініксіздеу. Өзбектерде су мәселесі – өмір мен өлімге тең. Ал бізде мәселе тығырыққа тірелгенмен, даулы емес. Бізде бақылауға алса, реттеуге болады. Ал қырғыздар мен тәжіктерде бұл саяси мәселе. Өйткені оларда басқа ресурс жоқ. Қамбар ата мен Рогун ГЭС-іне арқа сүйеп отыр. Өзбектер мен тәжіктер арасында бақталастық бар. Өйткені өзбектер Кабулге газ сатады, бұл тұрғыда Тәжікстан да бұл кәсіп қолдан келеді деп отыр. 90-жылдардың ортасында И.Каримов шекараға әскер қойып, бұл мәселенің көтерілмеуін талап етті. Қамбар ата су қоймасы бірнеше рет талқыланды. Қазақстан араласпаса да болар еді. Алайда Қамбар ата қоймасынан суды қашан жіберетінін қырғыздар ғана шешетін болады. Біз бұл жобаға қатыссақ, судың елімізге уақтылы келуіне аз болса да ықпал ете аламыз. Ресей Қырғызстан мен Тәжікстанды қалай да Кедендік одаққа кіргізіп алмақшы, бірақ оған Қазақстан ғана кедергі боп тұр. Қазақстанның келісімінсіз одаққа ешкімді кіргізе алмайды. Ресей геосаяси мақсатты көздейді. Ресей Қырғызстан мен Тәжікстан арқылы Ауғанстанға шығып, белсенділігін сақтамақшы. 1992 жылы стратегиялық маңызды құжат болған, ал бүгінде Екатеринбургтағы форумда Еуразиялық Экономикалық одақ туралы сөз болған жоқ. Негізгі өткір мәселе Армения, Тәжікстан, Қырғызстан бойынша экономикалық, саяси мәселелер өте көп. Су жөнінде ештеңе істей алмаймыз. Ресейде химия, металлургия зауыттары көп. Бұл тек сыртқы саясат. Там-тұмдап, біртіндеп шешетін мәселе. Қытаймен екеуара бұны ақырындап жүзеге асырып келеміз. Бұл жерде мамандардың жеткіліксіздігі кемшілік болып тұр.

Расул Жұмалы:

Қытай, Ресей және Орта Азиялық көршілеріміздің қайсысы бір-бірінен асып түсетінін болжау қиын. Әрине, өз күйімізді өзіміз күйттемесек ешкім қол ұшын бермейді. Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл өтті, талай нәрседен айрылып қалдық. 1996 жылдары трансшекаралық өзендер мәселесін тез арада шешіп алайық деген сөз көтерілген, ешқашан Қазақстанға ешқандай нұқсан келтірмейміз деді Қытай. Оған біздің тарап мәз боп қалды. Ху Цзинь Тао, Си Цзинь Пин де сол сөздерді айтты, біз оған қанағаттанып тағы отыра бердік. Батыс Қытай қарқынды дамуда. Су бөгеттерін салуда, еш стратегиялық шығынға қараған жоқ. Уақыт өткенде фактіні біздің алдымызға көлденең қойып отыр. Ал бүгінде келіссөздерге жақындадық, ұтылатын тұстарымыз әлі көп. Нақты шешім қабылданбақшы. Бұл мәселе қаулай беретін болса, экономикалық, шаруашылық, қаржылық шығындар былай тұрсын, экологиялық тұрғыдан Аралдан асып кетпесе болғаны. Қытаймен арада біз нақты статист қана болып отырмыз. Қытай не десе соған көнеміз, жетегінде жүрміз. Біздің мүмкіндік шектеулі, тиісті дәрежеде пайдаланылған жоқ. Әлі күнге дейін қымсыну бар, өзімізге екінші дәрежелі мемлекет ретінде қараймыз. Кішігірім болса да, бізде су сұрайтын, алатын мүмкіндік бар. Қытай әр кезде де Қазақстанның Ресеймен, Тәжікстанмен су мәселесін шешуіне қарсы шығады. Шанхай ынтымақтастық ұйымында көтеруге қарсы шығады. Бірақ қарсы шығады екен деп қашанға үндемей отырамыз?

Айдос Сарым: Каспий мен Азовтың арасын қосу туралы жобалар айтылады. Бұл жобалар қаншалықты өміршең? Қисыны бар ма?

Расул Жұмалы: Әлі күнге дейін нақты жоба жоқ. Сібір өзендеріне көзқарас шартты дүние сияқты. Әр мемлекет өз қарабасын ойлайды. Ал Кавказ арқылы өтетін өзен тіпті қиял-ғажайып. Одан да қолда бар өзендерді сақтап қалу керек. Шын мәнінде, мемлекеттік көзқарас қалыптасса, неліктен кадр дайындалып, нақты келісімшарт нұсқасы жасалмайды? Барлығы үстіртін шаруа. Аты бар да, заты жоқ. Экология министрі болды ғой, «Протондар» құлағанда не істеді? Министр сол жерге барып, зерттеу жұмыстарын да жүргізе алмады. Аты затына сәйкес келмейтін болса, оның не қажеті бар? Аймақтық тұғырды қалыптастыру арқылы, ШЫҰ арқылы көтеруге болады. Қытайдан инвестиция алып отырмыз, бірақ Қытайдың да бізге тәуелділігі бар. Мұнайға, газға, экспортқа қатысты тәуелділік. Ресей де дәл солай. Ресейдің де бізге тәуелділігі бар, Кедендік одақ, интеграцияға қатысты жалтақтайды. Әрқайсысына аз-кем мүмкіндігіміз бар. Осы мүмкіндіктерді пайдалану керек. Онсыз да 22 жылды жоғалтып алдық.

Молдияр Серікбаев:

1892 жылы Санкт-Петер­бургте геологиялық комитет құрылды. Оның құрылымы барлық саланы – қазба байлық, аумақтық карта жасауды қамтыған. Бізде салалық құрылым жоқ, жалғастық жоқ. Ең алғаш гидрологиялық басқарма құрамында бірнеше экспедиция болды. Қазақ жерінің қойнауындағы қазба байлықтары, жер үсті суларын кеңінен көрсетіп берген еңбектер жетерлік. Бірақ қазір сол фундаментальді еңбектерге ешкім көз салмайды-ау деп қамығасың.

