Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 3449 5 пікір 12 Сәуір, 2024 сағат 13:59

Қорғас қырғыны

Орыс жазушысы Е.Н.Кукаркин 1997 жылы жазған «КУЧЕР» повесінде сол кездегі қанды қырғындардың куәсі С.М.Петров арқылы нақты дәлелдермен оқиғаны бізге егжей-текжейлі жеткізеді. Кукаркин Евгений Николаевич 1940 жылы Ленинград қаласында дүниеге келген. Орыс жазушысы, суретші, драматург. 1994 жылдан бастап, әдебиетке араласа бастаған. Жүзден астам повестері мен әңгімелері бар. 1995 жылы Мәскеу кинофестивалінің бас жүлдесін алған, А.П.Чехов мәдени қорының лауреаты атанған. Газетімізге аударып жариялап отырған «Кучер» повесі 1997 жылы жазылған. Мұнда жазушы Е.Н. Кукаркин КОКП Орталық комитетінің бас хатшысы қызметін атқарған К.У.Черненконың 1930 жылдардан қайтыс болғанға дейінгі өмірін жазған. Бас кейіпкер С.М.Петров 1930 жылдарда бірге қызмет етіп, одан кейінгі кезеңдерде онымен кездесіп отырған. Сол жылдары К.У.Черненко Алматы облысы, Панфилов ауданы, Жаркент қаласында ОГПУ-да және Қорғас шекара заставасының отрядында жұмыс істеген. Оның  Голощекиндік саясат кезінде Қытайға қоныс аударған қазақтарға жасалынған қанды қылмыстың ішіндегі басты атқарушы болған тұстарын аударып беріп отырмын. Менің мақсатым көпті көрген көне Қорғастың маңайында болған осынау тарихи оқиғаларды суреттеген шығармамен оқырмандарды таныстыру.

«Жаркент айнасы» газетінің Бас редакторы Молот Мұсаұлы


Евгений Кукаркин. «КУЧЕР» повестінен ықшамдалып аударылған

КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы К.У.Черненко туралы саяси триллер

Сурет: Ел Арна скрині

1930 жыл

Аңқаны кептірген ыстық қайтар емес. Тізгінді бос жіберген аттар ілбіп келеді. Өзімізге қарасты шекараның шебін айналып болмасақ та, асықпадық. Кешкі қараңғылық түсіп, ауа салқындағанда қимыл-әрекетке кірісетін кейбір контрабандистер мен шекара бұзушылар болмаса, мұндай шақта тәуекел етіп, ешкім бас сұға қоймады. Бастығымыз Лешка Коновалов бізді Қазақстан мен Қытай арасын бөліп жатқан жартылай құрғап қалған Қорғас өзенінің бойымен алып келеді.

– Лешка, қарашы, – дедім өзіміз жақтың түкпіріне қарай қолымды созып.

Алыстан көтерілген қою шаң бірте-бірте созалаңдап ұлғая түсті.

– Жұрт көшіп барады. Қаламбеков өзінің адамдарымен Қытайға көшіп бара жатқаны ма? Осы мезгілде ел-жұрт сол жақта болуы керек еді. Жүр, барып, сәлемдесіп ілтипат білдіріп қоялық.

Біз атымыздың ауыздығын сала салып, қою шаң көлегейлеген адамдар мен малға қарай құйғыта жөнелдік.

Қазақ, ұйғыр, дүнген (соңғы екеуі туралы автор қателеседі – ред.) тайпаларының ғасырлар бойы малын жаю үшін жаңа жайылым іздеп, бір жерден екінші жерге көшіп-қонуы үйреншікті жәйт. Әдетте олар Қытайдан келіп, күзде сол жаққа қайта оралатын. Қазақстанда үздіксіз ауысып жататын үкімет те, билеушілер де, тіпті 1924 жылы талқандалған басмашылардың бандалары да олардың өмір сүру салтын бұза алмады.

Жаңа ғана тігілген шатырдың алдында сиректеу аппақ сақалы бар қария күтіп алды. Жұмсақ жастықтардың үстіне келіп отырған соң ол бізбен құдды ескі достарын көрген адамдай иек қағып амандасты.

– Амансың ба, Коновал, жас сарбаздарың аман болсын.

– Амансың ба, ақсақал?

– Амансыз ба? – дедік біз де сүлесоқ: бүкіл шекаралық отряд атынан жүрген мен және украиндық Шайдуренко.

Киіз бен жастық құшақтаған әйелдер төңіректеп жүр. Ақсақал да отырыңдар дегендей қолымен төсеніштерді көрсетті.

Төселген жұмсақ төсенішке көміле отырып жатып, иісі мүңк ете қалған лас әрі кір шалбар мен гимнастерка киген өзімнің мұндай құрметке лайық емес екенімді сезініп, ыңғайсыз күйге түстім.

– Ал, құрметті Коновалмен оның дос-жарандарының қалы қалай? – деп қария ақырын әңгімеге тартты.

– Рақмет. Өздеріңнің үйлеріңде бәрі дұрыс па?

Қария ернін жымқыра тістей беріп, қолын бұлғап қалып еді, сол мезетте жер астынан шыққандай екі әйел пайда болып, шатырдың ортасына қария мен біздің арамызға өмірбақи тазаланбаған үлкен қазанды алып келіп қоя қойды. Қақпақсыз қазаннан көтерілген бу тікесінен тік созалаңдай жоғары көтерілді. Піскен еттің дәмді иісі үйдің ішін алып кетті. Әйелдердің біреуі қолына істікті алып, етті әрі-бері араластырып, лып еткізіп қойдың жамбасын шаншып алып қарияға ұсынды. Ол бірден тістеп шайнап көріп, басын изеді. Бұдан кейін кесек-кесек ыстық еттерді бізге үлестіре бастады. Қолыма қызған шоқ ұстағандай болдым. Саусақтарымды күйдіріп ала жөнелген соң, бір кесек етті қолдан-қолға ауыстырып қақпақылдап, үрлеп суытуға кірістім. Менің достарым да менің қылығымды қайталуда. Қария біздің қылығымызға қарап, миығынан күліп қойды.

– Ыстық қой, рас па? Міне біздің үйде де ыстық бола бастады, – деп ақырындап Коноваловтың қойған сұрағына жауап берді.

– Қария не болды?

– Қазақстаннан кетеміз. Біржолата кетеміз.

– Бұл өлкенің жаңа бастығы бізді жерге байлап қойғысы келеді, бұл біздің әулетке аштық пен өлім деген сөз.

Қаламбековтың жаңа бастық дегені 1928 жылы партияның өлкені басқаруға, ұжымдастыру мен көшпелі шаруаларды отырықшылдықтандырудың сталиндік бағдарламасын жүргізуге жіберген қияли әрі қатыгез жындысүрей Ф.И.Голощекин еді (Шая Ицикович Голощекин – ұлты еврей. 1928 – 1933 Қазақстан өлкесін басқарды). Бұл қатігез делқұлының кесірінен Қазақстанда жүздеген тіпті мыңдаған жазықсыз адамдар аштыққа ұрынып, концлагерлерде қайтыс болды.

– Қазір Қытайға кетуге болмайды, ол жерде жайылым әлі жетілген жоқ, – деді қолындағы кесек етті қақпақылдап отырған Коновалов.

– Ал мұнда ше? Егер біз мұнда қалатын болсақ, мал айналаның топырағын шығарып жеп, содан соң аштан қырылады. Тек, жайылымды ауыстырып қана аман алып қалуға болады.

– Онда бір жерге тұрақтап қоныс тебіңдер, малшылар малды осы аймаққа түгел жайсын.

– Ештеңені түсінбедің-ау, орысым, – деді қария ренжіп. – Біздің ата-бабаларымыз еркін адамдар болған. Осында қалсақ, біз барлық нәрсені жоғалтамыз…

Бәріміз дымымыз шықпай ет жеп отырмыз. Май мен еттің сөлі иегімізден ағып, саусақ арасынан сорғалауда.

– Садыр, Салтан бай, Саламбековтің және басқаларының көштері қалай болып жатыр? Қала ма?, – деді Коновалов.

– Оларда кетеді, біздің артымыздан жылжиды. Оларға да жайсыз болып тұр. Бізден әрірек, ал олар орталыққа жақын болғандықтан, қиындау соғатын түрі бар.

Кесек етті сүйегі көрінгенше мүжіп болғанымда қызмет көрсетіп жүрген әйел лып етіп ала қойды да орамалға ұқсас бір нәрсені ұсынды. Шатырдың ортасындағы қазанды көк шай құйылған, сыртын қап-қара ыс басқан ыдыс ауыстырды.

Бетін әжім басқан кемпір қолындағы үлкен ожаумен кеселерге құйып шай таратты. Сәл қышқылдау ыстық шәйді іше отырып бір түйір қант не бір тәтті нәрсе болса деп армандадым. Шәй ішіп болып Коновалов орнынан тұрды. Біз де ыршып тұрдық.

– Қария, үлкен рақмет, қай күні жолға шығасыздар?

– Бүгін кешкісін.

– Жолдарыңыз болсын.

Біз сыпайы қоштасып, шатырдан шығар есікке беттедік.

– Леша, – дедім Коноваловқа қарап. – Бұл қалай болғаны? Біз шекараны күзетуге қойылғанбыз, ал бұл жердегі бес жүзге тарта адамды мал-мүлкімен Қытайға кедергісіз жібереміз бе?

– Сен мұнда қызмет еткеніңе көп болды ма?

– Жоқ. Бір жыл ғана болды.

– Ал маған алты жыл болды. Ең соңғы басмашыларды қуып жіберіп, осында қалдым.

– Бірақ қазір революция, жаңа өмір…

– Бұл біз екеуіміз үшін революция, ал бұлар үшін еш нәрсе өзгерген жоқ. Мал бір жайылымды жеп бітсе, екінші жайылымға ауысып солай жалғаса береді.  Намысқой халық әрі түз тағысы сияқты отырықшылдыққа бірден үйрене қоймайды.

– Бұл жаққа енді оралмаймыз, – деді ғой.

– Айтты, бітті. Келмейді. Шындығында алдағы аз уақытта революция барын қаламаса, ол жерде Қытайдың таулы аудандарында өмір сүруге болады.

– Мүмкін ол жаққа да барып қалар, – деп Шайдуренко қосып қойды.

– Әлбетте.

