Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Су тасқыны: 2618 7 пікір 21 Мамыр, 2024 сағат 09:10

Тобылдағы тасқын су: Көргеніміз бен көңілге түйгеніміз

Коллаж: Алмасбек Әбсадық

(Басы, жалғасы бар)

АҢДАТУ

Биылғы тасқын судың екпіні Қазақстанның солтүсік, батыс өңірлерінде өте қатты болды. Қостанай облысының тарихи Торғай өңірі көп зардап шекті. Тосыннан келген табиғаттың дүлей күші адам баласын тәубаға келтіріп, онымен санасуды, алдын-ала сақтықтық шараларын жасауды мықтап еске салды. Билік те өз көзқарасын білдіріп жатыр. Бұдан былай тасқын қауіпі бар жерге құрылыс салуға жол берілмейтіндігі жарияланды. Үй-жайлары тасқынның құрбаны болған кісілерге үкімет тарапынан тиісті өтемақы да төленіп жатыр. Бұл – өте даулы мәселе. Себебі «өтемақы» деген сөз толық төленеді деген мағынаны бермейтіні анық. Сондықтан «Мал ашуы – жан ашуы» деген, мал-мүлкі түгілі баспанасы суға кеткен кісілер өтемақыға шексіз, толық ризамыз деп айта қоюы екіталай. Бұл арада дауласушы жақтарға нарық жағдайын саралай алатын, ескеретін үлкен сабырлық керек.

Сурет: Автор жазбасының скрині

КӨЗ КӨРГЕН КӨРІНІСТЕР

Басты өзегі ойпатты жермен ағатын бір тоға, монтиған Тобыл өзені де биыл тосын мінез көрсетті. Тобыл мен Айат өзенінің тоғысында  орналасқан Қаратомар су қоймасы аузы-мұрынына дейін толып, оның бұзылуына қауіп төнгендіктен 2024 жылдың 6 сәуірінен бастап одан секундына 2600 куб/метр су жіберіле бастайды. Сағат күндізгі 16.00 шамасында су нөпірінің алды Қостанай қаласының тұсына жетті. Тасқын судың мол көлемі өзен арнасы түскен ойпатты түгел шіреп, кернеп кетті. Қостанай қаласы тұсындағы Тобылдың тасуын бақылап, су тасқынының шырқау шегі болған 2024 жылдың сәуір айының алтысынан жетісіне қараған түннің ертеңгісіндегі көрінісін видеоға түсіріп, Фейсбук парақшамызға жариялап тасқын судың екпіні мен көлемін сөз еткенбіз. Сонымен қатар Қостанай қаласының патша заманында сызылған ескі картасында бейнеленген Тобыл өзенінің арнасына қатысты туралы ой-пікірімізді де жариялағанбыз (видео 1).

Сурет: Abai.kz скрині

Аталған картаны сызу патшалық Ресей тұсында 1895 жылдан бастау алып, 1902жылға дейін созылып, соңы Сенатқа бекітуге ұсынылған (Тарихи жәдігер: Қостанай қаласының алғашқы картасы). Картаның біздің ұсынысымызбен үлкейтілген нұсқасы Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде экспонат ретінде сақтаулы тұр.

Тарихи жәдігерге Тобыл өзенінің қала тұсындағы арнасы да толық түскен. Тасқын қаупінің беті әбден қайтқан уақытта сол мәселеге қайта оралуды жөн көріп отырмыз. Бұл тұста біздер Тобыл өзенінің Кәріс, орталықтағы Үлкен (Кіші), КЖБИ көпірлері аралығындағы өзен арнасын тілге тиек етпекпіз. Өзен бойымен қарағанда, КЖБИ көпірі –қаланың жағасы, ал Кәріс көпірі – оның етегі.

Картада Тобыл өзеннің негізгі өзегі қала орналасқан биік жағалаудан қанша қадам жерден өтетіндігі аса мұқияттылықпен көрсетіген. Сонымен қатар өзеннің тасу, арнасынан асу кезіндегі су жайылатын жаға-жиектері де өзгеше бояумен белгіленген. Өзен арнасында орын алған нысандар белгіленген. Ескі картаға қарай отырып бүгінгі тасқын судың қалай жүргендігін шолып шығуға әбден болады (Айтулы және сөз арқауына түскен нысандар қызыл жебе сызықпен көрсетілген және патша заманында болмаған, қазіргі таңда бар нысандар болжамды түрде жобалап белгіленді).

