Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Дін мен тін 1487 1 пікір 23 Сәуір, 2024 сағат 15:34

Діни фанатизм – қоғамға төнген идеологиялық қауіп!

Көрнекілік сурет: alatau-zhuldyzy.kz сайтынан алынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «...Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет...» деп атап өтті.

Қазақ халқының ұстанған жолында дін мен салт-сана өзара үйлесім тауып, рухани сабақтасып отырған. Тарихта қазақ жерінде діни бағытта қақтығыстар мүлдем болмаған. Ал қазір діни ағымдардың идеологияның әсерінен діни фанатизмдік көзқарас пайда болып бөлінушілік көбейе түсті. Діни фанатизм – қандайда бір діни қағидаларға, көзқарастарға жақын болып, соған тәуелділікті білдіреді. Діни фанатизмдік сипаттағы адам өзінің пікірін, өзінің қалауын басқа адамдарға тықпалап орындатқысы келеді. Мұндай фанатизмдік көзқарастардан радикалдық ойлар туындайды. Әрине, кез келген адам бірден фанат болмайды, оларға діни жамағаттың әсері, діни лидердің нұсқаулығы, берген бағыт-бағдары,  өзге діни әдебиеттері мен уағыздары ықпалы тиеді. Сонымен қатар, адамның бойында психологиялық өзгешіліктер (агрессияның басымдылығы, қоғамды бөлу, дәстүрге қарсы келу, зайырлылыққа қарсы келу т.б.) біліне бастайды. Діни фанатизм кез келген қоғамда алауыздыққа апаратын қауіпті құбылыстың бірі. Қауіп төндіретін фанаттық идеялар олар: зайырлы мемлекеттік жүйеге қарсы келу және діни шариғи мемлекетті орнату; таза исламға ораламыз деген сылтаумен қоғамға іріткі тудырту; дәстүрмен амал етпеу.

Осы жерде зайырлылық туралы айтатын болсақ, діни шарттарға негізделмеген мемлекет деп білеміз.  Зайырлылық орыс тіліндегі «светскость» ұғымы, батыстағы «лаицизм» ұстанымына баламасы ретінде қолданылады. Саяси билік белгілі бір дінді қолдамауы, барлық дін өкілдеріне тең құқық беруі, дін және мемлекет істерінің ажыратылуы сияқты негізгі ұстанымдардың осы лаицизмге тән басты қағидаттар. Лаицизмнің мазмұнында дін және дүние, жамағат және қоғамның өзара ажыратылуы, бір біріне араласпауы, адамдардың  дініне немесе атеист болуына қарап бағаланбауы, төмендетілмеуі, еркін құлшылықтарын орындауына мүмкіндік берілуі немесе орындауға мәжбүрлеудің болмауын қарастырған. Зайырлы құқықтық мемлекет болғандықтан қазақ қоғамындағы дінге сенушілер байыпты ұстанымда болу қажет.

Президент күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі қоғамдағы жат діни фанатизм туралы үзілді-кесілді айтты. Радикалды неофиттердің идеологиясы мен ықпалы жастар үшін өте қауіпті болып табылады. Біз жат діни идеологиялардың әсерін айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен символдары тұрады. Сол үшін біз мыңжылдық діни білімге және ата-бабаларымыздың рухани құдылықтарына сүйенуіміз керек. Себебі, қазірден мұндай идеологияның таралуына тосқауыл қоя алмасақ алдағы ұрпақтың күні не болары күмәнді. Кез келген ұлттың өзін тарихта ұлт ретінде сақтап қалуының алғышарты – өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі дінінен, тілінен, ділінен ажырамауы екені белгілі нәрсе. Осындай құндылықтарымыз бен тәуелсіздігімізді сақтап қалу халқына жанашыр әрбір жанның азаматтық парызы деп санаймын.

Діни сана мен діни сенім ақыл мен жүрекке, парасатқа жүгінген жағдайда ғана шынайы діндарлық, рухани мәдениет қалыптасады. Осыған орай ұлы Абай Құнанбайұлы: «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды!» дейді. Ақиқатында дін өзгермейді, өкінішке орай дінді бұрмалап түсіндіретіндер өзгеріп кеткен. Біз қазір Жаратушының шаруасына араласып кеттік. Біреуді тозаққа,біреуді жәннатқа кіргіземіз. Намаз оқыған адамдардың барлығы әулие болып кете алмайды. Яғни ішкі жан дүниеңді тазартпасаң, пендешіліктен арыла алмасаң, сенің діндарлығыңнан не пайда? Әсіредіншілдікпен, құрғақ уағызбен біз дін жасай алмаймыз. Жасаған күннің өзінде ол қоғамға ізгілік әкелмейді, керісінше діннен суиды. Дегенменде діндарлықта жүрген жастар кейде діни білімнің төмендігінен әсіредіншілдікке бой алдырғанын өздеріде байқамай қалады. Қазір көп адам дін десе, шошынып тұрады. Бірақ діннің еш кінәсі жоқ. Дін – кертартпашылық, артта қалушылық емес, ол имандылық, ол адам­гершілік, ол тәрбие. Біздің тарихымыз, баба­ларымыздың жүріп өткен жолы мен өмірі. Қазақ дінді діліне сіңірген халық. Қазақтың зиялысының қай-қайсысын алып қарасақ та, бәрі медреседе білім алып, Ислам мен мұсылман арасын ажырата білген.

Ғұлама Мұхтар Әуезов Кеңес үкіметі орнамай тұрып, 1918 жылы  №9 саны «Абай» журналында жариялаған бір мақаласында: «Қазақты жуырда жетілдірмейтін тағы бір себеп діни фанатизм, ескі ғұрып-ғадат. Ескі молдамен алысып, елді адастырған қатасын жойғанша, тіршілік жұмысының барлығын дінге байлағанын қойғызғанша, жаңа оқу харам, жаңа мұғалім кәпір дегенін тоқтатқанша, талай заман өтер. Ақыл мен адамшылық сыйғызбайтын надан атаның ескі ғұрып-ғадатын жоғалту да оңай емес. Бұлар күшті тұрғанда мәдениет кірмейді», – деген еді. Жақсылық пен жамандық бір Алладан болса, ал жақсы болу, жаман болу адамның өздіген іс әрекетінен болса керек.

Бахтияр Алпысбаев,

Дінтанушы-магистр

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1954