Біз заставаға қайта оралдық. Шекараны айналып шықтық. Заставада үлкен жаңалық болыпты. Жаңадан екі адам жіберіпті. Біреуі арықтау келген төрткіл басты, көзі шүңірейген, шаштары тікірейген және шамадан тыс қолапайсыз бәтеңке киіп, қисық аяқтарының басын солдат таңғышымен орап тастапты. Былғары күртеше киіпті, үлкен маузері мықынында салақтап жүр. Екіншісі, піскен бидайдың масағы сияқты шашты, терден соры шығып, мыж-мыж болған кәдімгі гимнастерка киіп, қаңылтырдан жасалған қызыл жұлдыз тағып алыпты. Аяғындағы офицер етігі тоза қоймапты. Шекарашылар оларды қоршап ап, сұрақтың астына алды.

– Жігіттер қайдансыңдар?

– Орталықтан, – деп жауап қатты шаруа жүзді, жас жігіт.

– Есімдерің кім?

– Мен ғой – Ванямын, ал мынау – Костя.

Костясы қаймыжықтай еріндерін жымқырып, бізге тесірейе қарап тұр. Жаңа келгендерге бұрын Питердегі гимназияда мұғалім болған, қазір заставтың бастығы Максимов жақындады.

– Кімсіңдер?

– Иван Рябовпын, – деп гимнастеркалы жігіт қалт тұра қалды.

– Константин Черненкомын, – деді қамыт аяғын түзеп, кеудесін керген күртешелісі.

– Қайдан келдіңдер?

– Жаркенттегі жергілікті ОГПУ (Ерекше мемлекеттік саяси басқарма) басқармасынң жолдауымен сізге келдік. Міне, пакет. – Рябов бастыққа пакетті ұсынды. Ол алды да қалай болса солай қалтасына сала салды.

– Қару қайдан жүр сізде? Рұқсат бар ма? – деді Черненкоға қарап.

– Бұл … жалпы… құжат бермеді… – Жұқа еріндері ашылып. – Қызметкерге міндетті болған соң…

– Міндетті қару ұстауға арнайы рұқсат құжаты болса, ғана міндетті, ал қазір шаруашылық меңгерушісіне тапсырыңыз.

– Бұл…

– Мен тапсыр дедім! Коновалов!, – деді бастық Лешаға қарап. – Ер соңымнан.

Максимов бұрылды да кеңсеге қарай беттеді. Шайдуренко екеуміз аттарды жайғастырып, отқа қоюға атқораға қарай жөнелдік.

– Сережа, естідің бе – деді жанымдағы төсекте керіліп жатқан Леша Коновалов маған қарап, жаңағы қамыт аяқ аты кім еді «Черненко ма еді?» ОГПУ-де (Ерекше мемлекеттік саяси басқарма) үкімді орындаушы жендет екен.

– Қылмыскерлерді атқан ба?

– Иә, бір сөзбен айтқанда жендет адам, әйелдер мен еркектерді маузерімен тура қарақұстан…

– Қайдан білдің?

– Анау қасындағы Ванька сөзшең екен. Ол да күзетте істепті. Бір нәрседен кінәлі болып қалыпты да осында жіберіпті.

– Қалай? Костя қанша жаста екен?

– Он сегізде. Бір жыл бұрын ОГПУ-ге (Ерекше мемлекеттік саяси басқарма) өзі сұранып қызметке кіріпті, әуелде түрме қараушысы болып жүріп, ал кейіннен жұмысты жан-тәнімен атқарып жүрген соң, жендеттікке ауыстырыпты.

– Ей, ақырын. Ойпырмай жап-жас болып!

– Ванька айтады, Костя жұмыс күні біткен соң көбірек ішіңкіреп қойып, дереу орындалатын кезекті бір тапсырманы істемеген. Оны сол үшін осында жіберген.

– Ол қандай тапсырма?

– Сен не түсінбейсің бе?

– Егер мынау шын болса, бізге қандай жексұрынды жіберген.

– Сайтан алсын бұларды.

– Дұрыс айтасың.

Ертеңгісін кезекті саяси сабақ. Максимов сөз сөйлеп, халықаралық капиталистердің біздің елімізге түрлі жолдармен кедергі келтіруге тырысып жатқанын айтып өтті.

– Кімнің сөйлегісі келеді – деді ол өз сөзін қалыптасқан дәстүрлі сұрағымен аяқтап.

– Рұқсат па?

Черненко орнынан көтерілді. Бәріміз шырт ұйқыдан оянғандай оған тесіле қарап қалыппыз.

– Мен айтайын деп едім… әрине… бұл жалмауызды … империализмді… болмайды. Буржуазия … бұл жерде… бұның өтіп кетуіне жол бермейміз.  Барлығын тарс… тарс… болды.

– Сен біттің бе?

– Болдым, – деді Черненко айналасындағылардың неге мұның шақыруын қолдап, қостамай отырғандарын түсінбей, іліп әкетпегеніне, аңтарыла қарап тұрып.

– Онда қазір дайындалыңдар, бәріміз атыс алаңына барамыз. Бүгін жаттығу жасаймыз.

Орнымыздан тұрған біз қару-жарақ алуға пирамидаларға қарай жүрдік.

– Сен қалай ойлайсың, анаған қандай лақап ат қойып жіберсек екен, – деді Леша маған қарап.

– Варан.

– Жоқ. Бұл енді өте қатты кетеді… Бірақ осыған ұқсас бірдеңке бар. Жай бір лақап ат қойсақ жеткілікті.

Константинге әлі қару берілмегендіктен балтырындағы орағышы ағараңдап көлбеңдеп пирамиданың жанында жүр. Оны Максимов байқап қалып:

– Черненко,  Максим пулеметімен атып көрдің бе?

– Мен бе. Білемін.

– Онда шаруашылық меңгерушісіне жолығып, одан пулеметті қабылдап алыңыз. Қасыңызға Рябовты аласыз, ол екінші нөмірлі болады.

Ебедейсіз неме Рябовпен шаруашылық жөніндегі меңгерушіге жолығуға қорбаңдай жөнелді.

Максимов үш адамнан шақырып тұр. Олар құм үстіндегі төсенішке жатып, үш жүз қадам жердегі сабан тығылып жасалған үш тұлыпты нысана етіп көздеп атып жатыр. Қалғандары арт жақта топтасып отырып алып мүлт кеткендердің барлығын мазақтап күлісіп отыр.

– Шайдуренко, сен әуелі әйелдермен жаттығып көрсең болғандай , –  деп қағытып қойды ақказактың тиген қылышынан оң көзінің астындағы тыртығы үшін Кривой атанып кеткен Сенька.

– Неге олай дедің? – деді ақырын ғана атыс шебінде жатқан украиндық.

– Өзің түсінуің керек қой. Сүйгеніңмен жолығасың, ал сен ылғи басқа жаққа…

Тағы да ду күлкі. Кенеттен Костя Черненконың:

– Әрбір жауынгер… бұл… мынау… нысанаға тигізуге міндетті, – деген дауысы шықты.

– Біз шіріген… түп-тамырымен жоюымыз керек. Кім бұл… атуды білмесе… ол капиталдың өмір сүруіне көмек көрсеткені.

Күлкі сап тиылды.

– Ал, қане ақылгөйім, атыс шебіне шық, Шайдуренко орынды босат, – деді оған бұрыла қараған Максимов.

Костя мен Ванька Максим пулеметін алдыға дөңгелетіп шығарып орналастырып жатыр. Черненко асықпай құм үстіне ыңғайланып жатып  алып, пулеметті ұзақ сырылдата атып, қысқасын айтқанда үш тұлыптың бастарының быт-шытын шығарды.

Бәріміздің төбемізден жай түскендей болдық.

– Мә, ендеше… деді сүйсінген Максимов. Жаңа қарауылды жасау үшін енді тағы бір апта керек болды. Осылай ату керек – жолдастар!

Дәл осы кезде шекара заставасының алдындағы мұнарадан белгі берген дабыл гүрс ете қалды.

– Тағы не болып қалды?, – деді секемдене қалған Максимов. – Барлығың тездетіп заставаға жетіңдер де, әркім өз орындарыңда болыңдар.

Біз үйге қарай жүгіре басып келіп заставты айналдыра қазып қойған оқпаналарға кіріп кеттік. Біз жақтан көтерілген бұлттай қою шаңды жел қиыстай айдап кетіп жатыр. Застава жаққа бет алған салт аттылардың асықпай келе жатқаны жарақсыз-ақ көзге көрініп тұр. Алдынғы жағында екі арба келеді.

– Атпаңдар!, – деп айқай салды Максимов. – Кривой, кім екен? Тексерші.

Сенька атқораға жүгіріп кіріп, лезде жайдақ атқа міне сала ытқып шықты. Тоқтап тұрған атты колоннаға шауып барған Сенька арба үстіндегі арбакешпен ілтипат көрсете сөйлесті де, әлден соң біздің шабарманымыз кері қарай қайта шапты.

– Бұлар өзіміздікі екен. Жаркенттің бізге көмекке жіберген эскадроны, – деп Максимовке айқай салды.

– Бұл не үшін? Арбадағылар кімдер екен?, – деді түкке түсінбеген біздің бастық.

– ОГПУ-дің (Ерекше мемлекеттік саяси басқарма) өкілі және тағы бір бастықтар сияқты.

– Тфу, сайтан алғыр! Тараңдар!

Кеңсе орналасқан үйдің іші айғай-шу. Келген бастықтар Максимовты сұрақтың астына алып жатыр.

Коноваловты шақыртып алып еді, әлден соң бет-аузын қалың тер жауып сыртқа атып шықты.

– Лешка, не болып жатыр ? – деп қасына келіп сұрап едім,

– Максимовты орынан босатты.

– Не үшін?

– Қаламбеков үшін. Есіңде ме, онда қонақта болып едік қой ? Ол өзіңің руымен түгел біздің телімнен Қытайға өтіп кетіпті. Сол үшін бастық таяқ жеп жатыр.

– Саған ештеңе болмай ма?

– Қайдан білейін? Мені анда отырған ОГПУ-дің (Ерекше мемлекеттік саяси басқарма) өкілі тергеді. Өздеріңді Қаламбековтың қасында қалай ұстадыңдар, ол не айтты, қалай айтты, кім сөйледі, мен бәрін Максимовқа баяндадым ба деп қисынсыз бірдеңелерді  анықтағысы келді.