«Шаруалар суды үнемдеуді білмейді»

Айдос Сарым: Ресми деректерге сүйенсек, жердің үстіндегі судан жерасты суларының көлемі әлдеқайда көп көрінеді. Егер сол су Жердің бетіне шықса, 30 теңіз бен бірнеше мұхитқа айналады екен.

Молдияр Серікбаев: Жердің астындағы суларды пайдалану керек және минералды-термалдық су бар. Суды қазба байлық ретінде бағалау қажет. Біз мұнайды Құмкөл арқылы Қытайға беріп жатырмыз. Мұнай өнімдерін өңдейтін зауыт жетіспейді бізде. Өндіріс орындарын Қазақстанда салу керек қой. Сондықтан қытайлармен арада жасалатын шартты 20, 50 жылдық ұзақ мерзімге созу дұрыс емес.

Айдос Сарым: Әңгіме басталғалы бері қаншама құнды ұсыныс айттыңыз. Сізді Үкімет шақырып алып, неге ақыл-кеңес сұрамайды?

Молдияр Серікбаев: Үкіметке жазған ұсыныс-хаттарымыз көп. Өкініштісі, сол хаттарды оқитын, назар аударатын ешкім жоқ. Үйге хабарласып: «Сіздің хатыңыз өте күрделі екен, жауап беретін адам таба алмай жатырмыз», – дейді. Бұған күлесің бе, жылайсың ба?!

Айдос Сарым: Киплингтің «Маугли» деген ертегісінен біздің санамызға сіңген екі ұғым бар: біріншісі, «Джунгли заңы». Әркім аман қалу үшін қолынан келгенін істейді. Яғни, күші барлар әлсізге әлімжеттік жасайды, бірақ қуаңшылық сияқты көпке қатер төндірген жағдайларда «Джунгли татулығы» орнап, аңдар мен жануарлар бірге әрекет етеді. Сіздерге қойылатын сұрақ, егер суға қатысты қиындықтарды шешуге күшіміз жетпей жатса, өзге елдерді көмекке неге шақырмасқа? Бәлкім, Орталық Азиядағы өзге мемлекеттерде де су мәселесі күн тәртібіне шыққан шығар. Ендеше Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты ірі ұйымның назарын неге аудармасқа? Қазір суды тұтыну, оны ысырап етпеу, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізу, «Жасыл экономика» мәселесі жан-жақты қамтылғалы жатыр. Аталған шаралар қаншалықты тиімді? Суға қатысты мәселеде әлемнің тәжірибесі қандай? Күні кеше ғана қырғыздардың бір ауылында тұратындар суды жібермей, Қазақстанның екі облысының шаруаларын кәдімгідей есеңгіретіп тастады. Енді айналма жол, канал қазып әлекпіз. Бәлкім, су тапшылығын шешуде көпшілік біле бермейтін әдіс-тәсілдеріміз бар шығар?

Жақып Достай: Қазақ «ауруын жасырған өледі» деп бекер айтпаған. Қазақстанның геосаяси ахуалы күрделі. Біз екі алпауыт елмен шекаралас орналасқанбыз. Трансшекаралық, халықаралық су бөлінісі туралы доктриналық құжаттарды, Жер шарындағы Дунай, Рейн, Ніл, Ұлы америкалық өзендер, Мексика, Канада, Түркия, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері т.б. елдерге қатысты су оқиғаларын сарапқа сала келе, көз жеткізгеніміз, олардың барлығы да «тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» қағидасын ұстанады екен. Түріктер Ирак мәселесінде Ефрат, Тигр өзендеріне, ал Ресей мен Қытай Амурға қатысты мәселеде қысқа мерзімде келісімге қол қойды. Өйткені, Путин мұнай құбырын бекітіп тастады, талапты орындамасқа қытайлардың амалы қалмады. Африкалық елдер трансшекаралық өзендер проблемасымен бас қатырды. Сосын Иса пайғамбарды суға түсіріп, шоқындырған Йордан деген өзен бар. Палестина мен Израиль соғысып жатқан күннің өзінде Йордан өзенінен су алатын уақыт бір секнудқа өзгермеген. Ал бізде қалай? Қазақстандағы Су комитетінің экс-төрағасы былтыр Қырғызстаннан 350 млрд. текше метр суды алуға келісіп қойғанымызды, қырғыздарға судың орнына астық, мұнай бергенімізді, бірақ сол суды ортадан киліккен өзбектердің алып қойғанын айтқан. Ал судың ақшасын қазақтар төлеген. Кейде бауырласпыз, түбіміз бір, туыспыз деп арқаға қаққанмен, ағайындыққа жатпайтын осындай тірліктер бар. Дөңгелек үстел, түрлі басқосуларда осындай проблемаларды көтерейін десең, «ойбай, ұят болады, мұндай әңгімені туысқан елдерге айтпау керек» деп кедергі жасайды кейбіреулер. Меніңше, проблема ашық айтылуы тиіс. Соңғы үш жылда біз Қытаймен Іле өзенін үшке (Балқашқа, Қазақстанның өзге аймақтарына, Қытайға) бөлу туралы келіссөздер жүргізудеміз. Бастапқыда үшке бөлу туралы әңгімені естігенде қытайлар шоршып түскен. Бүгінде оған құлақтары үйренді. Жуырда «Экономика» газетінде менің су ресурстарын қалай пайдалану керектігі жөнінде жазған мақалам жарияланды. Мақалада айтылған жайт – Қазақстанда 2,3 миллион гектар суармалы жер бар еді. Қазір бұл көрсеткіш 1,3 миллионға қысқарды. Суармалы жердің басым бөлігі Оңтүстік Қазақстанда, сондай-ақ, Шығыс пен Солтүстік Қазақстанда да бар. Бүгінде игерілмеген жердің есебінен біз жыл сайын 700 млрд. теңге шамасындағы кірістен айрылып отырмыз. Қазір қолда бар су қорын отандық экономиканы дамытуға пайдалануымыз қажет. Ол үшін жаңа технологияны өндіріске енгізу, тамшылатып суғару, жаңбыр суын пайдалану т.б. тәсілді қолданған абзал. Жаңа технологияларды пайдалану арқылы суды 30 пайызға дейін үнемдеуге болады екен. Біздің институтта халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, сараптамалар жасалынған. Қолданысқа енгізуге дайын тұр. Су ресурстарын бөлісуді қайта қарастыру керек. Қазақстанды алсақ, оңтүстік-шығыс аймақтары, Қаратаудан бас­тап Алтайға дейін таулы өзендер созылып жатыр. Орталық Қазақстанда өзен жоқ. Нұра, Сарысу, Есіл, яғни, Ұлытаудан бастау алатын өзендерден басқасы жоқ. Үшеуінің су көлемі аз. Үкімет тарапынан айтылған жобаға келсек, 2009 жылы Лужков пен бұрынғы КСРО-ның су министрі Полатзаде Қазақстанға келіп, бізге 2 мың шақырымнан 10 млрд. текше метр су аласыңдар деп Сібір өзендеріне қатысты ұсыныс айтты. Суды сатып алмаймыз, Шүлгеден аламыз деп біз қарсы шықтық. Өйткені, Ертістен 35 млрд. текше метр су (50 пайызы) алуға қақымыз бар. Қызылордаға 3800 шақырым қажет, арғы жағынан 250 шақырым ендігі салынып қойған Волга мен Орал каналы, бері қарай Маңғыстау арқылы жеткізсек, Волга мен Ертіс қосылады. Қазір аталған жоба қолға алынды. Қол жетпес арман немесе қиял емес, нақты шаруа. Әлемдік нарыққа экспорттап жатқан мұнай мен газ, басқа да табиғи ресурстардан түскен ақшаның біраз уақыттан кейін орнын сипап қаласыз. Түскен кірісті қазір қажетке жарату керек. Елімізде жұмыссыз сенделген жастарды осындай ірі де ұзақмерзімдік жобаларға тартып, екі қолға бір күрек берген жөн. Отызыншы жылдары Америкадағы ұлы депрессия кезінде салынған инфрақұрылымдар естеріңізде ме? Жұмысшылар бір тәрелке сорпаға жұмыс істеді. Кейін сол жобалардан түскен кірістен оларға жалақы төледі Америка үкіметі.

