Сенбі, 23 Қараша 2024
Қарғын су: 1104 1 пікір 8 Сәуір, 2024 сағат 14:28

Табиғаттың сынағынан сабақ аламыз ба?

Коллаж: Abai.kz

Алла тағала, табиғат мемлекетімізге, қазақ халқына тағы да бір үлкен сынағын жіберіп отыр. Еліміздің он шақты өңірін топан су басып, қарапайым халық үй-жайынан, дүние-мүлкінен, төрт түлік малынан айрылып, басқа өңірлерге уақытша көшіріліп жатыр.

Бұл жайбарақат халқымыз үшін де, халық үшін бастары ауырмайтын әкім-қара мен басқа да шенеуніктер үшін қашан да күтпеген жерден, аяқ астынан келген нәубет болды. Біздің қашаннан әдетіміз емес пе, қыстың келетінін де, көктемде судың таситынын да ұмытып, әлгі орыстар айтатындай бір жерімізді бір нәрсе шұқыған кезде ғана қимылдай бастайтынымыз. Бірақ  биылғы судың тасуы өткен жылдармен салыстырғанда айрықша екпінді болғанын да айта кеткен жөн.

Кешегі Президентіміздің Қазақстан халқына жолдаған үндеуінде айтылғандай осындай су тасқыны соңғы сексен жылдың ішінде болмаған екен. Бірақ бұл мәлімет тиісті республикалық және жергілікті мемлекеттік органдардың осындай нәубетке дайын болмауына немесе жайбарақаттыққа салынуларына негіз болмауы тиіс. Мемлекетіміздің су және ауыл шаруашылығы салаларының мекемелері, Төтенше жағдайлар министрлігінің тиісті қызметтері, қалалардың коммуналдық кәсіпорындары, автомобиль жолдарын пайдалану жүйесі әрқашанда көктемгі су тасқынының ең жоғары деңгейіндегі мөлшеріне дайын болулары қажет.

Бүгінгі күні бәріміздің тіліміздің ұшында, осындай мүшкіл жағдайға қалай тап болдық, деген сұрақтың тұратыны сөзсіз. Ол сұраққа жауап беру үшін еліміз басынан кешірген, тәуелсіздік алғаннан бергі, отыз жыл тарихымызды талдап шығуымыз қажет. Осы өткен отыз жыл еліміздің су шаруашылығы және мелиорация саласы үшін толық күйреу кезеңі болды десек артық айтқандық емес. Осы бір қай мемлекет үшін болмасын аса маңызды саланың біздің елде жетімнің күйін кешуі, саланың мемлекеттік өкілетті органы ҚР Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің қысқартылып, оның орнына Су ресурстары комитеті құрылған кезден басталды десек қателеспейміз. Аталған комитет отыз жыл ішінде, біресе Ауыл шаруашылығы министрлігіне, біресе Экология және қоршаған орта министрлігіне беріліп, екі ортада футбол добындай төрт-бес рет бірінен-біріне өтіп, бүгінгі күні ешкімге керегі жоқ жетім баланың жағдайына жеткені ащы шындық. Көрші туыс мемлекеттер, Өзбекстан мен Қырғызстан бұрынғы кеңес кезеңінен келе жатқан салалық министрліктерін сақтап, оларды қаржыландыру деңгейін  жылдан жылға еселеп отырса, біз барымызды жоғалтып, олармен салыстырғанда он бес-жиырма жылға кейін қалып отырмыз.