Төрт сағаттан соң, жанында ОГПУ-дің (Ерекше мемлекеттік саяси басқарма) уәкілі бар Максимов, үйден шықты.  Эскадрондықтар бізді қоршап тұр. Эскадрон командирі мен үстеріне былғары күртеше киген тағы екі адам саптың алдына шықты. Сұры қылмыскерлерге ұқсаған бет – жүзі быттиған оның біреуі алдымызға шығып, шіреніп сөз сөйледі:

– Қорғас шекара заставасының жауынгерлері мен командирлері, мен сендерге айтып тұрмын. Сендер өздеріңді шекарадан Қаламбековтың ірі бандасын өткізіп жіберген сатқын ретінде ұстадыңдар. Жырынды бандит біздің ауылдардан малды, дүние-мүлікті, көптеген күнәсіз адамдарды құлдыққа сату үшін шекараның ар жағына айдап алып кетті. Осының барлығын жіберіп алған сендерсіңдер. Масқара! Сендердің бастықтарың Максимовты тұтқындауға бұйрық бердім, жалпы бәріңді трибуналға беруім керек еді. Бірақ кейбір жауынгерлердің басмашылар мен байлардың сілімтіктерін талқандаған еңбектеріңді ескеріп, бұған дейін шекара бұзушыларды ұстап, өз міндеттеріңді атқарғандықтарыңды еске ала отырып және мұның бәріне сендер бағынған командир кінәлі болғандықтан жазаламаймын. Егерде, бұдан былай біздің жақтан арғы жаққа, арғы жақтан бергі жаққа бір банда жазасыз өтетін болса, бәріңді атамын. Сендерге заставтың жаңа бастығын таныстырайын. Ол міне – Комаров Георгий Васильевич, шаруаның баласы, партияға берілген адам, дүниежүзілік соғыста немістерді соқты, азамат соғысына қатысты.

Былғары күртешелі ұзын бойлы, мықынына маузер байлаған арық адам алдыға шықты. Мен Коноваловты шынтағыммен түртіп қалдым. Ол былқ етпеді.

– Менің ойымша, – деп сөзін жалғады сөйлеуші. – Заставтың жаңа басшысы сендермен танысқан соң, дұрыс қорытынды шығарар.

– Заставты қабылдаңыз, жолдас Комаров!

Сөз сөйлеуші қолын бұлғап қалып, жетіп келген ат арбаға секіріп мініп, эскадронның күзетуімен сахараға қарай сыдырта жөнелді.

– Бұл кім болды? – деп сыбырлап Серегадан сұрадым.

– Голощекин. Ақымақ, дымыңды шығарма, – деп ол да сыбырлай жауап қатты.

Егер гитлершілдер Освенцимде (лагерь) төрт миллионға жуық адамдарды жойған болса, Қазақстанда Голощекиннің билігі  кезінде соншама адамды қырғынға ұшыратты.

ОГПУ (Ерекше мемлекеттік саяси басқарма) еш кінәсі жоқ адамдарды күндіз-түні жоюмен айналысқан. Барлық жерге бытырай орналасқан ондаған концлагерлерде ассыз, киімсіз, баспанасыз қалғандар қақаған қыстың аязында түгелдей қырылды десе де болады. Мұның бәрін кейбір тарихшылар Кеңестік социалистік республикалар одағындағы ұжымдастыру  құрылысының жеңісі деп көрсеткенімен бүтіндей аудандар аштықтан қырылып жатты.

Жаңа командир саптағыларға мұқият үңіліп, анда-санда кейбір жауынгерлердің аты-жөнін, қай жерде қызмет еткенін, партия мүшелігінде бар ма деп сұрап мағлұмат алып келеді. Бізге жақынырақ келіп тоқтады.

– Черненкомысың? – деді.

– Мен.

– Міне керек болса, сен қайда кіріп кеткенсің? Ал мен біздің балапан қайда жоғалып кетті деп ойлап жүрсем.

– Жолдас Сомовтың бұйрығымен… міне… осында жіберілдім.

– Түсінікті, – деп мыңқ ете түсті Комаров. – Кейінірек маған кір.

– Жақсы.

Жаңа бастық біздің қасымыздан үн-түнсіз өте шықты.

– Енді Черненко осында болатын болса, мұның мұртын балта шаппайды деші, – деп қалды Лешка ұйқыға кетер алдында.

– Естідің бе, жаңа бастық оған маузерін қайтарып бергізіпті.

– Еһе, ол енді бұл жерде кімдердің қарақұсынан атар екен.

Лешка мені шап беріп жұлқып, өзіне қаратып алды.

– Тыныш, мен саған не айтқанымды ұмыт, Максимовтың кезінде не айтсақ та болар еді, ал жаңаның қасында… ең жақсысы екі елі ауызға төрт елі қақпақ.

– Саған не болды?

– Ештеңе. Ұқтыңба? Қазір артық айтқан сөзін мүмкін өзіңе, маған, басқаларға оқ боп қадалатын кез. Осыны есіңде ұста.

Ол мені жібере салып, сылқ ете түсті. Төсекте біраз отырып, тұрып кетті.

– Кешір, Серега, шыдамай кеттім. Сен екеуміз мыналардың арасында көзге шыққан сүйелдей болып қалдық. Сен гимназияңды бітірдің, ал менің Казан университетін бітіруіме бір жыл бар, ал басқалары ше? Жауынгерлердің көпшілігі оқу-жазуды әрең-әрең ұғынады, кейбіреуінің мүлдем сауаты жоқ. Осы арамыздағы кедергі бізді шеттету баяғыдан бері толғағы жеткен мәселе екендігін олар да сезеді.

– Мен мұны білемін.

Шаруашылық жөніндегі орынбасар төсектердің арасында абыр-сабыр болып жүр. Ол жанымызға келді.

– Сендер Кучерді көрмедіңдер ме? – деді

– Кімді?

– Кучерді… Черненконы

– Неге Кучер?

– Ол қару алғанда, тапсырғанда менің құжаттарыма К.У.Чер деп қол қояды.

– Ә, солай ма. Бәлкім, ол жаңа бастықтың кеңсесінде шығар.

– Бұл бір ыңғайсыз жағдай болып тұр. Не істесем екен? Мен мына жаңа келгеннің көзіне онша түскім келмейді.

– Не болып қалды?

– Ол мында бір бағанға қол қоймады, ал бұл үшін білесің ғой, мені не істейтінін, тіпті… Черненко келіп менің маузерімді қайтар, бастық рұқсат берді деді. Мен, маған бұйрық берілмеді, бере алмаймын дедім. Байқа, саған оңай болмайды деді. Шынындада, он минуттан соң қып-қызыл боп, ызаланып бастық жүгіріп келіп, бетімнен періп қалды. Міне көлкілдеп көгеріп тұр.

Әлсіз түсіп тұрған жарықта шаруашылық жөніндегі меңгерушінің күптей болып ісіп кеткен бетін бізде анық көрдік.

– «Сен, не менің бұйрығымды тыңдамайсың ба?» – деп айғай салды. «Саған қызыл жауынгер Черненконың қаруын қайтар деп айтылды ма… Неге сөз қайтарасың?». Тағы да бес минуттай түгімді қоймай балағаттап кетіп қалды. Одан кейін анау жетіп келіп. «Қалай екен, маузерім қайда?» дейді. Қаруын қайтарып беріп тұрып, қорыққанымнан қол қойдыруды ұмытып кетіппін.

– Ертең ұстап аласың, ол саған қол қойып береді.

– Ал, егер қоймаса ше?

Леша иығын қиқаң еткізді. Ұнжырғасы түскен шаруашылық жөніндегі меңгеруші кетіп қалды.

– Олай болса, «Кучер», – деді ойға қалған Коновалов дауысын созыңқырап. – Ал сен болсаң оған лақап есім қоюға келмейді дейсің. Ал мынау тура соған лайық атау.

Таңертең мені жаңа бастық кеңсесіне шақыртты. Басымды жаман ойлар жеп барады. Біреулер мен туралы бірдеңе қоңырсыттыма деп қоям. Бөлме ішінде кеңсе столының ар жағында бастық отыр, ал Черненко терезенің алдыңғы жағындағы тақтайға жайғасыпты.

– Кір, кір, – деді Комаров құдды бір менің туысымдай күлімсіреп.

– Мені шақырттыңыз ба?

– Шақырттым.

– Менің шекара күзетіне нарядқа бөлінуге сапқа тұруым керек еді.

– Білемін. Бүгін бармайсың. Сенің орныңды ауыстырып басқа адам жібердім.

– Оныңыз қалай?

– Иә, бір ойлар келіп. Мен мұнда сенің сауатыңның жақсы екенін білдім. Ал Ленин жастарға жол көрсете отырып, қандай міндеттер жүктегенін білесің бе… Оқы, оқы және оқы.

Сұқ саусағын шошайтып алған бастық, ырғағын келтіре сілкіледі.

– Комсомолсың ба?, – деді Комаров қолымен столды салып қалып.

– Иә.

– Онда дұрыс. Партия менің атымнан саған біздің жауынгерлердің сауатын жетілдірумен айналысуыңды тапсырады. Әне, Константинді қарашы, ол төрт кластық шіркеу мектебін бітірген, сөздері қыңыр-қисық кеспек секілді. Ал, іске берілген адам. Осындай жауынгерлерден сауатты адам шығару қажет, әйтпесе бүкіл республикаға масқара боламыз. Саяси әдебиеттерді, газетті жіберіп жатқанмен амал не бәрін, арттарын сүртіп, әжетханаға… ешкім де оны оқуды білмейді.

– Біз таңертеңгі жиналыста жіберген газеттерді, басқа әдебиеттерді де бәріне оқып береміз, – деп қарсылық көрсеткен болып жатырмын. – Елімізде және шетелдерде не болып жатқаннан барлығы хабардар.

– Қажет болса әр адам өзі оқысын. Сен менімен тайталаспай, нарядтан бос жауынгерлерді жина да, баста … Ал саған Константин, – деп, ол өзінің ашаң жүзін Черненкоға бұрып, – Комаров бұйрық берді деп сана, оқу керек.

– Мен немене? Ленин айтқан… Бұл деген… олай болса, жөн.

– Жарайсың. Қане, онда баста, әйтпесе партияға қабылдамаймыз.

Менің нарядқа шықпағаныма бір аптадай болды. Менің жанымда әрдайым қызметтен бос бес адам болды. Олар жатын жердегі төсекке отырып алып, бір кесек сары қыртысқа қарындашпен ынталанып сөйлемдерді жазып отырады.

– Костя, сенікі біршама жақсарып келеді, – деп мақтап қоям өзімнің оқушымды. Бұрын әр сөзде екі, үш қатеден жіберуші едің, қазір түзеліп қалдың, бір ғана қате жібересің.

– Маған мынау… Ертең сөз сөйлеуім керек… дүниежүзіндегі жағдай туралы… Қалай болар екен?

– Ал сен дайындал. Біраз кітаптарды, газеттерді ал да айтатын ұсыныстарыңды солардан көшіріп ал.

– Ол қалай сонда?

– Міне солай.

