Сенбі, 23 Қараша 2024
Алтын Орда 2906 49 пікір 20 Наурыз, 2024 сағат 13:31

Қазақ өзін-өзі қайтсе таниды?

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Тарих ғылымы кез-келген халықтың тәуелсіз тарихи танымын қалыптастыруға міндетті. Тәуелсіз тарихи танымы қалыптаспаған халық ешқашан өзін тани алмайды. Халқының өткенінен жеткілікті деңгейде хабардар болмайды. Жалған тарихи таным негіздеріне сүйеніп, өзгелердің жазып берген тарихының жетегінде кетеді.

Өкінішке орай, дәл қазіргі күні қазақ халқы сондай қасіретті басынан өткеруде. Себебі, қазіргі Қазақ тарихы деп жүрген тарихтың қазақ халқына қатысы шамалы екендігін қазақтың көпшілігі түсінбейді де, сезінбейді де. Олай болатыны ол тарих шетжерлік дерек көздері негізінде жазылды. Ол тарихта қазақтың ата-бабасы туралы қытай не деді, парсы не деді, араб не деді, италиандық не деді, византиялық не деді? Біздің қазіргі қазақ тарихы деп жүргеніміз осы деректер негізінде құрастырылып, жазылған тарихи деректер топтамасы ғана. Бұл тарихта қазақтың рухы жоқ, өлі тарих десе болады. Сондықтан бұл тарихты қазақтың тарихы деп айтудың өзі қиын. Олай дейтін себебіміз, кез-келген халықтың тарихы, сол тарихы жазылып отырған халықтың тарихи жады негізінде жазылуы тиіс. Мысалы, қазақ халқының тарихи жады негізінде жазылмаған тарих қазақ тарихы болып табылмайды. Демек, бұл тығырықтан шығар жол біреу ғана – ол қазақтың тарихи жадын негізге ала отырып, қазақтың тәуелсіз тарихын қайта жазып шығу. Сонда ғана қазақтың төл тарихы жазылып, қазақтың рухани тәуелсіздігін қалыптастыра алуымыз мүмкін. Болмаса, осы адасқан күйі кете бермекпіз. Біздің бұл адасуымыз қазақтың басына қаншалықты қасіретті әкелгенінен көпшілігіміз хабарсызбыз. Мысалы, бір ғана уаххабилік-салафилік идеологияның өзі қазаққа қаншама қасірет әкелді. Егерде қазақтың тәуелсіз тарихы санамызда болғанда, біз ондай идеологияны елімізге кіргізер ме едік. Жоқ. Алтын Орданың күйреуінен бастап, Қазақ хандығының ыдырауына дейінгі аралықтағы қазақтың басына түскен бар қасірет осы діни-рухани қайшылықтарға байланысты орын алғанынан қарапайым қазақ та, өзі зиялы санайтын  топ өкілдері де хабардар болған жоқ. Керісінше, кейбір зиялы топ өкілдері уаххабилерді жәдидшілдер жолы ретінде бағалап, уаххабилер дирменіне су құйған кездері де болды. Нәтижесінде қазақты рухани танымын-түсінігіне қарай қанашама топқа жіктеп жібергенімізді өзіміз де сезбей қалдық. Егерде қазақтың тәуелсіз тарихи танымы ояу болғанда, сондай қателікке бой алдырар ма едік? Ең бастысы қазақ халқының мемлекеттігінен айырлып, өзгенің отарына айналуы, сыртқы күштердің тек қазаққа қарсы жүргізген саясатына ғана байланысты емес, алдымен қазақтың ішкі рухани тұтастығының ыдырап, рухани тұрғыдан азғындауына байланысты болғанынан көбіміздің хабарымыз жоқ. Өзара қырқысып, мемлекеттің тұтастығын емес, өздерінің қара бастарының қамын ойлаған топтардың жүргізген саясатының соңы мемлекеттің толығымен күйреуіне әкелген негізгі фактор болғанын көпшілігіміз білмейміз де. Мысалы, Абылай ханның мемлекетті сақтап қалу жолындағы әрекетінің сәтсіз аяқталуы Бекболат бидің Абылай ханға қарсы жүргізіген саясатымен тікелей       байланысты болды. Ол оқиға «Абылай аспас Сары бел» атты тарихи аңыздарда баяндалған. Біздің қазақ үшін алдымен қажеттісі тәуелсіз тарихы мен  сол тарих негізінде қалыптасқан тарихи танымы деп отырғанымыз осы. Алайда, бұл тарихты жазып шығу оңай емес. Ол үшін алымен тарихты зерттеу методолгиясын өзгертуіміз қажет. Қазіргі біздің тарихшылардың методологиялық ұстанымы евроцентризм мен маркстің тарихты материалистік тұрғыдан түсіну методологиясы. Бұл тәсілмен жүргізілген зерттеулердің ешбірі қазақтың шынайы тарихын жазуға мүмкіндік бермейді. Өйткені, қазақ халқы үшін  материалдық дүние басты құндылық емес. Қазақ үшін алдымен өзінің рухани болмысы қымбат. Сол себептен де қазақ «Малым жанымның садағасы, Жаным арымның садағасы» деп өзінің рухани болмысын, малынан да, жанынан да артық бағалаған. Қазақтың тарихын зерттеуде осы рухани үдерістер негізге алынбаса, онда ол тарихтың қазақ үшін ешқандай құны жоқ.

