Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 1359 0 пікір 10 Сәуір, 2024 сағат 17:21

Адамгершіліктің сынға түсер уақыты

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Кеше кешке студент немерем аяқ астынан шкафтарын қопарып, сөмкелерін ақтарып әуреге түсті де қалды... Апасы оны, әрине, жақтырып отырған жоқ – киім-кешегін реттеп, орын-орнына қойып беретін өзі болғасын – реттіліктің бұзылғанын қалай ғана жақтырсын... Немере оны елей қоймады... Сосын апа орнынан ақырын тұрып: «Не іздеп жатырсың? Маған айтсаң іздегеніңді тауып берем ғой», - деді, қатқылдау үнмен. Сонда ғана оның «сүйікті баласы»: «Апа, менде кимей жүрген, не, симай қалған киімдерім бар ғой, жап-жаңа күйінде көбі. Солардың тәуірін жиып, су басқан жаққа жіберетін орталыққа апарайын деп едім, сол үшін іздеп жатырмын», - деді... Бір уақытта қарасам, екеуі теңдерді қосылып «қопарып» жатыр екен. Апасы: «Мынау зат  еуростандарт, мына аяқ киім немістікі, міне, Турциядан алған курткаң т.т.» деп, сұрыптап, бір жерге үйе бастапты...

Қазақта бір жақсы мақал бар: «Жақсы көргенін айтады, жаман бергенін айтады» деген... Сол айтқандай, кей оқырман «Бұл ағамыз бергенін айтып, тауық құсап тары теріп кетіпті ғой» демесін, менің айтпағым басқа, ол - жалпы адамзатқа, жалпы барлық адамға тән қасиет – адамгершілік ілімі туралы болмақ...

Адамгершілік... Қазақтың осы бір сөзі қалай ғана мәні мен айтылуы әбден жарасып, ешбір мінсіз, адамның бар болмысын білдіретін сөз болып қалыптасты екен десеші? Ол бізге жұмбақ. Сірә, бұл сөз сонау көне замандарда, біздің арғы тегіміз қиқулап жүріп жабайы жылқы ұстап, оны қолға үйрете бастағаннан, қасқырға бұғау сап, оны қолдан тамақтандырып, абадан тағының асау аранын басып, оны айтқанына көндіре бастағаннан қалыптасты ма деймін... Өйткені, сол заманда-ақ олар өзіне «бағынған жануар» мен өзінің одан айырмасы неде екеніне ой жүгірте бастаған болар, бәлкім... Міне, сол сәттің бірінде оның тілінің ұшына «адам», «адамгершілік» деген сөздер келді ме деп шамалаймын.   Сөйтіп, ілкі заманнан тілге енген бұл сөз болашақта пайда болатын қазақ деген халықтың ана тіліне ың-шыңсыз, жымдаса енген сыңайлы: «адам» - «адам» боп, адами қасиет – «адамгершілік» боп...

Адамзат өсті, дамыды, ой-санасы кеңіді, өресі артты. Бірақ бұл – осымен бірге адамзаттың адами қасиеттері үздіксіз жетіліп отырды дегенді білдірмесе керек... Сондықтан, адамзат ой-санасы өсуімен бірге «Адамгершілік дегеніміз не?», «Ол қалай пайда болады, қалай қалыптасады?», «Оны қалыптастыру жолдары қандай?» «Оның сипаты неде?» деген сұрақтарды үнемі қойып келеді, үнемі қоя беретін болады. Себебі, адам өмірі – уақытпен өлшеулі болса, адамзат өмірі – замандармен өлшенеді.  Ал, өз кезегінде, замандар өзгеріп отыратындықтан, адамдар сол заманға лайықты, бірақ түпкілікті мағынасынан ажырамаған «адамгершілік» ұғымын ретке келтіріп отыруға мәжбүр. Егер, адамзат бір ғана «адамгершілік» ұғымының өзегінен ажырап қалса – өзінің де «адамзат ретінде» өмір сүруі тоқтап қаларын түйсігімен сезеді. Сондықтан да, ол ұрпақтан ұрпаққа «адамгершіліктің бастапқы қалыбының» нұсқасын беріп, ұрпақтың осы асыл арнадан ауытқымауы үшін күреседі, еңбектенеді, тәрбиелейді. Сол себепті де, адам өз алдына бөлек «Адамгершілік туралы ілімді» ойлап тапты. Адамгершіліктің  бұлжымас іргетасын қалады. Ол ілім біздің заманға «Этика» деген атпен жетті.

Біріншіден, Этика – адамгершілік туралы ілім. Еіншіден, ол адамдардың өзара қарым-қатынасын реттеуші әрі түсіндіруші ережелер жиынтығы. Үшіншіден, ол адамдардың мнез-құлқы мен іс-әрекетіне баға беретін нормалар мен критерийлер. Ежелгі грек философы Аристотель «Этиканың міндеті адамдар арасындағы қатынастың ең асылын зерттеу» деп айтыпты. Иә, ол сөз рас сөз, өйткені, өмірде адамға жамандық атаулы «сұрамай келсе», жақсылық үшін адам үнемі күресуі тиіс. Сондықтан да, адамдар «Адамгершілік» туралы айтқанда Жақсы мен Жаманның, Мейірімділік пен Зұлымдықтың аражігін үнемі ажыратып отыруы тиіс. Онсыз мына өмір бейберекеттікке бет алар еді...

