Ілебалық құпиялары: діндер тайталасы…
Жалпы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – адал азамат» айдарымен Түркістанда болған Ұлттық құрылтайдағы баяндамасында мынадай: «…Тарихи танымды кеңейтуге зор үлес қосатын бір маңызды сала – археология. Алматыдағы археология институты – еліміздің бірегей тарихи мұрасын жүйелі зерттеумен айналысатын басты ғылыми мекеме….» деген жағымды жаңалықтары бар.
Демек, ел мен жердің тарихы, археология мәселесі де ешқашан назардан тыс қалған емес. Неге десеңіз еліміздің кемел келешегі өткен тарихпен тікелей қатысты екендігі бәріне де түсінікті жағдай. Енді осынау, мемлекет басшысының аузымен айтылған сөздердің бір парасы біздің Жетісу облысында жүзеге асырылып жатыр деп ауыз толтырып айта аламыз.
Оған дәлел біздің Жетісудың Жаркент өңіріндегі Іле өзенінің өткелдері тұсында ежелгі сауда керуендерінің басты жолдарынан Іле бойындағы ежелгі қалалар мен елді мекендер өте қашық емес аралықтарда орналасқандығы. Солардың бірі өзінің атауы айтып тұрғандай, қазіргі Үшарал ауылымен іргелес, солтүстік-шығысындағы көне Ілебалық қалашығының орны.
«…Қаланың қайда орналасқаны дәл анықталмаған, алайда кейінгі уақытта Іле өзенінің оң жағалауында жүргізілген зерттеулер аталмыш қаланы Жаркентке жақын жердегі Көктал ауылы маңындағы ортағасырлық қалашықпен бір екенін анықтауға негіз береді. Қала ХІ-ХІV ғасырларда өмір сүрген» К. Байпаков, Қазақстанның ежелгі қалалары-Алматы: «Аруна Ltd», 2003, 309 бет.
Өзен бойын жағалай сулы-нулы жерде орналасқандықтан жалпы аумағы 500 га жерді алып жатқан ортағасырлық қала қазба жұмысы кезінде ежелгі Ілебалық қаласының орны екендігі айқындалды.
Биылғы жылдың 10 шілдесінен бері өңіріміздегі ежелгі тарихи орындардың бірі-Ұлы Жібек жолы бойындағы осы бір көне қалашықтың қирандысы орнына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Қазба жұмыстарына жетекшілік жасаушы Стивен Гильберт. Ол Америка Құрама Штатының азаматы, туған жері Техас штаты.
Археолог Стивен Гильбертпен таныстығымыз ескі таныстардай бір-бірімізді жылы жүзбен қарсы алған, ашық-жарқын көңіл-күймен басталды. Ол 1993 жылдан бері Қазақстанда тұратындығын және біздің қазақ тілін жақсы меңгергендігі туралы қуана хабардар етті. «Түсі игіден түңілме» деп бабабалрымыз айтқандай, әңгіме барысында кішіпейіл, білімді, зиялы жан екендігін де аңғардым.
Алғашқы Қазақстанға келген жылдары Арал теңізі маңайындағы табиғаттың экологиялық мәселесі мен оның жергілікті тұрғындардың адам ағзасына зияндылығының салдарымен күресу істері бойынша, (оның ішінде жүкті әйелдерге) қайырымдылық шараларын жасаумен айналысқан. Кейіндері тарихтың археология саласына ауысқан. Қазба жұмысын жүргізуші мекеме LIPSKOMB uniwersitetі (яғни, Липском унивеситеті) негізгі қызметі археология және экспертиза жұмыстары, Қазақстандық ғалым, доктор Д.Воякиннмен бірге.
Стивеннің айтуы бойынша жалпы осы Ілебалық қаласының орнын қазу жұмыстары 2016 жылдан бері бастау алады екен. Жыл сайын шамамен 1 ай мерзімге қазба жұмыстарын жүргізетін көрінеді. Енді сол 2016 жылдан бергі уақыттарда табылған заттай деректердің бірнешеуіне тоқталып өтсек.
Дәл қазіргі кездегі қазба жұмысы жүргізіліп жатқан негізгі аумақ орта ғасырлық Ілебалық қаласының шығыс жағындағы Христиандар (Несториандар) жерленген қорым. Сәл кідіріс жасап «Несториандар деген кімдер..? «– деген сұраққа қысқаша ғана ақпарат бере кетелік: «…431 жылы Ефесте өткен бүкіләлемдік жиында Константинополь партиархы Несторий аңдамай қалып, «Құдайдың анас жоқ» деп айтқаны үшін, шіркеуден аласталады». Және оларға монфизиттер мен православтық халкедониттер бірауыздан қарсы болады. Бұл өзара жауығу ұзақ жылдарға созылып, «489 жылы император Зенон несториандарды айыптауды құптап, несториандар өз ілімін оқытып жатқан Эдесс мектебін жауып тастады. Бұл мектеп Персияға Низиб шаһарына көшіп келеді, ал 499 жылы Ктезифонда несториан патриархы ашылып, ол VІ ғасырда кемеліне келіп толысты».