Жалпы көне дәуірден келе жатқан қазақ тарихы туралы қазақтың таным-түсінігі материалистік таным негізінде қалыптасқандығына соңғы кезде толық көз жеткіздім десем болады. Өткен күзде Халықаралық Түрік академиясына «Түркістанның киелілік сипатының қалыптасуы» атты жоба ұсындым. Жобаның негізгі мақсаты Түркістан қаласының көне дәуірлерден-ақ түркі жұртының рухани тал бесігі болғандығы, түркі халықтарының әлемге таралуы да осы Сыр бойы мен Қаратаудан бастау алатындығын дәлелдеп шығу болатын. Қазіргі тарихта жазылып жүрген түркілердің Ата жұрты Моңғол даласы мен Сібір ормандары емес, Сырдария мен Қаратаудың арасы екендігі туралы нақты деректермен дәлелдеп шығуға мүмкіндік бар еді. Тәңірлік діннің де Түркістан жерінде дүниеге келгендігі туралы да нақты тарихи деректер бар. Олар туралы жобада нақты мысалдармен көрсетілген болатын. Өкінішке орай, сол келтірілген деректердің барлығы қазақстандық сарапшы тарапынан белінен бір-ақ сызылып, ноль деген баға қойылыпты. Ондай бағаны қырғызстандық, өзбекстандық сарапшылар да қойыпты. Ал, түркиялық сарапшы сегіз, ал азербайжандық сарапшы он бес деген бал қойыпты. Осы жобаға қойылған бағаларға қарап отырып, біздегі тарих ғылымындағы қазақтың рухани болмысына деген көзқарастың қай деңгейде екендігін көруімізге болады. Біздегі тарихшылардың таным-түсінігі бойынша түркілер сол Моңғол даласы мен Сібір ормандарынан шыққан. Тәңірлік діннің де тараған жері сол жақта. Қазақ қазіргі Қазақстан территориясына кейінннен келген. Бұл жердегі индоевропалықтарды бұл жерлерден ығыстырып, өздері орналасып алған. Марқұм профессор Н.Масанов кезінде «қазақтар өздерінің ата жұртында отырған жоқ. Өзгелерден тартып алған жерде отыр» деп жазған болатын. Өкініштісі, бұл көзқарас бір Н.Масанов емес, менің жобамды бағалаған ғалым ғана емес, өздерін сол көне дәуір тарихының маманы санайтын көптеген зерттеушілерге ортақ көзқарас десем артық айтқандық емес. Тарихтарымыз да осы бағытта жазылып келеді. Ал, мұндай тарихпен тарихи танымы мен санасы  қалыптасқан жастарымыз мына ел мен жерге ертеңгі күні ие болып қала алады ма? Өздері бұл жерлерді Ата жұртымыз деп танымайтын халықты отырған орнынан қуып шығу қиын емес. Сонда бұл ел мен жердің қазақтың маңдайына бұйырмай қалуы мүмкін екендігімен ешкімнің жұмысы жоқ. Ондайды жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, еврей халқының палестиналықтардың жерін тартып алып, әлімжеттілік жасап отырғанына әлем куә. Сондай тағдырдың қазақтың басына түспесіне кім кепілдік береді? Мысалы, «жабайы түркілердің Сібір ормандарынан шығып, Орта Азиядағы барлық индоевропалықтарды қуып жерін тартып алды»-деп дәлелдеп жүрген француз ғалымы болатын. Міне, сондықтан тарих ғылымында анау анадай деп айтыпты, мынау мынадай деп айтыпты деп, жаңалық ашып, қазақ тарихына қосу қазаққа жақсылық әкелмейді. Өкінішке орай, біздегі көне дәуір тарихының барлығы дерлік евроцентристік дүниетаным мен маркстік методолгия негізінде жазылғандығы дәлелдеуді қажет етпейтін дүниелер.  Ол тарихта мына ел де, жер де қазақтыкі емес, индоевропалықтардыкі. Өкініштісі ол кезең туралы қазақтың дәстүрлі тарихи жадында: оның құрамдас бөліктері болып табылатын аңыз әңгімелерінде, ертегілерінде, жер-су атауларында, этнонимдерде жеткілікті деректер бар. Бірақ олардың ешбірі көне дәуір тарихын жазуда қолданылмаған. Есесіне көне грек тарихшыларының жазған деректері бұл жерлердің көне тарихын жазуда негізге алынған. Сонда біз өзіміздің тарихымызға кімнің көзімен қарап отырмыз. Сонда біз бұл тарихты біздің ата-бабаларымыздың тарихы деп айта аламыз ба? Мәселе сонда.

