Бақыт ЕЖЕНХАНҰЛЫ. Қабанбайдың мөрі
Бейжіңдегі Қытайдың Бірінші тарихи мұрағатындағы «Әскери басқармаға жолданған ұлықтардың мәнжу тіліндегі мәлімдемелерінің көшірмесі» атты Чиң (Цин) патшалығының мұрағат құжаттары қорынан, ондағы құжаттардың микрофильмдері арасынан сақталу нөмірі 1736-03 және микрофильм бойынша 051-001761 нөмірлі шағатай жазба тілінде хатталған тарихи құжат табылды.
Бейжіңдегі Қытайдың Бірінші тарихи мұрағатындағы «Әскери басқармаға жолданған ұлықтардың мәнжу тіліндегі мәлімдемелерінің көшірмесі» атты Чиң (Цин) патшалығының мұрағат құжаттары қорынан, ондағы құжаттардың микрофильмдері арасынан сақталу нөмірі 1736-03 және микрофильм бойынша 051-001761 нөмірлі шағатай жазба тілінде хатталған тарихи құжат табылды.
Құжатта қытай мұрағатшылары тарапынан микрофильмде 2 бет болып көрсетілген, оның бір бетінде хаттың мәтіні, екіншісінде хат жолдаған адамдардың 2 мөрі басылған аталмыш құжат туралы ешқандай түсіндірме жазылмаған, онда тек құжаттың фотокөшірмесі мен оның мәнжу тіліндегі аудармасы берілген. Хаттағы шағатайша тіл-жазу осыған дейін біз кездестірген осы тілде хатталған қазақ жазбаларының немесе қашқариялық ұйғыр, қоқандық өзбектердің хаттарындағы тіл жазуларынан ерекшелеу. Ал мәнжу тіліндегі аудармасында хаттың түпнұсқасынан қысқалау екендігі байқалады. Бір қызығы – хатқа басылған екі мөрдің әрбірінің сол жақ жанында мөр мәтінінің мәнжу тіліндегі аудармасы берілген, онда былай делінген:
1. «kucuk hojo i temgetu», яғни «Күшікқожаның мөрі» (сол жақтағы мөрдегі жазу);
2. «Habambai i temgetu», яғни «Қабанбайдың мөрі» (оң жақтағы мөрдегі жазу).
Оң жақтағы мөр біздің назарымызға бірден ілікті. Өйткені, осыған дейін біз кездестірген мәнжу тілді мұрағат құжаттарында Қаракерей Қабанбайдың есімі осылай «Habambai» деп хатталған. Демек, бұл хаттың қазақтың әйгілі батыры Қабанбайға қатысы бар екені әбден ықтимал. Дегенмен, Қабанбай батырдың мөрі қалайша бұл хатқа басылған? Оның қасындағы мөрде көрсетілген Күшікқожа кім? Жалпы, елеусіз болып келген осы тарихи құжат қандай жағдайда қалыптасқан? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін, біз әуелі хаттың мәнжу тіліндегі аударма нұсқасын қазақ тіліне қайта аударып шығуды жөн көрдік.
Хаттың қазіргі қазақ тіліне аудармасы:
«Абқай-вехийехе («чяньлун» сөзінің мәнжу тіліндегі баламасы) ұлы ханға Күшікқожа бастаған, Сұлтан-Бекей би, Есім би, Қара би, Қараменді би, Құлмамет би, Алданазар би бастаған үлкенді-кішілі баршамыз бірауыздан ұлы Ежен ханға құлшылық етіп бас ұрамыз. Біз де ұлы Ежен ханға еңбек көрсетіп, қашқындарыңыз болған жағдайда әскери лагерьлеріңізге хабар жеткізіп немесе сол қашқынды тұтқындап апарып берсек. Қарақалпақ жұртынан елші болып келіп [едік], Қабанбай кедергі жасап жібермей жатыр. Осы хат батыр Жяң Жүннің елшісі Батұрұға тапсырылды. Батұрұ Жяң Жүн әрі қарай Абкай-вехийехе ұлы ханға жеткізгей...».
