Дүйсенбі, 27 Сәуір 2026
Жөн-ақ 146 0 пікір 27 Сәуір, 2026 сағат 13:02

Алакөл мен Ыстықкөлдің айырмашылығы неде?

Суреттер: inbusiness.kz, issykkul.biz сайтынан алынды.

Алакөл – айналайын жырақ тұрған,
Мен Жүсіп, өлең сөзді құрастырған.
Аяқты ісік шалып, етік симай,
Суыңа ем болар деп келіп тұрған.
Ат арбаға таңылып, әрең жеттім,
Арқада залал қылып бір антұрған,

- депті, өз заманында, шипалы көлге
ем алуға келген, арқаның сері жігіті

Жүсіп Байназарұлы.

 

Осы Алакөлдің жағасына, өз заманында жоңғар - қалмақпен соғысқан еліміздің ұлы батыры Ер Қабанбай, шайқаста жараланған сарбаздарын көл суына алып келіп, біраз күн қалдырып кетеді екен. Қылыш шапқан, найза жырған, жебе тиген жаралы сарбаздар, судын шипасымен қайтадан тік тұрып, қатарға қосылатын көрінеді. Көлдің ерекше қасиетін, сол заманның өзінде- ақ қалың қазақ білгенге ұқсайды.

Алакөл – тұзды, ағынсыз көл. Әсемдігімен көңілге қуаныш ұялататын ол теңіз деңгейінен 347 метр биікте орналасқан. Ұзындығы 104, ені 52 шақырымды құрайды. Алакөлде демалыс орындарының көптеп орналасуы – суының минералдарға толы болуында. Оның құрамында Менделеев кестесіндегі элементтердің көбі кездеседі. Құрамы жағынан Канаданың атақты Атабаска көліне және Қара теңізге жақын.

Суының жаздық орташа температурасы – 27 градус. Судағы минералдар тыныс алу мүшелері, бұлшық ет, жүйке жүйесі ауруларымен қоса, тері ауруларында, радикулит, өкпе, обыр ауруының ең алғашқы кезеңінде оң ықпал етіп, жазылуға жағдай тудырады.

Мен, мектепте төменгі сыныпта оқып жүргенімде, жақсы оқығандарды осы Алакөлге алып келуші еді. Көп алыс емес. Сонда көлдің жағасында ғарышкерлердің ағаштан қиюластырып салған екі қабатты демалыс үйі тұрушеді. Мұғаліміміз үйдің қасына алып келіп, бізге ғарышкерлер түралы түсініктеме беретін. Сонан кейін, үйдің қабырғасын сипаңдар дейтін. – Сонда, сендер де үлкейгенде осындай ғарышкер боласындар -, деуші еді. Біз қабырғаны қуана сипап, содан кейін үстімізді сипайтынбыз. Қатты қуанатынбыз.

Сонымен, ары кеттік.

Қазақстан мен Қырғызстан аумағында орналасқан Алакөл мен Ыстықкөл – Орталық Азияның табиғи жауһарлары. Екеуі де өзінің көркем табиғатымен, емдік қасиетімен және туристік әлеуетімен ерекшеленеді. Алайда, сыртқа ұқсас болып көрінгенімен, бұл екі көлдің табиғи болмысы, жағрапиялық орналасуы, су құрамы мен климаттық ерекшеліктері айтарлықтай өзгеше. Осы тұрғыдан алғанда, Алакөл мен Ыстықкөлдің айырмашылықтарын зерделеу – тек жағрапия немесе туризм үшін ғана демейік, табиғат құбылыстарын түсіну үшін де маңызды.

Ең алдымен, жағрапиялық орналасуына назар аударайық. Алакөл Қазақстанның шығыс бөлігінде, Алматы және Абай облыстарының шекарасында орналасқан. Ол Жетісу Алатауы мен Тарбағатай жоталарының аралығындағы ойпатта жатыр. Ал Ыстықкөл Қырғызстан аумағында, Тянь-Шань тауларының ортасында орналасқан биік таулы көл болып табылады. Бұл айырмашылық олардың табиғи жағдайларына тікелей әсер етеді. Алакөл теңіз деңгейінен шамамен 347 метр биіктікте орналасса, Ыстықкөлдің биіктігі 1600 метрден асады. Демек, Ыстықкөл – әлдеқайда биік таулы аймақта жатқан көл.