Айдос Сарым: Бізде ондай қауқар бар ма?

Жақып Достай: Бар! Өйткені, ешқандай артық шығынды қажет етпейді. Табиғи жолмен, жер қыртыстары арқылы өтеді су. Жобалар дайын. Екінші сатыға көтерілу үшін Үкіметке ұсыныс жібердік. Өкініштісі, қазір бізде жоба жасайтын мамандар тапшы. Кезінде кәсіби біліктілігі жоғары мамандар дайындайтын Тараз институтын жауып тас­тады. Тек Политехникалық университет пен Аграрлық университетте ғана әзірленуде мамандар. Тіпті, «Болашақ» бағдарламасы бойынша да шет елдерде гидротехниктер, мелиорация мамандығына балалар жіберілмеді. Тек экономика, бизнес т.б. сала қамтылған. КСРО кезінде су шаруашылығының мамандарын оқытатын жоғары оқу орындары көп болатын. Бүгінде олардың тоз-тозы шығып, жабылып қалған. Кезінде жіберген кемшіліктер мен олқылықтардың орнын толтыру үшін соларды қайта ашу керек қой. Магистр қазір 30-34 мың теңге алады, PhD доктор ай сайын 60 теңге алады. Оқу орнын бітіргеннен кейін біздің институтқа кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа тұрса, оның жалақысы 24 мың теңге, қолына таза тиетіні – 12 мың теңге. Сонда адамдар өз еркімен 12 мың теңгені қанағат тұтып, келуі мүмкін бе? Жоғары лауазым иелерінің осыны ойламайтынына таңғаламын. Студенттердің шәкіртақысын көтерді, бірақ олар оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа тұрып, отбасыларын асырауы керек емес пе? Су мәселесіне қайта оралсақ, ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Марат Төлеубаев деген жігіт магис­тратураны Америкадан ба, бір жақтан бітіріп келіпті. Өткенде Пекинге қазақстандық делегацияны бастап барды. Ол жігіт Қытайға бара сала: «Бізді олай оқытқан, былай оқытқан, мынау олай болуы керек, мынау былай болуы керек», – деп әңгіме айта бастады. Мен шыдамай, «Айналайын-ау, сен алдымен судың қайдан шығатынын білесің бе?», – дедім. Сөйтсе, ол: «Сен, тыныш отыр, өзім айтамын», – деді. «Егер маман ретінде қажет қылмасаң, мұнда несіне әкелдің мені», – деп тағы ыза болдым. Қытайдың ауылшаруашылығы министрінің орынбасары: «Сарапшылардың қажеті жоқ, мыналардың барлығын шығарып жіберіп, өзіміз шешейік», – деп қояды біздің вице-министрге... Сосын Қазақстан делегациясының құрамында 5 адам бар ма, соның бесеуі ортақ мәмлеге келе алмайды. Бірі Мәскеуде оқыған, бірі Тәшкенде оқыған, енді бірі – тағы басқа жерде... Айтатын ой, ұстанатын қағида бір болуы тиіс қой! Меніңше, кез келген кәсіптің қыр-сырын жақсы білетін, тәжірибелі мамандар отыруы тиіс жауапты қызметтерде. Ондай мамандар жетерлік. Кеңестік кезеңде жұмыс істегендер, кейбірі жұмыстан қуылды, енді бірі жағдайы болмай, өзі кетті. Солардың бәрін қайта жинап алып, ортақ іске жұмылдыру қажет. Қытайда 400 шақырымдық бір каналды салуға мемлекеттік бюджеттен көк тиын шығындалған жоқ, барлық қаражатты жекеменшік кәсіпорындар көтерді. Ал 170 шақырымға созылған Үлкен Алматы каналын 10 жыл дегенде әрең бітірдік. Оның өзі Алматыға жетпейді, жартысы ғана. Тағы бір мәселе, суды үнемді пайдалану. Қазақтарда о бастан неғұрлым көп суғарсам, соғұрлым көп өнім аламын деген жаңсақ ұғым қалыптасқан. Суды бей-берекет қолданып, ысырап етеді. Ескі тәсілді жаңасына ауыстыратын кез жетті. Бүгінде қытайлармен бірге 4 жерден тамшылатып суғару тәсілін зерттеп жатырмыз. Шеңгелді, «Достық» каналы, сосын Павлодардағы 3-4 жерде осы жоба жүргізілуде. Қытайға барып келдім. Жылда суретке түсіріп, олардың қалай өнім алуы т.б. сараптап отырамыз. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, тамшылатып суаруды ең көп қолданатын Израиль екен. Қарапайым қазақ шаруасының тамшылап суаратын технологияны сатып алуға шамасы жете бермейді. Жуырда ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер «Оңтүстік Қазақстан облысында 1000 гектар жерден тамшылатып суару бойынша өнім алдық. Енді 100 мың гектар жерге пайдаланбақпыз осы тәсілді», – деп сүйінші сұрады. Бұл мүмкін емес нәрсе! Маманы болмағасын, айта береді.