Жоғарыдағы хаттың мәнжу тіліндегі аудармасын оқи келе, біздің есімізге өзге бір Чиң патшалығының мұрағат құжаты түсті. Чиң патшалығы Чяньлүн жылнамасының 23 жылы 9-айдың 1-күні 1 қыркүйек), яғни 1758 жылы 2 қазан күні мәнжу тілінде хатталған, қытай мұрағатшылары тарапынан «Шет аймақты тыныштандыру армиясының оң қол орынбасар Жяң Жүні Чебденжабтың «қазақ Күшікқожа өз елін бастап бізге бағынып келді, оның осыған байланысты көтерген хатнамасы патша ағзамның назарына жіберілді» деген мазмұндағы мәлімдемесі» деп тақырып қойылған осы құжаттың факстық жазбасы бізбен Қытайдың Бірінші тарихи мұрағаты бірлесіп шығарған «Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарына байланысты Цин дәуіріндегі мұрағат құжаттарының жинағы (І том)» атты факстық құжаттар жинағына енгізілген. Қытай мұрағатшылары тарапынан берілген мәлімет бойынша, Қытайдың Бірінші тарихи мұрағатындағы бұл құжаттың сақталу нөмірі мынадай: құжаттың түпнұсқасы бойынша – 1712-038; микрофильм бойынша – 0500564.
Құжаттың транскрипциясы мен оның қазіргі қазақ тіліндегі аудармасын біз өзіміздің «Қазақ хандығы мен Чиң патшалығының саяси-дипломатиялық қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары (І том)» атты еңбегімізге енгізгенбіз. Онда құжат авторы Чебденжаб өз патшасына (Цяньлунға) былай деген екен: «Пақырыңыздың Батұрұ есімді қорғаушысы Қазақ жерінен қайтып келіп былай деп мәлімдеме жасады: «Мен қазақ Қабанбайдың ауылында қарақалпақтың Күшікқожа есімді адамына кезігіп қалдым. Сонда Күшікқожа маған былай деді: «Мен қарақалпақтардың ауылынан 10 адам бастап келіп, Қабанбайға «қазіргі таңда сіздер барлықтарыңыз ұлы ханмен қарым-қатынаста болып жатыр екенсіздер. Өз кезінде біз өзара сауда қатынаста болған едік, ал біз де барша еліміздің «осылайша ұлы хан мен қарым-қатынаста болып, олармен бірге бейбіт әрі тыныш өмір сүрсек» деген өтінішін білдіруге келгенбіз. Бақытымызға орай батыр Жяң Жүннің жіберген елшісі сізбен кездесіп отырмыз. Ендеше, біз [осы орайды пайдаланып] қарақалпақ елінің барлық бұқарасы атынан өзіміздің ұлы ханмен қарым-қатынас орнатқымыз келетіндігімізді білдіріп, хатнама көтеріп отырмыз, батыр Жяң Жүн оны біз үшін ұлы патшаға жеткізіп бергей. Бұрын болса қазақтар бізді толассыз тонап келген, ал енді, міне, осыдан былай біз ұлы патшамен қарым-қатынаста болып тыныш өмір сүре алатын болдық», – деді де дереу хат жазып, оның үстіне мөр басып, маған тапсырды. Мен хаттағы жазуды танымағандықтан, тілмаштан оны маған оқып беруді талап еттім. Хатта былай делінген екен: «60 000 отбасы қарақалпақты басқаратын Күшікқожа, Сұлтанбек би, Есімбай, Қара би, Қорбота би, Халахмат би және Алданазар қатарлы үлкенді-кішілі адамдарынан дат: Абкай-вехийехе ханға басымызды иеміз. Егер [сіздер тараптан] қашқан қашқындар біз жаққа келсе, онда біз хабарын жеткіземіз. Қарақалпақ елшілері біз осында келіп едік, Қабанбай Абкай-вехийехе ханға біздің айтқанымызды жеткізбей отыр. Енді, міне, біз өз хатымызды батыр Жяң Жүннің [елшісі болып келген] қорғаушы елшісіне тапсырып, батыр Жяң Жүннен сол хатты Абқай-вехийехе ханға жеткізіп беруді өтінеміз». Сонан соң мен, Батұрұ, Күшікқожаның маған тапсырған осы хатын Қабанбайға көрсетіп едім, Қабанбай: «Олардың сіздермен қарым-қатынаста болғысы келетіндігі шын. Алайда олардың тұратын жері тым алыста болғандықтан, әрі-бері елші жіберу ісі өте қиын болар», – деді де, Күшікқожаның әлгі хатының үстіне өз мөрін де басты»… Мен өзімнің мәлімдемеммен бірге қарақалпақ Күшікқожаның хатының түпнұсқасын да патшаның назарына жіберіп отырмын…». [Чяньлүн жылнамасының 23 жылғы 9-айдың 1-күні [осы мәлімдеме жіберілді].
