Су тасқыны: Қостанайда төтенше жағдай жарияланды
Су тасқыны қауіпіне байланысты Қостанайда төтенше жағдай режимі жарияланды. Өңірге Қазақстанның ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов барды.
Қостанай әкімі Марат Жүндібаев су тасқынына байланысты ТЖ режимін жариялады. Тасқын судың шарықтау кезеңі бүгін болады деп болжанған.
«Өйткені Тобыл өзенінің деңгейі көтеріліп келеді. Қаратомар су қоймсынан су жіберу секундына 2640 текше метрге дейін ұлғайтылды. Қаратомардан шыққан су түстен кейін бізге жетеді. Яғни, бұл – қаланың маңынан секундына шамамен 3 жарым мың текше метр су ағып өтеді деген сөз. 2000 жылы Қаратомар секундына 1700 текше метр су жіберген. Ал бүгін су ағыны секундына 4 мың текше метрге дейін жетуі әбден мүмкін», - деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Қала әкімі төтенше жағдайдың осы қауіптің алдын алу үшін енгізіліп жатқанын айтты. Қостанайда 1000-нан астам адамды қабылдай алатын 20 шақты эвапункт дайындалған.
Abai.kz