Мен Лениннің, Сталиннің бірнеше брошюраларын, кейінгі келген екі газетті алып, алдына жайып қойдым.

– Мынаған қарашы. Барлық жерде ұжымдастыру, кулактар мен өзге жат элементтерді тап ретінде жою жүріп жатыр. Осылай баста. Тақырыпты таңда. Өзің оқи алатындай етіп көшіріп жазып ал.

Черненко тілін шығарып, бар ынтасымен әріптерді жаза бастады.

– Жақсы. Енді жолдас Сталиннің кітапшасын алда, ішінен осыған лайықты дәйексөз ізде.

– Ал бұл… немене сонда?

– Газеттің бас тақырыбына лайық келетін мағыналы үзінді ізде… Өте жақсы! Көшіріп жазып ал. Міне осылай. Қане Лениннің келесі кітабын ал.

Черненко туа біткен дарынының және керемет жадының арқасында айтқанымның бәрін қағып алып, төрт сағаттық тынымсыз жұмыстан кейін менің жетегіммен әжептәуір мәтін құрастырып шықты. «Енді мәтінді оқы», – деп өтіндім мен одан.

– Енді былай…

– Тоқта. Сөйлегенде «енді, мынау, бұл қалай еді, солай, е, жалпы» деген сөздер болмау керек. Сөйлеген сөзіңде айтпайсың. Осыны есінде ұста.

– Түсіндім. Онда …Ұлы көсеміміз Сталин елімізде жүргізіп жатқан ұжымдастыруды дұрыс бағалады.

Мен осы жерде байқағаным, ол мәтінге құдды ауада жазылып тұрғандай керегеге қарап, айтып тұрды. Костя бәрін жатқа соғып тұр.

Черненко келесі күнгі жиналысқа қатысқандарды таң қалдырды. Қағазға жазылған мәтінді мүдірмей әрі түсінікті оқып шықты.

– Міне, – деді Комаров жауынгерлерге қарап, Черненко жолдас саяси жағынан күн санап емес, сағат санап өсіп келеді. Мен сендердің осындай жолдастардан үлгі алуларыңды сұраймын.

Кучер еңсесін түзей қойып жауынгерлерге жеңімпаздай көз тастады.

– Оқушың қалай екен?, – деді Коновалов.

– Өзіңде естідің ғой, бастықтың айтқанындай саяси жағынан өсуде.

– Иә, ал жазу жағына қалай?

– Бұл жағы қиындау. Егер орыс тілі болса, бірдеңе оқытуға болады. Енді математика мен басқа пәндерден – нөл. Оның есте сақтау қабілеті жақсы, көсемдердің брошюралары мен олардан үзінділерді жатқа соғады, ал, бірақ бөлуге, көбейтуге, логикаға, математикадан есеп шығарудан мақұрым. Біз бөлшектерді үйренуге бір аптада шамамыз келмеді.

– Қиын оқушы екен.

– Шекарадағы жағдай қалай?

– Жағдай қиын болып тұр. Салтанның шағын көші Қытайға өтіп кетіпті.

– Комаров біле ме?

– Білмегенде ше. Уыстап шашын жұлып отыр. Орталықтан көмек сұрады. Көршілес Нарынқол заставасында да осындай жағдай, жұрт Қазақстаннан қашып жатыр. Сондықтан да, нендей оқиғалар боларын күтерсің.

Черненко бұдан кейінгі жылдары сөйлемес бұрын жиналыс, отырыс өткізерде мұқият дайындық жасауымен бүкіл әріптестерін тастаяқтай қағыстырып, сілікпесін шығарып, дүрліктіріп жіберетін.

Осылай қағазға қарап мәтінді түгел оқып шығуды кейін Брежневке де жұқтырды. Бара-бара Брежневтің өзі партияластарына бәрін еске түсіріп тұратын қағазсыз сөйлеулеріне тиым салды.

– Сен нағып біртүрлі К.У.Чер деп қол қоясың?, – деп сұрадым мен біркүні сабақ үстінде Константиннен.

– Бұл яғни … Мен менің атым… жөнім Константин Устинович. Ауылдық жерде… әкесінің атымен құрметтейді емес пе. Мейлі мені … бұлай сыйлап жүрсін.

– Ісіңе қарай құрметтейді ғой.

– Мен ешкімнен кем емеспін. Жақсы атамын … Міне …

– ОГПУ-де, ол жерде сен де адамдарды аттың ба?

Кучер тыжырына қалды.

– Революция жауларын талқандауда қолымыз тастай қатты болуы керек, – деп кекештенбей, мүдірмей айтып салды.

Ол бүкіл отрядқа қалай ататындығын да дәлелдеді. Жаркенттің эскадроны бізге қайтадан шапқылап жетіп келді.

– Не болып жатыр?, – деп Лешка Коноваловтан сұрадым.

– Ертең Садырбаевтың көші Қытайға қарай өтетін сияқты ғой. Олар осы арадан бір күндік жерде екен.

– Көп адам ба?

– Көп. Алты жүздей. Тек қана қойының өзі екі мыңға жуық, екі жүз бе, үш жүздей ме жылқысы бар.

– Леша, шындығында осының бәрін ол елден тонап алғаны ма?

– Жоқ, ә. Қазақстандағы қоныс ауатын ең ірі көш. Садырбаев ешқашан да бандит болмаған, талан-таражбен айналыспаған, жас кезінің өзінде екі ру елдің басын қосқан мықты қазақтың бірі, оны мына жерде жан алқымға алғаннан кейін өтпек.

– Біз енді оларды атамыз ба?

– Білмеймін, оларды шекарадан алыстата қуып тастау керек қой. Мүмкін аспанға ататын шығармыз.

Түн ішінде бүкіл шекарашылар заставы аяғынан тік тұрды, Жаркент эскадронын көшті тоқтатуға жұмсады. Біз Қорғас өзеніне құйған, қазір құрғап қалған бұрынғы Сандырқос өзенінің жағасында тосқауыл жасадық. Бұдан сәл алысырақта құм төбелердің астына Жаркент эскадроны жасырынды. Таң ертең күн шығар алдында бізге қарай жылжып келе жатқан қарақұрымдай отар-отар қойды, жылқыны, басқа да малдарды көрдік.

– Леша, ал адамдары қайда?, – дедім мен винтовканың дүмін ысырып қойып.

– Садырбаев та айлакер ғой, мүмкін киіз үйлерін өзеннің оң жақ сағасына қарай жіберген болуы керек. Бұл әртүрлі жағдайға қарай қалай – қалай емес деп істеген алдақарту айласы, егер оларды осы жерде күтіп тұрған болса, онда оның қаптаған малын тоқтатуға шекарашылар барлық күшін осында жұмсайды, ал, өзі осы мезетте басқа жерден өте шықпақ.

– Комаров бұны түсіне ме?

– Мен қайдан білейін. Ол мұнда жақында келді және даланың жағдайын білмейді.

Отардың алдыңғы легі үш жүз метрге дейін жақындап қалды. Осы кезде сирек орналасқан біздің жауынгерлердің алдыңғы шебіне қолында наганы бар Комаров ытқып шықты.

– Жігіттер малдарды атыңдар, оларды қалай болса да үркітіп жіберу керек, атыңдар!

Біз лықсып келе жатқан тірі толқынды атқылай бастадық. Тіпті көздеудің де керегі жоқ еді, барлық оқтар өз нысанасын тауып жатты. Байғұс қойлар ыршып барып, құлап, құмда аунап қалды. Ал, олардың өлігінің үстін келесі тобы бастырмалап, таптап өтіп жатыр.

Аспанға көтерілген қою шаңнан малшылар да, иттер де көрінбеді.

– Серега тұр орныңнан, – деп Коновалов айғай салды. Әйтпесе, олар сені таптап кетеді.

Мен жан-жағыма қарадым. Бүкіл отряд түрегеп тұрып байғұс қойларды атқылап қырғындауда.

– Сайтан алғыр, бұлардың серкесі қайда, соны атып өлтіру керек, – деп Коновалов бақырып тұр.

Бұларды қырып тастау керек болды. Бізге Жаркент эскадроны көмекке келді. Олар бір бүйірден шыға салып, отарға келіп ұрынды да, оларды бірден оңға қарай ығыстырды. Аттылар қылышпен кәнігі қасапшылардай ақымақ қойлардың басын допша домалатты. Бізге бір жиырма метрдей жер қалғанда қойлар тұмсықтарын бір – бірінің бауырына тығып ұйлығысып тұрып қалды.

– Құдайға шүкір серкені өлтірдік, – деді Леша винтовкасын иығына асып жатып.

Осы кезде біз оң жағымыздан тырсылдаған пулемет дыбысын естідік.

– Ал мен саған не айттым, – деп тер басқан бетін маған бұрған Коновалов. – Садырбаев адамдарын басқа жақпен алып өтіп барады.

– Атшылар, аттарды әкеліңдер!, – деп бақырып жүр Комаров. – Барлығың атқа қоныңдар!

Біз сақылдаған пулемет даусы шығып жатқан өзеннің оң жақ қабағына қарай шаба жөнелдік. Отряд төбе басына көтеріліп шығып, тоқтай қалдық. Көз алдымызға жантүршігерлік көрініс келді. Балаларға, шалдар мен әйелдерге лық толы киіз үй артқан, қарулы, салт атты ер адамдар күзеткен керуен құм төбелерден құрғап қалған өзеннің табанына түскен кезде биік құм шағылдың үстіне орналасқан пулеметтің жауған оғына тап болды. Бұл керемет пулеметші еді. Оқ тиген аттар, еңбектеп шыңғырған әйелдердің, шырылдаған балалар мен өкіріп қарғыс жаудырған ер адамдардың күңіренгендері естіліп тұр. Олардың ішіндегі қаруланған бес адам өз туыстарын қорғамақ болып атысуға ыңғайланғанымен атқыштың дәл атқан оғынан құлап жатты. Пулеметші ешкімді аяйтын емес. Міне өзінен кішкентай інісін қорғаштаған қаршадай қызға оқ тиіп құлады, әне, құлаған қостың артын паналаған кемпірге тиді. Әне … алайда. Қалың малдың ортасын бұза-жара артқы жағымыздан атып шыққан Жаркент эскадроны тоқтап қалған көшке ұмтылды. Нағыз қырғын осындан кейін басталды. Әскерлер тірі қалғандардың бәрін турай бастады.

– Петров! – деп, айқай салды, неге екенін қайдан отрядтың бастығы. – Черненкоға шап, дереу атуды доғарсын, әйтпесе өздеріміздікін майып қылады.

Мен үлкен құм төбеге қарай зымырай жөнелдім. Дөңнің дәл төбесінде пулеметтің артында Кучер мен Ванька жатыр. Пулементтің ұңғысының қызғандығы сондайлық, қаптамасының тығыны атылып кетіп, бу қайнаған шәйнектен шыққандай ысқырып жатыр, айналасы толған оқтың жезі, оғы таусылған екі қорап бос жатыр. Пулеметшілердің артқы жағынан келіп, аттан қарғып түсіп лентаны беріп жатқан Ваньканың гимнастеркасының желкесінен ұстап құмға қарай лақтырып жібердім. Ол аузын ашып алқымынан дем алып, түк ұқпай маған қарайды. Енді кезек Черненкоға келді. Мұның «Максим» пулеметінің тұтқасына қолының саусақтарының жабысып қалғандығы сонша білегінен шауып тастап ажыратуға болатындай. Мен оның бетінен аяғыммен бір тептім. Пулеметтің үні шықпай қалды.

Шалқая құлаған Кучер тізерлеп отыра қалып маған кектене қарады, көзінің астындағы етік тиген жер қанталап бетіне жайыла бастапты.

– Сен, сияқты гидраны, – деп ысылдай сөйлеп маузеріне қол созды.

Дәл сол сәтте қатты тепкенім соншалық көтеріліп барып, құмға екі-үш рет аунап түсті де, ұзынынан көсіле сұлқ жатып қалды. Мен артыма қарадым. Эскадрон мен біздің жігіттер қан-қасапты тоқтатыпты.

Коновалов абыржып төсекте отыр.

– Серега, түсінесің бе, ол менің көзімше қызды қақ бөлді.

– Кім?

– Эскандрондық.

– Ал сен өзің… біреу-міреуді өлтірдің бе?

– Жоқ, қолым бармады. Қостың жанынан әрі шауып, бері шауып өттім, бірақ көз алдымнан міне… Бұл… Қыз бала және қақ бөліп шауып тастау деген…

– Леша, тынышталғын. Мына біз көрген сұмдық… есіңде ме сен маған не дегенің… үндеме. Енді бұл туралы ләм демеуіміз керек. Біреу есікі етігімен тарсылдатты да, бізге шақырушы келді.

– Ей достар, бастық екеуіңді де шақырып жатыр.

– Басталды, – деп күңк ете түскен Лешка. – Серега, жүр барайық, – деді.

Кеңседе сол баяғысындай терезенің алдындағы тақтайға Черненко қонжиыпты. Оның ісіп кеткен бетінің оң жағы түгелдей қып-қызыл, көзі мүлдем көрінбейді. Бастықтың өңі сұрланып, столдың басында қағаз оқып отыр.

– Мә, саған. Петров. Сенің үстіңнен өзінің жолдасыңды, шекарадағы Қорғас заставасының жауынгері К.У.Черненконы соққыға жыққандығың туралы арыз түсті.

– Рапортта сен капиталистерге жақтаса отырып тап жауларын жоюда жүргізіп жатқан Кеңес өкіметінің бүткіл жұмысын жоққа шығарғандығын айтылған.

Міне, сайтан алғыр. Оқытамын деп сау басыма сақина тілеп алғанымды қарашы. Және қандай сөздерді тауып жазған «жақтасу», «жоққа шығару».

– Мен сіздің берген бұйрығыңызға сәйкес оның тұмсығынан ұрдым. Кеңседе құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Үйдің төбесінде ұшып жүрген шыбындардың ызыңының қатты естілгендігі сондай, біз құдды паровозда келе жатқандай болдық.

– Мен бе? Мен бе? – дегенде бастық қып-қызыл болып жарылып кете жаздады.

– Сіз ғой маған өзіміздің адамдарды түгел атып тастамас үшін Черненконы қойдыр деп бұйрық берген. Мен тоқтатпақ болып қанша тырыссамда, қолын пулеметтен ажыратуға шамам келмеді. Сондықтан да бір-екі рет қойып-қойып қалуға тура келді.

Арт жағымда бәтеңкенің тықылынан соң, есіктің сарт еткені естілді. Бастық маған қаһарлана қарап тұр.

– Жоғал, оңбаған.

Жарты сағаттан кейін Лешка келді.

– Не болды?, – деп алдынан жүгіріп шықтым.

– Бұдан былай нарядтың жетекшісі мен болмаймын. Алып тастады. Ол аз болғандай біраз уақыттан соң әскерден босатады. Екі аптадан кейін Қазанға қайтамын.

– Мұны, Комаровтың өзі айтты ма?

Сен шығып кеткеннен соң тіпті құтырынды.

– Мен өзімнің міндетіме дұрыс қарамайтындығым туралы рапорт құрастырыпты. Әуелі, кейінгі кездегі қанды қырғында бірде-бір қазаққа тиіспегеніме дейін бәрін байқапты, сілімтік. Сұмдық қандай сөздерді естімедім десеңші. Ал сен жарайсың. Сен оған Кучердің көзінше… Енді екеуінің арасы ит пен мысықтай болады.

– Әй, қайдам. Ол екеуінің де қолы қанға боялған. Бір жолы сабақ үстінде Кучер Комаров екеуі ОГПУ-де (Ерекше мемлекеттік саяси басқарма) бірге болғандығын және ол жерде не істегендерін айтқанда… ойбай, сұмдық… айтпа.

Черненко партияға өтуге өтініш берді. Заставта осыған байланысты ашық партия жиыны. Заставта өзіміз бар жоғы бес коммунист едік. Кучерге отрядтың бастығы мен шаруашылық жөніндегі меңгеруші сенім білдіріпті. Біз Комаровтың сөзін далада отырып тыңдаудамыз.

– …Черненко жолдас өзін ұрыста өте жақсы көрсетті. Оның дәл атқан оғынан ондаған, жүздеген жаулар жер жастанды. Осының арқасында, біз Садырбаевтың атақты бандасын тосып алып, тас-талқанын шығардық, әскери басшылық жауынгер Черненкоға алғыс жариялай отырып, оны ВКП (б) қатарына алуға ұсыныс жасап отыр.

– Садырбаев бандит емес…

– Бірден тыныштық орнады.

– Кім айтты?

– Мен.

Өңі құп-қу болып Лешка жерден көтерілді.

– Мен бұрыннан осындамын және осыдан алты жыл бұрын ең соңғы басмашы Ақбай байдың бандасын талқандағаннан бері барлық көшпелілерді танимын. Садырбаев момын қазақ, ол өзінің ата-бабасының ежелгі салтымен жақсы жайылым іздеп шекарадан ары-бері талай рет өтіп жүр.

Садырбаев ауылдарды, елді мекендерге, поселкелерге шабуыл жасапты дегенді ешбір өкімет орындары растамайды, сондай-ақ қарақшылықпен, талау-тонаушылықпен айналысты дегенді де ешкім құптамайды. Ендеше шекарадағы болған оқиғаны бейбіт халықты қан-қасап етіп қыру деп атауға болады.

Түрегеп тұрған Коновалов Черненко мен президиумға тайсалмай қарады. Айнала тым-тырыс.

– Болды, болды, болды, – бастықтың дауысы тыныштықты бұзып жіберді. – Жауынгер Коновалов, сіз не айтып тұрсыз? Сіздің жолдастарыңызға оқ атып, олардың өміріне қатер төндірді, ал, сіз, мына жерде ұрыс болмады деп оны жоққа шығарудасыз. Сіздің үгіт-насихатыңыз маған кесірін тигізуде. Мен мәселені былай қоямын. Біз қашанға дейін тәртіпсіз және бұлғақтаған шекарашы жауынгерлердің қылығына төземіз. Менің жауынгер серіктерім, мен бұл мәселені жиналыстың күн тәртібіне қойғым келеді.

Осы мезетте лагерлердегі тұтқындарға шамадан тыс қатыгездік көрсеткені үшін ОГПУ-ден (Ерекше мемлекеттік саяси басқарма) заставқа жіберілген казак Нечувайло орнынан тұрды.

– Менің айтайын дегенім мынау. Егер нәжіс жерде жатса бәрібір оның иісі шығып жатады. Иісі шықпас үшін оны терең қазып, көміп тастау керек. Коновал мен оның досы Петров осында ылғи тұнығымызды лайлап, бір нәрсені бүлдіреді де, жүреді. Білгіштігін қарай көр мұның… өте ақылды сияқты. Міне маған, мына Коновалов жақтап тұрғандардың оғы тиіп өліп қала жаздадым.

Нечувайло галифесіне қолын тығып жіберіп тесіктен саусақтарын тарбайта шығарып бәріне көрсетті.

– Міне, мен осыны айттым тұрмын, – деп қойды бәлекет казак. – Ол біздің отрядтың арасында болмауы керек және біздің бөлімшедегілер оны шекара заставасынан шығарып тастауын талап етіп отыр. Ал Кучер туралы әңгіме қозғасам, кешірім өтінем жауынгер Черненко. Міне, ол нағыз жігіт, ана сілімтіктерді … Оларға сол керек.

Содан басталды дейсің. Жұрттың бәрі Лешканы бақырып-шақырып балағаттай жөнелді, былапыт сөздерінің бір ұшы маған да тиіп жатыр.

– Тоқта!, – деп барқ ете түсті Комаров. – Бәрі түсінікті. Мінеки бұқараның саяси санасы нені білдіретіні. Коновалов, мен сіз жөнінде өзім бір шешім шығарам. Ал, жауынгер Черненко жөнінде қалай?

– Қабылдансын. – деп ду ете түсті отрядтағылардың көпшілігі.

– Жақсы. Жолдас Черненко сізді партиямыздың қатарына үміткер болып қабылдануыңызбен құттықтаймыз. Кеңес өкіметі жасасын! Ұлы Сталин жасасын!

Бәрі орындарынан тұрып айғайлай жөнелді… Сонымен жиналыс аяқталды.

Бір күннен кейін заставқа ОГПУ-дің уәкілі келді. Коноваловты кеңсеге шақырып алып, үш сағат бойы тергеуге алды. Лешка боп-боз болып, аруақтай ағарып шықты.

– Сені шақырып жатыр.

– Мені ме?

– Сені.

– Қалай болып жатыр?

– Құрысын.

Уәкіл бастықтың үстелінде отыр.

– Отырыңыз, Петров, – деп маған орындықты нұсқады. – Менің көп уақытым жоқ, сондықтан да не білесіз, маған бәрін айтыңыз.

Ол үндемейді, мен де дымымды шығармай отырмын.

– Сен не кереңсің бе? Мен осы арада Коновалов екеуіңнің қандай контрреволюциялық әрекет жүргізгендеріңді айтып бер деймін.

– Ондай нәрсе ойыма түспей тұр.

– Черненконы не үшін ұрдың?

– Отряд командирінің бұйрымен.

– Өтірік айтпа. Сен оны жек көресің, онымен қоймай арамдығың сол, бұл іске өзіңнің командиріңді де араластырып тұрсын.

– Маған бүкіл отрядтың алдында командир бұйрық берді, – деп мен де бой бермей қойдым.

– Сен әуелі отрядтың жауынгерлерімен сабақ үстінде ұжымдастыру және біздің партияның қызметі туралы менсінбей, қалай болса солай сөйлегеніңді коммунист Черненко көрсетіп отыр.

– Ол әлі де бұл жерде ештеңе ұқпаған ғой, яғни мен оны нашар оқытыппын.

– Бұл нені білдіреді?

– Черненкода тауықтың миындай ми жоқ, сауатсыз ғой. Мен оны орыс тілінің негізін үйретуге тырысқаныммен септіктерді шатастырудағы қабілетсіздігі кез-келген тергеуші біледі, сайтан алғырды.

– Сен ақылгөйсіме, қарашы септіктерді ойлап тапқанын, ол аз болғандай менің алдымда заставтың ең жақсы екі адамының абыройын айрандай төгіп отырсың. Сен өзің бір оңбаған екенсің. Жоғалт көзіңді!

Лешка сол күні-ақ уәкілмен бірге орталыққа кетті. Кучер қызмет сатысында бас айналатындай тез көтерілді. Партия мүшелігіне үміткер бола жүріп, заставтың партия ұйымының жетекшілігіне бекітілді. Оған шағын үй бөлінді де осы жерде қызу жұмыс басталды. Костя дайындалды. Жиналыстарға, баяндамаларға, есеп беруге дайындалды. Оның тағылардай еңбекқорлығы тілінің төселгендігінен ғана емес, сонымен қатар баяндамалар мен ел алдындағы сөйлеген сөздерінің де бір жүйеге келгендігінен көрінді. Ол енді кез-келген сұраққа дәйек сөздерді келтіріп соға беретін болды. Мен, кейде оның басын үлкенді-кішілі көсемдердің дәйек сөздерімен және газеттердің алғысөзімен тығындалған сондай бір құбыжыққа ұқсататынмын. Черненко көзге түсе бастады. Оның жоғарғы жаққа жіберген есептері жақсы бағасын алды.

Ал біздер бұрынғыдай жабайы тайпаларға қоныс аударғандарға т.б. ұрыс салып жүрдік. Ал, сол күні барлығымызды дабыл қағып тұрғызып алды. Содан соң Шонжының тау бөктеріне қарай кезекті торуыл қоюға шаба жөнелдік.

Аттарды шағын қыраттың астыртына жібердік те, ыстық жалыны лапылдап бетке ұрып тұрған тастаққа жер бауырлап жата кеттік. Бір сағаттай уақыт өтті, жым-жырт тыныштық, көзім ілініп кетіпті. Күтпеген жерден арбаның сықыры, аяқтың тырпылы ат тұяғының тықылы мен дабыр-дұбыр сөйлегендердің шуылы естілді.

Тастың тасасында бас-бағып жатып киген ұлттық киімдеріне қарап келе жатқандардың дүнгендер екенін айырдым. Қазақстандағы Голощекиннің қолдан ұйымдастырған ашаршылығынан қашып құтылу үшін, кір-кір болып, шоқпыт-шоқпыт киінген, ыңыршағы шыққан арық мәстекке шеккен арбаға үй-ішінің мардымсыз бұйымдары мен ауру – сырқаулы балаларын тиеп алып арғы бетке (Қытайға) қашып бара жатқан дүнгендердің кедей-кепшіктері еді. Заставтың бастығы жолдың ортасына шықты.

– Ей, тоқта! – деп алдында келе жатқан бір байқұсқа айқай салды. Адамдардың лықсыған нөпірі Комаровты басып кете жаздап барып шып тоқтады. Арт жақтан келіп жаңадан қосылған ерлер мен әйелдер, балалар бәрі амалдары құрып сілейіп тұрып қалды.

– Дүнгендер, – деп бастады Комаров. – Сендер Кеңес республикасының құрамында болғаннан кейін, біздің елдің азаматтары ретінде тәртібі мен заңдарына бағынып өмір сүруге тиіссіңдер. Бұдан ары қарай шекара, кімнің өтуге құқығы жоқ, солардың бәріне жабық, қане, бейбіт жолмен шешейік. Кері қайтыңдар, сендер қайтып барған жаңа жерлеріңде жаңа өмір бастайсыңдар.

– Бастық, өткізсеңізші. Қалың тобыр таласа-тармаса шала-шарпы орысша сөйлеп, күңірене дауыс сала бастады. Арт жағымызда аштық- жалаңаштық балалар өліп жатыр, біз де өлеміз ғой.

– Жоқ, өткізбеймін. Артқа қайтыңдар.

Байғұс дүнгендер өлімге бас тіккендей сілейіп тұр, ешкім тырс етіп қимылдамады.

– Егер қазір кетпесеңдер, мен атуға бұйрық беремін…

Бірақ ешкім былқ етпеді. Бұрынғыдай жым-жырт.

– Олай болса, өлмесеңдер өмірем қабыңдар.

Бастық бұрылып қатарласып тұрған саптың артына шығып кетті.

– Тыңдаңдар! Атыңдар!

Гүрсілдеген атыс үніне заставтың жаңа болған парторгінің пулеметі қосылып мұқият жұмыс істей жөнелді. Мен бұл адамдардың қалай өлгендеріне қайран қалдым. Оларды атып өлтіріп жатсада, қозғалмай, үнсіз тұрды. Ешқайсысы қашпады, жерге де жата кетпеді, тастардың, арбалардың артына да тығылмады, балалар, үлкендер тіпті, мәстек аттарда тырп етпей, өздерінің ажалын селт етпей күтіп алды. Ал пулемет болса атқылап жатыр, атқылап жатыр…

Мен ұшып тұрдым.

– Жігіттер естеріңді жиындар, – деп бетімді шепте жатқандарға бұруға тырысқаным сол-ақ екен, дәл осы сәтте бүйірімді бір нәрсе солқ еткізді.

Зәрін төге жымиған казак Нечувойло маған винтовкасының ұңғысын басқа жаққа қарай бұра қойғандай болып көрінді. Көз алдымдағының бәрі қарауытып кетті де, жерге сұлап түстім.

Заставтың фельдшері іштегі тұрып қалған оқты алудан бас тартты да, жарамды мақтамен тығындап, сарғайған бинтпен ішімді орап-таңып беріп алғашқы көмегін көрсеткен болды.

– Сені, көгершінім, жарқыным, орталықтағы ауруханаға жіберу керек, бұл жерде көмек көрсетуге дәрменсізбін.

– Сондайлық қауіпті ме?

Фельдшер міңгірлеп тұр.

– Жалпы іштен жаралану, жағымды нәрсе емес. Әйтеуір ішіңнің бір жерінде тұр. Ол оңбаған оқ айналасына не істеді, сайтан біле ме?

Комаров маған еңкейіп келіп үңіле қарады.

– Петров, өзіңді қалай сезінесің?

– Құрып кетсін.

– Маған фельдшер бәрін айтты, сені енді Жаркенттегі ауруханаға жіберем.

– Жақсы.

– Алып баруға Черненконы беремін. Оны орталыққа партия жұмысына ауыстырды. Олай болса, ғафу ет.

Отрядтан басқа ешкім менімен қоштаспады. Жүк арбаның сықыры мазаны кетірді. Жұртқа әйгілі балтыр орағышымен және мықынына түскен маузері салбыраған Черненко аттарды айдап қатар жүріп келе жатыр.

– Кучер… сен дүнгендерді неге соншама?… – деп сұрадым мен одан.

– Мен саған Кучер емеспін. Сен бұл лақап есімді таста… Ал бандылардың көзін құрту керек.

– Бұл келе жатқандар өңкей жарлы – жақыбайлар еді ғой, осылардың жарқын өмірі үшін ақтармен, поляк пандарымен талай-талай құрбандықтарға бардық емес пе?

– Біз … коммунизм үшін. Кім-кім оны орнатқысы келмесе, бәрін жайпап тастау керек. Біздің қоғамда таптық күрес бәсеңдемейді, сондықтан да біз үнемі қырағы болуымыз қажет.

Құдайым-ау, мынау не деп кетті. Ылғи газеттердің алғысөзінен алынған дүниелер. Ал Кучер шын мәнінде де кетті дейсің…

– Міне, сен мысалы қырағылығыңды жоғалттың, біздің арамызға ұрланып кіріп алған тыңшыға сеніп қалдың. Жаулар қалғымайды. Троцкистер, бухариншілдер ….

Бұл кім туралы айтып тұр? Лешка жайлы ма? Мына сұрқиялар оған не істеді екен?

– Сен, Коновалов туралы айтып тұрсың ба? – деп бөліп жібердім.

– Иә, ол бәрін мойындады… сотталды.

– Оны қайдан білесің?

Ішім қатты ауырып кетті. Кучердің сөйлеген сөздері күңгірлеп әлдеқайдан естіліп жатқандай.

– Партия бәрін білуге тиіс. Бұқара халықты тек партия ғана бастайды…

Мен есімнен танып қалдым.

Кучер мені Жаркентке өте қиын жағдайда жеткізді. Жүк арбаны аурухананың ауласына қоя салыпты да, өзі ақырын ғана жылыстай жөнелген. Маған операция жасалынып, төрт ай емделгеннен соң, дәрігерлік комиссия әскери қызметке жарамсыз деп тапты.

1979 жыл.

…Мен зейнетке шыққалы көп болды, жетпіске де келіп қалдым…

Тамыз айының басында мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен үйге телефон соғылып, бұрынғы өткен өміріңіз жайлы сөйлесейік деп өздеріне келіп кетуімді өтінді. Кәдімгі президент сияқты есіктің алдына қара волганы көлденең тартып, отырғызып басқармаға жеткізіп салды. Бір бөтелке коньягі мен ұсақ бутербродтары бар жасаңдау генерал-лейтенант өте жақсы қарсы алды.

Екеуіміз Молдавиядағы егіс науқанының барысы, ауа райы, менің соңғы шыққан кітаптарым туралы сөйлесіп отырғанмызбен түйінді мәселенің әлі алда екенін сезіп отырдым.

– Сіз өзіңіздің жастық шағыңыз туралы ештеңе жазбадыңыз ба?, – деп қалды кенеттен генерал. – Отызыншы жылдары біздің шекарамызды әртүрлі бандалардан қорғап тұрғандарыңызды еске түсіргеніңіз жақсы болар еді.

– Өткенді қазбалаудың қажеті бар ма? Бұл туралы басқа авторлар ондаған кітаптар жазды ғой.

– Бірақ та сіз тікелей қатысушы емессіз бе және солардың бәріне өз көзқарасыңыз бар.

– Осы көзқарас ғой мені ГУЛАГ-тың (Мемлекеттік лагерьлер басқармасы) лагеріне апарған. Сіздің бұрынғы ОГПУ-леріңіз (Ерекше мемлекеттік саяси басқарма) оннан-мұннан құрап іс қозғауға тырысты.

– Сізді кінәсіз деп тауып баяғыда ақтады. Ол бір үрейлі кезең болды ғой. Қане, одан да Қорғастағы оқиғаларға оралайықшы. Ол жерде не болды? Жолдастарыңызбен араларыңыздағы дау ненің салдарынан туындап еді? Және сол кезде араларыңызда жолдас Черненко болған сияқты ма….

– Болды. Шындықты білгіңіз келе ме?

– Келеді.

– Онда тыңдай беріңіз. Ең соңғы басмашылардың бандаларын талқандаған жиырма төртінші жылдан кейін шекараны тек контрабандистер мен қоныс аударушылар ғана бұзды…

Мен голощекиндік қырғынның аштық қысқан адамдар мен көшпелі халықты шекара асып ауа қашуға мәжбүр еткендігін, оларды қалай оқпен қарсы алғандығымызды бүге-шігесіне дейін қалдырмай әңгімелеп бердім.

Осы сұмдық тағылыққа, мыңдаған бейкүнә адамдарды қыруға қатысқан заставтың жауынгерлерінің қандай рөл ойнағанына дейін айтып бердім.

Жаркент эскадроны Черненко туралы, оны қалай оқытқанымды және соққыға жыққанымды, Алматыдағы, Иркутск түбіндегі лагерлерде және Кишиневтегі кездесуіміз туралы әңгімеледім.

– Олай болса, осы адам қырғынында ең белсенді рөл атқарған Кучер болды ғой?

– Сіз қалай дедіңіз ? Кучер?

– Иә, Кучер. Оны жоғарғы жақтағылар, Кремльдегілер дегенім ғой, бәрі солай атайды.

– Меніңше, ең алғаш біз атаған шығармыз дегемін. Иә, нағыз белсенді рөл ойнаған соның өзі. Мерген атқыш еді, сұмырай.

– Ал оның өмірбаянында мұның бірі де көрсетілмеген.

– Сіз не айтып тұрсыз? Шынымен жасырып қалған ба?

– Солай тәрізді. Менде Орталық Комитеттің мүшелерінің толықтай барлық өмірбаяндары жазылған, арнайы шығарылған брошюрасы бар.

– Онда бұл жөнінде не жазылыпты?

– Міне оқиын; 1929 ж Қызыл Армия қатарына кірдім, әскери қызметім аяқталған соң, Новоселовск және Уярск аудандық партия комитеттерінде үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі…

– Мүмкін емес. Ол Армия қатарында болған жоқ. Черненко ОГПУ-да (Ерекше Мемлекеттік саяси басқарма) қызмет етті. Ол аздай оны аяқтамай жатып, жаңа жұмысқа ауыстырылды. Содан кейін бұл қалай болғаны….. Ол кезде қызмет ету екі жыл емес еді ғой, ал, мына жерде мүлдем көрсетілмеген.

– Мына үзінді тіпті бөлек. 1941-1943 жылдары Кросноярск өлкесінің партия комитетінің хатшысы, 1945-1948 жылдардан бастап Пенза облыстық партия комитетінің… Бір нәрсені байқадыңыз ба?

– Иә. Мұнда 1944-1945 жылдардағы мәліметтер көрсетілмеген.

– Рас айтасыз. Шамасы оған ГУЛАГ-тардағы (Мемлекеттік лагерьлер басқармасы) тәрбие жұмысымен айналысқан жылдары ұнамаған шығар.

– Неткен сұмпайы.

– Ұрыспаңыз. Маған сізбен сөйлескеннен кейін көп нәрсе айқындала түсті. Сізбен болған тарихи жағдайға жолдас Андропов өте қызығушылық танытып отыр.

– Неліктен?

– Себеп біреу-ақ. Қазір Черненко жолдас Леонид Ильич Брежневтен кейінгі мемлекеттегі екінші адам және Черненко жолдасқа таза өмірбаян ауадай қажет.

– Сіз не дедіңіз? Сіз бас хатшының орнын меңзеп тұрған жоқсыз ба?

– Тұспалдап тұрмын. Бәрі де мүмкін. Бірақ биліктің шыңына жету үшін оған кір келтірушілерді құрту керек. Солай емес пе?

– Бұл ғой енді жиіркенішті нәрсе.

– Бұл әлі ештеңе емес. Бізге белгілі мәлімет бойынша ол бас хатшының бажасы генерал К.-дан қалай десем екен… қысқасы сіздің көзіңізді құртуды сұраған.

– Генерал К. қай жерде қызмет істейді.

– Бізде, КГБ-да (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) Андроповтың орынбасары.

Менің мынадай нәрселерді естігеннен кейін басым айналып кетті.

– Түк түсінсем бұйырмасын.

Менің сұхбаттасым күліп қойды.

– Біздің де өз құпиямыз, пәлеқорларымызбен және әртүрлі орындаушыларымыз ішімізде. Андропов жолдас та Орталық комитеттің мүшесі Черненконың жаман қылықтарын білетін куәгерлердің жоғалып кетпеуін қалап отыр. Сондықтан да мен сізбен кездесіп отырмын.

– Сіз немене мені жасырып қоясыз ба?

– Жоқ. Қайта керісінше сізді қазіргі Қорғас заставасына барып қайтуға, бұрынғы болған жеріңіздің жәй-күйін көріп қайтсын деп, жолсапарға барып келер деп ұсыныс жасап отырмыз. Жастық шағыңызды еске түсіріп, ол жердегі шекарашылардың жаңа буынының қазір қалай өмір сүріп жатқанын өз көзіңізбен көріңіз.

– Нақты айтқанда бұл не үшін керек?

– Орталық комитетте Қорғас заставасын Еңбек қызыл Ту орденімен марапаттау туралы ұсыныс туыпты. Черненко осыны жеке өзі орындағысы келеді.

– Бірақ, бұл мыңдаған заставтардың ішіндегі тып-тыныш, басқалардан ерекше көзге түсетін ештеңесі жоқ жай заставтардың бірі ғой, тек қана 1924 жылдарға дейінгісі болмаса, одан кейінгісі тек қана жексұрындық.

– Жоғары жақтағылардың өздерінің де жағымпаздары жетіп жатыр, ықпалды адамға жағымды бір нәрсе жасамақ болып жарамсақтанғандары ғой.

– Мен сонда ол жерде оның көңіл-күйін бұзуым керек қой.

– Жақсы болар еді.

– Меніңше біреу ақылынан алжасқан болу керек. Не Черненко, не болмаса Орталық комитеттегілердің барлығы. Әйтпесе, көпшілікке белгісіз қарапайым заставты марапаттауды ойластырудың сондайлық қажеттілігі бар ма?

Генерал қарқылға басты.

– Шамасы бәрі есінен алжасқан болуы керек. Міне осы қорытынды шешімнің түп негізін оқып берейін. Мұнда былай…мына жерін өткізіп жіберейік…міне: «Ең басты айқын нәрсе. Егер де Қорғас заставасы болмаса еліміздегі ең ірі партиялық мемлекеттік қайраткерді алмағандай едік. Осы жерде оны партияның қатарына қабылдап, партия комитетінің хатшылығына сайлады». Керемет жазылған.

– Иә, заставаға осы үшін барып келуге болады. Ол кезде заставта партия ұйымы болмады, тек қана бес-ақ коммунист еді.

– Олай болса, барасыз ғой?

– Барамын.

– Сізге қаражат береміз.

– Содан кейін сіздің К. мені неғылмайма?

– Содан соң бәрі өзгереді. Алаң болмаңыз, бара беріңіз.

Сурет: Ел Арна скрині

Мен заставқа безендірудің нағыз қызып тұрған кезінде келдім. Үйлерді қайтадан жаңартыпты. Келгендер көретін жерлердің барлығын, шатырларды, қабырғаларды, асфальттарды, ағаштарды, шарбақтарды сырлап тастапты. Заставтың бастығы майор Игнатье менен бірден ат-тонын ала қашты.

– Анау, менің саяси жұмыс жөніндегі орынбасарым, соған жолығыңыз.

Жастау капитан қысыла-қымтырыла қолымды алды.

– Міне керек болса, заставтың қартаң жауынгерін тапқандарың. Ал біздер барлық ұйымдарға, барлық архивтерге сұрау салғанбыз, тірі ешкім жоқ, бірі қайтыс болды, бірі қаза тапты деген хабар алдық. Сөйтсек, қалай дегенде де сол жылдардағы бүкіл құрамнан қалған Орталық комитетінің мүшесі жауынгер Черненко жолдас бар екен. Сіздің фамилияңыз кім?

– Ларин.

Застав командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары асығыс газеттерді ақтарыстырып, тізімдерге қарады.

– Кешіріңіз бірақ мұндай кісі тізімдерде жоқ.

– Мен фамилиямды өзгерткенмін. Бұрын Петров едім.

– Петров, Петров, бірақ Петров біздегі тақтаға алтын әріптермен жазылған. Сіз бұл жерде… заставта… басыңызды құрбандыққа шалып…

– Мен жараланған едім. Тірі қалдым.

Саяси жұмыс жөніндегі орынбасар мені қоршаудың шетіне алып келді. Осындағы үлкен гранит тақтаға жүрек шымырлататын сөздер жазылыпты. «Мұнда 1929-30 ж. басмашы бандалармен ұрыста Қорғас заставасының жауынгерлері қаза тапты». Одан әрі бес фамилия тізімге алыныпты, ішінде мен және Коновалов бар. Соңында: «Ерлердің даңқы мәңгі арта берсін!» деп жазылыпты. Қайта Лешка Коноваловты қосқандары жақсы болыпты. Оны ОГПУ-дің (Ерекше Мемлекеттік саяси басқарма) түрмесінде азаптап өлтіргенін кім есіне алады, мейлі, одан да осында тұрғаны дұрыс.

– Қалай болар екен? – деп, ыңырси қалды саяси жұмыс жөніндегі орынбасар. Біз Черненконың келуіне қарай тақтаны ауыстырып не болмаса сіздің атыңызды өшіріп үлгере алмаймыз ғой.

– Ештеңе істемей-ақ қойыңдар, бұрын қалай болса солай қалдырыңдар. Мен әйтеуір бір күн болмаса, бір күні өлемін ғой, сонда осындағы елдер есіне алып жүрсін.

– Жүріңіз, мен сіздің орналасатын жайыңызды көрсетейін.

Черненко қаумалаған нөкерлерімен келді. Оркестр ойнап, әскерилер сапырылысып жүгіріп жүр. Қонақ 30-жылдары қаза тапқан жауынгерлердің аты-жөндері жазылған тақтаның жанына келіп, тоқтап тұрып ақпарат құралдары үшін, көзінің жасын сығымдағандай болды.

– Қазір, жолдас Черненко, біз сізге тосынсый жасаймыз, – деді заставтың бастығы майор шаттана күлімсіреп, өзі мені алдыға шығарып жатып.

– Петров.

Константин Устиновичтің көздерінде абыржулық пен жек көрінішті сезімдер түйісе, қабаттаса қалды. Содан кейін жүздері аянышты кейіп танытып, ұмтылып келіп бас салып құшақтай алды.

– Петров, тірі екенсің ғой.

– Қалың жақсы ма? Кучер, – деп құлағына сыбыр еттім.

Тұла бойы дір етті де, ол да мен сияқты сыбыр ете қалды.

– Мерекені бүлдірмеші өтінемін.

Черненко еңсесін тіктеп алды.

– Ескі достарды кездестіру қандай ғанибет. Жарқын болашаққа жету жолында біз жүздеген, мыңдаған адамдарды жоғалттық. Дегенмен де біз жеңдік. Мен енді жалғыз емеспін, енді біз екеуміз, сонау қиын-қыстау уақыттарда біз осында тарихты жасадық, соған қуаныштымын.

Тағыда кетті дейсің…. Кучер менің қолымды тағы да бір рет қысты да, соның келуіне қарай шегеленген мінбеге қарай кетті.

Ол кешкілік кетуге жиналды. Мені заставтың кеңсесіне келуімді өтініпті. Үйдің іші өзгеріп кетіпті, керегелері жаңғақ ағашы түсіне әдемі етіп боялып, терезелеріне перде тұтылған, кресло орыңдықтар, сейфтің өзі қандай десеңші. Айтпақшы сол столдың арғы жағында, Черненко отыр. Бөлмеде екеумізден басқа жан жоқ.

– Мұнда отыр, – деп бастады Кучер, қолымен столдың жанындағы креслоны нұсқап. – Менің сенімен сөйлескім келеді. Менімен осы жерде қызмет еткен жолдасым ретінде қартайған шақтағы құрметті демалысты ұсынамын.

– Ол нені білдіреді?

– Дербес зейнетақы, Москвадан пәтер, жоғары дәрежелі медициналық күтім, арнайы саяжай.

– Мұндай сый-сияпат ненің құрметіне?

– Осы жерде сенімен бірге болғаным үшін. Екеуміздің осы жерде көптеген қолайсыздықтарды бастан өткергеніміз үшін.

Ол турасын айтпаса да, мен оның көкейінде не тұрғанын түсіндім. Кучер менің үндемеуімді қалайды.

– Демек ымыралауымыздың ауызбастырығы ғой.

Черненко үн-түнсіз мені көзімен тесірейе атып отыр.

– Айтпақшы, сен бүгінгі сөзіңде Жаркент ОГПУ-інде (Ерекше Мемлекеттік саяси басқарма) өз еркіңмен қызмет еткеніңді, ал мұнда тәртіп бұзғаның үшін қуып жібергендігі жөнінде тіс жармадың. Неге жиналғандарға менің қызметім осы жерден басталды деп айттың?

– Менің нағыз қызметім осы жерден басталды.

– Ал, сен өзіңнің маузеріңмен қарақұсынан атып өлтірген мыңдаған адамдарды қайда жібереміз?

– Жалған. Ондай ештеңе болмады. Дәлелің жоқ.

– Пәлі, солай ма. Степканы әскерден қашты деп атты. Комаровты 1954 жылы үштіктің белсенді қатысушы деп атып тастады. Қалғандары түгел ажалдарынан өлді, не болмаса сенің жасырын жазып, жала жапқан арызыңнан жалаға ұшырап, лагерлер мен түрмелерде азап тартты. Жаркенттің архиві өртеніп кетті.

– Ондай болған жоқ.

– Қоныс аударып, ауа көшкендерді, арып-ашқан дүнгендерді ату болмады ма? Ал, бұлар болды ма, болмады ма?, – деп мен де дебейлеп қоймадым.

– Барлық құжаттарда біз басмашылардың бандысын талқандадық деп көрсетілген, – деп міңгірледі ол.

– Әй, бір жексұрынсың-ау.

Оның қымқырып алған еріндері бозарып, долданған көздері қанталап шүңірейіп шарасынан шығайын деп тұр.

– Сен әлі өкінетін боласың.

– Кетші-ей, ары.

Мен орнымнан тұрып есікке бет алдым.

Мен Кишиневқа қайтып келе жатқан поезда кенет купенің есігі ашылып, маған Қорғас заставасына баруға ұсыныс жасаған генерал басын сұқты. Кезбеге ұқсап киініп алған ол шөл даланың ыстығына әбден күйіпті.

– Сергей Михаилович сізді бір сәтке бола ма?

Мен оған ілесіп тамбурға шықтым.

– Сіз Черненконың жер-жебіріне әбден жеттіңіз.

– Сіз үйде біздің айтқанымыздың бәрін естідіңіз бе?

– Әрине. Сіз оның көңіл-күйін біржолата құлазытып кеттіңіз.

– Мені не күтіп тұр?

– Иә, Мен осы үшін мен сізге келдім. Мен қазір сізге бір адамды таныстырамын, ол кісі сіздің көзіңізге түспей күзететін болады. Қасыңыздан көрсеңіз шошып кетіп жүрмеңіз.

– Яғни, қастандық жасау қаупі сейілмейді ғой?

– Жоқ.

– Менің туысқандарыма кесірі тимей ме?

– Меніңше, жоқ сияқты. Олар куәгерлер емес.

Біздің қасымызға ақсары шашты, кекілін бір жағына қарай қайырған мығым денелі жас жігіт келді.

– Міне, танысып қойыңыз, мынау – Коля. Бұл сіздің күзетшіңіз. Коля, бұл – Сергей Михаилович.

Біз қол алыстық.

– Сіздерді тіл табысып кетеді деп үміттенемін. Сіз мені кешіріңіз, менің тез жоғалуым керек. Аздан соң, түсемін. Көріскенше.

Генерал келесі вагонға өтіп кетті. Мен Колямен қалдым.

– Сергей Михаилович, біз екеуміз келісіп алайық, ешқашан да, қандай жағдайда болса да сіз менімен таныстығыңызды мойындамаңыз. Маңызды бір нәрсе хабарлағыңыз не айтқыңыз келсе, қалпағыңызды сәл көтеріп қойсаңыз жеткілікті. Ар жағын өзім реттеймін.

– Жақсы.

– Қажет болса, қазірде екеуміздің бірге тұрғанымызды көрмегені жақсы.

Біз қол қысып қоштастық.

– Есіңізде болсын мен әрқашан жаныңыздамын, сондықтан да купеңізге бара беріңіз.

Біз тағы да қол алысып қоштастық.

Арада екі ай өтті. Өзімнің күнделікті бағытым бойынша бойымның құрыс-тырысын жазып Кишиневтің бульварімен жүріп келем. Көшеден өтерде бағдаршамның қызыл түсінің алдында тұрғам. Қасымнан ауыр жүк машиналары зулап өтіп жатыр еді, кенет арт жағымнан дауыс естілді де, ауыр соққылардың дыбысы шықты. Мен бұрылып артыма қарадым. Екі жігіт жан алысып, жан берісіп төбелесіп жатыр. Бірінің қолында пышақ. Ол алдыға ұмтыла берді де, қатты соққыдан ұшып барып, артындағы ағашқа соғылып, баяу сырғып жерге құлады. Екінші жігіт оның жанына келіп, құлап жатқанның тұмсығынан тағы да бір ұрып жіберді. Ол бұрылып маған қарағанда дауысым шығып кете жаздады. Менің көрінбейтін күзетшім Коля еді.

1985 жыл.

Мен 76-ға келіп қалдым. Ақылым айқын, есім анық жұмыс істеп тұр дегенмен, тұла бойым жайлы олай айта алмайсың. Ауа-райы қолайсыз күндері белім сырқырап, аяқтарым қақсап, қатты ауырады. Неля менен оншақты жас кіші болғандықтан өзін әлі тың сезінеді, оған не дей аласың. Бүгін 10-наурызда КОКП орталық комитетінің Бас хатшысы Константин Устинович Черненко қайтыс болды. Осы қызметте ол тура 12 ай 25 күн отырды. Мен чемоданымды жинастырып қойып, Неляға қарап:

– Маған бір 200 сомдай бере салшы, – деп қойдым.

– Қайда жиналдың?

– Анаған барам. Өлгендігіне көзімді жеткіземін.

– Кәрі ақымақ. Оны барлық газеттер мен теледидарларда әлдеқашаннан бері көрсетіп жатыр.

– Жарайды. Түсінсеңші бұл менің…..

– Жақсы, бара бер. Жолдан ұлыңа кіріп жағдайды біле кетерсің.

Одақтар үйінің колонналы залында ашық табытта опа-далаптан беті бозарып жатқан оған қарап тұрмын. Жұқа еріндері омырайып ішіне кіріп кеткен, кеудесінде жатқан қолдары семіп, көгімденіпті.

– Естимісің. Міне мен де осындамын. Бұл дәл сол Петров. Мен әлі тірімін.

Маған сол сәтте Черненконың қастары дір етіп, айқасып жатқан қолының үстіңгі саусағы сәл жылжығандай болып көрінді.

– Жолдас… Бұлай көп тұруға болмайды.

Бұрылып қарадым.

– Сергей Михаилович, бұл сіз бе?

Алдымда мерекелік түрде киінген полковник шеніндегі Коля тұрды.

– Амансың ба, Коля?

Маған жасалған сол күнгі қастандықтан кейін Коляны көрмей кетіп едім. Енді ыстық ықыласпен үнсіз қол берісіп ризаласудамыз.

– Тоқтаңызшы. Егер қаласаңыз, мен саяси бюроның мүшелері мен туыстарына шекарада бірге қызмет істегендеріңізді айтайын..

– Қажеті жоқ. Менің Кучердің өлгеніне көзім жетті.

(Соңы)

Орыс тілінен аударған

Молот Мұсаұлы Солтанаев

Дереккөзі: jaraina.kz

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5452