Чиң ұлығы Чебденжабтың бұл мәлімдемесін оқи келе, біз оның жоғарыдағы жаңадан табылған белгісіз хатпен тікелей қатысы бар екендігіне көзіміз жетеді: жоғарыдағы белгісіз хаттың мәнжу тіліндегі аударма нұсқасында айтылған әңгіме мен Чебденжабтың қарақалпақ Күшікқожа жазған хат мазмұны туралы берген мәліметі негізінен сәйкеседі, екі құжаттың арасында тек мына тұстарға байланысты бір-бірімен ұқсаңқырамайтын жайттар байқалады:
а) Чебденжабтың мәлімдемесінде «60 000 отбасы қарақалпақты басқаратын Күшікқожа» деген сөздер жоғарыдағы белгісіз хаттың мәнжу тіліндегі аударма нұсқасында кездеспейді;
ә) Екі құжаттағы Күшікқожанікінен тыс басқа 6 адамның есімі сәл өзгешелеу болып жазылып, бірінші құжатта олар «soltun bekei bi», «esim bi», «hara bi», «hara minde bi», «holmamat bi» және «ala najar bi» деп келсе, екіншісінде тиісінше «soltobekbei», «esembai», «harabei», «horbotabei», «halahmatbei» және «aldanajar». Дегенмен, бұл айыр-машылықтардың барлығын түсіндіруге болады: Чебденжабтың мәлімдемесінде «60000 отбасы қарақалпақты басқаратын Күшікқожа» деген сөздер жоғарыдағы белгісіз хаттың мәнжу тіліндегі аударма нұсқасында кездеспегенімен, хаттың шағатай тіліндегі нұсқасында кездеседі (тек онда «60 000 отбасы қарақалпақ» деген сөз тіркесі «6 шаһарлы қарақалпақ» деп жазылған. Ал есімдердің өзгешелеу болып қалыптасқандығы – құжат авторларының жат тілді есту қабілеттерінің айырмашылығы немесе құжаттардың хатталған кездеріндегі орфографиялық ақаулықтардан туындаған.
Қорытынды біреу: біздің Қытайдың Бірінші тарихи мұрағатынан жаңадан тапқан белгісіз хатымыз дәл Чиң ұлығы Чебденжабтың өз патшасына жолдаған мәлімдемесінде айтатын «қарақалпақ Күшікқожаның хатының түпнұсқасы», ал хаттағы екі мөрдің иесі де анық болды: оның біріншісі аталмыш хатты жазған қарақалпақтың биі Күшікқожа болса, екіншісі сол дәуірдегі қазақ халқының ұлы тұлғаларының бірі – Қаракерей Қабанбай батыр. Аталған хат пен оның мәнжу тіліндегі аударма нұсқасы кейін келе белгілі себептермен сол хатты жолдаған Чебденжабтың мәлімдемесінен ажыратылып тасталған (шағатай немесе тот-моңғол тілінде хатталған мұндай Ортаазиялық хатнама әдетте Чиң ұлығы жазған мәлімдеменің «қосымша құжаты» ретінде сол мәлімдемемен бірге сақталады), ал ол өзге құжаттар топтамасы арасына қосылып «белгісіз құжатқа» айналып шыға келген. Чиң ұлығы Чебденжаб өз мәлімдемесін «чяньлүн жылнамасының 23 жылғы 9-айдың 1-күні», яғни 1758 жылы 2 қазан күні жазған, демек, Қабанбай батырдың мөрі басылған қарақалпақ Күшікқожа бидің хаты осы 1758 жылы тамыздың соңы мен қыркүйектің басы аралығында хатталған болса керек. Күшікқожа хатының шағатай тіліндегі түпнұсқасынан қазіргі қазақ тіліне аудармасы:
«Пақырыңыз, Күшікқожа ұлы Абқай тәңірінің ұлына сәлем! Алты шаһарлы қарақалпақ қазақпен бір болды. Сұлтанбекей би, Есім би, Қара би, Қараменді би, Құлмахмет би сынды үлкенді-кішілі баршалары былай деді: «Тәңір ханына бас ұрайық, олардың шалғайдағылары (қашқындары) болса біз де хабардар болсақ, біз де қызмет көрсетуге дайынбыз». Сол себептен біз қарақалпақ жұртынан елші болып келгенбіз, алайда тәңірдің (ұлына және сізге бермек болған) сыбағамызды Қабанбай жібермеді. Жяң Жүн батырдың елшісі Батұрұға бұл хатымызды тапсырдық. Жяң Жүн батырға тапсырып берген осы хатымызды Жяң Жүн батыр [әрі қарай] Тәңірдің ханына тапсырып бергей...»
