Мемлекеттік тіл – мемлекеттік басқарудың тілі!
Мемлекеттік тілдің мәртебесі заң жүзінде ғана емес, күнделікті мемлекеттік басқару ісінде де көрініс табуы тиіс – деп ойлаймыз. Осыны, құрметті билік иесі, ұдайы бақылап, іске асыруға күш салуы қажет. Керек болса, тиісті мемлекеттік органдарға ескерту жасап отыруы жөн.
Тілдің шынайы беделі оның мерекелік жиындарда қаншалықты әдемі айтылуымен емес, мемлекеттік мекемелердің күнделікті жұмысында қаншалықты кең қолданылуымен өлшенеді. Азаматтың өтінішіне берілетін жауапта, мемлекеттік органның қаулысында, қызметтік хатта, жиналыстың хаттамасында, ресми баяндамада мемлекеттік тілдің орны айқын болғаны жөн.
Қазақстан Республикасының Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітілген. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң мемлекеттік тілдің мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу салаларындағы қолданылуына құқықтық негіз қалайды. Демек, мемлекеттік тілдің дамуы тек мәдени немесе ағартушылық бағыттағы жағдайда ғана емес, мемлекеттік аппараттың қызмет сапасына тікелей қатысты міндет.
Мемлекеттік қызметкердің жұмысы – халықпен және мемлекеттік институттармен байланыс орнату. Оның әрбір сөзі мен жазған құжаты азаматқа мемлекеттің үнін жеткізеді. Егер мемлекеттік органның ресми құжаттары, ішкі хат алмасуы мен жиналыстары негізінен мемлекеттік тілде жүргізілсе, бұл тілдің өміршеңдігін арттырады. Ал мемлекеттік тіл тек аударма жасалатын немесе салтанатты жағдайда қолданылатын тіл деңгейінде қалып қойса, оның басқару жүйесіндегі табиғи орны толық орнықпайды.
Сондықтан мемлекеттік қызметшілер үшін қазақ тілін білу – қосымша артықшылық демейік, кәсіби дамудың маңызды бөлігі. Әсіресе халықпен тікелей жұмыс істейтін, нормативтік құжаттар әзірлейтін, мемлекеттік саясатты түсіндіретін қызметкерлердің тілдік біліктілігіне ерекше мән берілуі қажет.
Қағаздағы талаптан күнделікті дағдыға дейін
Мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту туралы сөз болғанда, ең алдымен іс қағаздарын жүргізу жағдайы ойға оралады. Себебі құжат – мемлекеттік басқарудың негізгі тетігі. Қандай да бір шешімнің жобасы, азаматқа жолданған жауап, мемлекеттік органның ақпараттық хаты немесе қызметтік жазба тіл арқылы ресімделеді. Осы құжаттардың мемлекеттік тілде сапалы әзірленуі қазақ тілінің ресми қарым-қатынас құралы ретіндегі орнын бекемдейді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Премьер-Министрінің Кеңсесі мемлекеттік тілдің іс жүзіндегі қолданысын қалыптастыратын маңызды буын саналады. Үкімет қаулыларының жобалары, министрліктердің ұсыныстары, мемлекеттік бағдарламалар мен ведомствоаралық тапсырмалар қазақ тілінде сауатты әзірленіп, тиісті деңгейде қолданылса, бұл төменгі мемлекеттік органдарға да оң ықпал етеді. Мемлекеттік тілдегі сапалы құжат – басқару шешімінің түсінікті әрі бірізді орындалуына ықпал ететін фактор.
Министрліктердегі тілдік жауапкершілік
Мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуы министрліктер мен ведомстволардың күнделікті қызметінен де көрінуі тиіс. Әрбір мемлекеттік орган өз саласына қатысты құжаттарды қазақ тілінде әзірлеуге, азаматтардың өтініштеріне мемлекеттік тілде жауап беруге және қызметтік коммуникацияда қазақ тілінің үлесін арттыруға ұмтылғаны жөн.
Мысалы, Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі, Шаққалиев Арман Абайұлы, министрліктің жұмысын көбінесе қазақ тілінде жүргізуге тырысуы керек-ақ. Бұл азамат министрліктің жұмысын көбінесе орыс тілінде жүргізеді. Сонысы бізге ұнамайды. Сауда саясаты, ішкі сауда, экспортты дамыту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және техникалық реттеу сияқты халықтың күнделікті өміріне тікелей қатысты бағыттарда жұмыс істейді. Бұл салаларда мемлекеттік тілдің қолданысы ерекше маңызды. Кәсіпкерлерге арналған түсіндірмелер, сауда ережелері, тұтынушылардың құқықтарына қатысты ақпараттар, мемлекеттік қолдау шаралары мен цифрлық жүйелерді пайдалану жөніндегі нұсқаулықтар қазақ тілінде түсінікті әрі қолжетімді болуы керек.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, министр Такиев Мәди Төкешұлы да министрлік жұмысын мемлекеттік тілде жүргізуге күш салуы қажет. Бұл сала, салық, кеден, мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қаржы салаларындағы құжаттармен жұмыс істейді. Осы бағыттарда қолданылатын терминдер мен түсіндірмелердің қазақ тілінде болуы, азаматтар мен кәсіпкерлер үшін аса маңызды. Мысалы, салықтық міндеттемелер, электрондық шот-фактуралар, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жөніндегі ақпараттар мемлекеттік тілде нақты әрі қарапайым түсіндірілсе, бұл тек тіл саясатына ғана емес, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігіне де қызмет етеді.
