Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 2395 4 пікір 26 Наурыз, 2024 сағат 17:18

Батыс шулап жатыр. Біздің тарап – тым-тырыс

Коллаж: aikyn.kz

Қылмыс атаулының басым көпшілігі заңсыз пайда табу мақсатында жасалатыны белгілі. Оның ішінде жемқорлыққа қатысты қылмыстың алатын орны ерекше. Сыбайлас жемқорлықтың елімізге тигізетін залалын есептеу де, елестету де қиын. Мысалы, 2023 жылы қылмыстың бұл түрі арқылы мемлекетке 60,8 млрд. теңге залал келтірілген екен. Бұл нақты жымқырылған мүліктің ғана құны.

ОЗҒАН ЕЛ МЕН ТОЗҒАН ЕЛ

Әлемде «сыбайлас жемқорлықты жою» деп аталатын нормативтік акті жоқ. Себебі жемқорлықты жоюдың жолын тапқан ұлт жоқ, сондықтан заңдардың бәрінде жемқорлыққа қарсы күрес көзделеді, яғни жемқорлық барлық мемлекетте бар, бірақ сипаты, көлемі әртүрлі. Бір елде ұсақ бюрократия парамен ұсталып жатса, бір елде мемлекеттік басқару тек бір жемқор топтың мүддесіне бағындырылған. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттің негізін құрайтын қоғамдық келісімшарттардан туындайтын кешенді әрекеттерді талап етеді. Егер билігінің қайнар көзі халық болатын мемлекет басшысы елдің ресурстарын тиімді пайдаланып, мемлекеттік функцияларды жүзеге асыра алмаса, демократиялық процеске сай билік ауысуы керек. Бұл жағдайда билік ауыспаса, демек, қоғамдық келісім жоқ, мемлекет басшылығы легитимсіз отыр деген сөз.

Дарон Аджемоглу мен Джеймс Робинсонның авторлығындағы «Неліктен ұлттар сәтсіздікке ұшырайды: биліктің, өркендеудің және кедейліктің пайда болуы» ғылыми зерттеуінде кейбір мемлекеттердің экономикалық өркендеуге жетуінің негізгі себептерін зерделеуде – географияны, мәдениет және әсіресе институционалдық айырмашылықтарды кеңінен талдайды. Авторлар инклюзивті және экстрактивті институттар арасындағы айырмашылыққа назар аударады. Инклюзивті институттар барлық азамат үшін ашықтықпен, қолжетімдікпен, заң алдындағы теңдікпен сипатталады және бұл экономикалық өсу мен инновацияға ықпал етеді. Экстрактивті институттар керісінше, адамдардың шағын тобы елдің экономикалық және саяси ресурстарын бақылайтын жағдайлар жасайды, көбінесе өз күштері мен ресурстарын жеке мүдделері үшін пайдаланады. Сыбайлас жемқорлық экстрактивті институттардың негізгі аспектісі болады. Өйткені бұл шағын элитаға билікті сақтауға және жалпы қоғамның есебінен байи түсуге мүмкіндік береді.

Экстрактивті институттардағы сыбайлас жемқорлық қоғамның мемлекеттік институттарға деген сеніміне нұқсан келтіреді, экономикалық өсу мен инновацияны баяулатады. Өйткені ол бизнес үшін теңсіздік тудырады, мұнда табыс көбінесе тиімділік пен инновацияға емес, билікке жақындық пен пара төлеу қабілетіне байланысты болады. Бұл ресурстардың тиімсіз бөлінуіне және экономикалық даму мен халықтың әл-ауқатының әлсізденуіне әкеледі.

Экстрактивті институттар өте өміршең. Биліктегі жеке тұлғалардың ауысуы, әдетте, экстрактивті институттардың басшылары мен бенефициарларының ауысуына ғана алып келеді. Жоғарыда аталған еңбекте дамуы тежеліп қалған Латын Америкасы елдері мен Солтүстік Америка салыстырылып алынған. Латын Америкасында жергілікті халықты құлдыққа салып, плантация немесе шикізат арқасында байып, өзінің капиталын арттыруға ұмтылған испан және португал колонистері өздері және өз ұрпағы үшін мемлекет құрған болса, отар елдерді индустриализациялап, дамытқан ағылшын колонистері озып кеткені тарихтан белгілі.

