Юбка киген Ли Куан Ю
Қазақтың қайсар қызы Кэмбриджді үздіктер қатарында бітіріп, еліне Amazon мен Ebay сынды алпауыттарды алып келіп, келісім-шарт жасатады. Дәл осы кезде мемлекет одан су түбіне кеткен «Қазпоштаны» құтқаруды сұрайды. Бір жағынан шетелде мықты ұсыныс, табысы мол жұмыс күтіп тұрды. Екінші жағынан қордаланған қарызы 24 миллиард теңгеден асып кеткен, айлығы шайлығына жетпейтін 17 мың адам ауызға қарап отырған проблемалық кәсіпорын тұр. Біріншісі – өзінің жағдайын жасау, екіншісі – Отанға қызмет ету.
2022 жылдың аяғында Әсел Жанасова осы екінші жолды таңдады. Одан не шықты? Мемлекет оған өкінбеді ме? Осының барлығын тарқатып баяндайтын боламын.
2020 жылы әлемді шарпыған пандемиядан кейін көп сарапшылар «Қазпоштаның» енді аяққа тұруы мүмкін емес деген диагноз қойған болатын. Ұлттық компанияның өзін-өзі әрең алып жүрген, ақтап жүрген заманы 2019 жылмен аяқталды. 2019 жылы соңғы рет 54,4 миллион теңге таза пайда көрді. Ал 2020 жылы 5,1 миллиард теңге шығынға батты. Бірақ мұнымен шыңырауға құлдырау тоқтамады. 2021 жылы Қазпошта 7,1 миллиард теңге, 2022 жылы 12,4 миллиард теңге шығын әкелді. Мемлекет тіпті оны сатып жіберу туралы ойлана бастаған еді. Ең тоқырау уақыты – рекордты шығын келген 2022 жылдың аяғында Қазпошта акционері «Самұрық-Қазына» қоры жағдайды өзгертіп, батыл реформалар жасау үшін Әсел Жанасованы басқарма басшысы қылып тағайындайды. Негізі, Әсел Жанасованың антикризистік шаралары 2024 жылдан кейін ғана жемісін бере бастайды деп күтілген. Алайда ол небары 12 айдың ішінде жағдайды түбегейлі өзгертіп, 2023 жылы Қазпошта айды аспанға шығарып, 85,9 миллиард теңге выручка, оның ішінде 2,4 миллиард теңге таза пайда көрсетті. Одан мемлекетке 1,5 миллиард теңге дивиденд төледі. Қазпошта әкелген дивиденд бар, басқа да табыстардың бәрін қосып «Самұрық-Қазына» су тасқыны кезінде мемлекетке қосымша 100 миллиард теңге қаржы жіберді.
Қаржылық оңалту реформалары қалай жүрді?
Алдымен Қазпоштада бизнес-процестер оңтайланып, күмәнді шығындар бақылауға алынып, барлығы қысқартылды. Одан кейін үлкен табыс әкелген қадам – Самұрықтың портфельді компаниялар тобы ішінде қазынашылдық агент функциясын атқара бастауы болды. Қазпошта шетел, әсіресе Қытай маркетплейстерінде адамдар тапсырыс беретін тауарларды жеткізіп беруді өзіне бұра алды. Дәл осы кезде өзіне сене бастаған Қазпошта басшылығы кедендік рәсімдеу бағытын, кеден өкілі қызметін игере бастайды. Осы жаңа жол компанияға кәдімгідей қомақты табыс әкелді. Сонда екі жаңа қызмет түрін ашу, бұған дейін қатып қалған бизнес-процестерді оңтайландыру және басы артық шығындарды қысқарту. Осы қарапайым үш қадам бір жылдың ішіне жағдайды 180 градусқа өзгертті. Реформа деп осыны атайды.
Біз бәріміз жақсы өмір сүру үшін, компанияларымыз табысты болуы керек. Олар бюджетке жақсы салық төлеп, адамдарға лайықты жалақы беріп отырса, экономикада тұрақты өсім болады. Сондықтан компаниялардың өсіп жатқаны сіз бен бізге тек жақсылық алып келеді. Ал осы дамудың артында тұрған, білімі мен тәжірибесін, өмірлік энергиясын сарп еткен жандарды «Отанға қызмет етіп жүр» деп бағалағанымыз абзал.
Айбар Олжаевтың жазбасы
Abai.kz