Ендігі кезекте ислам дінінің Түркістан жеріне, түркілер арасына таралу тарихына тоқталайық. Бұл тарихта да тек шетжерлік жазба деректер негізінде жазылғанына куә боламыз. Қазақтың, жалпы түркінің тарихи жадынан мұнда ешнәрсе қолданылмағанын көруге болады. Бұл кезеңнің тарихына қатысты «Насаб-нама» атты түркілік жазба деректер топтамасын біз 2000 жылдың басында ғылыми айналымға енгізген болатынбыз. 2000-2002 жылдар аралығында бұл қолжазбалар топтамысына шетелдің ғалымдары назар аударып, Швейцария мемлекеті арнайы жоба жасап, мемлекеттік грант бөлген болатын. Ол жобаға АҚШ, Швейцария, Нидерланд, Өзбекстан, Қазақстан ғалымдары қатысып, екі томдық кітап шығарды. Кітап «Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии» аталады. Бұл қолжазбалар топтамасында ислам дінінің Түркістан жеріне таралу тарихы жазылған. Алғашқы түркі-ислам мемлекеттерінің тарих сахнасына шығу тарихы мен олардың бұл жердегі халықтардың рухани-мәдени өміріне ықпалы көрсетілген. Қазіргі тарихта ислам дінінің Түркістан жеріне таралу тарихы 951 жылы Қарахандық билеуші Сатук Бұғра хан Абд ал-Каримнің ислам дінін қабылдауынан басталады. Ал, «Насаб-нама» қолжазбаларында ислам діні Түркістан жеріне келуі 766/767 жылы келгендігі, сол кезеңде алғашқы түркі-ислам мемлекеттері тарих санасына шыққандығы баяндалады. Егерде осы «Насаб-нама» деректеріне тереңірек бойлап, сол кезеңнің тарихына талдау жасайтын болса, Түркістан жері сол кезеңдегі ислам әлемінің ғылыми орталығына айналғанына көз жеткізген болар еді. Абу Наср ал-Фараби сияқты ғалымдардың дүниеге келуі жайдан-жай емес, сол кезеңдегі діни-рухани үдерістердің жемісі екендігін түсінген болар еді. Абу Наср ал-Фараби араб жеріне білімін жетілдіру үшін емес, сол жаққа ілімін жаю үшін барғанын қазіргі күні көбіміз түсінбейміз. 951 жылы Сатук Бұғра хан Абд ал-Каримнің ислам дінінің Ахл ал-хадис бағытын қабылдауы Түркістан жеріндегі ғылым мен білімнің тамырына балта шапқан қадам болды. Бүкіл ислам әлемі тоқырауға ұшырады. Ислам әлемінің одан ары тоқырап жойылып кету ықтималдығынан тек Қожа Ахмет Йасауи сынды Ұлы тұлғаның ислам дінін шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтеруі ғана сақтап қалғанын түсіне бермейміз. Түсінуіміз керек-ақ.

Қазіргі күні елімізде, жалпы Евразия кеңістігінде Жошы ұлысына, Алтын Ордаға қатысты мәселелер өзекті тақырыпқа айналып тұр. Ол түсінікті де. Айналадағы көрші халықтардың барлығы өздерінің Алтын Ордаға қаншалықты қатысы барлығын дәлелдемек болып, жанталасып жатыр. Тек, қазақ халқы ғана әліптің артын бағып, бұғып отырған сияқты. Мәселе қазақтың Жошы ұлысына, Алтын Ордаға қатысының жоқтығында емес, өзінің ол мемлекеттің қалыптасуына қаншалықты ықпалы болғандығын өзіне де, басқаларға түсіндіріп бере алмауында жатыр дегеніміз дұрыс шығар. Әйтпесе, қазақ халықы сол мемлекеттің қалыптасып, іргесінің бекуіне негізгі ықпал еткен саяси да, рухани да күш болғандығы тарихқа аян. Әрине, ол туралы шетжерлік жазба деректерде ешнәрсе жазылмаған десе болады. Есесіне қазақтың тарихи жадында деректер тұнып тұр деп айтуға болады. Мысалы, бір шежіренің өзі оқып, талдай білген маманға өте көп мағлұмат бере алады. Өйткені, қазақ щежіресі қазақ тарихи жадының өзегі. Өкінішке орай, шежірені талдап, сол шежіре деректері негізінде тарихи үдерістерді талдау тәсілі бізде қалыптаспаған. Мысалы, қазіргі бізге дейін жетіп келген қазақ шежіресінің төрт нұсқасы бар. Бір шежіре Өзбек ханнан бастау алады. Екінші шежіре Алаша ханнан бастау алады. Үшінші шежіре – Әбілхайыр ханнан бастау алады. Төртінші шежіре Аннас сахабадан немесе тоқсан екі баулы сарттан бастау алады. Осы шежірелердің бір-бірінен ерекшелігі неде? Бір-бірінен қандай айырмашылықтары бар? Мәселе, осы шежірелердің бір-бірінен ерекшелігі сонда, шежіре қай ханнан басталса, сол хан кезеңіндегі мемлекеттің құрылымдық жүйесі болып табылады. Мемлекеттің құрамына қандай ру, тайпалар кірді, олардың басында кімдер тұрды? Сол деректердің барлығы осы шежірелерде бар. Егерде осы шежірелерге Өзбек ханнан басталатын шежіреден бастап талдау жасап шығатын болса, онда Алтын Орда кезеңінен бастап, Қазақ хандығы ыдырағанға дейінгі қазақ тарихын қайта жазып шығуға мүмкіндік алады. Жүздердің тарих сахнасына шығуы, рулық, тайпалық жүйелердің тарихтағы ролі және олардың мемлекеттің басқару жүйесіндегі орны сияқты мәселелердің барлығы өздерінің  құпиясын ашады. Осының барлығы қазақ шежірелерінде тұр. Мәселе – ол шежірелерді сөйлете білу керек. Өйткені, шежірелерде аттары аталған тұлғалардың барлығы дерлік тарихта өмір сүрген кісілер. Әсіресе, жүздің басындағы тұлғалардың тарихта болғандығына дау жоқ. Олар сол кезеңдегі мемлекетттің іргетасын қалаған тұлғалар деп айтуға болады. Сондықтан шежіре деректеріне селқос қарауға болмайды. Ең бастысы осы шежіре деректерін талдай отырып, біз қазіргі қазақ халықы құрамындағы ру, тайпалардың, жүздердің қашан пайда болғанын және олардың Жошы ұлысының билік жүйесінде қандай роль атқарғанын білуімізге болады. Бұл жерде ескерте кететін тағы бір мәселе – Өзбек хан шежіресінен кейін Алаша ханнан басталатын шежіренің болуы. Біздің қазіргі қабылданған ресми тарихта Алаш мемлекеті туралы дерек жоқ, бірақ Алаштан бастау алатын шежіре бар. Сонда қалай болғаны деген бұл жерде заңды сұрақ туады. Шежіре деректері Алаша ханның да, Алаш мемлекетінің де тарихта болғандығы туралы баяндайды. Қайсысы дұрыс деген сұраққа біз Алаш мемлекеті де, Алаша хан да тарихта болған деп нақты жауап бере аламыз. Ол мемлекеттің іргесін қалаған, негізгі ұйыстырушысы болған тарихи тұлға – Асан Қайғы. Бұл мемлекеттің территориясы қазіргі Ұлытау облысының аумағында. Ол жердің Ұлытау аталмағы да, осы жерде Жошы ханның, Алаша ханның кесенелерінің болуы осы Алаш мемлекетінің сол территорияда өмір сүруімен тікелей байланысты. Ол туралы қазақтың дәстүрлі тарихи жадында Алаш туралы, Алаша хан туралы жеткілікті дерек бар. Өкінішке орай, біз оны қиялдан шыққан аңыз ретінде қабылдаймыз да, ол мемлекеттің тарихтағы орнын сызып тастай саламыз. Себебі, ол туралы шетжерлік жазба деректерде жазылмаған. Демек, бұл тарихқа сенуге болмайды. Алаш мемлекетінен басқа сол Жошы ұлысының тарихы туралы қаншама жазба деректер бар. Мысалы, Өтеміс хажының «Дафтари Чингиз-наме», Қадырғали Жалаиридің «Жамиат тауарих» атты еңбегі , Ұлықбектің «Төрт ұлыс тарихы» атты шығармасы бар. Бұл жазба деректердегі тарихи деректер қазақтың ауызша тарихымен сабақтасып жатады. Осыған байланысты болса керек, бұл шығармаларға да сенім аз. Осы жазба деректерде Жошы ұлысы тарихына қатысты жеткілікті деңгейде мәліметтер бар.  Өкінішке орай, бұл дереккөздерінің де  қазақ тарихын жазуда оншалықты белсенді пайдаланылып жатқандығы байқалмайды.