Сол сияқты, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, құқықтық ақпараттың халыққа түсінікті болуына ықпал ететін маңызды орган. Сондықтан, Әділет министрі Сәрсембаев Ерлан Жақсылықұлы, осы заңнамалық актілердің қазақ тіліндегі мәтіндерінің сапасына, құқықтық терминдердің бірізділігіне және азаматтарға арналған түсіндіру материалдарының қолжетімділігіне және бұлардың мемлекеттік тілде болуына ықпал етуі керек.
Тағы бір айтарымыз, Астана қаласының әкімдігі елорда тұрғындарына қала инфрақұрылымы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік, абаттандыру және әлеуметтік мәселелер бойынша көптеген қызмет көрсетеді. Осы бағыттарда қазақ тіліндегі хабарландырулар, ресми түсіндірмелер, цифрлық сервистер мен азаматтарға арналған ақпараттардың сапалы болуы мемлекеттік тілдің қоғамдық кеңістіктегі қолданысын күшейтеді.
Мемлекеттік қызметкерге қойылатын талап
Мемлекеттік тілде жұмыс жүргізу дегеніміз – құжатты қазақша жазумен ғана шектелмейді. Ол ойды мемлекеттік тілде жүйелі жеткізу, кәсіби терминдерді дұрыс пайдалану, азаматпен түсінікті сөйлесу, ресми стильді сақтау және тілдік қателерге жауапкершілікпен қарау дегенді білдіреді.
Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің тілдік біліктілігін арттыруға жағдай жасау маңызды. Қызметкерлерге арналған қазақ тілі курстары тек грамматиканы үйретумен шектелмей, нақты кәсіби міндеттерге бағытталуы керек. Мысалы, заңгерге – құқықтық мәтін әзірлеу, экономистке – талдамалық анықтама жазу, баспасөз қызметкеріне – ресми ақпарат дайындау, мемлекеттік қызмет көрсету маманына – азаматпен қазақ тілінде тиімді қарым-қатынас орнату дағдылары қажет.
Мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту үшін басшының ұстанымы да маңызды. Егер мекеме басшысы қазақ тілінде сөйлеуге, құжаттарды мемлекеттік тілде әзірлеуге және қызметкерлерді осы бағытта қолдауға мән берсе, ұжымның жұмыс мәдениетіне әсер етеді. Тілдік орта ең алдымен күнделікті әдеттен қалыптасады. Мысал ретінде келтіретін болсақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, өз жұмыстарын, жиналыстарын мемлекеттік тілде жүргізуі жөн-ақ еді. Дегенмен, бұлар мемлекеттік тілде жұмыс жүргізбек тұрмақ, Қазақстандағы бар кәсіпкерлікті мүлде тығырыққа тіреді. Билік иесінен сұрайтынымыз! Осы ұйымының жетекшісін және орынбасарларын жұмыстарынан босатып, қазір кәсіпкерлікпен айналысып, үлкен жетістіктерге жеткен азаматтар мен азамтшаларды тағайындау жөн болар. Тіпті, талай жыл бұрын Қытайдан келген қандастардың арасында да, осы салада айтарлықтай жетістіктерге жеткен адамдарды тағайындасаңыз халыққа үлкен көмек. Олар елді аралап жүріп, қалай бизнес жүргізуді өздері елге көрсетер еді. Сонда, елімізде орта және шағын бизнес дүркіреп алға басар деп ойлаймыз.
Қазақ тілінің болашағы – оны қаншалықты жиі мадақтайтынымызда емес, оны қаншалықты көп қолданатынымызда. Мемлекеттік қызметкердің қазақ тілінде сауатты сөйлеп, нақты құжат әзірлеуі – елдің тілдік болашағына қосылған күнделікті үлес. Мемлекеттік тіл мемлекеттік басқарудың шынайы тіліне айналғанда ғана оның мәртебесі қоғамдық санада да, практикалық өмірде де толық орнығады.
Мемлекеттік тілде жұмыс жүргізу – міндет қана емес, мемлекетке қызмет етудің мәдениеті.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz