Түркілік көмбе: Қостанай топонимінің төркіні
ОЙСОНАР
Ой шолу, оны белгілі бір ізге салу аңға шыққан аңшының тірлігіне ұқсас. Ертедегі түркі жұртының саятшылығында аңды жаз мезгілінде көп болып ұран-сүрен салып, үркіте келе ыңғайлы жерге қамап алу немесе қыс мезгілінде қар үстіне түскен жаңа із арқылы іздеу әдістері бар еді. Қыс мезгіліндегі ең қолайлысы – таң алдында жаңа жауған қардан кейінгі тынық, тұнық табиғатта кездесетін қансонар. Қансонарда «тау мен тасқа тығылған аңды» табу мүмкіндігі жоғары.
Сүрлеу мен соқпағы бар белгілі мәселеде тыңнан ой қозғау – сонардағы көп ізден қажетті, керекті нәрсені дұрыс таңдай білу мәселесіне жақын. Таным иіріміне тұнықтан тың жол табу құбылысын зерделік аңшылықта «ойсонар» деп айшықтауға болатын сынды. Бүгінгі ойсонарға арқау болатын мәселе - Қостанай топонимының түп-төркіні туралы тыңнан сөз қозғау. Аталмыш мәселені біздер «Егемен газеті» бетінде жарияланған «Тамырлас топонимдер: Қостанай – Дөң (Дон) – Дунай» атты мақаламызға арқау еткен болатынбыз. Мақала оқырманның қызығушылығын тудырды. Бірақ газет көлемінің ерекшелігіне байланысты айтылған ой-танымдар біршама қысқартылып берілген еді. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында осы «ойсонарды» қайта ортаға салып отырған жайымыз бар.
ІНДЕТУ
Қазақ жері патша иелігіне қарай бастаған кезде Қазақ даласының солтүстік-батыс өлкесі, қазіргі Қостанай-Торғай, Ақтөбе, Орал облыстары Орынбор әкімшілігіне бағынды. Бұл ұлан-ғайыр өлкені әкімшілік Батыс, Орта, Шығыс Орда деп бөліп, оны билеуші төре тұқымы-сұлтандар арқылы басқарды. 1868 жылғы Ресей империясының жаңа өлкелерді отарлауды тереңдету мақсатында жүргізген кезекті әкімшілік-территориялық реформасының нәтижесінде Орынборға қараған аталмыш үш Орда таратылып, орталықтанған облыстық басқару жүйесі (ауыл-болыс-уезд-облыс) орнығады.
Орынбор әкімшілігіне қараған қазақ өлкесінде Торғай және Орал облыстары құрылады. Орал облысы Батыс Орда мен Маңғыстау өлкесінен жасақаталса, Торғай облысы Орта және Шығыс Орда деп аталған өлкелердің территориясынан құралып, оны Елек (Елек өңірі Орынбор губерниясына алынып, орталық Ақтөбеге көшіріледі), Ырғыз, Торғай, Николаевск (кейін Қостанай) деп аталған төрт уезге бөледі. Солардың ішінде үшеуінің – Елек, Ырғыз, Торғай уездерінің жалпы атауы және оны басқаратын орталықтары да сол өңірдегі өзен-суға қатысты аталды да, тек Николаевск (бұрынғы Шығыс Орда территориясы) уезі Аят өзенінің Тобылға құяр сағасынан 65 верст қашықтықтағы жоғары ағысында орналасқан орыс-казактардың Николаевск станициясының (1 сурет) атымен аталып (суретте жұлдызшамен белгіленген), орталығы сонда орналасады.
1 сурет. Аят өзенінің бойындағы уезд орталығы болған Николаевск станициясы.
Бірақ станица пошта жолынан 100 верст шамасында қашықтықта және өңірдің бір қиырында орналасқандықтан әкімшілік жұмыстарды жүргізу қиынға соғып, уезд орталығы 7-8 айдан соң Троицк қаласына көшіріледі. Облыстың ашылуына байланысты Николаевск уезінің орталығын қазақ даласына орналастыру мақсатында патшалық әкімшілік 1869 жылы Тобыл өзенінің орта ағысындағы «Ордабай» деген жерді болашақ қала орны етіп белгілеп те қояды. 1879 жылы, яғни қала орны алғаш белгіленгеннен кейін 10 жыл өткен соң, Торғай облысының әскери генерал-губернаторы А.П.Константинович Николаевск уезінің орталығы болады белгіленген «Ордабайды» жаратпай, жаңа жер іздеп, Тобылдың төменгі жағындағы 7-8 верст жерден қазіргі Қостанай қаласының орнын таңдайды. Осы кезеңнен бастап Қостанай топонимы туралы алғашқы жазба деректер пайда болады. Сол жылдың 17 қарашасында облыс басшылығы болашақтағы қаланың орнын былайша айқындайды: «Площадь, ограниченная с севера оврагом против брода Кустанай-Уткуль, с юга лощиною Абиль-сай, с востока р. Тоболом ... будет совершенно достачноя для собственного городского поселения».