Біздің елде мемлекеттің тұрақты дамуы мен азды-көпті дәулеттің халық арасында біркелкі тарауын көздейтін инклюзивті институттар бар ма немесе елдің шикізатын сатып, шектелген топты байытып, болашақ ұрпақтың мүддесін таптайтын институттар басым ба? Бұл сұраққа жауап іздеу  үшін кейбір шетелдік сот істеріне шолу жасап көрейік.

ПАРА БЕРГЕН «ПАТРИОТҚА» АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ. ПАРА АЛҒАНДАР ҚАЙТТІ?

«Көптің көзі – көреген» деген  бабаларымыз... Талай жылдар бойы елімізде орын алған жаға ұстатар жайттарды көзімізбен көріп, қолымызбен ұстасақ та, тез ұмытып кеткендейміз. Мәселен, Нью-Йорк оңтүстік округінің бас прокуроры 2003 жылы Парижге ұшып бара жатқан жерінен Джеймс Гиффинді тұтқындайды. Бұл кәсіпкерге прокурор «Теңіз мұнай кен орындарында Батыс компанияларының мүддесін арттыру үшін Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларына пара берді» деген айып тағады. Сот істі қарау барысында Гиффин АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) тапсырмасымен әрекет еткен «нағыз патриот» екенін анықтап, оған бар-жоғы 25 доллар айыппұл  салады. Ал Швейцарияда пара алу үшін ашылған банк шотындағы ақшаны АҚШ соты Қазақстан азаматтарының оқуын қаржыландыруға жіберу шартымен ғана босатады. Онымен «Бота» қоғамдық қоры айналысқан. Сонымен қатар Қазақстан АҚШ-тың Ауғаныстандағы әскері үшін бірнеше әуе дәлізін ашып береді. Осылайша, әйгілі «Казахгейт» ісі мен АҚШ прокурорларының арқасында біршама азаматтар әлеуметтік көмекке қол жеткізді, ал АҚШ әскері жаңа транспорттық мүмкіндіктерге ие болады.  Шет мемлекеттер пара берушілерді осылай жауапқа тартып жатқанда Қазақстан тарапынан пара алушы бір адам да  айыпталмағаны таңғалдырады...

2007 жылы Техас штатының оңтүстік округінің прокуроры Джеймс Бюкененнің бастамасымен Baker Hughes Services International Inc. (BHSI) компаниясына «Карашығанақ» мұнай кен орнында аталған тараптың мүддесін өткізіп беру үшін «КазахОйлдың» лауазымды тұлғасына пара берді» деген айып тағады. Айыпталушы тарап «Шетелдегі сыбайлас жемқорлық туралы» заңды (FCPA) бұзғаны үшін кінәсін мойындап, 44 миллион АҚШ доллары сомасында айыппұл төлейді. Сондағы BHSI компаниясы «консультациялық қызмет көрсетеді» деп үшінші бір компанияға 4,1 миллион доллар төлеп үлгерген, есесіне, «Қарашығанақтан» түсетін табыстың 2 пайызы BHSI-тың қоржынына құйылған. Шындығанда, ешқандай қызмет көрсетілмеген. Біздің тарап тағы да тым-тырыс.

2009 жылы BG Group PLC британдық табиғи газ компаниясының басшысы Ерин Фуксқа «Қазақстанның лауазымды тұлғаларына 90 миллион АҚШ доллары көлемінде пара берді» деген айып тағылады.  Бұл іс барысында Федералды айыптаушы былай дейді: «..Өз жерлерінен алынған ресурстарды пайдалану құқығынан және мемлекеттік қызметкерлерден адал қызмет талап ету құқығынан айырылған Қазақстан халқын қоса алғанда, бұл паралардың көптеген құрбаны болды».  Сот BG Group PLC үшін үлкен айыппұлдармен аяқталады. Ал біз тағы да түк көрмегендей үнсіз қалдық.