Әрмен қарай жалғастырсақ: «…Несториандар Персиядан қанаттанып, Шығыс Азияға кеңінен тарады. VІ ғасырда христиандар өз дінін көшпелі түріктер арасында сәтімен уағыздайды». Л. Гумилев, Қиял патшалығын іздеу, Алматы «Балауса» 1992. 48 – бет.
Ондағы жалпы жерленген адамдардың саны жорамалмен айтқанда 450-ге жуық. Бұл жерден табылған адам сүйегінің қаңқалары бірден Алматыдағы археологиялық сараптама мекемесіне жіберіледі. Осы уақытқа дейін 103 бейіт ашылып зерттелген. Бейіттер басына қойылған 40-қа жуық қайрақтастарда Христиан дінінің белгісі тең бұрышты крестің (төрткүл) суреті салынған да, 6-да көне жазу болған. Ондағы 4-і түркі тілінде, 2-і көне сирия тілінде (Таяу Шығыс) жазылған сөз тіркестері екен, арасында арабша да жазулар кездеседі.
Енді бұған біздің өз тарапымыздан қосарымыз: ертедегі көне тарихи жазбалардан оқығанымыздай Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісуда түркі руникасымен қатар соғды жазуы қолданылған. Сирия және ұйғыр жазуларының да болғандығын ескі мәлімттерден білеміз. Бірақ, заманымыздың сол кезеңдерінде бұл жазуларды қоғамның аздаған ғана сауатты тобы мен діни адамдар ғана пайдалана білгендігін ескергеніміз де жөн. Әрине, көне сирия жазуының біздің Ілебалықтан табылуы біздер үшін, тарих ғылымы үшін де үлкен жаңалық!…
Дегенмен, жұмыс барысындағы Стивеннің өзіндік ойтүйіні бойынша – бұндағы тағы бір ерекшелік осы жерде ғұмыр кешкен Христиандар (несториандық бағыттағылар) құдайға құлшылық рәсімінде «ескі сирия тілін пайдаланған болуы керек»- деген пікірі. Ал, бұл тіл өз кезегінде Иврит тіліне жақын болып келеді.
Тағы айта кетер дерегіміз: Шағатай иелігіндегі Моғолстан мемлекетінің орталығы болған Алмалық (шекарадан шығысқа қарай 25 шақырымдағы ҚХР аумағындағы ескі қала жұрты) қаласында ХІV ғ. 30-жылдары католиктердің епископы мен шіркеуі болған. Яғни, сол дәуірлерде бұл қала католик дінін насихаттушы еуропалық миссионерлердің жұмыс жасайтын белді орталықтарының бірі болды.
Ал, біздің мақалаға арқау етіп отырған Ілебалығымыз осы Моғолстан мемлекетінің басты қаласы Алмалыққа таяу орналасқан ірі сауда орталығының бірі. Және сол бір шапқыншылық замандарда біршама уақыт аталмыш мемлекеттің астанасы қызметін атқарғандығы туралы да тарихи деректерде жазылған. Осы мәліметтерді салыстыра отырып бұл қалада да Алмалықтағыдай христиан миссионерлері өздерінің діни қызметін жоғары дәрежеде атқарған сыңайлы.
Мәселен, аталған қайрақтастардағы адам аттарына келсек: Шырын (Әйел адам) Барбара Күш, Тілес, Тегіз, Иса (Еще), тағы бір қайрақтастан FRABRONIA (фраброния) жазулары табылған. Фраброния дегеніміз – б.з. ІІІ ғасырында Персияда (қазіргі Иран) ғұмыр кешкен (мученица), яғни, дін жолында азапталушы немесе хақ жолындағы азап даңқының алқасын тағынушы тақуа жан иесінің есімі.