Қала орнының «Қостанай өткеліне» қарсы солтүстіктегі жыра мен оңтүстіктегі Әбіл-сай, шығысынан Тобыл өзені аралығы» деп белгіленуі оның кейінгі дамуына да әсерін тигізеді: қаланың басты бөлігі аталған екі жыраның (сайдың) арасына орын тебеді. 1895-1902 жылдары бедерінде сызылған Қостанай қаласының Бас жоспарында қаланың тұрғын жай бөлігі солтүстіктегі Ордабай-сай мен оңтүстіктегі Әбіл-сай арасында айрықша дамығанын байқаймыз (2 сурет). Бұл аралық (суретте қызыл сызықтармен айшықталған) көп жылдарға дейін Қостанай қаласының табиғи шекарасы ретінде танылып келді (Қараңыз: Тарихи жәдігер: Қостанай қаласының алғашқы картасы)
2 сурет. Қостанай қаласының 1895-1902 жылдары сызылған Бас жоспары
Алғаш жазбаға тіркелген аталмыш деректе зерттеушілердің зейіннен мүлдем тыс қалып келген маңызды мағлұмат бар. Ол - «Кустанай-Уткуль» атты топоним. Орысша дыбысталған атаудың қазақшасы – «Қостанай өткелі». Жалпақ ұғымымен айтқанда, Тобыл өзенінен Қостанайға өтетін өткел. Демек, қала пайда болғанға дейін Қостанай деген өңір болғаны (мал шаруашылығымен айналысқан көшпелілердің қозғалысы бір нақты нүктеге бағытталмайды, ол тұтас кең өңірге, өлкеге қанат жаяды: мысалы, Торғай, Ырғыз, Арқа, Сыр бойы, Жетісу т.б.) және оны қазақтар пайдаланып келгендігі байқалады. Көшпелілер тіршілігінде маңызы зор өткелді жауып тастау мақсатында Николаевск уезінің басшысы А.Сипайлов қаланы өзеннің екі жағына бірдей орналастыруды ұсынады. Бірақ оның ұсынысы Торғай облысы басшысының тарапынан қолдау таппай, қала бірыңғай Тобылдың сол жақ жағалауына орын тебеді. Сөйтіп, 1883-84 жылдары уезд орталығы Троицкіден Николаевскіге (кейін Қостанай атанады) көшіріледі.
«Қостанай өткелінің» түбіне орналасқан перселендердің жаңа қаласы тез дамып, бас-аяғы 10-15 жылда он мыңдаған халық тұратын қалаға айналады. Қаланың жылдам өсуі Ресейдің ішкі жағынан қоныс аударушылардың (переселендердің) саясатын жүргізуге жауапты жергілікті әкімшіліктің өзін де таң қалдырады. Бұл құбылысты сол кездегі басылымдар жарыса жазып, Қостанайды қатты қарқынмен өскен американдық Чикаго қаласына (А.Алекторов) теңейді.
Әлқисса, өсу қарқыны қатты қала туралы кейінгі жазба деректерде (әрине, орыс тіліндегі) алғашқы атаудағы тіркеме «өткел» қағыс қалып, ол тек архив мұрағатындағы жазбада сақталып қалады. Осы себептен кейін, дәлірек айтқанда 1895 жылы «Қостанай» поселениесі қала мәртебесін алғанда «өткел» сөзі тіркелмей, қосымшасыз қосылады, Дегенмен де, қаланың алғашқыда өткел жанында пайда болғаны туралы жалпылық мәлімет біраз жылдарға дейін сақталып келеді. Мысалы, 1898 жылы ішкі істер министрлігінің қазақтан артық жер алу мақсатындағы арнайы тапсырмасымен Қостанай уезіне экспедиция жасаған Ф. Щербинаның зерттеу жұмысына мынадай ақпарат тіркелген: «Кустанайский уезд, как редкая по богатейшим естественными условиями местность, пользуются у искателей вольных земель широкою известностью далеко за пределами Тургайской области. Сюда идут европейские переселенцы с большею охоту, чем во все другие места Сибири… В неизвестном до того месте, просто у брода р. Тобол, возник и, чисто с американскою быстротою, вырос город Кустанай 12-ти тысячным населением».
Қаланың орнын белгілеу туралы шешім қабылданған уақытта жазбаға тіркеліп, сол күйінде архив мұрағатына көміліп қалған «өткел» атауы ауызекі деректерде өзге мәліметке жол бере бастайды. Соның бірі – «Қостанай» атауын қазақ дүниетанымында сакральдық сипаты басым болғандықтан географиялық белгі ретінде кең сақталған «мола», «бейіт» нысанына қатысты мазмұндардың орын алуы еді.
МЕКЕНДІК ӘПСАНАЛАР САРЫНЫ
1904 жылы Қазан университетінің «Известия общества археологии, истории и этнографии» Хабаршысының 20 томында диакон Николай Саркинның (ұлты – қазақ, шын аты - Хакімжан) «К истории открытия женских школ в Тургайской области» деген мақаласы жарияланады. Онда автор Қостанай қаласының іргесі қалай қаланғанын баяндай келе оның атауына да мән береді: «Место для этого города сперва было выбрано на урочище Ордабай, каковое название он и носил некоторые время: после перенесение его за 8 верст, к одинокой могиле (жалгыз мола) киргизской старухи, по имени Костанай, он стал называться по-киргизский Кустанаем и по русски Николаевским...».
Мұнда қандай ақпарат бар? Біз одан 1879 жылы Торғай облысының әкімшілігі қала орнын айқындағанда «Қостанай өткелі» деген атаумен белгілі болған топонимнің 25 жыл уақыт өткенде «өткел» деген ұғым мүлдем ұмытылып, ол «Қостанай есімді қазақ кемпірінің жалғыз моласына» айналғандығын көреміз. Ауытқыған ауызекі деректің туындауына, жоғарыда атап өткеніміздей, «Қостанай өткелі» деген алғашқы атаудың орыс тіліндегі әкімшілік іс жүргізу құжаттарына тіркеліп, оның тек мұрағат сөресінде сақталып қалғандығы себеп болғаны сөзсіз.
Н. Саркинның мақаласы жарияланғаннан кейін бір жылдан соң, яғни 1905 жылы Ресейде алғашқы халықтық дүмпу-дүрбелеңдер басталып, 1914 жылы І дүниежүзілік соғыс, оның ақыры 1917 жылғы аласапыран революцияға, одан соң 20-30 жылдардағы ашаршылық, репрессия сынды ауыр трагедияларға әкеп соқтырады. Бұдан соң ІІ дүниежүзілік соғыс атты апат келді: ел-жұрттың есі шығып жер-су атауларын түгендеу емес, қалай аман-есен қалуды ойлаған заман туды.
Елдің есін жиған уақыты ХХ ғасырдың 60-80 жылдар еді. Қостанай қаласында киім, аяқ киім, шұға-мауыт зауыты сынды қыз-келіншектер жұмыс жасайтын ірі өндіріс ошақтары пайда болды. Қаланы ресейлік атақты Иваново қаласының қазақстандық баламасы деп қараған заман орнықты. Осы уақытта баяғы Н. Саркин жазбаға тіркеген мекендік әпсана жаңа мазмұнмен қайта жаңғырады. Енді «Қостанай атты қазақ кемпірінің жалғыз моласын» Тана есімді қос қыздың бейіті туралы мазмұн алмастырады. Сол кезеңдерде гуманитарлық ғылымда ерте замандағы әйелдердің әскери қосыны - амазонкалар туралы көлемді зерттеулер де пайда бола бастаған еді. «Қос Тана» туралы әпсана кеңестік дәуірдегі қала кейіпінің әлеуметтік шындығына, замана сазына, ғылымның жаңа жаңалықтарына иленген әрі одан нәр алған мазмұн болатын. Бұл әпсана көрнекті фольклоршы, этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің назарына ілігіп, ол оны 1981 жылы шыққан «Күңгір-күңгір күмбездер» атты туындысында жариялайды. Сол тұстан бастап ондағы әпсаналық мазмұн республикалық деңгейіндегі ақпарат кеңістігіне тарайды.
«Қос Танамен қосақталған» Қостанай топонимы тәуелсіздік есігін сол ұғыммен аттайды. Егемендік алып, еңсесін көтерген еліміз ескі тарихқа құлшына, құмарта көз салды. Тарихи мұраға мемлекеттік тұрғыдан қамқорлық жасалып, арнайы бағдармалар да жүзеге асырылды. Жалпылық сипат алған сол бір кезеңдерде тарихта бұрын танылмаған батырлар, дабысы қыр аспаған би-шешендер «жоқ жерден жарқ ете қалған» көріністер де орын алды. Найза түгіл қолына сырық ұстамаған кейбір бай-қуатты кісілердің аталары «батыр» атанып, олардың «қарулы, қаһарлы» бейнелері еңселі ескерткіш тұғырына қондырылды. Жақында Президент Қ.Тоқаев мұндай көріністі өте орынды сынады. Мемлекет басшысы сынаған көрініске жақын сарын Қостанай топонимін де «айналдырды». ХХ ғасыр басындағы Қостанай есімді кемпірдің «жалғыз моласы», ғасырдың орта белінен асқанда қос қыздың бейітіне айналса, ғасырдың соңына оның мазмұнына батыр есіміне қатысты мәліметтер қосыла бастайды. Сөйтіп, ол бірде Қыпшақ, енді бірде Керей тайпасының «Қостан» деген белгілі батырының моласы қалған жер екен-мыс, сондықтан да «Қостанай» атанып кетіпті деген жаңа сарындар дүниеге келеді.
Бір қызығы, бұлардың барлығы да жалғыз-жарым мола. Қазақ тұрмысында моланы жалғыз қалдырмай, оның маңына кейінгі қайтқан туыс-туғандарын жерлеп, ол келе-келе қорымға айналатын көріністер бар. Тарихтан нақты мысал: 1748 жылы Барақ сұлтанның қолынан қаза тапқан Әбілқайыр Өлкейік өзенінің бойына, көзі тірісінде айтқан өз өсиеті бойынша, жапан түзге жалғыз жерленеді. Ол жер қазіргі Қабырға өзенінің Өлкейлік өзеніне құятын мүйістен 3-4 шақырым жердегі оң жақ жағалау. Кейін сол жалғыз бейіт «Хан моласы» атанған үлкен қорымға айналады (Қараңыз: Жапандағы жалғыз ағаш).
Жалпы, қазақтың дүниетанымында жалғыз мола, сірә, бақсы-балгер жерленген бейітке тән көрініс болса керек. Осы орайда, хәкім Абайдың «Моласындай бақсының // Жалғыз қалдым дәп шыным» деген жыр жолдары еске оралады.
Фольклор жанры шеңберіндегі болмысында қиялға терең малтығып, шындықтан алыстап мұнартып кететін әпсана мазмұнының құбылуы мұнымен де шектеліп қалмады: ХХІ ғасырдың алғашқы ондығында батырлардың жанына жекелеген ру-тайпа есіміне қатысты мазмұндар қосақталды, тіпті, баяғы Қостанай атты кемпірдің «жалғыз моласын» атақты ағартушы Ы.Алтынсаринның арғы әжесінің бейіті деген пікірлер де көлденең тартылды. Бірақ бұл бейіт туралы сол уақыттағы орыс әкімшілігінің де, қазақ жұртының өкілі атынан айтылған ақпараттарда да кездеспейді. Айталық, қала салынған жылдары 50 шаңыраққа ие Алтыбас Қыпшақтың старшинасы Әлім Қылышбаев деген белгілі кісі «пайдаланып отырған жерімді үкімет есебіне алдың» деп, алдымен 1881 жылы Торғай облысының генерал губернаторына, одан соң 1884 жылы Ішкі істер министрлігіне өтемақы сұрап шағым жазады. Көп жылдарға созылған даулы істе Қостанай бейіті туралы бір ауыз сөз жоқ. Бұл қатты ойландыратын мәселе. Әдетте, қазақтар өзге жұртпен болған жер таласында ата-бабаларының бейіт-қорымдарын көлденең тартып дауласатын. Көшпелі тұрмысты тұтынған қазақ жұрты үшін бұл маңызы зор айғақ еді. Сондай айғақты жер дауында Әлім Қылышбаевтың пайдаланбауы - зейінді, зерделі кісілерге көп нәрсені аңғартса керек деп ойлаймыз.
Түйіндей келгенде, халықтық топонимика үнемі өзгеріс, қозғалыс үстінде болады және оның мазмұны замана сазы, шындығы және информатор мен оны өңдеуші тұлғаның зейін-зердесінің, парасатының деңгейіне қарай толықтырылып, өзгеріп отырады. Бұл – халықтық ауызекі шығармашылықтың, яғни фольклордың шынайы болмысы.
ҚОС+АЙ НЕМЕСЕ ЕКІ ӨЗЕН
«Індетудің» нәтижесінен Қостанай топонимы бірыңғай топонимикалық әпсаналар шеңберінде ғана қарастырылып, таза лингвистикалық тұрғыдан терең зерттелмей келгенін анық байқауға болады. Лингвистикалық тұрғыдан қарағанда, біздіңше, Қостанай – үш түбір сөзден біріккен топоним. Олар: Қос+Тан+Ай. Мұндағы «тан»-ды біз шартты түрде түбір сөз деп алып отырмыз. Себебі қазақ тілінде «тан» деген түбір сөз жоқ, оған ерекше жақын «таң» атты түбір сөзі бар. Қазақ кісіге Таңжарық, Таңатар, Таңбай, Таңсұлу, Таңшолпан, Ақтаң (Ақтан) деген есімдер қояды. Біздің талдауымыздағы мағынасыз «тан» - бар кілтипанды жасырып тұрған сөз. Оның мағынасы өз кезегінде ашылады. Әзірге біріккен сөздердегі бірінші мен соңғы екі түбір - «қос» пен «ай»-дың мағынасын ашып алмақшымыз.
Әлқисса, «қос» - әбден түсінікті ұғым: екі деген мағына береді. Ал «ай», кейбір зерттеушілер айтып жүргендей, жұрнақ емес, көне түркі тілінде «су, өзен» деген мағына беретін көне түбір сөз. Аталмыш түбірімен келетін гидронимдер Еуразияның далалық өлкесінің Алтай таулары мен Балқан түбегіндегі өзен-көлдер атауларында тұрақты кездеседі. Алдымен, алысқа ұзамай Қостанай маңы мен көршілес аймақтарға көз салайық: мысалы, Башқұртстанда Үбә (Үбе) (Қараңыз: «Арқада бір өзенді дер Обаған») өзеніне құятын «Ай» деген өзен бар.