Адам өмірі тек Сөз емес, ол, ең алдымен – Әрекет. Сондықтан да, жақсының да, жаманның да сынға түсер кезі адамның әрекет ету кезінде көзге түседі: әрекет адамның табиғатын ашады, болмысынан көрініс береді. Егер, Әрекет адамға деген жақсылық ниеттен туындап жатса, онда ондай әрекеттің және әрекет етуші адамның болмысында «адамсүйгіштік» қасиеттің бар екенін білдіреді. Оны ғылымда «гуманистік этика» деп атайды. Ол адамды тән мен жан бірлігі ретінде тұтас әлем деп қабылдайды.

Біз көбіне адамдарды істеген жақсылықтарына қарап бағалаймыз. Ол дұрыс та. Алайда, адамгершілік ілімі «оның негізі адамның өзінде, оның бойында жатуы тиіс» (Э.Фромм) деп санайды.Сонда ғана, яғни, егер адам жақсылықты біреудің айтқанымен, не болмаса - ортаға еліктеумен, әлде - біреуден қорыққанан, әлде  - мақтаныштан жасайтын болса, онда ол «ерікті түрде жасаған жақслық» болып шықпайды. Онда, жақсылықтың астарында оған ықпал етуші сыртқы фактор бар - сол маңызды болып шығады. Ал, адам болмысы ондай жақсылық деңгейіне жетпеген, яғни, «еркінен тыс әрекет етуші»  болып шығады. Қазақта адам болмысына қатысты бір анықтамалық сөз бар: «шын қуана білетін, шын қайғыра білетін ниеті таза адам» деген... Міне, осы қазақи анықтама жоғарыдағы айтылған ойды толық дәлелдеп тұр.

Адамгершілік ілімінде адам өмірінің құндылығы ең басты орында тұрады. Өйткені, этиканың өзі адам өмірін бейнелейтін, соны түсіндіретін ілім. Олай болса, оның ақиқаты - «қайнаған өмір»! Олай боса, адамды осы өмірмен байланыстырып тұрған күш «Жоғарыдағы бір тылсым күш» емес, жоғарыдан оның «маңдайына жазылған тағдыр» да емес, ол – адамның өзінің жігер күші. Бірақ, адам баласы өкінішке қарай, көбіне жақсылық болса – оны «маңдай терімен келді» деп көрсетеді де, жамандық болса – «ол тағдырдың жазуы» деп, ондай негативті өзімен байланыстырғыс келмейді. Сөйтіп, өз әлсіздігін, жігерсіздігін «ешкімге ешқашан есеп бермейтін» бір Күшке жүктей салуға бейім.

Дегенмен,  қазақ «адамның күні адаммен» деп бекер айтпаған ғой. Сондықтан, біздің халықтың ұлттық тәрбие өзегінде көпшіл болу, елдікті ойлау, қандастың мұңын мұңдау, өзін-өзі, яғни, өз қазағын іздеу, бауырмалдық пен жанашырлық секілді асыл қасиеттер топтасқан. Ол біздің Ұлттық мінездің жарқын сипаты. Міне, сондықтан болар, жоғарыда сөз болған «студент бала» берер қаржысы болмаған соң, үйдегі киімдерін қопара іздеп жатқаны...

Егер, өсірген ұрпағымыз осылайша мейірімділік бастауына келіп жатса, қалайша оған ішің елжіремейді! Бұл – біздің халықты «мың өлген жерінен» «мың рет қайта тірілткен» өмір сүрудің алтын қазығы емес пе еді! Олай болса, биылғы келген «топан су» апаты  біздің халықтың бойында бұғып жатқан, күнделікті тірлік көлеңкесінде елеусіз ғана жатқан «алтын көмбені» топырақтан тазалап, жарқырата қайта көрсетті дер едім!..

Әрине, біреулер жасаған жақсылығын жария етіп жатыр. Оған да алғыс! Адам өзі жасаған жақсылықтан бойын қуаныш кернеп, соны кеудесіне сидыра алмай жатса – оның несі айып? Енді біреулер, ешкімге жария етпей-ақ, қолдан келген көмегін беруде. Оған да алғыс! Ең бастысы - ол да «ұлыұлттық асардан» тыс қалған жоқ – өзіне өзі медет.

Иә, бүгінде Адамгершіліктің сынға түсер кезі келгенде – халқымыз адамгершілік үдесінен шыға білуде. Ендеше, біздің алтын тамырымыз солмаған екен, біздің алтын діңіміз қурамаған екен, біздің алтын жапырақтарымыз – жайқала өсіп келеді екен... Оған да тәубә!

Бастарына бар ауыртпалық түскен ағайынды сабырға шақыра отырып, бүкіл Қазақ елі, бүкіл Қазақстан халқы сіздермен бірге дегім келеді.

Бұл қиындықты да еңсереміз!

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2050