Abai.kz порталы еліміздің су басқан аймақтарына гуманитарлық көмек жіберді
Биыл - Abai.kz ақпараттық порталына 15 жыл. 2009 жылы 15 сәуірде ақпарат кеңістігіне шыққан Abai.kz ақпараттық порталы осы күндері елінің бүгіні мен болашағын ойлаған азаматтардың айбарлы мінберіне, аламан пікірлі алаңына айналды.
Біздің ұжым осы бір дөңгелек датаға орайластырып бірқатар іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Алайда тосыннан болған тасқын су республикамыздың ондаған өңірін басып, еліміз төтенше жағдайды бастан кешіруде.
Мұндай алағай да бұлағай уақытта Abai.kz ақпараттық порталы да той-тойлап жатуды жөн санамады. Үй-жайын су басқан ағайынның мұңы – біздің мұң. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», деген. Сол себепті, Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы еліміздің су басқан аймақтарындағы ағайынға гуманитарлық көмек жөнелтуді жөн деп тапты.
Дәурен Қуат,
«Абай-ақпарат» Қоғамдық қоры, «Abai.kz» ақпараттық порталының президенті:
– Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен тар заманға тап болып тұрмыз. Еліміздің басына қиын-қыстау кезең келді. Бұл бізге үлкен сынақ болып тұр. Осындай кезде қарлығаштың қанатымен су сепкендей бір көмегіміз, жәрдеміміз болсын деп, қарғын су қаптаған аймақтарға Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы атынан азық-түлігімізді жіберіп отырмыз.
Биыл Abai.kz ақпараттық порталының 15 жылдығы еді. Осыған орай өзіміздің әріптестеріміздің, тілеулес жақындарымыздың ортасында отырып, 15 жылдығымызды атап өтеміз бе деп ойлағанбыз. Бірақ, мынадай жағдайда той тойлауға болмайды. 15 жылдыққа жоспарлаған іс- шараларымызға деген қаражатқа азық-түлік, керек-жарақ алып, су жайылған аймақтардағы елге жіберуді жөн көрдік.
Біз мұны жарнама үшін айтып отырған жоқпыз. Оқырманымыз, қалың еліміз болмаса біз кімге керекпіз? Еліміз аман болсын! Ел іргесі бүтін болсын! Өзге әріптестеріміз біздің осы бастамамызды іліп әкетіп, сөз көмегін де, қол көмегін де береді деп ойлаймыз.
Нұргелді Әбдіғаниұлы,
Abai.kz ақпараттық порталының Бас редакторы:
– Еліміздің батыс, солтүстік, шығыс аймақтарында қарғын судан зардап шегіп жатқан ағайындардың мұңы – біздің мұң. Abai.kz ақпараттық порталының гуманитарлық көмегі еліміздің батыс аймағына жөнелтілгелі отыр.
Біз өзіміздің 60 отбасына арналған гуманитарлық көмегімізді Алматы қаласында орналасқан еріктілер штабына жеткізіп тапсырып, сондағы фронт-кеңсе еріктілерінің көмегімен Атырау облысын бетке алып бара жатқан жүк көлігіне тиедік.
Су басқан аймақтардағы ағайынның сұрауы және еріктілер штабының кеңесі бойынша, гуманитарлық көмек ретінде азық-түлік (алыс жолға жарамды), тұрмыстық және жеке гигиеналық заттар сатып алынды.
Abai.kz республикалық-ақпараттық порталы ел басына түскен қазіргідей қиын кезеңдерде азаматтық, қоғамдық бастамалардан тыс қалған емес. Бұл қиындықта да ел болып жұмылып, апатты еңсеру біздің қолымыздан келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Бағдат Анарбаева,
Алматы қаласы еріктілер штабының жетекшісі:
– Бүгін жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмектер Атырау облысына жөнелтіледі. Сондағы еріктілер штабы облыс аумағына бөліп таратады.
Біздің штабымызда күн сайын 150-ге жуық ерікті жұмыс жасап жатыр. Одан бөлек бізге әскери курсанттар келіп көмектесуде. Қазір штабтың жұмысына қаламыздың 20-ға жуық қоғамдық ұйымдары жұмылдырылған.
Осы қиындық басталған сәттен бастап 10 тонна гуманитарлық көмекті Оралға жібердік. Бүгін әуетасымалы арқылы Атырау облысына бірінші партия гуманитарлық көмек жөнелтілді. Қазір жүк көлігі арқылы 30 тонна көмек жіберіліп жатыр. Сіздердің аманаттарыңыз сол жүк көлігіне тиеліп, көмекке зәру жандардың қолына тиетін болады.
Abai.kz ақпараттық порталының гуманитарлық көмегі: (Фотобаян)
Abai.kz