Тобыл өзенінің бір саласы болып саналатын Айат (дыбысталу вариациясы - Әйет) атты өзен көпшілікке белгілі. Айат атауының астарында су когнитиві бар екендігін тіліміздегі «суат» сөзімен салыстыра қарағанда анық байқалады. Біздіңше, ай мен су - бір мағынаға ие түбір сөздер. Бұл ойымызды бекіте түсу үшін Еуразия кеңістігіндегі өзен-көл атауларын тізуді әрі қарай жалғастыруға болады. Мысалы, Қостанай мен Ақтөбе облыстарының шекарасында Айке (дыбысталу вариациясы - Әйке) көлі орын тепкен. Қостанай – Аманқарағай тасжолында «Айсары» атты көл кездеседі. Ал Қазақ даласының өзге өңірінен мысал теретін болсақ, шығыстағы Айагөз, Айғыз, Айлы, Айранды, оңтүстіктегі Айпара, Айқыш, Айкөлді өзендерін атап өтуге болады. Шығыстан Еуропалық батысқа ауыссақ, ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ ақындарының жырларына арқау болған Украинадағы «Айдар» өзені алдымыздан шығады. Олай болса, «ай» - көне түркі тілдерінде «су, өзен» мағынасындағы түбір сөз деп түйіндеуге болады. Түйін сөзімізге жанама дәлел ретінде тілімізде жалпақ қолданатын бірнеше сөздердң атап өтуге болады.
АЙДЫН – АЙАҚ - АЙРАН
«Ай» түбірінің «су» когнитивіне қатыстылығы тіліміздегі бірнеше лексикалық бірліктерде сақталған. Мысалы, қазіргі қазақ тіліндегі «айдын» сөзі. «Айдын көл, немесе теңіз, су» деген тіркестер тілдік қолданысымызда нық орныққан. Сондай-ақ қазақ пен қырғыз жұрты су немесе сұйық заттарды құятын ыдысты ай+ақ деп атайды. «Қойшының тайағынан, келіннің айағынан» деген мәтел сөздің екінші сыңарында келіні бар үйдің тұрмыста тұтынатын ыдысының тазалығы туралы ой айтылып тұр. Бұған қоса түркі жұртының лексикасында сүттен жасалған ақ түсті сусынның атауы – ай+ран. Аталмыш мысалдар «ай» түбірінің сөз басындағы позициясына қатысты. Ал сөз соңындағы позицияға келетін болсақ, оған мысалдар өте көп және ол бізді кәрі құрылық - Еуропаға дейін апарады. Оған сөз орайы келгенде тоқталамыз.
АЙДАҒЫ СУ ТАСЫҒАН ҚЫЗ
Зерделі оқырман тарапынан түркі жұртына жердің аспандағы серігі «Ай» ұғымымен аса таныс, қолданыста сол ұғымда кең пайдаланатын «ай» сөзінің су когнитивіне қатысты «ай»-дың бір-біріне қатысы бар ма деген заңды сұрақтың туатыны анық. Біздіңше, қатысы бар. Айталық, қазақ арасында аспандағы Айға қатысты айтылатын мифологиялық түсініктерде су ұғымы бар екендігі орын тепкен. Айталық, халықтық мифтік таным бойынша, көкте Ай толғанда, жердегі өзен-көлдерде судың тасуы мен қайтуы болады, сондай-ақ толған Айға анықтап, мұқият қараған кісіге оның бетінен иығына иін ағаш тағып, су тасып бара жатқан қыздың бейнесі көрінеді-мыс.
Ендігі бір мифтік танымда Ай – өлілер мекені. Сол себепті «айға қарай қол шошайтуға дәрет сындыруға болмайды» деген тыйым сөз бар. Бұл «бейітке қарай қол шошайтуға, онда дәрет сындыруға болмайды» деген тыйым сөздің жапсарласы екені сөзсіз. Бұған қоса ертедегі адамдардың әлемнің (космостың) үш тағандық бейнесінде (төмен, орта, жоғары дүние) түсінігінде су, өзен бейнесі – бұл дүниеден (ортадан) өлілер дүниесіне (төменге) өтетін өткелдің бірі. Мұны біздер ажалмен арпалысқан Қорқыт әулиенің Сырдария өзенінің сағасына келіп қайтыс болатын көрінісінен және қазақ арасында қайтқан кісілердің бейіт-қорымдарын өзен-көлдердің биік қырына салатын дәстүрінен көре аламыз. Мифтік таным астарлы символика екенін еске ескерсек, Айға қатысты ескі әңгімелерден «ай» сөзіндегі су когнитивінің еміс-еміс болса да есте сақталғанын байқаймыз.
Айтылған ойларымызды қысқаша түйіндер болсақ, үш түбірден құралған Қостанай атауының басы мен аяғындағы екі тәуелсіз түбірде (қос+ай) «қос өзен аралығы» ден ұғым бар. Ал ортадағы мән-мағынасыз «тан» түбірі көрші буынның қас-қабағына «тәуелді» болғандықтан өзгерген. Оны тәуелділікке мәжбүрлеп тұрған – түркі тіліндегі дыбыс (буын) үндестігі заңы.