Одан кейінгі кезең Өзбек ұлысының құрылуы мен ыдырауы, бір мемлекеттің үшке бөлініп, қазақ, өзбек, ноғай болып айрылғаны Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» атты кітабында баяндалады. Осы оқиғаның соңы Қазақ хандығының жеке мемлекет ретінде дүниеге келуімен аяқталады. Одан кейінгі кезеңде Қазақ хандығы қуатты мемлекетке айналып кете алмады. Мұның соңы 1781 жылы Абылай ханның дүниеден өтуімен солтүстігі Ресейдің, оңтүстігі Қоқан, Бұхар хандықтарының, батысы Үргеніш хандығының қоластына түскені көпшіліке аян. Мұның бәрін тіптіштеп, қайталаудың қажеті жоқ. Бұл біздің қасіретті тарихымыз. Біздің мұнша құлдырап, осындай деңгейге түсуімізге ықпал еткен қандай күш, қандай құдірет? Енді сол мәселеге аздап кезек берелік.

ⅩⅡ ғасырдан бастап қазақ даласындағы бүкіл тарихи оқиғалардың басты себепшісі де, негізгі қозғаушы күші де Қожа Ахмет Йасауи дүниеге әкелген сопылық ілім болды. Алғашқы кезеңде бұл ілімнің дүниеге келуі түркінің қайтадан бас көтеруіне мүмкіндік бергенін, Қарахандық билеушілердің қайтадан түркі мәдениетіне қарай бет бұрғанын көрген Хорезмшах Мұхаммед бұл ілімді бесігінде тұншықтырмақ болып, Қарахан мемлекеттерін түгелімен жойды. Алайда, бұның соңы Шыңғыс хан шапқыншылығына ұласты да, бұл сопылық ілімнің ары қарай өмір сүруіне мүмкіндік туды. Йасауидің өзінен тәлім алған Мұхаммед Данышманд Зарнуқи сияқты тұлғалар Шыңғыс ханның кеңесшісі қызметін атқарды. Осы кезден бастап, Йасауи ілімі қазақ даласының бар аймағына еркін тарады десе болады. 1320 жылдан бастап, Йасауи ілімі Жошы ұлысының діни идеологиясына айналды. Йасауи жолының өкілдері-әулиелер мемлекеттің басқару жүйесінде толығымен реформа жүргізіп, сол кезеңдегі ең әділетті қоғамды орнатты. Мемлекеттің басқару жүйесі толығымен өзгеріп, билік рухани тұлғалардың қолына берілді. Билер институты осылай қалыптасты. Рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдар тарих сахнасына шықты. Әр ру мен тайпаның басында Йасауи жолының өкілдері-билер тұрды. Ру, тайпалар мемлекеттің керегесін құрады, билер уықтың қызметін атқарды. Ал, шаңырақ хандық билік символы болды. Егерде осы жүйені талдап қарайтын болсақ, онда бұл жүйеде абсолюттік билік қарада да, биде де, ханда да болмағанын көруге болады. Біріне-бірі тәуелді, бірінің-бірінсіз