2011-12  жылдары жаһандық гигант Compass Group-қа қарсы іс бойынша заңды құжаттарда Қазақстан үкіметінің шенеунігі мен оның отбасы Дубайда құны 19 000 долларлық демалысын Қазақстандағы Kaz Munay Gaz Services Compass (KMGSC) кәсіпорны арқылы өткізгені айтылған. Тағы бір шенеуніктің ұлының АҚШ университетіндегі оқу ақысын «фирма төлеген» деп көрсетеді. Ал еншілес компания «ҚМГ-ға, онымен байланысты мемлекеттік мекемеге сәнді көліктерді жеткізу бойынша мемлекеттік процедураларды айналып өтті» деп айыпталған. Жалпы, бұл іс бойынша  кемінде 5.4. миллион фунт стерлинг көлемінде залал келтірілгені жайлы айтылады. Біз жақ, әдеттегідей, тым-тырыс.

БАНКТЕР МЕН БЫЛЫҚТАР

2017 жылы Ұйымдасқан Қылмыс пен Сыбайлас жемқорлық туралы Есеп беру жобасы (OCCRP) әртараптандырылған Meridian Capital үшін құжаттарды рәсімдеумен айналысқан Бермудтағы Appleby заң фирмасы арқылы жария болған 6,8 миллион құпия жазбаларды зерттейтін БАҚ консорциумы  Suddeutsche Zeitung герман газеті арқылы келесі ақпаратты жариялайды. Есепке сәйкес, аталған компания құрылтайшыларының ішінде  мұнай және энергетика экс-министрі және бұрынғы «Казкоммерцбанктың» басқарма мүшелері бар көрінеді. Тұңғыш  президентке жақын тұлғалардың қарамағындағы Казақстан Халық банкі болымсыз қаржыға сатылардың алдында мемлекеттік қазынадан 7,5 миллиард доллар «сауықтандыру» көмегін алған Казкоммерцбанк Meridian Capital-ға аса қолайлы шарттармен қаржы беріп отырған. «Кредит берілген жобалар іске аспай қалса, бұл еш кедергісіз Казкоммерцбанктың шығынына айналып отырған» деген ақпаратты таратты Suddeutsche Zeitung газеті. Сонда мемлекеттен миллардтаған доллар алып отырған банк басқармасы биліктің төңірегіндегі адамдар құрған офшорлық компанияға ақшаны құя берген де, құйған ақшасы шықпаса: «Шығынға баттым», – деп мемлекеттен көмек сұрай берген. «Бұл жағдай Қазақстан халқына қанша залал келтірді?!» – деп неміс  журналистері шырылдап жүр.  Біз жақ тым-тырыс.

Дәл сол жылы АҚШ  Ұлыбританияның Қорғаныс алыбы Rolls-Royce Қазақстандағы энергиямен байланысты келісімшарттарды жеңіп алуға көмектесу үшін «35 миллион долларлық пара алу схемасына қатысы бар» деп айыпталған бес адамға қатысты қылмыстық іс қозғады.  Rolls-Royce компаниясының бұрынғы аға атқарушы директоры Джеймс Финли америкалық судьяның алдында сыбайлас жемқорлық үшін кінәсін мойындады. Роллс Ройстан пара алған халықаралық деңгейдегі жемқорлығымыздың жеткен жері – міне. Біз жақ тым-тырыс.

Бұлар – бізге шетелдік құқық қорғау органдарына мәлім болғандары ғана, беймәлімі қаншама.

Әлсіз институционалдық тетіктер: сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді агенттіктер мен бақылау тетіктерінің болмауы сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасауды жеңілдетуі мүмкін. Қылмыс жасағанда жауапкершілікке тартылу мүмкіндігі максимал болуы керек. Егер жүйе жемқор лауазымды тұлғаларды ақтап, қылмысын байқамағансып, жазаға тартылатындарды өз бетінше таңдап, бір жағынан, кешіріп жатса, жемқорлық қылмыстар санын сөзсіз арттырады.