Мобильдік һәм масылдық психология

Айдос Сарым: Шенеуніктердің сөзіне сенсек, суды біршама үнемдегісі келетіндерге, жаңа технологияны енгізгісі келетіндерге дотация, түрлі жеңілдіктер бар көрінеді.

Жақып Достай: Осыған байланысты арнайы заң қабылданды. Өкініштісі, банктерден шыққан сол ақша шаруаға жетпей жатады. 2003 жылы ауылдағы бір ағам сол дотацияңды алып берші деп өтінгесін, банк­тен несие алдым. Оны ағама жібердім. Хабарласып, сұрасам, несие әлі жетпепті. Күнде хабарласам, ақшадан хабар жоқ. Алты айдан кейін Шелек жақтан несиені әрең тауып алдым. Содан кейін кредит дегенді де мүлде ұмыттық.

Бөріхан Нұрмұхамедов:

Ақтау қаласы – 1958-1959 жылдардың жобасы. Маңғыстауда уран табылғасын «Казатомпром» комбинатын салды, жанынан Ақтау қаласы бой көтерді. Сонда не деген керемет жоба, қараңызшы! Бір мекеме салсаң, қасына қала салуға міндеттісің. Су мәселесі осылай шешімін тапты. Қазіргі мемлекеттік бағдарламалардың ішінде су мәселесін қамтыған тым құрыса, бір бағдарлама бар ма? Ауызсумен қамтамасыз ететін «Ақбұлақ» жобасы ғана. Сұлтанның әңгімесін тыңдадым. Айтқанының көпшілігімен келісемін. Бірақ «Өзбекстан үшін су – өлім мен өмір мәселесі. Ал біз үшін олай емес» деген сөзін қолдамаймын. Қазақстан үшін де бұл аса маңызды. Біріншіден, қанша миллион гектар жерге су жетпей жатыр, қанша адам жұмыссыз жүр. Қазір «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолын салып жатырмыз. Болашақта оған Өзбекстан, Пәкістан, Ауғанстан жағы қосылмақшы. Жол пайдалануға берілгенде халықаралық логистикалық-транспорттық сала дамытылмақ. Бірақ су мәселесі шешілмесе, қандай өндіріс өнім ұсынады? Каналдар қазылып, шаруаға су жеткізілмесе, бәсекеге түсе алмайды, өнім өндіруге де қауқарсыз. Ал су мәселесін шешу – шаруаның қара басының проблемасы емес, оны мемлекеттік деңгейде шешу керек. Өйткені, су мәселесі – әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселе.

Айдос Сарым: Біздегі жұмыс күші неге мобильді емес? Оңтүстіктегі жұмыссыз жүргендер неге солтүстік аймаққа бармайды? Жуырда осы мәселені депутат Светлана Жалмағамбетова көтеріп еді, қоғам дұрыс түсінбеді.

Бөріхан Нұрмұхамедов: Солтүстік Қазақстандағы ауыл шаруашылығын сараласақ, ол аймақта жылдың небары 3-4 айы ғана жылы болады. Ал оңтүстік аймақта 8-10 айға дейін созылады...

Айдос Сарым: Мысалы, қазір Өзбекстанның 1 миллиондай азаматы мигрант ретінде Ресейде жүр. Қазақстанға келген өзбектер де жетерлік. Біздің отандастар неге сондай мобильді емес?

Бөріхан Нұрмұхамедов: Үкімет адамдарға түрлі жәрдемақы, қаржылай көмек беріп үйретіп қойды. Масылдық психология бар адамдарда. Тағы бір мәселе, Жақып ағамыз тамшылатып суару туралы айтты. Біздің шаруалар бұл тәсілді аса білмейді. Израильде инфрақұрылым дегеніңіз өте күшті дамыған. Тамшылатып суару үшін алдымен электр қуаты болуы шарт. Ал бізде қалай? Жарық тұрмақ, ауылдардың көпшілігінде жол да салынбаған.

Айдос Сарым: Трансшекаралық өзендер мен жалпы су мәселесінде қамтылмай жатқан мүмкіндіктер, қосымша құралдар бар ма? «Мүмкіндік терезесі» дегеніңіз анда-санда жылт етіп бір сәтке ғана ашылғаны болмаса, көбінесе жабық тұрады. Шетелдік қарым-қатынас, геосаяси ахуал тұрғысынан қозғасақ, сол мүмкіндікті біз дер кезінде пайдаланып жүрміз бе? Бір кездері Тоқаевтың БҰҰ-ға өкілдігін Қазақстанға берілген бір мүмкіндік, тым құрығанда 8 жыл отырып, елге пайдасын тигізеді деп ойлаған едім. Қуанышымыз ұзаққа созылмады, ол жерден жұлып алдық та, спикерлікке қайта әкелдік. Шетелдік басылымдар жуырда: «Қазақты небары 1 жарым жылға БҰҰ-ға әкеліп, оны спикерлікке қайтару – тарихта бұрын-соңды болмаған жағдай», – деп жазды.