Енді «қарақалпақ Күшікқожа би не мақсатта осы хатты жазған?» деген сұраққа келсек. Жоғарыдағы көрсетілген Күшікқожа хатының шағатай тіліндегі түпнұсқасы, мәнжу тіліндегі аударма нұсқасы және осы хатпен байланысты Чиң ұлығы Чебденжабтың жолдаған мәлімдемесі қатарлы тарихи құжаттардан білгеніміз: біріншіден, Күшікқожа бастаған қарақалпақ жұрты Чиң патшалығымен қарым-қатынас орнату мақсатында болған; екіншіден, қарақалпақтар Чиң патшалығына көмек көрсетіп, Чиң патшалығының «қашқындарын» тұтқындап беруге дайын екендіктерін білдірген; үшіншіден, Күшікқожа қарақалпақтардың «қазақтармен бір болдық» және «қазақтар сияқты Чиң патшалығымен бірге бейбіт әрі тыныш өмір сүрсек» деген ниетте екендіктерін айтқан. Демек, Күшікқожа би бастаған қарақалпақ көсемдері елдерін қазақтарға жақын жерге көшіруді көздеген. Мұның басты себебі туралы біз дәл сол кезде сауданың жайын бақылау мақсатында Үрімжіге бара жатқан Қабанбай батырдың ұлы Едігенің Чебденжабқа айтып берген әңгімесінен біле аламыз. Жоғарыдағы аталған Чебденжабтың мәлімдемесінде бұл туралы былай делінеді:
«Мен, патшаның құлы, [Батұрұ айтқан] осы туралы Қабанбайдың ұлы Едіге қатарлылардан сұрап едім, олар: «Бұрын қарақалпақтар біздің елдегі Әбілқайырдың інісі Бұлғарыны өлтіріп тастаған, сол себептен біздегі Абылай, Әбілқайыр қатарлылар әскер бастап олардың жұртын шапқан, сонда осы ел әрі [оңтүстікке қарай] көшіп кеткен. Онда барған соң бұларды тағы бұқарлықтар тонап, ел-жұрттары жан-жаққа шашылып кеткен. Олар біздің ұлы ханмен қарым-қатынас орнатқандығымызды естіп, өздері де осылай істесек деп келіп отыр. Олар өз қоныстарын осы жаққа қарай көшіріп, бұрынғы көне жұрттарына келіп отырмақшы. Біз олардың осы талабын құптап, олардың көне жұртына оралуына рұқсат беріп отырмыз» деп жауап қайтарды...».
Едігенің сөзі сайып келгенде, мынаны меңзеп тұр: қарақалпақтар қазақтар сияқты көне жұрттарына оралмақшы, оған қазақтар рұқсат берген (демек, жердің қазіргі иесі – қазақтар). Ал ол үшін қарақалпақтар Чиң патшалығымен де жақсы байланыста болғылары келеді. Мұнда Едіге маңызды бір мәселені, яғни Жоңғар хандығы жойылғаннан соң өз кезінде жоңғарлардың басып алған жерлеріне «біз қазақтар ие боламыз» деген әңгімені Чиң ұлықтарына астарлап қозғап отыр.