ТӨРКІНДЕС ТОПОНИМДЕР: ҚОСТАНАЙДАН ДУНАЙҒА ДЕЙІН
Өзгеге тәуелді, ықтиярсыз «тан», біздіңше, «дөң» сөзінің сыртқы дыбыстық қауызының өзгерген түрі. Оны құбылтып тұрған қос бүйірінен қатаң «қ, с» дыбыстарымен қоршалып «қос» деген түбір сөз құраған жуан дауысты буын. Сол лингвальдық сингармонизм заңының әсерінен, яғни алдыңғы буындағы жуан дауысты дыбыстың тегеуірінді «тепкісінен» екінші түбірдегі жіңішке буын «дөң» түбірі өзгеріп, жуан «тан»-ға айналып, дыбыстық әуезін өзгертіп, бүркемеленіп қалған. Жоғарыда бұл түбірді «көршісіне тәуелді» сөз деп атағанымыздың сыры осында жатыр.
Жалпы, қазақ тілінде сөздер бір-бірімен біріккенде өз ықтиярынан айрырылып, мүлдем өзгеріп кететін түбірлер бар. Мысалы, бұл+жыл = биыл, бұл+күн = бүгін, қара ала құс = қарылғаш, жылжыған аң = жылан т.б. Мұндай көріністерді тіл білімінде «кіріге біріккен» сөздер деп атайды. Белгілі тілші ғалым Бижомарт Қапалбектің сөзімен айтсақ, «түбір сөздер кіріге біріккен кезде, туған әкесін танымай кетеді».
Біздің мысалымызда алғашқы буындағы жуан буынның әсерінен жіңішке буын «дөң» мағынасыз «тан»-ға айналғандықтан, халықтық қарабайыр этимологиялық таным оны бірде Қостанай, бірде Тана (ай), енді бірде Қостан деген кісі есімдеріне қарай «тартқылай» берген деп пайымдаймыз. Қазақтың кісі есімдерін беру дәстүрінде де кездейсоқтық болмайтынын, оның түрлі танымға сүйенген өзіндік қисыны болатынын ескерсек, аталмыш атауларда көп күмән келтіретін тұстар көп. Жалпы, зерделік пайым-толғамда ең оңай нәрсе - сыртқы пошымға қарай сөз қозғау болып табылады және оны пікір-сайысқа айналдырғанда, қисыны жеңіл ой «жеңімпаз» болып шыға келетіні, қисыны күрделі пайымдардың тұзы ауыр болып келетіні белгілі.
Сонымен, егер үндестік заңына сүйене отырып біріккен үш түбір сөзді өз мағынасымен қалпына келтіретін болсақ, қазіргі «Қостанай» атауы жіңішке буында «Куш+дөң+әй», жуан буында Қос+тан+ай болып шығады. Көне түркілік жіңішке буынды «куш» – жуан буынды «қос» пен «құш»-тың сыңары. Аталмыш түбірді сақтап қалған атақты гидронимнің бірі – Куш+мурун (жуан буында - Құш+мұрұн). Бұл көне түркілік танымда «Қостүбек» деген мағынан береді (Қараңыз: «Қазыналы Құсмұрын құпиясы»).
Айтпақшы, Қостанай алғаш құрылған кезеңде қалаға переселендер ісімен сапарлап келген В. Дедлов деген жазушы қаланы «Кустонай» деп атаған. Мұны көне түркілік жіңішке буынды «Куш+дөң+әй»-дың дыбысталуына жақын үлгі екенін аңғаруға болады. Орысша тілде Қостанай атауының әу бастан «кус» деп басталып дыбысталуына жіңішке түбір әсер еткен деп санаймыз.
Түбір сөздер біріккенде «тан»-ға өзгеріп кеткен «дөң» – тіліміздегі «қыр, биік, бел» деген сөздердің синонимі. Түркі тілдерінде қырдан ойға қарай аққан кейбір өзендерді «дөң» деп атайды. Бұған мысалды Қазақстанның оңтүстік шығысынан бастап сонау Еуропаға дейін санамалап, сатылап көрсетуге болады. Мысалы, Жетісу облысында «Дөңбұлақ», Ақтөбе облысындағы Хромтау жанында «Дөң», Қобда ауданында «Дөңгірлік» (Дунгурлук) атты шағын өзендер бар. Ақтөбеден батысқа қарай барсақ, қазіргі Орынбор өлкесінде «Дөңгүз» (Донгуз) өзеніне жолығамыз. Одан әрі жөнелсек, Азов теңізіне құятын «Дөңге» (Донға) кезігеміз. Атақты Доспамбет жыраудың толғауында бұл өзен «Тең» (Төң) деп те аталады. «Дөңнен» Шығыс Еуропаға жол тартсақ, «Дөң+әй» (Дунай) өзеніне ат басын тірейміз. Міне, осы арада «қырдағы өзен» деген мағынаны біріккен түбірде сақтап қалған сөз шығады. Ол осы – Дунай (Дөңәй).