Көлдердің көлемі мен тереңдігі де бірдей емес. Алакөлдің ауданы шамамен 2650 шаршы шақырым болса, Ыстықкөлдің аумағы 6200 шаршы шақырымнан асады. Яғни Ыстықкөл көлемі жағынан екі еседен астам үлкен. Тереңдігіне келсек, Алакөлдің ең терең жері шамамен 54 метрге жетсе, Ыстықкөлдің тереңдігі 600 метрден асады. Бұл көрсеткіштер Ыстықкөлдің тек көлемі емес, жағрапиялық құрылымы жағынан да айтарлықтай ерекшеленетінін көрсетеді.

Сол секілді, су құрамы мен қасиеттері тұрғысынан да айырмашылық айқын байқалады. Алакөлдің суы тұзды әрі минералдарға өте бай келеді. Оның құрамында емдік қасиеті бар элементтер көп болғандықтан, тері ауруларына, буын сырқаттарына шипа ретінде кеңінен қолданылады. Алакөлдің суы мен қара балшығы халық медицинасында да жоғары бағаланады. Ал Ыстықкөлдің суы сәл тұзды болғанымен, ол Алакөлге қарағанда әлдеқайда жұмсақ әрі мөлдір. Ыстықкөлдің басты ерекшелігі – оның суы қыста қатпайды. Бұл құбылыс көлдің атауына да негіз болған: «Ыстықкөл» – «жылы көл» деген мағынаны білдіреді.

Климаттық ерекшеліктер де бұл екі көлдің айырмашылығын айқындай түседі. Алакөл маңында континенттік климат басым: жазы ыстық, қысы суық әрі желді. Бұл өңірде әсіресе «Ебі желі» деп аталатын қатты жел жиі соғады. Ал Ыстықкөлдің климаты жұмсақтау. Таулы аймақта орналасқандықтан, жаз мезгілі салқындау, ал қыс мезгілі аса қатал емес. Көлдің қатпауына да осы жұмсақ климат пен судың тұздылығы әсер етеді.

Табиғи ландшафт пен қоршаған орта да екі көлді өзара ерекшелейді. Әсіресе, Алакөл қорығы сирек кездесетін құстарымен танымал. Бұл жерде әлемде анда-санда кездесетін реликт шағала ұялайды. Ал Ыстықкөлдің айналасы орман алқаптары, альпілік шалғындар мен қарлы шыңдар үйлесім тапқан.

Туризм тұрғысынан қарағанда да айырмашылықтар бар. Алакөл соңғы жылдары Қазақстан азаматтары үшін қолжетімді әрі танымал демалыс орнына айналды. Мұнда инфрақұрылым біртіндеп дамып келеді, демалыс базалары, пансионаттар көбейген.

Тағы бір маңызды айырмашылық – экономикалық және мәдени маңызы. Алакөл Қазақстан үшін ішкі туризмді дамытуда маңызды рөл атқарады. Ол – халықтың денсаулығын жақсартуға арналған табиғи шипажайлардың бірі. Ал Ыстықкөл Қырғызстан экономикасының негізгі туристік орталықтарының бірі саналады. Бұл көл елдің халықаралық деңгейде танылуына ықпал етіп отыр.

Сонымен қатар, экологиялық жағдай назар аударуды талап етеді. Алакөл аймағында соңғы жылдары туристер санының артуы табиғи ортаға қысым түсіріп отыр. Ресейдің Алтай өлкесі және Омбы облыстарының тұрғындары тұтасымен келеді. Сондай-ақ, кейінгі бірнеше жыл көлемінде Қытайдың Шыңжан жағынан да туристер қаптап келетін болды. Өткен жылдары осы Үржар жағына демалуға 10 милионға таман демалушылар келген дейді. Ыстықкөлде де экологиялық проблемалар бар, әсіресе жағалау аймақтарының шамадан тыс игерілуі табиғи тепе-теңдікке әсер етуде. Сондықтан екі көл үшін де экологияны сақтау – басты міндеттердің бірі.

Қорыта айтқанда, Алакөл мен Ыстықкөл – табиғаттың екі бірегей туындысы. Бірі – қасиетті, шипалы, тұзды суымен ерекшеленсе, екіншісі – биік таулы аймақтағы жұмсақ климатымен, мөлдір әрі қатпайтын суымен дараланады. Екеуі де өз елдері үшін баға жетпес байлық әрі туристік әлеуеті зор нысандар. Осы айырмашылықтарды түсіну арқылы біз тек жағрапиялық білімімізді кеңейтіп қана қоймай, табиғатқа деген құрметімізді де арттыра түсеміз.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір