Дені сау ұлт- жалпыұлттық міндет...
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, түрлі сырқаттың алдын ертерек алған абзал. Ол экономикалық жағынан да мемлекетке арзан түседі. Аурудың өршіп кетпеуін тұзақтайтын шараларды дер мезгілінде жүргізу тиімділігін әкелері сөзсіз. Барынша тазалық сақтау қажет.
Саламатты өмір салтын ұстанып, салауатты жүргенге не жетсін. Ағзаның қорғаныш қабілетін табиғи жолмен шыңдау – ұлт денсаулығының басты кепілі. Әрине, дұрыс тамақтану мен дәрумендерді ұтымды пайдалану да ағзаның сыр бермеуіне ықпал етеді. Кез келген елдің ең басты байлығы – ұлт саулығы болып табылатындығы сөзсіз. Міне, сондықтан да бұл іске барынша жауапкершілікпен қарағанымыз абзал. Қазіргі өркениеттің негізі, дені сау және рухани дамыған адам. Басқа жағынан қарағанда, дені сау ұлт мықты мемлекеттің нағыз белгісі болып табылады. Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты. Әрбір адам салауатты өмір салтын сақтап, өз денсаулығына сақтықпен қараса жарқын өмірге жол ашылады.
БҰҰ-ның "тұрақты даму мақсаттары" концепциясының 3 мақсатында денсаулықты күту керектігі айтылады. Демек,барша адамзаттың денінің саулығы басты байлығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл ретте Президент тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау- ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырылуда. Кез-келген елдің ең басты байлығы – ұлт саулығы болып табылатындығы сөзсіз. Міне, сондықтан да бұл іске барынша жауапкершілікпен қарағанымыз абзал. Бүгінгі таңда халықтың өмір сүру ұзақтығын ұлғайту мемлекет үшін маңызды мәселе. Ол үшін медициналық технологиялардың дамуы және медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсуі қажет. Денсаулығы жақсы адамдардың еңбек өнімділігі жоғары, тиісінше экономика мен қоғам дамуына үлкен үлес қосады. Дамыған экономика да ұлт саулығына үлкен үлес қосады. Теңсіздік деңгейін бақылай отырып, әлеуметтік ортаны жақсарту арқылы өмір сүру сапасын жоғарылатуға болады. Сапасы жоғары медициналық қызмет халық денсаулығын жақсартады. Денсаулық сақтау шығындары азаяды. Табысты экономика денсаулық сақтау саласына көбірек ресурстар береді. Ұлт саулығына көп факторлар әсер етеді. Қазіргі кезде әр фактор әсерінің үлесін бағалау жұмыстары жүргізілуде. Оны мынадай топтарға бөлуге болады: әлеуметтік, экономикалық және мәдени факторлар, табыс пен білім деңгейі, жұмысбастылық, әлеуметтік қолдау, мінез-құлық факторлары, өмір сүру және қоршаған орта жағдайы, тамақтану, физикалық белсенділік, таза суға қолжетімділік, ауаның ластануы, жеке тұлға факторлары – физиологиялық, генетикалық, психологиялық, өз өмірін бақылау қабілеті, медициналық қызметке қолжетімділік, профилактика және емдеу.Жоғарыда аталған жайттарды ескере отыра, ұлт саулығы мен мемлекеттің әл-ауқаты арасында орасан зор байланыс бар деп тұжырым жасауға болады.
Кусаинов Д.О.,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының заң ғылымдарының кандидаты.
Аханова Д.С.,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің магистранты.
Abai.kz