Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 3166 7 пікір 22 Мамыр, 2024 сағат 13:20

Ахаң туралы туынды - Алаш жеңді!

Сурет: Ақ жол партиясы сайтынан алынды.

Ақжолдықтар" Ұлт ұстазына арналған фильмнің премьерасына барды. 

Кеше әріптестерім Қазыбек Иса, Берік Дүйсембинов, Сұлтан Хан Аққұлы, Шыңғыс Риаханов, Амантай Шәріп және басқа да азаматтармен бірге Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы түсірілген «Соңғы үкім» фильмінің алғашқы көрсетіліміне бардық.

Кейінгі жылдары Алаш Республикасы, қозғалысы және партиясы тақырыбы тасадан шығып, көпшілікке жол тартып жатыр.

Парламент мінберінде талай мәрте Алаш атын шығарғанымыз үшін, Ақордаға дейін шақырылып, ызғарлы әңгімелерді естуге мәжбүр болғанмын.

Ал бүгін биліктің көзқарасы өзгерді.

Бірақ, әр нәрсенің екі ұшы бар. Алаш туралы әркім өз пікірінше жазып, тәуелсіздіктің бастауында тұрған тұлғалар шынайы дереккөзден алыстай бастайды.

Өкінішке қарай, шынайы дерегі бар шығармадан гөрі сондай біржақты туынды өте көп.

Көзқарасқа шектеу жоқ. Әркімнің өз түсінігіндегі Абайы мен Әлиханы бар болар. Бірақ, тұлғалардың өмірін не қызметін бұрмалау, олардың болмысы мен еңбегіне өзінің ойын қосу - күмәнді де күнәлі іс.

Көркем фильм автордың өз көзқарасын қосуы заңдылық жанр болғасын, кеше барған «Соңғы үкім» фильміне де сондай күдікпен барғанымды жасырмаймын. Ал бұл күдігім бекер болып шықты.

Рөлді сомдау шеберлігі мен дереккөз материалы жағынан фильм лайық шыққан.

Жеке менің өз пікірімше, кейбір кейіпкерді сомдауда қызықтырар дүниенің аздығы мен кей эпизодтардың шикілігі Голливуд фильмдерімен теңеспейді.

Бір жағынан фильмнің сюжеті белгілі тұлғалар мен мәні терең детальдардың болуымен (атақты Қарқаралы петициясын шығару, «Қазақ» газетін ұйымдастыру, 1916 жылғы көтеріліс, Орынбор қаласында Алаш автономиясын (Республикасын) құру хақында өткен екінші жалпықазақ сьезі, ақтармен бірге азамат соғысына қатысуы, 1920 жылғы Кеңес комиссарлардың жиналысында Қазақ (қырғыз) автономиялық республикасының құрылуы мен қазақтың жер тұтастығын мойындауы, ҚазССР мемлекеттік мекемелерінің қалыптасуы, большевиктердің зұлымдығы мен қуғын-сүргін) ерекшелене түскен.

Фильмде Ұлт ұстазы ретінде мойындалған тұлғаның ағартушылық және ұйымдастырудағы қызметін, Қазақстанда көптеген мектеп пен техникум, ЖОО-ның құрудағы табандылығын, оқулықтарды даярлау еңбегін көбірек көрсеткенде де кем болмас еді деймін. Дегенмен фильмнің деректі емес көркем жанр екенін ұмытпау керек.

Туынды бір сюжеттің айналасында емес, әрқайсысы бір фильмге тұрарлық бір-біріне байланысқан сюжеттерден тұрады.

Ал сценарист Ғалым Доскеннің алға қойған Ахмет пен Бәдрисафаның махаббат желісі – тірі адамдардың тағдыры мен трагедиясы арқылы ауқымды тарихи сілкіністерді көрсетуге мүмкіндік берген сәтті шешім.

Фильмде Ахмет рөлін шынайы бойына сіңіріп, оның қазақ елі үшін маңызын түсіне білген актер Азамат Сатыбалдының еңбегінің маңызы зор. Бәдрисафаның рөлін сомдаған Дарья Александрова және басқа да көптеген орындаушылар мен жобаға қатысушылардың еңбегі де өлшеусіз.

Александра Журавлеваның тұлғасы және оның ұлт мұғаліміне арналған сезімі Алаш қозғалысына қызығушылық танытқандардың назарын бірінші рет аударып отырған жоқ. 2015-2016 жылдары Маңғыстау облысындағы "Ақ жол" демократиялық партиясының жастар қанаты драматург Өтен Ахметтің пьесасы бойынша "Бәдрисафа" спектаклін қойды, оны біздің жас ақжолдастарымыз Ақтау, Астана, Қостанай және басқа қалаларда көрсетті.

Жалпы, «Соңғы үкім» біраз ақпарат беріп, белгілі бір процестер туралы толғандырады, бірақ оны түсінбестен фильмді толық қабылдау мүмкін емес. Ол біздің көптеген отандастарымызды Алаш туралы білімдерін кеңейтуге итермелейді деп үміттенемін. Тағы бір нәрсе – кешегі күнге дейін біздің киноиндустриямыз Алаш қайраткерлерінің тақырыбына бет бұрғанымен (былтыр шыққан Міржақып Дулатұлы туралы фильм үлкен резонанс тудырды), әлі де Алаш Орда көшбасшысы – Әлихан Бөкейханның бейнесін назардан тыс қалдырып отырғаны маған әділетсіз болып көрінді. Әлиханның образы сол дәуір туралы барлық ленталарда, соның ішінде кешегі премьерада да, әрине, бар, бірақ тек эпизодтық түрде ғана. Ал ол сол Ахмет, Міржақып, Мағжан, Халел, Мұстафа және тағы басқалар сияқты өз үзеңгілестерін біріктіріп, үйлестіріп, Алаштың ең прогрессивті бастамаларының ұйтқысы және іске асырушы болған емес пе?!

Бірақ, шамасы, бұл тұлғаның ауқымдылығы соншалық, кинематография да, қоғам да оны түсінгенге дейін "пісіп", тіпті – экрандағы кескінге жетуге уақыт керек сияқты. Кешегі премьерадан кейін алаштанушылар және киношылар біртіндеп осы мақсатқа да бет бұрады деген үмітім зор.

Қорытындылай келе, мен жеке алған әсерім жайында айтсам артық болмас. Фильмдегі мұғалімге тергеу жүргізу және ату эпизодтарынан, өз атам Перуаш Кәрімұлының – 1937 жылы Алаш Орданы насихаттағаны үшін екі рет қамауға алынып, 1938 жылы НКВД Ақмола түрмесінде құрбандыққа ұшыраған сәттерін көргендей болдым. Ол 2013 жылы НКВД архивтен отбасымызға қайтарған хатында әжеміз Еркеге түрмеден былай деп жазған:

"Құдай не жазса – соны көріп шыдаймыз… Кім озар (жеңер) екен?".

Жатқан жеріңіз жарық болсын, ата!

Сіздер жеңдіңіздер!

Алаш жеңді!

Азат Перуашев,

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5255