Сұлтан Әкімбеков: Бөкеңе айтар уәжім бар. Өзбектерде мақтасы мен Заравшандағы алтыны бар. Ал бізде ауыл шаруашылығымен айналысатын Оңтүстік Қазақстан облысынан басқа мемлекеттік бюджетке пайда келтіретін астық, мұнай, газ сияқты қосымша кіріс көздеріміз бар. Яғни, су мәселесі өзбектермен салыстырсақ, қиындықтардың бір бөлігі ғана. Екіншіден, Сырдарияны Әмудария сияқты бөліске салып жатқан жоқ. Ал Әмударияның бір тамшысына дейін талас жүруде. Сырдарияға келсек, «Көксарай» су қоймасы сияқты қадағалау тетіктеріміз жетерлік. Қытайлардан үлгі алатын нәрсе, кез келген құрылысты бастамас бұрын оның жанына қадағалауға қарсы тәсілді ойластырады. Бір журналист өткенде «Қапшағайды салды, бірақ контррегуляторы жоқ қасында», – деп жазды. Жақып ағамыздың айтқан сөзіне қосыламын, келісімшартты жасаудағы кәсіби біліктілік, бәсекелестік қабілет – өте маңызды құрал. Батыста қалыптасқан жағдай: келісімшарт жасалады ма, оны бірден жүзеге асыруға көшеді. Өкінішке қарай, Шығыста бұлай емес. Ішкі және сыртқы саясатқа қатысты айтып отырмын. Егер мен күшті болсам, алпауыт ел болсам, мәселен, Қытай – білгенімді істеуге қақым бар. Кім қарсы келе алады? Ешкім! Ықпалды ел бірдеңеге мұқтаж болса ғана келісімге келгіш. Қазақстан мен Ресей арасындағы жағдай да осындай. Мәселен, құбырларды алайық. Ресей әрдайым «Иә, ешқандай қиындық жоқ, келісімге қол қоямыз», – деуден танбайды. Бірақ іс жүзінде келісімшартты қабылдау үнемі кейінге шегеріле береді. Осының салдарынан, Қазақстан еуропалық нарыққа мұнайы мен газын тікелей тасымалдай алмайды. Бұл орталықазиялық елдердің барлығына тән қиындық. Бар кінарат – өзімізде, біздің келісімшарт жасасудағы біліктілігіміздің төмендігінде. Табандылықтың жоқтығында. Әңгіме барысында түрлі халықаралық ұйымдарға басшылық ету, мүшелікке өтудің қажеті не деген сияқты сөз айтылды. Біздің сыртқы саясаттағы белсенділігімізді дәл осылай сынайтындар көп. Шын мәнісінде, бұл белсенділік – қарым-қабілетімізді асыра көрсетуге деген мүмкіндік, тактикалық тәсіл. Сырт қарағанда, парадокс. Алайда, осы тәсіл тәжірибе жүзінде іске асып жатыр. 90-жылдары сыншылардың қатарында мен де жүргем. Уақыт өте келе, оның пайдасы бар екеніне көз жеткіздім. Өйткені әлемдік геосаясатта Қазақстанның жағдайындағы бірде бір мемлекет жоқ. Барлық елдің екіжақты қиындығы бар, алайда, ғаламдық проблемасы жоқ. Есесіне, Қазақстанда бар. Мұның барлығы алпауыт көршілерімізге қатысты. Екі жол бар: өзбек пен түркімен сияқты тұмшаланып, қымтанып алу немесе қырғыздардың жолын қуу. Қырғыздар сыртқы әлемге құшақ ашқан, оны жан-жақтан тартқылап, берекесін кетіруде. Мемлекеттілігіне қауіп төнді, архаизация жүруде. Барлық жағымыз керемет дей алмаймыз. Оған күмән жоқ. Біз өндірістік саланы дамыта алмай отырмыз, Ақтау, Атырау сияқты экономикалық және әлеуметтік тұрғыда тиімді қалалар салуда осалдық танытамыз. Алайда, егер қаражатты жұмсап, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде әрекет етпесек, инвестиция ақсайды. Яғни, жақсы не жаман деп кесіп айту қиын. Тоқаевқа келсек, түсінбейтін дәнеңе жоқ. БҰҰ-дағы қызметінен ешкім өз еркімен кетпесі белгілі. Белгілі бір деңгейде өзіне саяси бедел жинап алды. Ал ол орын кімге тиесілі еді? Әрине, Ресейге. 1991 жылдан бастап, РФ-ның еншісіндегі орын ол. Сырттай қарағанда, Тоқаев қызметінен «өз еркімен кетті» де, қоғам оны сынның астына алды. Өкінішке қарай, буырқанып жататын саяси ойындарды қарапайым халық түсіне бермейді, ал мемлекет елге түсіндіруді қажет етпейді. Тігісін жатқызу үшін бірдеңелерді айтуы әбден мүмкін. Қазақстанның қолында әлемдік саяси ойынға ықпал ететін «көзір» жоқ, бірақ көп жағдайда қулыққа басып, «өтірік ойнаймыз». Бұл мемлекеттің ішкі және сыртқы мәселелерінде кәдімгідей көмектеседі.

Расул Жұмалы: Меніңше, біздің ең үлкен ағаттығымыз – кез келген салада, кез келген мәселеде 20-30 жылға арналған ұзақмерзімдік стратегия немесе мақсат-мұрат қалыптаспаған. Есесіне, жарты немесе бір жылға есептелген, тіпті, сөз жүзінде қалатын жоспарларға кенде емеспіз. Салтанатты түрде тұсаукесу немесе әйтеуір бір жетістікке қол жеткіздік деген нышанды білдіру үшін науқаншылдыққа ұрыну жиі кездеседі. Соңы қандай болатынын, нәтиже бар ма, жоқ пе деген мәселеге бас қатырмайды. Маман тапшылығын жиі көлденең тартуға құмармыз. Бірақ «қолда бардың қадірін білмейтіндігімізден», саусақпен санарлықтай болса да, кәсіби тұрғыда білікті мамандардың қарым-қабілетін пайдалануға мүдделі емеспіз. Кемшіліктер мен олқылықтар айтылмай жатса, бірсәрі. Бірақ Қазақстанда жыл сайын, жарты жыл сайын мәселе көтеріліп, тығырықтан шығатын жол ізделеді. Молдияр ағамыз бірнеше рет хат жазып, ұсыныс білдіргенін айтты. Осы құнды ұсынысты құзырлы органдар қажет деп тапты ма? Кез келген тиімді ұсыныс ескерусіз қала береді. Сондықтан ұзақмерзімдік стратегия құрып, құрамында білікті мамандары бар комиссия жасақтап, оны басқаруға аузынан сүті кеппеген жас балаларды емес, тәжірибелі кәсіби мамандарды тағайындап, жобаларды жедел іске асыруға көшу керек. Өкінішке қарай, менің білуімше, Қазақстанның сыртқы саясатына қатысты доктриналарда суға қатысты мәселе қамтылмаған. Небары «істі насырға шаптырмау», «өркениетті жолмен шешу», «келіссөздерді жалғастыра беру» деген сияқты жалпылама ұстанымдар ғана бар. Ең бастысы, су сияқты өзекті мәселелерді шешуге қоғамдық пікір арқылы ықпал етуді қарастыру керек.

Молдияр Серікбаев: Мәңгілік ештеңе жоқ. Қорларды қорғайтын концепция түзілмеген бізде. Міндетіміз – ХХІІ ғасырдағы ұрпақты ойлау керек. Келешек ұрпаққа не қалдырамыз? Екіншіден, білімі дамыған ел ғана өсіп-өркендейді. Бұрын ботаника, зоология сияқты пәндер жан-жақты оқытылатын. Қазір аталған салалар ұмыт қалған. Оларды қалпына келтіру керек. Соңғы жылдары сәнге айналған «тестілеу», «грант», «тендер» деген ұғымдар шын таланттарға қолбайлау болды. Суға қайта оралсақ, еліміздегі таудан ағатын ішкі өзендердің жағалауы тоғанмен, темір бетонмен қоршалмаған. Былтыр Батыс Қазақстанда 6 аудан, ал Арыс өзенінің бойындағы 9 аудан су астында қалды. Жыл сайын иманымызды ұшыратын Шу мен Талас тағы бар. Осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін барлық өзен-көлдерге қоршау орнату қажет. Путин 2005 жылы Нева жақтан келетін су Санкт-Петерборды шайып кетпесін деп тосқауыл жасады. Олардан сабақ алған біз жоқ. Орал, Еділ жақты да қараған абзал. «Ерік» су қоймасы арнасынан асып кетсе, бүкіл Батыс Қазақстан облысы суға кетеді. Бұл биыл қанша адамды суға батырған Тобыл өзеніне де қатысты. Бізде тіпті, сейсмикалық стансалар жоқ. Нарынқолда жер сілкінгенде апаттың күші, салдары, оның қанша метр тереңдікте болғаны сарапталмады. Ең маңыздысы, Қазақстан, Қытай мен Ресей арасында шекарааралық өзендерге қатысты қабылданған келісімшарт әлі күнге жоқ. Өйткені қытайлар су туралы жақ ашуға құлықсыз. Жоңғар ойпаты деген жердегі құмдардың бәрін суғарып жатыр қазір. Осы мәселені де қадағалауда ұстап, алдағы 1-2 жылда арнайы құжат жедел қабылдануы тиіс.

Жақып Достай: Қытайлардың 30 млрд. шаршы метр суды туннель арқылы бұрып алуға байланысты бағдарламасы бар. Егер осы жоба жүзеге асса, Ертіс пен Іле өзімізге қалады.

Ақан Мырзахметов:

Трансшекаралық мәселелер туралы айтқанда, ғаламдық ахуалға қарай ойысып кеттік. Меніңше, су мәселесінде алдымен ішкі мәселелерді шешіп алған дұрыс. Мәселен, Сырдарияның суын бөліске салу туралы келісім бар. Керісінше, ішкі мәселелерге байланысты түйткілдер көп. Қытайлар Ертіс пен Іленің бойындағы жердің 70 пайызын игеріп, су қоймаларын салып барып, бізбен келісімге келуге мүдделілік танытты. Яғни, ішкі мәселелерін 20 жылда шешіп алды.

Айдос Сарым: Егер мамандар жиналса, әр өзен­нің мәселесін жеке-жеке көтеріп, ұзағынан әңгімелесуге мүмкіндік бар. Су сияқты аса өзекті проблеманы қозғаған «Түркістан» газеті мен «Алдас­пан» пікірсайыс клубына алғысымыз мол. Бүгінгі әңгіме барысында біраз түйткілдің басы ашылды, нақты ұсыныстар айтылды. Шынында да, қоғамдық пікір тудыру арқылы билікке, құзырлы органдарға ықпал етуге тырысқан дұрыс. Екіншіден, ел ішінде де «Джунгли заңы» бойынша әрекет ету. Молдияр ағамыз дұрыс айтты, біз ХХІІ ғасырдағы ұрпаққа не қалдырамыз деген мәселені естен шығармауымыз керек. Шығыста «бірдеңенің жемісін көргің келсе, ұзақ өмір сүруің қажет» дейді. Бұрын қарттар жаңғақ ағашын еккен. Ол жемісін 50 жылдан кейін береді екен. Сол сияқты бізге 40-50 жылдан кейін ахуал қандай болады деген сауал төңірегінде ой қорыта берген жөн. Қазіргі бүгіншіл ұрпақтың орнын ертеңшіл буын басқанда ғана стратегиялық ойлау қабілеті қалыптасады. Бүгінгі пікірсайысқа келіп, ой бөліскендеріңізге рахмет айтамын. Іске сәт!