ЕТЕКТЕН БАСҚАН ТАСҚЫН

Тобылдан көшкен су нөпірі алдымен ойға орналасқан ұзын сонар Кәріс көпірін басты. Көпірдің атауы қала ішіне кеңес заманында жер аударылып келген кәрістер орналасқан ауданның атымен аталған. Жер емшегін емген кәрістер өзеннің егін салуға қолайлы оң жақ жағалауына өту үшін көпір салынуына мұқтаждық танытып, өткел түсірген (сурет 1).

Сурет 1. Қазіргі «Кәрістер көпірі» маңының сызбасы. Суретті мақала авторы ұсынды.

Қостанайлық блогер, саяхатшы Роман Гайдук тасқын өткеннен кейін аталған қала көпірлерін видеоға түсіріп, бірнеше сериямен жариялады. Соның бірі Кәріс көпірінің 9 сәуірдегі жағдайы туралы түсірілім:

Түсірілімнен көпірді қаншалықты су басқанын толық. тұшымды түрде түрде көруге болады. Көпір соңғы жылдары үлкен тиянақты жөндеуден өткен еді.

Кәріс көпір тұсында Тобыл арнасы қайырланып, бірнеше шағын жылғаға бөлініп кетеді. 1879 жылы қаланың ірге тасы қаланғанда, қаланың солтүстігіндегі Ордабай сайы тұсында орын алған, кейін қаланың атауына арқау болған «Қостанай өткелі» (Түркілік көмбе: Қостанай топонимінің төркіні). де бұл жерден аса алыс емес (сурет 1).

Сурет: Abai.kz скрині

Картаға мұқият қарағанда, біз тұспалдап белгілеп отырған «Қостанай өткелінен» жарқабаққа қарай екі сүрлеу жол түсіп тұрғанын, оның бірі швецария азаматы көпес Лоренцтің сыра зауыты орналасқан Ордабай сайына қарай, екіншісі ойпатты жерде орын алған көл-көлшіктер жағалап, өзен ағысының жоғары жағына, яғни қалаға қарай бағытталғанын байқауға болады.

Сүрлеу жол ненің белгісі? Ол – өзендегі өткелге баратын жолдың әбден орныққанын білдіретін көрініс. Сурлеу тірелетін өзен арнасынан үшбұрыш кескініндегі аралды байқауға болады. Арал өзен арнасының қайырлануына әрі жіңішкеріліп тарылуына әсер етіп,  жаратылыс құбылысы көшпелі қазақ жұртына мал-жанды қауіпсіз түрде өткізуге мүмкіндік туғызатын өткелдің пайда болуына жол ашқан. Бұл жер патша заманындағы қазақтың көшіне қос өзен (Үй мен Тобыл немесе Аят пен Тобыл) аралығындағы құнарлы өлкеге әрі-бері өтуге мүмкіндік жасаған «Қостанай (Кушдөңәй) өткелі» осы болуы ғажап емес. Картада өткелдің жанынан Тобылдың жаңа арнасы түсе бастағаны да бейнеленген (сурет 1). Демек, жанынан жаңа арна орап өткеннен кейін өткел қолданыстан шығып қалған. Қолданыстан қалған соң, естен де кеткен.

ТАСҚЫНҒА - ТОСҚЫН

Кәріс көпірінен кейін тасқын су қауіпі қаланың орталық бөлігіндегі Үлкен көпірге төнді (Саяхатшы Роман Гайдуктың 8 сәуірде Үлкен, Кіші көпірлерді және КЖБИ жағажайын түсірген видеосы. Мархаббат:

Бұл көпір өзен арнасының үстіне биік етіп салынғанымен, оның оң жағалаудағы етегі ойға түсетін. Тобылға патша заманында ең алғаш салынған көпір де осы жерде. Ол қазіргі таңда «Кіші көпір» деп аталады. Тасқын кезінде оны су мүлдем «жұтып кетті». Кіші көпірдің қаладан қарағанда сол жағында, өзеннің оң жақ жағалауын жағалап жеміс бағы (Фруктовый сад) орналасқан (сурет 2).

Сурет 2. Қазіргі Үлкен, Кіші көпір және «Садовод» саяжайы маңының сызбасы. Суретті мақала авторы ұсынды.