Соңғы жылдары іске қосылған институционалдық тетіктер жайлы айта кетсек, табысты декларациялау міндеті – аса маңызды шара. Заңсыз табысты заңдастырумен күресу және табысты декларациялау параны кәдеге жарату мүмкіндігін төмендетеді. Бұл тек жемқорлық емес, барша пайда табуға бағытталған қылмыстардың жасалу мүмкіндігін азайтады. Мемлекеттік құрылымдардың іс-әрекеттерінде ашықтықтың болмауы сыбайлас жемқорлық үшін мүмкіндіктерді арттырады. Мемлекеттік, яғни салық төлеушілер мен азаматтардың қаражатына қатысты барлық жоба-жоспар және есептерде ашық ақпарат болуы тиіс. Әдетте, ештеңеге уақыты жетпейтін мемлекеттік органдарға белсенді азаматтық қоғамның мүшелері көмегін береді. Ақпарат ашық болса, журналистер мен белсенділер мемлекеттік шығындарды қосымша зерттеп, қылмыстарға назар аудартып отырады.

Шығу тегі дәлелденбеген капиталды сыйлау – үлкен қателік

Мәдени факторлар: кейбір қоғамда сыбайлас жемқорлық бизнесті жүргізудің немесе мемлекеттік құрылымдармен өзара әрекеттесудің қалыпты тәжірибесі ретінде қабылдануы мүмкін. Белгілі бір салада айырықша субмадениет қалыптасқаны бәріне айғақ. Мемлекеттік лауазымға жаңа ғана қол жеткізген туысымыздың аяқ астынан қалтасы қалыңдап жатса, тойға шықырып, ел алдында сөз беріп, мақтап, шапан жауып жатамыз. Мемлекеттік қызметте жүріп өзіне капитал жасап алған «кәсіпкерлерімізді» биік мінбеге отырғызып, табынып табанын жалаймыз. Шығу тегі дәлелденбеген капиталды сыйлау – үлкен қателік. Біздің әйгілі адамдарымызға қарсы Ұлыбританияда қозғалған іс барысында: «Біз өте берік және қыңырмыз. Біз әрқашан күмәнді капиталды бақылаудың заңмен берілген барлық құралын қолданатынымызды ескерттік және біз мұны жалғастырамыз», – деді NCA басшыларының бірі Грэм Биггар. Бай болу мәдениеті қалыптасқан мемлекеттерде капиталы күмәнді кісілермен басқа кәсіпкерлер тіпті қол алыспайды. Себебі қоғамның айыптауынан, тұтынушылардың байкотынан жасқанады. Сондықтан қоғамдық айыптаудың төмен деңгейі жемқорлықпен күресуге деген ынтаны төмендетуі мүмкін. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күрес заңнаманы күшейтуді, мемлекеттік органдар әрекеттерінің ашықтығын арттыруды, мемлекеттік басқару жүйесін жақсартуды және қоғамда сыбайлас жемқорлықтан бас тарту мәдениетін тәрбиелеуді қоса алғанда кешенді шараларды талап етеді.

Еліміздің тарихы терең және бай болғанымен, тәуелсіз мемлекетіміздің ғұмыры өте жас. Әу бастан Қазақстанға 100 пайыз сауатты, білімді, патриот халық бұйырған, ұлан-ғайыр жер берген, қойнауын байлыққа толтырған. Кеңес заманынан жүйелі инфрақұрылым, ата-бабамыздан аса бай мәдениет қалған. Тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңінде негізгі экспорт юниті –мұнайдың бағасы рекордты шамада шарықтап кеткенін білеміз. Еліміздің экономикалық өркендеу әлеуетін мүмкіндігінше жүзеге асыра алмауы –  жаһандық проблемалардың кесірі емес, экстрактивті институттардың әсері. Инклюзивті институттарды қалыптастыру жолына түскен болсақ, елімізді демократияландыруды  үдету керек, күдікті капиталдармен күресу керек, құқық қорғау жүйесін жетілдіріп, сот жүйесінің толық тәуелсіздігін қамтамасыз ету керек! Жемқорлық қылмыстар үшін жазалауды толық қамтамасыз етіп, ашықтық пен қоғамдық бақылауға жол ашу қажет! Жасанды интеллект, блокчейн, биоинжинерия сынды жоғарғы технологиялық бағыттарда шарықтап кетудің алдында тұрған әлемде орнымызды табу үшін азды-көпті жинаған дәулетімізді тиімді жұмсау – ендігі ұрпақтың басты міндеті.

Сырым Әбіл,

Астана қаласы

Дереккөзі: «Қазақ әдебиеті» газеті, №11 (22 наурыз, 2024 жыл)

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5297