Жұма, 18 Қыркүйек 2026
Билік 2676 0 пікір 12 Тамыз, 2026 сағат 17:18

Жаңа Конституция мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты қалай өзгертеді?

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.

Жаңа Конституция мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылын қалай өзгертеді, азаматтық бастамалар үшін қандай мүмкіндіктер ашады және неліктен формалды қатысудан мазмұнды қатысуға көшу маңызды? Бұл туралы «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Нұрас Ералы сұхбат барысында айтып берді.

– Жаңа Конституцияның Қазақстанның одан әрі дамуы үшін маңызын қалай бағалайсыз? Сіздің ойыңызша, қандай өзгерістер ең маңызды?

– Жаңа Конституцияның қабылдануы – Қазақстанның және оның мемлекеттік-құқықтық жүйесінің дамуындағы маңызды кезең. Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес. Ең алдымен, ол мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынастың негізін айқындайды, олардың құқықтарын, бостандықтары мен жауапкершілігін белгілейді.

Азаматтардың қоғамдық өмірге қатысуына және азаматтық қоғам институттарын одан әрі дамытуға ерекше мән берілген. Бүгінде қоғамдық ұйымдар, қоғамдық кеңестер, бастамашыл топтар және азаматтық қоғамның басқа да институттары мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

«Қазақстанның Азаматтық Альянсының» қызметі аясында бұл бағыттағы жұмыс негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Біз қоғамдық ұйымдармен және өңірлік азаматтық альянстармен өзара іс-қимыл жасаймыз, қоғамдық және диалог алаңдарын дамытамыз, бастамашыл топтарды қолдаймыз және азаматтарды тікелей толғандыратын мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретін жағдайлар жасаймыз. Адамдардың заңмен бекітілген құқықтары ғана емес, өз пікірін білдіруге, оның ескерілуіне және өз өмірі мен өңірінің дамуына қатысты мәселелерді шешуге қатысуға нақты мүмкіндіктері болуы өте маңызды.

Мықты азаматтық қоғам дәл осындай белсенді араласудан басталады. Адам өзін сырттай бақылаушы ретінде емес, елдің дамуына өз үлесін қоса алатын әрі бұл үдеріске жауапты азамат ретінде сезінуі керек.

Сондай-ақ тарихи және мәдени мұраға ұқыпты қарау қағидатының Конституцияда бекітілуін ерекше атап өткен жөн. «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» бұл бағытта да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау бағытындағы волонтерлік қозғалысты дамытуға үлес қосып отырмыз. Мұра – бұл бізге өткеннен жеткен құндылық қана емес, оны сақтап, келешек ұрпаққа аманат ету – біздің міндетіміз.

– Жаңа Конституцияның қабылдануы азаматтық қоғамның ел өміріне қатысуына қалай әсер етті? Қоғамдық бастамалар мен мемлекетпен диалог жүргізу үшін мүмкіндіктер артты ма?

– Жаңа Конституция мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы сындарлы әрі мазмұнды диалогты дамытуға қосымша негіз қалыптастырады.

Бүгінде ҮЕҰ, сарапшылар қауымдастығы және белсенді азаматтар әлеуметтік маңызы бар мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды талқылауға қатысуға, ұсыныстар әзірлеуге және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік алды. Мұндай тетіктер әсіресе қабылданатын шешімдер адамдардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін өңірлік және жергілікті деңгейлерде маңызды.

Алайда мүмкіндіктердің болуы өздігінен нәтиже береді деп айтуға болмайды. Азаматтардың қолданыстағы қатысу тетіктерін пайдалануға дайын болуы, бастама көтеруі және өз қауымдастықтарының дамуына жауапкершілік алуы маңызды. Ал мемлекеттік институттар, өз кезегінде, мұндай диалогқа ашық болып, нақты кері байланысты қамтамасыз етуі қажет.

Сондықтан келесі маңызды кезең – формалды қатысудан мазмұнды қатысуға көшу. Яғни қоғамдық бастамалар жай ғана тыңдалып қоймай, нақты қаралып, оларға кері байланыс беріліп, мүмкін болған жағдайда қабылданатын шешімдерде ескерілуі керек. Дәл осындай тәсіл мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, азаматтардың қатысуын шын мәнінде тиімді етеді.

– Конституцияда бекітілген қандай өзгерістер қазірдің өзінде іс жүзінде сезіледі, ал қай өзгерістерді іске асыру үшін әлі уақыт қажет?