Кіші көпірден қазіргі Тобыл (бұрынғы Затобольск) қаласына және Торғай өңіріне бастайтын жол шығады. Сол тұсқа назар аударғанда, картографтар өзеннің тасу арнасын қазіргі Тобыл қаласы, Мичурин селосы орналасқан биік қырға дейін сызып көрсеткен. Биылғы су тасқыны мұны толық растады: Қостанай қаласы мен Тобыл қаласы орналасқан биік қырат арасындағы алқап толық су астында қалды. Бұл орайда көркем шығармашылық ой-қиялымен Айат және Арақарағай болыстарының жерін Тобыл өзені бойымен «бір шолып шыққан» жазушы  Б.Майлиннің: «Ат шаптырым жерді алып жатқан кең алаптар – Тобыл өзені тасыған кезде теңіздей боп кетеді», - деген сөзі еске түседі.

Қос жағалауындағы серуеншілерге арналып абаттандырылған жерлерге топан су «топалаң» жасады. Бірнеше бизнес нысандарын (Апельсин сауда үйі, Ақ Шаңырақ рестораны т.б.) су басты. Құтқарушы топтың ерен қимыл көрсеткен тұсы осы жер болды. Қысылтаң сәтте қала әкімі М. Жүндібаев тұрғындарды көмекке шақырып, жұртты жұмылдыруға қарекет етіп, тасқынға тосқын қоя білді. Себебі көпірдің оң жақ етегінен басталған күре жолды су басып қалғанда, Қостанай мен Тобыл қаласын, одан әрі оңтүстік өңірге шығатын жол үзілетін еді. Билік жетекшілік еткен арнайы жасақтар, еріктілер мен қарапайым халықтың тізе қоса қимылдаған әрекеті өз жемісін беріп, маңызды жол тасқыннан аман қалды.

ЖАР АСТЫНА ҮЙ САЛМА...

Қаланың орталығы тұсындағы биік жар қабақ астындағы кеңес заманында пайда болған тұрғын үйлерді де су басты. Патша заманы тұсында, бұл жерлер өзеннің арнасы болғандықтан, ол жерге билік тұрғын үй салдырмаған. Қазіргі таңда бұл жерлерде «Колесные ряды» деп аталатын шағын аудан бар. Ал негізінде патша тұсында тұрмысқа қолайлы жағынан, бүгінгі таңға қарағанда, жарқабақ астындағы жерлер өте ыңғайлы болатын. Себебі ол өзенге аса жақын. Ауыз суды өзен-көлден, құдықтан ішкен сол бір кезеңдерде су көзіне жақын қоныс тебу маңызды еді. Бірақ Тобылдың тасуын ескерген патша билігінде «қауіптің аты – қауіп» деген ұстаным болғандығы байқалады және ол кезеңде өзен жиі тасып тұрған деп бағамдауға болады.

Жар қабақ  астына құрылыс соғу кеңес билігі тұсында орын алды. Алдымен саяжайлар, одан кейін тұрғын үйлер түскен тұтас көшелер пайда болды. Қаланың байырғы тұрғындарының айтуынша, кеңес заманының 1960-70 жылдары Нариман базарының тұсындағы жар қабақ астына қала билігінің қызметкерлеріне арналған саяжайлар орын тебеді. Бұл – қазіргі «Садовод» саяжайының маңы. Ал саяжай орналасқан аумақ бұрын өзен ортасындағы арал (сурет 2).

СУҒА МАЛЫНҒАН МОХИТО

Тасқын кезінде жапа шеккен бөлік – КЖБИ көпірі маңы (видео 2). Көпірдің өзен ағысының жоғары жағындағы оң жағалауға орналасқан Алтынсарино селосын (ескі картада «Оспан қыстауы» деп белгіленген, біздіңше, Оспан Алтынсарының қыстауы), одан қалаға жақын «Весна» саяжайы түгел, ал «Железобетонщик» саяжайының қыр жағы аман қалып, ой жақтағы бөлігі су астында қалды. Нөпір су өзенді оңтүстіктен жағалап тасып, Мичурин селосының бүйрінен Тобылға келіп қайта құйды.

Тасқын су өткен «Золотой фазан» демалыс кешені мен «Весна» саяжайы арасындағы сай қазіргі таңда үлкен көлге айналып тұр. Ерте заманда бұл өзен тасығанда су жайылатын көне сайдың бірі болғаны сөзсіз. Сөз орайы келгенде айта кететін мынададай мәселе бар. Тобыл – еріген қар мен жауын-шашынның ойпатты жерге жиналуынан құралатын өзен. Өзеннің арнасына су көздері сай-саламен, жылға-жырамен ағып құяды. Сондықтан табиғаттың өзі жасаған мұндай «табиғи жолдарды» бекітіп, бітеп тастауға сақ болуымыз қажет.