Жоғарыда біздер су когнитивіне қатысты «ай» түбірі сөздің соңғы позициясында кездесетініне де мысалдар келтереміз деп уәде берген едік. Ой желісі Хунгариядағы Дунай өзеніне келген тұста, орайы келген тұс деп, сол уәдені орындау үшін қазақ даласындағы өзен-көл атауларынан «ай» түбірінің соңғы позицияда кездесетінін көрінісіне бірнеше мысал келтірейік. Айталық, Торғ+ай, Тоқан+ай (Торғай өңірі), Мағын+ай, Қоқа+ай, Қожа+ай, Сун+ай, Сырт+ай (бұрынғы Қостанай уезі), Шоқ+ай (Қарағанды обл.), Толағай, Топай (Шығ. Қазақстан обл.), Ақ+ай (Ақтөбе, Қызылорда обл.) т.б.
Әлқисса, Ұлы даланың «Дөңәй» гидронимі кәрі құрлыққа ғұндар арқылы барған деп бағамдаймыз. Бұл - Шыңғыс хан жорығы кезінде Моңғолиядан Ақтөбе өңіріне ауысқан Қобда өзенінің атауына ұқсас көрініс. Шығыстан батысқа ауған көшпелі ғұндар Геродоттың «Тарихында» Истр деп аталатын өзенге жаңа «Дөңәй» атауын («қырдағы су, өзен» деген ұғымын) орнықтырған деп топшылау орынды сынды. Әрине, оның атауы бүгінгі мадиярларға мүлдем басқа мағына беретініне күмән жоқ. Себебі Еуропаға тастай батып, судай сіңген ғұндардың даңқы бір ғана мемлекеттің атауына орнығып, уақыт өте келе оның құр қаңтарылған қаңқасы қалып, зәу-заты мүлдем өзгеріп кетті. Ғұндарды Ұлы Даламен байланыстырып тұрған жалғыз белгі – венгр тіліндігі аз-маз түркі сөздері. Енді солардың қатарына енді «Дунай» гидронимін жатқызуға болады деп санаймыз. Басқаша айтсақ, Еуропадағы атақты өзен атауының сырын тануға Қазақстандағы «Қостанай» топонимі жол бастап тұр. Бұл түркілік кеңістіктегі зерттеулер мен халықаралық байланыстарды тереңдетуге, дәнекерлікті күшейтуге сеп болатын көрініс және қай нәрсенің болмасын түп бастауы біржолата жоғалып кетпейтініне нақты мысал.
ҚЫРДАҒЫ ҚОС ӨЗЕН
Тілге тиек, ойға азық етілген мысалдар мен одан туындаған зерде-зейінге сүйене келе, біздер, кем дегенде, ғұндар дәуірінен сақталып жеткен «Қостанай» атауы «қырдағы қос өзен» деген ұғымды білдіреді деп есептейміз. Мұндағы қос өзеніміз – Айат пен Үй (Ой).
Айат өзені Қостанай өңірінің батысынан Қараталды (Қарталды) Айат, Аршалы Айат болып келіп бір арна түзейді де Тобылға құяды. Жоғарыда аталған, орыс-казактардың Николаевск станициясы осы өзеннің бойында (1 сурет). Ал Ой (Үй) өзені Ресеймен шекаралас қырлы, қыратты өлкені жағалай келе Тобылға солтүстіктен құяды (3 сурет). Өзеннің құярлығына орыс-казактардың Усть-Уй деп аталатын станициясы орналасқан (суретте жұлдызшамен айшықталған).
3 сурет. Ой (Үй) мен Тобыл өзенінің құярлығы.
Осы аралықтағы өңірді түркілер Куш+дөң+ай (Қостанай) деп аталған деп санаймыз. Бұл – Тобылдың өкпе тұсынан Үй өзеніне дейін тігінен есептегенде, шамамен 140-180 шақырым, ал Айат өзенінің жоғары ағысы мен пен Үй өзенінің төменгі ағысы аралығын көлденеңнен есептегенде, шамамен 200-250 шақырымдай болатын кең байтақ аймақ (4 сурет).
4 сурет. Айат пен Үй өзені аралығындағы Қостанай өңірінің жалпы нобайы.
ХІХ ғасырдың орта шенінде Шығыс Орданы (кейінгі Қостанай уезі) басқарған, арғы ата-тегі ХVІІІ ғасырда Хиуаны билеген Қайып ханның тұқымы әмірші сұлтан Ахмет Жантөре (Жантурин) аталмыш екі өзеннің арасын қоныс етеді. Оның Үй өзенінің Тобылға құярлығындағы Усть-Уй станициясының маңында қыстауы, яғни хан ордасы орналасады (5 сурет). Орынбор өлкесін зерттеушілердің пайымдауы бойынша, ол - 1844 жылдар шамасында Тобыл өзенінің бойына қыстау салып, тұрақтап отыруға бет бұрған алғашқы билеушілердің бірі. Ахмет Жантөре өзінен туған және әмірші сұлтан билігіне қарасты би-шонжарлардың балаларын Орынбор қаласында 1825 жылдан бастап жұмыс жасаған Кадет корпусына және 1850 жылы қазақ балалары үшін ашылған орыс-қазақ мектебіне беруге аса ынталы болған тұлға (Қараңыз: Қостанай өңірінің тарихи жер–су атаулары туралы бірер сөз).