– Жаңа Конституцияның күшіне енгеніне бір айдан сәл ғана асты. Ауқымды конституциялық өзгерістерді толық іске асыру үшін белгілі бір уақыт қажет. Дегенмен қазірдің өзінде азаматтар үшін тікелей маңызы бар бірқатар өзгерістерді атап өтуге болады. Олардың қатарында адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейту, оларды құқықтық қорғаудың қосымша тетіктерін енгізу, цифрлық құқықтар мен дербес деректерді қорғауға қатысты нормаларды бекіту бар.

Конституцияда әлеуметтік кепілдіктерге, денсаулық сақтауға, білім беруге, экологиялық жауапкершілікке, сондай-ақ тарихи және мәдени мұраны сақтауға да ерекше көңіл бөлінген.

Мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер де айрықша назар аударуды қажет етеді. Жаңа модель белгілі бір институционалдық өзгерістерді көздейді және оларды толыққанды іске асыру үшін де уақыт қажет болады. Қазіргі таңда ел өтпелі кезеңді бастан өткеріп отыр: жаңа конституциялық нормалар біртіндеп заңнамада және мемлекеттік институттардың қызметінде көрініс табуда.

– Сіздің ойыңызша, конституциялық реформаларды іске асыруда қоғамдық ұйымдар қандай рөл атқаруы тиіс?

– Үкіметтік емес ұйымдар конституциялық реформаларды іске асыруда маңызды рөл атқарады. Өйткені олар мемлекеттік шешімдерді қоғамның нақты қажеттіліктерімен байланыстыруға елеулі үлес қоса алады.

Ең алдымен, азаматтарды болып жатқан өзгерістер туралы ақпараттандыру және жаңа нормаларды қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіру маңызды. Конституция мен оған байланысты заңнамалық өзгерістер тек заңгерлер мен мамандарға ғана емес, әрбір азаматқа түсінікті әрі қолжетімді болуы керек.

Кері байланыс та аса маңызды. Біз адамдармен тікелей жұмыс істейміз, өңірлердегі мәселелерді жақсы білеміз және қандай мәселелер қосымша назар аударуды қажет ететінін, қандай бастамалардың сұранысқа ие екенін, сондай-ақ азаматтардың іс жүзінде қандай қиындықтарға тап болатынын көре аламыз.

Бұдан бөлек, қоғамдық сектор реформаларды іске асыруға сараптамалық үлес қоса алады, қоғамдық мониторингке, заңнамалық бастамаларды талқылауға және қабылданатын шешімдердің тиімділігін бағалауға қатыса алады. Бұл ретте қоғамдық ұйымдардың міндеті мемлекеттік бастамаларды қолдаумен ғана шектелмеуі тиіс. Қолданыстағы мәселелер туралы ашық әрі сындарлы түрде айтып, оларды шешудің нақты жолдарын ұсыну да маңызды.

– Сіздің ойыңызша, азаматтардың жаңа Конституцияның ережелерін білуі және өз құқықтары мен міндеттерін түсінуі неліктен маңызды?

– Өз құқықтары мен міндеттерін түсінбей, ел өміріне толыққанды қатысу мүмкін емес.

Конституцияны білу азаматқа өзінің қандай құқықтары мен мүмкіндіктері бар екенін, оларды қорғау үшін қайда жүгіне алатынын, қоғамдық өмірге қалай қатысуға болатынын және өз қаласында, өңірінде, жалпы елде болып жатқан үдерістерге қалай ықпал ете алатынын түсінуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар азамат өз құқықтарын ғана емес, қоғам мен мемлекет алдындағы міндеттері мен жауапкершілігін де білуі маңызды. Бұл әсіресе тарихи және мәдени мұраны сақтау, экологиялық жауапкершілік, цифрлық қауіпсіздік, басқа азаматтарға құрметпен қарау және өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселелеріне қатысты өзекті.

Конституция тек мемлекеттік мекемелерде сақталатын немесе мамандар ғана зерделейтін құжат ретінде қабылданбауы керек. Ол қарапайым азаматқа түсінікті болып, күнделікті өмірде өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс бағдарлауға көмектесуі қажет.

Сондықтан мемлекет пен азаматтық қоғамның маңызды міндеттерінің бірі – адамдарға Конституцияның ережелері туралы жай ғана ақпарат беру емес, осы нормалардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін және әр азаматқа қандай мүмкіндіктер беретінін түсіндіру.

Мықты мемлекет тек тиімді мемлекеттік институттарға ғана емес, өз құқықтарын білетін, міндеттерін орындайтын және елдің дамуындағы өз рөлін түсінетін жауапты қоғамға сүйенеді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1310
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2874
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 966
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 902