Тіліп түскен тіркестер

Айдос Сарым, саясаттанушы, модератор:

«Біз – судың тұтынушысымыз. Өзіміздегі судың қоры аз екені анық. Әлемнің ғалымдары, тарихшылары, саясаттанушы мен геосаясаттанушыларының айтуынша, ХХІ ғасырдың соғыстары жер, темір, мұнай үшін емес, су үшін болуы ықтимал. Көптеген басталып келе жатқан немесе осыдан 50-100 жыл бұрын басталған геосаяси қақтығыстардың көбісі айналып келгенде судың әңгімесінен тарайды. Үндістан мен Пәкістан, Иран мен Израильды алайық. Мұнайдың да қадірі кетіп барады. Ғалымдар айтады, егер дәл бүгінгі жағдай жалғаса беретін болса, бір дерек бойынша Балқаш көлінің үштен бірі, ал екінші дерек бойынша бестен бірі ғана қалады. Сондай-ақ Орал өзені мүлдем суалып, ал Жайықтың үстінде тұрған Ресей қалаларының белсенді жұмыс істеп, оған күл-қоқысын төгуі өзеннің шайылып, бізге жетпеуі түбі Каспий проблемасына және басқа да мәселелерге алып келуі ықтимал жеген жорамалдар айтылады».

Сұлтан Әкімбеков, саясаттанушы, Әлемдік экономика және саясат институтының директоры:

«Қазақстанға Қытайдан 34 өзен ағып келеді. Оның 7-уі қара Ертістің сағалары. Біз қазір тек бергенді ғана алып отырмыз.

Бұл мемлекеттің проблемасы. Біз ол туралы шет жағасын ғана білеміз. Келісімшарттың қалай өткенін, не айтылғанынан хабарсызбыз. Бірақ жақында олар суды бөлісу туралы құжатқа қол қоюға келісім берді. Алайда Қытай дәл осы келісімшарттан 20 жыл бойы бас тартып келген. 1990 жылдардың басында біз Қытаймен су туралы келісімшартты қолға алғанда, олар каналдарды өте жылдам саламыз деп ойлаған жоқ. Қытайлар қазір белсенді жұмыс істеп жатыр. Жылына 0,5 текше шақырым көлемінде ұстап тұрамыз деп ойлады. Біздің шенеуніктер ол кезде 1 текше шақырым қиындық тудырмайды деген еді. Бірақ бүгін олардың не тұрғызғанын білмейміз. Қытай Шыңжаң өлкесін игеру үшін «635» бағдарламасын жүзеге асырды. Мұнда Солтүстік Батысты игеру бағдарламасы да бар, бірақ дәп біз айтқан «635» бағдарламасы Қарамай мұнай зауытын, БоротоМоңғол, Қазақ автономиясын қамтиды. Қара Ертісте тұрғызған соңғы канал Буратала асуы арқылы өтеді. Бұл қымбат, көлемді жоба. Сондай-ақ суды бөлісу келісімшартын кімге не тиесілі екенін ескермей-ақ, кімде қанша халық бар, сол бойынша суды бөлісуді ұсынды. Біздің тарап бұған келіскен жоқ. Олар ШЫҰ-да бұл мәселені көтермейміз деп отыр. Егер Ресей бұл келіссөзге қатысқан болса, жағдай басқаша болар ма еді. Біздің потенциалымыз әртүрлі. Бұл әрине сыртқы саясат мәселелері».

Атамұрат Шәменов, экономика ғылымдарының докторы:

«Су – экономика. Кез келген мемлекеттің қозғаушы күші. Экономика жағынан алғанда, өркениетті елдер пайдаланған суды қайтадан тазалайды. Бұл қымбат процесс. Біз төрт мемлекетпен жұмыс жасаймыз. Сондықтан әр мемлекет суды пайдаланған соң суды көршілерге жібере салады. Ол – арзан. Лас су бір мемлекеттен екіншісіне ауысады. Бұл халықаралық тұрғыдан шектеу қойылған нәрсе. Әр мемлекет өз күшіне қарай жүзеге асырады. Су – экология емес, экономика. Судың тазалығы, жеткілікті болуы маңызды. Біздің кемшілік – трансшекаралық судың сапасын, көлемін тексеру нашар. Мемлекеттік құрылымдар бар, гидрологиялық бекеттер бар. Кезінде «Қазгидрометті» 6 жыл басқарғам. Қазір су сапасын тексеретін 298 бекет қалыпты. 1996 жылдың 1 қаңтарында – 322 бекет болатын. Соңғы 17 жылда бұл көбеюі керек еді. Біздің әлсіздігіміз – басқалардың өз экономикасына пайдаланып қойған суын аламыз. Елімізде Қазақстанның экономикасына қажет судың 60 пайызы ғана бар».

Ақан Мырзахметов, гидролог:

«Трансшекаралық мәселелер туралы айтқанда ғаламдық ахуалға қарай ойысып кеттік. Меніңше, су мәселесінде алдымен ішкі мәселелерді шешіп алған дұрыс. Мәселен, Сырдарияның суын бөліске салу туралы келісім бар. Керісінше, ішкі мәселелерге байланысты түйткілдер көп. Қытайлар Ертіс пен Іленің бойындағы жердің 70 пайызын игеріп, су қоймаларын салып барып, бізбен келісімге келуге мүдделілік танытты. Яғни, ішкі мәселелерін 20 жылда шешіп алды».

Молдияр Серікбаев, географ:

«Жердің астындағы суларды пайдалану керек және минералды-термалдық су бар. Суды қазба байлық ретінде бағалау қажет. Біз мұнайды Құмкөл арқылы Қытайға беріп жатырмыз. Мұнай өнімдерін өңдейтін зауыт жетіспейді бізде. Өндіріс орындарын Қазақстанда салу керек қой. Сондықтан қытайлармен арада жасалатын шартты 20, 50 жылдық ұзақ мерзімге созу дұрыс емес. Үкіметке жазған ұсыныс-хаттарымыз көп. Өкініштісі, сол хаттарды оқитын, назар аударатын ешкім жоқ. Үйге хабарласып: «Сіздің хатыңыз өте күрделі екен, жауап беретін адам таба алмай жатырмыз», – дейді. Бұған күлесің бе, жылайсың ба?!».