5 сурет. Сұлтан Ахмет Жантөренің Усть-Уй станициясының маңындағы хан ордасы
Сұлтан Ахметтің жайлауы Айат өзенінің бойында болған. Нақты жазба деректің мәліметі бойынша, ол 1851 жылы Айат өзенінің бойында жайлауда ұзаққа созылған науқастың салдарынан дүниеден озады.
ӨҢІРГЕ ӨТЕР ӨТКЕЛ
Мал жайлымы мен өрісі үшін жылдың үш мезгілінде (көктем, жаз, күз) көшіп-қонып жүрген түркі тайпалары үшін Қостанай жаз айларында таптырмас қоныс болғаны сөзсіз. Жазда салқын, қыста жылы жаққа көшетін көшпелілер сулы-нулы жердің қадірін жақсы білген. Сол жұрттың тіршілігінде ағысты өзендерді кесіп өтуді жеңілдедетін табиғи өткелдердің маңызы зор болғандықтан еліміздегі белгілі топонимдер өткел атауларымен орныққан. Мысалы, Атбасар, Жыңғылды, Қараөткел, Қара сиыр, Қарғалы деген жер-су атаулары осы өзендердегі өткелдердің сыр-сипатына, таяз-тереңдігіне байланысты туындаған.
Жылы жақтан көшіп келе жатқан мал-жанды көшке сулы, нулы «қырдағы қос өзен» өңіріне Тобыл өзенінен өтер табиғи көпір – «Қостанай өткелі». Мұндағы басты тірек сөз – Қостанай, өткел – оның меншігі, тілдік термиенмен айтқанда, матаса байланысқан тіркес сөз. Өткел мен өңірдің атауы бір-біріне сәйкес келгендіктен, әкімшілік облыс алғаш құрылғанда «Николаевск уезі» деп аталып кеткен өңірді қазаққа ертеден танымал әрі оның ел-жұрт арасындағы айтылуына сай «Қостанайға» («өткел» атты қосымшасыз) өзгертіп, уездің орталығын да 1895 жылдан бастап солай атаған. Бұл – Торғай өңірінің орталығы Торғай қаласы, Ырғыз өңірінің орталығы Ырғыз қаласы болып бекітілген мысалдарға тән көрініс. Әкімшілік басқару ісінде өңірдің жалпы атауы мен оның орталығының бір атауда болғаны тиімді әрі ыңғайлы. Осылайша, көне замандардан «Қостанай» деп аталатын тұтас өңірдің тарихи атауы кейін пайда болған қаланың жалқы есіміне орнығады.
ҚАНЖЫҒА: СОЛТҮСТІКТЕГІ МАУРЕНАХР
Қазақ даласындағы Дөң, Орынбор өлкесіндегі Донгуз (Дөңгуз), Украинадағы Дон (Дөң), Еуропадағы Дунай (Дөңәй) атауларымен түбірлес, тамырлас болып келетін Қостанай топонимы – түркілік кеңістіктегі тарихи атау. Әлемдегі өркениеттердің өрлеуіне Тигр мен Ефрат (Месопотимия), Әмудария мен Сырдария (Мауренахр) сынды қос өзендер өркениеті елеулі әсерін тигізгенін ескерсек, қыр жақтан Орал тауларының сілемдері, ой жақтан Тобыл өзенінің арнасымен қоршалған сулы-нулы Айат пен Үй өзендерінің аралығы көшпелі түркі тайпалары үшін аса маңызды өлке болғаны сөзсіз.
Қазақ даласының оңтүстігіндегі Сырдария мен Әмудария өзендері аралығын орта ғасырдағы түріктер «Мауреннахр» деген сөзді қолданған еді. Ол сөз парсы тілінде «Қос өзен арасы» деген мағына беретін. Сондай мағына солтүстіктегі Қостанай атауында орын алған деп санаймыз.
Міне, Қостанай атауының құпия сыры біздің түпсіз зерделік ізім-қайымнан із кескен «ойсонарымызда» қанжығамызға осындай олжа түсті, жаңа пайымның көші түзелді. «Көш жүре түзеледі» дегендей, оқшау пікіріміз талғампаз оқырман тарапынан таразы безбеніне салынса немесе жалғасын тауып жатса, төккен теріміздің қайтқаны, сүзген ойымыздың ақталғаны деп есептейміз.
Алмасбек Әбсадық,
ғылым докторы, Қостанай қаласы
Abai.kz