Су шаруашылығы саласының бүгінгі күнін талдағанда, оны бұрынғы кеңес кезеңі кезіндегі жағдайымен салыстырған дұрыс болатын тәрізді. Сол өткен ғасырдың сексенінші жылдарын алып қарасақ, су шаруашылығы және мелиорация саласының аса тиімді жұмыс істейтін республикалық жүйесі болатын. Сол жүйенің негізінде, республика деңгейінде министрлік, облыс деңгейінде үлкен басқарма, аудан деңгейінде суландыру жүйесі басқармалары (Управление оросительных систем, УОС), әр облыста гидротехникалық нысандарды салатын үлкен трестер мен осы нысандарды жобалайтын институттар мен олардың филиалдары, жұмыс жасайтын. Сол жылдары мен өзім жиырма жылдан аса қызмет атқарған, бүгінгі күні су астында қалып отырған, бұрынғы Торғай облысы, қазіргі Қостанай облысына қарайтын Арқалық өңірі, Аманкелді және Жангельдин аудандарында, су шаруашылығы саласында жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін орасан зор сомадағы қаржыға су ресурстарын тиімді пайдалануға, оны реттеп отыруға қажетті нысандар салынатын және су тасқынына қарсы іс-шаралар іске асырылатын. Сол өңірде жыл сайын көптеген кішігірім су қоймалары (пруд-накопителдер, копандар, т.б.), лимандап суару жүйелері, басқа да жайылымдарды суғаруға бағытталған нысандар салынатын, оларға күрделі және ағымдық жөндеулер жүргізілетін. Осы іс-шаралардың бәрі түптеп келгенде көктемгі су тасуы кезінде судың өзен арнасына шығып кетпей, осы нысандарға бөлініп таратылып, тасқынның екпінін басуға мүмкіндік беретін. Оның сыртында, министрліктің орталық аппаратының тиісті бөлімдері, өңірлік бассейндік инспекциялар, республикалық Казгидромет синоптикалық қызметтерімен және көршілес мемлекеттердегі әріптестерімен бірлесе отырып ірі су көздерінің деңгейі мен жинақталған қорларына мониторинг жасап отырып, жергілікті жерлерде жыл сайын жаңа жылдан кейін құрылатын су тасқынына қарсы іс-шаралар атқаратын комиссияларға өздерінің ұсыныстарын беріп отыратын. Ал жергілікті ауыл және су шаруашылығы органдары, қалалардағы коммуналдық шаруашылық мекемелері, автомобиль жолдары басқармалары осы ұсыныстардың негізінде өздерінің жұмыстарын ұйымдастыратын. Бүгінгі күні осы аталған жұмыстардың оннан бірі істеліне ме, жоқ па белгісіз.

Бүгінгі күні орталық министрлік, Су ресурстары және ирригация министрлігі, құрылды. Ол министрлік өз жұмысын енді-енді жолға қойып жатқан секілді. Министрліктің жұмысын жүйелі түрде іске асыру үшін оның вертикалдық жүйесін, облыс және аудан деңгейлерінде, құру керек. Әр өңірде осы саланың құрылыс нысандарын салатын арнайы компаниялар және жобалау мекемелері құрылуы тиіс. Аталған жұмыстардың бәрі бос сөз болып қалады, егер саланың құрылыс нысандарын салуға және күрделі жөндеуге толық көлемде қаржы бөлінбесе. Осы жұмыстарды көп сөзбұйдаға салмай, су тасқыны өткен бойдан қолға алу қажет.

Су шаруашылығы саласының тағы бір, шешуін таппай тұрған, мәселесі ол осы саланы кадрмен қамтамасыз ету жайы. Жалпыға белгілі, бұрын бүкіл республиканы қажетті мамандармен Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында орналасқан Гидромелиоративтік-құрылыс институты қамтамасыз етіп келген болатын. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары республика басшылығының шолақ саясатының нәтижесінде аталған жоғарғы оқу орны оптимизацияға ұшырап, Тараз қаласының басқа да жоғарғы оқу орындарымен біріктіріліп жіберілді. Нәтижесінде бүгінгі күні республикада инженер-гидротехник мамандары өзімізде дайындалмайды десе де болады. Айта берсек, тіпті бүгінгі күні Қазақстанда осы су проблемаларын жете түсінетін, трансшекаралық су мәселелері бойынша Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей су мамандарымен терезесі тең дәрежеде келіссөз жүргізе алатын мамандар қалмады десем артық айтқандық емес. Көп жылдар бойы елімізде Мелиорация және су шаруашылығы министрі болып қызмет атқарған Қыпшақбаев Нариман ағамыз  да саланың осы мүшкіл халын тыңдар құлаққа жеткіземін деп шырылдап, қақпаған есігі қалмаған шығар. Бірақ ол кісінің айтқанын құлаққа ілген біреуді көрмедік.

Біз, осы саланың ардагерлері, су шаруашылығы саласының бүгінгі бишара халін көріп ішіміз қан жылайды. Бұл мәселенің шешімі уақыт күттірмейтінін түсінетін кез келген сияқты. Су бүгін көп, бірақ күні ертең су тапшылығын айқын сезінетініміз айдан анық. Әрине су тегін, бірақ оның да сұрауы бар.

Сәмет Ықыласұлы Байқоңыров,

Ақтау қаласы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371