Жалпы, XVIII-XIX ғасырлар аралығындағы қазақ-қытай қарым-қатынасының ең бір күрделі қыры немесе екі елдің қарым-қатынасына өзіндік ықпалын тигізген мәселе − Қазақ халқының шығысқа қарай өздерінің Жоңғар шапқыншылығы кезінде айырылып қалған көне жұртына оралуы және сол тарихи үдерісте туған «Жерге кім ие болуға тиіс?» деген екі ел арасындағы ұғымдық келіспеушілік пен әр елдің жүргізген саясаты болды. Мұндай мәселелердің пайда болуының негізгі себептерінің бірі − Чиң патшалық билеушілерінің империялық пиғылынан туған ірге кеңейту саясатының жүргізілуі. Чиң патшасы Чяньлүнның және оның Орталық Азиядағы ұлықтарының ұғымы бойынша, бұрынғы Жоңғар хандығының иелігінде болған жерлердің барлығы Чиң патшалығына тән болуға тиіс. Өйткені Жоңғар хандығын қиратқан – Чиң патшалығы. Ал қазақ халқы болса, шығыстағы жоңғарлар басып алған өздерінің атажұртын ешқашан естерінен шығармаған және сол атажұртына оралуды әу бастан мақсат еткен. Мұны біз екі ел арасындағы қарым-қатынас енді орнай бастаған кездегі қазақ көсемдерінің сөз әрекеттері туралы Чиң патшалық мәліметтерінің өзінен-ақ оқып біле аламыз. Біріншіден, Абылай хан тұңғыш рет Чиң патшалығына елшілерін жібергенде-ақ Чиң патшасынан Тарбағатай сынды жерлерді қазақтарға қайтарып беруді талап еткен. Екіншіден, 1755 жылы 17 қыркүйек күні мәнжу тілінде хатталған бір құжатта мынадай мәлімет сақталған: Төле би қатарлы қазақ көсемдері Чиң ұлықтарына: «Қазір, міне, сіздер біздің көне жұртымызға келіп отырсыздар… (біздің) елдегілер жеке-жеке өз жұрттарымызға оралсақ деп тілек білдіруде» деген сөздер айтқан. Үшіншіден, 1758 жылы 27 қаңтарда мәнжу тілінде хатталған бір құжатта (сондай-ақ «Чиң Гаоцзун шилу» мен «Пиндин Чжунгээр фанлюе» сынды дәстүрлі қытай дереккөздерінде) найман Құттыбай батырдың Чиң ұлықтарына айтып берген бір әңгімесі сақталған, онда Құттыбай батыр: «Біздің қазақтың үш жүзі басқосып, қалмақтарды Қашқарға, Йеркендке және қырғыздардың жеріне дейін қуып жібермек», – дегенді жеткізген. Ал, міне, өз кезегінде Қабанбай батырдың ұлы Едіге де орайды пайдаланып, осы әңгімені қозғап отыр.
Қазақтар осы бір ұлы мақсаттарына жету үшін тек білектің күші ғана емес, мүддесі түйіскен, Құдай айдап әкеліп жаңа көрші болған Чиң елінің тамырын басып, онымен неғұрлым тіл табысып, әртүрлі әдіс-амалдар арқылы онымен бейбіт байланыста болу керек екендігін де түсінген. Сол себептен де, екі ел арасында «жылқыға жібек» сауда қатынасы орнатыла басталған. Ал қазақтардың Чиң патшалығымен тату-тәтті қарым-қатынас орнатуының тағы бір тәсілі – олар алғашындағы Әмірсана бастаған жоңғар қалмақтарымен одақтасып, Чиң патшалығына қарсы тұру саясатын өзгертіп, керісінше, Чиң патшалығына көмек қолын созып, оларға жоңғар қолбасшыларын тұтқындап бере бастаған. Қабанбай батырдың ұлы Едіге мен інісі Төметайды Үрімжіге жіберуінің себебі де осы болатын. 1758 жылы 9 қазан күні мәнжу тілінде хатталған «Тұй-жаңгин Нұсанның қазақ Қабанбайдың ұлымен жылқы саудасын жасағандары туралы мәлімдемесі» тақырыбындағы бір Чиң патшалық мұрағат құжатында былай делінеді: «Қабанбай өз ұлы Едіге мен інісі Төметайға 50-ден астам адамын ертiп, елшімен бірге Букучағанның ұлын Үрімжіге айдап апарып, ол жердің қаншалықты алшақ екендігін және сондағы саудагерлер санының қаншалықты екендігін білу үшін келе жатыр. Олар өздерімен бірге 500-дей жылқы айдап келе жатыр».
Күшікқожа бидің Чиң патшалығына хат жазуының тарихи астары осындай. Күшікқожа би қатарлы қарақалпақ көсемдері қазақтардан үлгі ала отырып, шығыстағы көкжиекке көз тігіп, өз елдерінің тынысын кеңейтуге, өздерін шаршатқан ортадан құтылып, елдерін еркіндеу әрі кеңірек етек жаюға мүмкіндігі бар кеңістікке бастап апаруға талпынғылары келген. Алайда олардың бұл ниеті мен жоспары ақыры іске аспай қалған. Мұның себебі туралы бізге ешқандай тарихи дерек жетпеген. Дегенмен, бұған кедергі болған сыртқы себептердің қатарында Чиң патшалығының Орталық Азия өңіріне саясатының қалыптасуы, әсіресе шекара саясатының қалыптасуы себебі бар екендігі даусыз.
Бақыт ЕЖЕНХАНҰЛЫ,
тарих ғылымдарының докторы
"Жас қазақ" газеті