күні жоқ, өте мықты жүйе болғанын көреміз. Абсолюттік билік тек заңда, шариғатта болды. Басқаша айтқанда, Құдайдың шариғаты арқылы басқарылды десе болады. Мұндай әділдік салтанат құрған мемлекетте даму өте жоғары деңгейде болды десек артық айтқандық емес. Жошы ұлысының Алтын Орда атануы осы діни-рухани реформамен тікелей байланысты еді. Алайда, бұл әділетті қоғамның, жүйенің дұшпандары да жоқ емес еді. Кешегі билік жүйесінен шеттетілген Жошы ұрпақтары, олардың ішінде Өзбек ханның ортаншы ұлы Жәнібек сұлтан бар болатын. Олар оңтайлы сәтті күтті. 1342 жылы Өзбек ханның кенеттен қайтыс болуы Жәнібек ханға шешесі Тайдула ханымның көмегімен мемлекеттік төңкеріс жасауға мүмкіндік берді. Мемлекетте саяси билік пен рухани билік арасындағы бітіспес күрес басталды. Рухани биліктің артықшылығын көрген халық Йасауи жолы өкілдері-билердің жағында болды. Абсолюттік билікке ұмтылған Жошы ұрпақтары рухани билік өкілдеріне қарсы бітіспес майдан ашты. Бұл тіке-тірестің соңы Алтын Орданың күйреп, Өзбек ұлысының үшке бөлінуімен, Қазақ хандығының ыдырауымен аяқталды. Рухани билік пен саяси арасындағы күресте жеңіске жетіп, соңғы нүктесін қойған Тәуке хан болды. Ол өзінің «Жеті жарғысын» қабылдай отырып, Йасауи жолы өкілдерін билік жүйесінен шеттетіп, йасауийа тариқатын мемлекеттік идеология ретіндегі қызметін тоқтатты. Оған қарсы шыққан Йасауи жолы өкілдерін Ферғанаға дейін қуып, барып өлтіртті. Йасауи жолының орнына нақшбандийа тариқатын қабыл етті. Мұның соңы 1781 жылы Абылай ханның дүниеден өтуімен Қазақ мемлекеттігі де тарих сахнасынан кетті. Өкінішке орай, қазақтың, жалпы евразия кеңістігін мекендеген түркілердің мемлекеттігінен айырлып, этникалық жіктелулерге түсуі осы Йасауи жолынан шегінумен байланысты болды. Жаратушы Құдіреттің өзі сондай жоғары рухани деңгейге көтеріліп тұрып, қайтадан қарабайыр күйбең тіршілікке бет бұрған билеушілерді де, халықты да кешіре алмады. Түркілердің өзге халыққа кіріптар болып, қоластына түсуінің астарында шыққан биігінде тұра алмай Алланың берген игілігінен бас тартқаны бізді Жаратқан Құдіреттің бізге деген мейір-шапағатынан тыс қалдыруы жатты. Өкініштісі, біз сол қасіретті тарихтан әлі сабақ алған жоқпыз.

Зікірия Жандарбек

Abai.kz

49 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364