Бөріхан Нұрмұхамедов, саясаттанушы:

«Ақтау қаласы – 1958-1959 жылдардың жобасы. Маңғыстауда уран табылғасын «Казатомпром» комбинатын салды, жанынан Ақтау қаласы бой көтерді. Сонда не деген керемет жоба, қараңызшы! Бір мекеме салсаң, қасына қала салуға міндеттісің. Су мәселесі осылай шешімін тапты. Қазіргі мемлекеттік бағдарламалардың ішінде су мәселесін қамтыған тым құрыса, бір бағдарлама бар ма? Ауызсумен қамтамасыз ететін «Ақбұлақ» жобасы ғана».

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

«Қытай, Ресей және Орта Азиялық көршілеріміздің қайсысы бір-бірінен асып түсетінін болжау қиын. Әрине, өз күйімізді өзіміз күйттемесек ешкім қол ұшын бермейді. Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл өтті, талай нәрседен айрылып қалдық. 1996 жылдары трансшекаралық өзендер мәселесін тез арада шешіп алайық деген сөз көтерілген, ешқашан Қазақстанға ешқандай нұқсан келтірмейміз деді Қытай. Оған біздің тарап мәз боп қалды. Ху Цзинь Тао, Си Цзинь Пин де сол сөздерді айтты, біз оған қанағаттанып тағы отыра бердік. Батыс Қытай қарқынды дамуда. Су бөгеттерін салуда, еш стратегиялық шығынға қараған жоқ. Уақыт өткенде фактіні біздің алдымызға көлденең қойып отыр. Ал бүгінде келіссөздерге жақындадық, ұтылатын тұстарымыз әлі көп. Нақты шешім қабылданбақшы. Бұл мәселе қаулай беретін болса, экономикалық, шаруашылық, қаржылық шығындар былай тұрсын, экологиялық тұрғыдан Аралдан асып кетпесе болғаны. Қытаймен арада біз нақты статист қана болып отырмыз. Қытай не десе соған көнеміз, жетегінде жүрміз».

Жақып Достай, гидролог, география ғылымдарының докторы:

«Қазақстан делегациясының құрамында 5 адам бар ма, соның бесеуі ортақ мәмлеге келе алмайды. Бірі Мәскеуде оқыған, бірі Тәшкенде оқыған, енді бірі – тағы басқа жерде... Айтатын ой, ұстанатын қағида бір болуы тиіс қой! Меніңше, кез келген кәсіптің қыр-сырын жақсы білетін, тәжірибелі мамандар отыруы тиіс жауапты қызметтерде. Ондай мамандар жетерлік. Кеңестік кезеңде жұмыс істегендер, кейбірі жұмыстан қуылды, енді бірі жағдайы болмай, өзі кетті. Солардың бәрін қайта жинап алып, ортақ іске жұмылдыру қажет. Қытайда 400 шақырымдық бір каналды салуға мемлекеттік бюджеттен көк тиын шығындалған жоқ, барлық қаражатты жекеменшік кәсіпорындар көтерді. Ал 170 шақырымға созылған Үлкен Алматы каналын 10 жыл дегенде әрең бітірдік. Оның өзі Алматыға жетпейді, жартысы ғана. Тағы бір мәселе, суды үнемді пайдалану. Қазақтарда о бастан неғұрлым көп суғарсам, соғұрлым көп өнім аламын деген жаңсақ ұғым қалыптасқан. Суды бей-берекет қолданып, ысырап етеді. Ескі тәсілді жаңасына ауыстыратын кез жетті».

Бақытбек Бәмішұлы. Қара Ертіс — қарындасым

«Түркістан» газетінің жанынан құрылған «Алдаспан» ашық пікірсайыс алаңы қарашаның 14-інде, сағат 15.00-де «Трансшекаралық өзендер: Проблемалары мен Қазақстанға төндірер қатері» тақырыбында өтетін дөңгелек үстелге қатысушыларға!

Жат қолында жаутаңдап, қиналады қыршын қыз,

Қара өкпесі қазандай бұл ұрпаққа құлқы мұз.

Көтергенім әсте емес кеупая сөз желігін,

Кеспей айтсам, бас түгіл, тілімізді қырқыңыз.

Қызыл күрең балтырын, құмға малып шашасын,

Күндіз күнге, түнге айға ақ шуағын шашатын.

Қарт Алтайдың еркесі, тұла бойы тұңғышы,

Қара Ертістен бар ма екен, әсте ару асатын.

Қара көзді шел басса, хас сұлуды ылғар ма,

Қарындасқа араша түсетұғын ұл бар ма?

Бұ халімді кеше ме, бүгін, ертең, келешек,

Ықтырмасыз, қауқарсыз қари соққан ызғарға.

Қарындастың қайғысы қуырады жанымды,

Шырылдаймын шын айтып, іс қыла алмай қарымды.

Қан сонардай мойынын қылша бұрап қайырса,

Құрбан етпес жолына құдай ұрсын арымды!

Қаңсыса арна, ағыстың тиылғаны емес пе?

Қара күрең тамырдың қиылғаны емес пе?

Қайраңдаған қазағым, тілің симай аузыңа,

Қарға, құзғын жемтікке жиылады емес пе?

...Қара Ертіс бұрылса – суалғаны Жайсаңның,

Қара Ертіс буылса – қуарғаны майсаңның.

Боз тұманға шомылған тозаң тулап бөктерде,

Жайлағаны жүйкені жазылмайтын лайсаң мұң.

...Қара Ертісті кескені – кенезеңнің кепкені,

Көк желкеңе – көк болат, көстеңдейді кетпені.

Бауырынан Алтайдың буаз бұлттар толғатып

Босанбаса, бауырым, көзден бұлбұл кеткені.

Қара Ертіс, қазағым, асыл қаның емес пе?

Асыл қаның сыздаса, ашынғаның емес пе?

Қара Ертісті бұлқынтып, бұғағынан буғаны,

Қазағымды қылқынтып, басынғаны емес пе?

Қайран Ертіс –

Қара Ертіс – қарындасым!

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ,Ақниет ОСПАНБАЙ

"Түркістан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340