КЖБИ көпірінен өткен Тобыл өзені төменгі жақтан екі шұңқыр–қолтық құрап, одан қайтадан бір арнаға түседі. Қос шұңқырдың бірін біздер, шартты түрде, «КЖБИ шұңқыры-1», екіншісін «КЖБИ шұңқыры-2» деп белгіледік (сурет 3).

Сурет 3. Қазіргі КЖБИ көпірі маңының сызбасы. Суретті мақала авторы ұсынды.

Бұл тұста өзеннің арнасы көктен қарағанда, екі жаққа теңделген қоржынға ұқсайды. Өзен арнасының екі жағына су жиналатын қойын-қолтықты шұңқыр орналасқан. Оның бірі шахмат фигураларындағы ат бейнесін құрайтын бөлігі қазіргі таңда тұйықталған (сурет 4).

Сурет 4. КЖБИ көпірі маңындағы, қойын-қоныш, қолтық-шұңқырлар (Спутниктік карта). Суретті мақала авторы ұсынды.

Қоржынның бірі - қала бетіндегісі қазіргі таңда «КЖБИ шұңқыры» деп аталса, екіншісі - арғы беттегісі кеңес дәуірінен бері «Инспектор көлі»-мыс деп аталып келді. Өзен жағасындағы шұңқырды «көл» деп шатасу Тобылдың жоғары ағысына су қоймалары мен тораптар (Қаратомар, Жоғары Тобыл, Амангелді) салынғаннан кейінгі кезеңдердегі өзен суының қатты азайған мезгілде «эмоция жетегімен»  пайда болған деп санаймыз.

Тасқын кезінде үй кеңірдігіне, кейбір жерде төбесіне дейін су астында қалған «Мохито» демалыс кешені мен «Шаңғышылар» базасы өзеннің арнасы екі жарылып, қолтық құрайтын ескі арнаның бұл күнде бітеу болып кеткен өзегіне соңғы жылдары салынып, тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналаған еді. Тасыған өзеннің ескі арнасында тұрған кешенге су бетімен аққан заттар тіреліп, үлкен көлемдегі қоқыс жинаналып қалды. Кешеннің маңындағы сауда дүңгіршектері де топан судың «құшағында тұншықты». Бұл аймаққа, яғни Гашек көшесінің бойындағы жағалауға қала тұрғындары демалатын «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл» деп аталатын парк салынған еді. Оның жүргіншілерге арналған кейбір тұстары да топан су астында қалды. Бизнес нысаны «Мохито» демалыс кешені, сауда дүңгіршіктері «өз жарасын өзі жалап, жазылып кетері» сөзсіз. Ал жағалаудағы паркті қайта қалпына келтіру қосымыша қаражатты қажет ететіні анық.

КЖБИ шұңқырынына қарама-қарсы беттегі оң жағалауда кеңес дәуірінде жеміс ағаштары отырғызылған бақша немесе көкөністер егілетін егістік алқаптар болған. Сонымен қатар Қостанай қаласын көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін Мичурин совхозы құрылып, ол өзеннің су басатын ескі арнасы мен жағалауларына бақша өнімдерін екен. Қазір оның бірі де жоқ.

Біздіңше, кеңестік дәуірдегі сол тәжірибені пайдаланып, Тобыл өзенінің ескі арналарына бақша, көкөніс өнімдерін егуді жолға қою керек. Бұл орайда, Қостанай маңындағы жерлерге бақша өнімдерін егуді жолға қойған «Terra» сынды фирмалар бар. Біздіңше, үкімет қолынан іс келіп тұрған осындай фирмаларға әкімшілік пәрменімен жәрдем беріп, олардың бақша өсіретін жерлерін су басатын алқаптармен кеңейтуіне болады. Ту тасқыны кезінде егістіктер  көп шығынға ұшырамайды: су қайтысымен бау-бақшасын өсіре береді.

ТҮЙІН СӨЗ

Түйіндей келгенде, белгілі ғалымдардың айтуынша, қазір жер шарының климатында үлкен өзгерістер, тосын құбылыстар орын алып жатыр. Тасқын сынды апаттар көбеймесе, азаймайды деген болжамдар бар. Оның шет жағасын әлем жұртшылығы байқап та, біліп те отыр. Сондықтан «Сақтықта қорлық жоқ» деген мәтелді жадымызда ұстағанымыз абзал. Діни тәмсілдерде Жаратқан иеміз:«Сақтансаң – сақтаймын»,- демейтін бе еді?!

Алмасбек Әбсадық,

Қостанай

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1984