Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Саңлақ 1720 0 пікір 6 Мамыр, 2024 сағат 13:57

Көшпенділер ойынына ЕО-дан 13 ел қатысады

Коллаж суреттері ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен алынды

ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің Басшысы Кестутис Янкаускаспен кездесті.

Сондай-ақ, кездесуге ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, Спорт және дене шынықтыру істері Комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров және Еуроодақ делегациясының бағдарламалар бөлімінің қызметкері Никола Франческетти қатысты.

Еуроодақ делегациясына Қазақстанның туристік ғана емес, спорттық әлеуеті де таныстырылды. Ермек Маржықпаев Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы айтып берді.

«Ойындарға 3000-ға жуық спортшылар қатысады деп күтілуде. Бұл ұлттық мәдениетті, спорт пен туризмді дамытуға бағытталған және әлемнің көшпелі халықтарын біріктіретін ауқымды жоба. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – бұл еліміздің астанасында 100 мыңнан астам турист жинайтын ең ірі туристік іс-шара. Сізді ресми ашылу салтанатына қатысуға шақырамын. Еуропалық Одақ елдері осы ойындарға белсенді қатысады деп үміттенеміз», - деп атап өтті министр.

Қазіргі уақытта Қазақстан халқының 40,4%-ы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. 2023 жылы дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тартылған балалар мен жасөспірімдердің үлесі 27,3% - ға (984 мың адам) жетті. Елімізде жыл сайын олимпиадалық, олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстар өткізіледі.

5-ші ДКО-на Еуроодақтан 13 ел қатысуға өтінім берді

«Қазіргі уақытта Еуропалық одақтың 27 елінен 13 ел өтініш берді, олар: Болгария, Мажарстан, Германия, Италия, Латвия, Литва, Мальта, Нидерланды, Польша, Румыния, Словакия, Франция, Чехия. Болгариядан келген спортшылар Жамбы атудан жарысқа қатысады. Мәдиярлар, италиялықтар мен франциялықтар Дәстүрлі садақ атудан жарысады. Германия құрамасы Садақ атудан басқа Тоғызқұмалақтан да өздерін сынап көрмек», - деп бөлісті 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров.

Дирекция Еуроодақтың тағы 14 елінен өтінім күтуде. Бұған Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы ЕО-ның барлық елдерін хабардар ету үшін бар күш-жігерін салатынына сендірді. Кестутис Янкаускас ЕО спортшылары осы ірі халықаралық спорттық іс-шарада лайықты өнер көрсетеді деп үміттенеді.

Кездесуге қатысушылар көшпенділер ойындары Қазақстанға туристерді қосымша тартуға тамаша сеп болатынына келісті.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2233
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2587
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2541
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1685