Демек, сол ғасырлардағы осы Ілебалықта өмір сүрген аталмыш Христиан қауымының өкілдері өздерінің ішкі дәстүрі бойынша жас ұрпақтарға атақты діндарлар мен церковь иелерінің есімдерін беріп отырғандығын байқаймыз. Тағы бір назар аударарлық жағдай олардың бәрі де жергілікті түркілер. Себебі, қайрақтастардағы әліпби әріптері көне Сириянікі болғанымен, жазылған адам аттары мен сөз тіркестерінің мән-мағынасы түркі тілінде. Және оған қосар тағы бір салмақты дерегіміз – осыған дейінгі жасалған сараптамалар қорытындысы бойынша қазып алынған адамдар сүйегінің 60-70 пайызы Азияттар екендігі анықталған. Еуропалық нәсілдің өкілі әлі табыла қоймаған, белгісіздеу болып тұр…
Зерттеуші Стивеннің пікірінше, жалпы Орта Азияға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының тапқан заттай деректері бойынша жасалған сараптамада – Христиан діні б.з. IV ғасырында-ақ қазіргі Түркіменстанның Мерв қаласына жеткен дейді. Және б.з. IV – VІІ ғасырлары аралығында осы біздің Жетісуда таралып үлгергендігін де тілге тиек етті. Бірақ та Саманидтер мен Қараханидтер дәуірінде ислам діні барынша күшейіп, бірте-бірте Христиан дінін ығыстырып, тоқырауға ұшыратқан. Одан кейінгі Шыңғыс хан дәуірінде барлық діндерге шектеу болмай, еркіндік берілген соң, енді қайтадан Христиан дінінің екінші өрлеу кезеңі басталған –деп, сөзін бір түйіндеп алды.
Иә, рас! Келіспеске амалымыз жоқ. Мысалы, оған дәлел ретінде тіпті Шыңғыс хан ұрпақтары хандарының кейбірінің әйелдері, балалары христиан дінінде болғандығын (мысалы, Бату ханның ұлы Сартақ ноян Христиандықты қолауы, Мөңке ханның әйелдері мен сарай маңындағылардың көпшілігі несториандықты ашық насихаттағаны т.б.) еске алсақ жетіп жатыр.
Жалпы осы көне Ілебалық қаласының орнына қазылған қазба жұмыстары кезінде Х-ХІV ғасырлар аралығына жататын (Қарахан — Моғолстан дәуіріне жататын) 400-дей теңгелер мен әйелдерге арналған 5 сақина, оның 2-і таза күмістен 2-і қымбат коралл тастарынан жасалғандығы анықталды. Сол дәуірлердегі Іле алқабындағы қалалары мен елді мекендерінде жасалған асыл бұйымдар мен қымбат заттар да өз кезегінде сонау орта ғасырдағы мәдени-экономикалық орталықтарға жөнелтіліп отырған. Еуразияның әйгілі теңге сарайларында соғылған соншама теңгелер көмбесінің табылуы – сонау алыс замандарда халықаралық сауданың қызу жүріп, жан-жақты кең көлемде дамығандығының бірден-бір бұлтартпас айғағы деп білеміз.
Мұндағы қымбат коралл тастары жорамал бойынша Үндістаннан әкелінген сияқты. Бұл дегеніңіз, біздер үшін – әлемдік діндердің таралуы мен сауданың халықаралық деңгейде жоғары қарқынмен жүргендігінің тағы бір тұщымды дәлелі. Мәселен, Іленің арғы бетіндегі Талхирдың (қазіргі Талғар қаласы) Х-ХІІІ ғасырларда Иран, Қытай, Орта Азия және Үндістан, Жапониямен халықаралық байланыстар жасағанын археологиялық зерттеу жұмыстары айқындап берген еді.
Себебі, Талхирдан шығатын керуен жолының екінші тармағы шығысқы бағыт алып, Шелекті басып өтіп, шарын шатқалы арқылы Іленің оң жағлауымен жүріп отырып, қазіргі – Жаркент, Қорғас арқылы Қытайға өтеді.
Енді бұл жерде сол асыл бұйымдар мен қымбат тауарлар артқан сауда керуендері орта ғасырдың әйгілі қаласы Ілебалыққа соқпай кетулері мүмкін емес-ау. Сонымен қатар, көне шежірелерде жазылғандай — мұсылман көпестері Сібірге дейін барып жатса, ал несториандар өз кезегінде Орта Азияның Қытаймен жасайтын сауда-саттық ісі мен қарым-қатынастағы мол пайда келтіретін барлық әрекеттерін өз уыстарынан шығарған емес. Демек, алдағы зерттеу нәтижелерінен де біздер бұдан да үлкен-үлкен ашылулар мен тарихи жаңалықтар күтеміз деген ойымыз да бар.
Ал, табылған «сақиналарда» ұшқұлақты гүлдер орнаменті әдемі бейнеленген. Гүлдер орнаментіндегі осындай түрде бейнелену өнері өткен б.з. III-ғасырына тән құбылыс. Себебі, бұл өрнек сол уақыт кезеңіндегі Христиан қауымдастықтарының храмдарындағы едендер мен қабырғаларда, түрлі-түсті мозайкаларда, жерлеу орындарында және әшекей бұйымдарына жататын — сақина, білезіктерде көптен кездеседі. Яғни, бұл үшқұлақты гүлмен безендіру нақышы сол заманғы Христиан дінінің бірден-бір діни ерекшелігін айқындайтын нақты белгілері болып табылады.
Ендігі кезекте осынау қазба жұмыстары кезінде табылған үлкен олжамыздың бірі, бай және билікиелерінің қатарында болған ақсүйек әйелдің қабірінің табылуы (2021 ж.). Сүйек сыртында ағаш табыттың болған, болмағандығын алдағы уақытта аяқталуға жақын сараптама нәтижесі көрсетеді. Басы батысқа, аяғы шығысқа қаратып қойылған әйел мәйітінің басында бокка (сәукелеге ұқсас) бас киімі болған. Металл цилиндр тәрізді бас киімінің биіктігі 50-см, матаның түсі қызыл. Басқы бетінде ақ түсті моншақтардан және өте ұсақ әйнек түйіршектерімен көмкерілген әдемі өрнегі бар. Ол өрнектің не мағына беретіндігі әзірге белгісіз…
Және қабір басынан табылған қайрақтаста теңбұрышты крест (төрткүл) бейнеленген, бірақ жазуы жоқ. Ал, ол замандардағы қызыл түсті бас киім, ол адамның статусының өте жоғары болғандығын білдіретін белгі еді. Әңгіме барысында, «…Біздің ойымызша осы табылған ақсүйек, бай әйел Алтын Ордадағы Христиандарымен байланысы болған-ау» деген өзінің ой-ұшығын Стивен мырза сөз арасында білдіре кетті.
Көне жазбалардағы деректер бойынша бұндай жоғарғы тап өкіліне жататын ақсүйектердің көптеген күтушілері болған. Әйел қабірінің айналасы толған үлкен адамдар мен жас балалардың мәйіті. Олар бұл әйелдің жақын туыстары болуы керек. Осы ақсүйек әйелдің қабірі жатқан деңгейдегі жер қабатынан табылған теңгелерде 1287жылы ежелгі Таразда соғылғандығы туралы жазуы бар.
Яғни, осы өңірдегі Христиандардың гүлденіп дамыған кезеңі XIII ғасыр деп болжауға болады. Себебі, исламның кең етек жайып таралуы мен Христиан дінінің жойылып, тоқырауы б.з. 1330 жылдары басталғаны туралы мәліметтер көне тарихи шежірелерде бар. Және де бұл кезде Алтын Орда хандарының көбі ислам дініне ден қойған шағы еді. Сонымен қатар, 1339-40 жыл жылдары бастау алған Әли-Сұлтанның христиандарға қарсы бастаған қанды қудалауынан кейін католиктердің діни насихат қызметі амалсыз тоқтағанға ұқсайды….
Аталмыш Ілебалықтағы археологтардың тағы бір қуана хабарлап айтқан қомақты олжалары — христиан діндарлары мінәжат еткен б.з. ХІІІ ғасырының ІІ жартысына жататын көлемі 8х23 болатын ғимараттың табылуы. Яғни, шығыстан бастысқа қарай көлденеңдеп салынған несториан шіркеуінің қабырға ені 1м, биіктігі зерттеушілердің жобалауы бойынша, шамамен 8-10 м болған көрінеді. Қабырғаларын қалауда көлемі 23х5см және 8х4 см болатын шикі кірпіштер қолданумен қатар кей жерлерін соқпамен соққан. Қабырға бойына 8 тұғыртасқа жуан ағаштардан тіреулер қойған орны да айқындалды. Және осы ғибадатханада қолданылған сол заманғы үш дана, төрт тұғырлы шағын ғана қолдануға өте ыңғайлы шырағдандар да табылған.
Аталмыш ғимараттың шығыс жақ іргесінен көлденең салынған тағы бір бөлмелі орташа мекен жәйдің сұлбасы байқалып тұр. Бірақ, ол ғимарат туралы нақты немесе жорамал сөздер айту ертерек, себебі, қазу жұмыстары әлі басталмады. Қазба жұмысы барысында табылған заттарға байланысты не қызмет атқарғаны, неден салынғаны тағы басқа деректер анық айқындалатын болады.
Сондай-ақ, әңгіме барысында осы жерден табылған 15 дана экземпляр мәйіттердің ДНК-н Алматыдағы зертханалық сараптамаға жіберілгендігін білдік. Демек, ағымдағы жылдың аяғында нәтижелері шығып, олардың ататектерінің кімдер екендігі, жас мөлшері, неден қайтыс болғандығы тағы басқа да беймәлім жақтары анықталатын болады.
Бүгінгі алған тарихи мәліметтеріммен, көненің көзі болып бізге жеткен заттай деректерді ойша саралап, өткен ғасырларға қиялмен көңіл жүгіртіп, «Туған жердің өткен дәуірлердегі тарихы таусылмас қазына, құпиясын қойнына бүккен шетсіз-шексіз тылсым дүние екен ғой..?!.» деген, ауыр ойды арқалап үйге қайттым….
Қали Ибраиымжанов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Жаркент қаласы
Abai.kz