Майдангер Қолбасшы
Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовке 100 жыл!
Дүниені дүр сілкіндірген Екінші дүние жүзілік соғысқа Қазақстан майданға 1 млн. 200 мың, еңбек армиясына 700 мыңнан аса адам аттандырды. Майданға аттанғандардың тең жартысы қаза тауып, қайта оралмады. Бұл соғыста қазақтар арасынан майталман майдангерлер шығып, Кеңес Одағының батыры атанды. Олардың арасынан республикамыз тәуелсіздік алғанда №1 Халық қаһарманы атағын иеленген, егемен еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі болған, биыл 100 жасқа толған – С. Нұрмағамбетов есімі ерекше.
Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы, Ақкөл ауданындағы Қосым деген ауылда дүниеге келді. Тағдыр батырдың балалық шағын ата-анасыз өткізуге әкелді. Ата-анадан ерте айрылған ол жалғыз ағасы Сағиттың қамқорлығымен өсті.
Ұлы Отан соғысы басталғанда соғысқа алдымен ағасы Сағит аттанды. Новгород түбінде болған ұрыста Сағиттың қайтыс болғаны туралы ауылға қаралы қағаз келді. Жалғыз бауырдан айрылу Сағадатқа қатты батты. Ағасы үшін фашистерден кек алмаққа Сағадат майданға асықты. Көп ұзамай шақырту да алды, бірақ оны бірден майданға емес, әскери училищеге баратындар қатарына қосты. 1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Түркіменстанның алдымен Байрамәлі, сосын Кушка қаласына көшірілген 1-Түркістан пулеметшілер училищесіне жіберілді. Сағадат училищеде әскери оқуға бел шеше кірісіп, білікті де талапты командирлерден жақсы тәлім алды.
Мерзімінен бұрын әскери училищені аяқтап, офицер погонын таққан Сағадат енді тікелей батыстағы майдан шебіне аттанды. Бұларды 9-Қызылтулы атқыштар корпусының штабына әкелді. Мұнда оларды 157-жеке атқыштар бригадасының құрамына бөлді. 157-ші жеке атқыштар бригадасының штаб бастығы, подполковник М.И. Сафонов 19 жастағы лейтенантты Кубанда үлкен карибрлі пулеметшілер взводының командирі етіп тағайындады. Сағадат әскери мансабын пулеметшілер взводының командирі болып бастады. Сағадат алғаш кездесуде бұл байырғы әскери командирмен іштей табысып, өзіне ұстаз тұтты. Бұл достығы генерал-майор шенінде отставкаға шыққан М.Сафоновпен кейінгі жылдарға дейін жалғасты.
Солтүстік-Кавказ майданы қолбасшылығының шешімімен 1050, 1052, 1054-атқыштар полктарынан құралған, құрамында Сағадат соғысқан 301-атқыштар дивизиясы жасақталды. Сағадат соғыстың аяғына дейін 1052-атқыштар полкының құрамында соғысты.
Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр шайқастарында офицер С.Нұрмағамбетов Краснодар өлкесін, Украинаны, Молдованы, Батыс Белоруссияны, Польшаны азат етуге қатысты. Польшаны азат ету 1944 жылдың шілде-тамызында басталды. 5 миллионнан астам адам фашистік құлдықтан құтқарылды. Неміс-фашистік басқыншылар Польшада бес жыл бойы зұлымдық жасады. 1945 жылы 27 ақпанда «Польша территориясындағы Виборов деревнясы ауданында жаудың қатты бекінген қорғанысын бұзып өту кезінде қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындаған ерлігі үшін» КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен С.Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының батыры атағы берілді.
1945 жылы сәуір айының басында Берлин операциясы басталды. Берлин үшін қанды қырғынның ортасында С.Нұрмағамбетов және оның батальоны шайқасты. Сағадат Нұрмағамбетовтың батальоны гитлерлік рейх кеңсесінің ғимаратын басып алуға қатысты.
1945 жылы 24 сәуірде майор Нұрмағамбетовтің батальоны жаудың табанды қарсылығын бұзып, Берлинге кірді. Батальонды шебер басқара отырып, танкіге қарсы ататын гранатометшілер мен пулеметшілердің үлкен топтарымен қиын көше ұрыстарында 450-ден астам фашисті жойып, 1560-тан астам фашисті тұтқынға алып, тоғыз бекіністің көзін жойды. Бұл шайқаста майор Нұрмағамбетов жараланды. Соғысты батыр Берлинде аяқтады.
Соғыстан кейін 1946 жылдың жазында Сағадат Нұрмағамбетов Мәскеуге М.И. Фрунзе атындағы әскери академияға оқуға түсті. Оқуды бітіргеннен кейін Түркістан әскери округі штабының жедел бөліміне аға офицер болып қызметке жіберілді. Кейін ол мотоатқыштар полкінің командирі болып тағайындалып, оны төрт жылға жуық (1954-1958 жж.) басқарды.
1958 жылдың тамызынан Түркістан әскери округінде 203-мотоатқыштар дивизиясының штаб бастығы, 1961 жылдан Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, содан кейін Орта Азия әскери округі әскерлері қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік әскерлер тобы (Венгрияда) қолбасшысының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 1989 жылы округ таратылғаннан кейін Қазақ республикалық соғыс, еңбек және Қарулы күштер Ардагерлері кеңесінің төрағасы, сонымен бірге Қазақ КСР Қарулы күштерінің ардагерлер және мүгедектер істері жөніндегі Жоғарғы Кеңесі комитетінің төрағасы болды. Осы уақыт ішінде КСРО Қарулы күштері Бас штабы академиясының курстарында екі рет оқыды. Кеңес Армиясында қызмет етіп жүргенде оған 1964 жылы «генерал-майор», 1972 жылы «генерал-лейтенант» әскери атақтары берілді.
1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында, КСРО-ның іргесі сөгіле бастаған тұста өздерінің егемендігін жариялаған көптеген одақтас республикаларда Қорғаныс министрліктері жедел қарқынмен құрыла бастады. 1991 жылы 25 қазанда ҚР Президенті «Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының батыры, генерал-лейтенант С.Қ. Нұрмағамбетов Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Құрылған Мемлекеттік қорғаныс комитеті республиканың болашақ Қорғаныс министрлігінің негізгі іргетасы болды.
1992 жылы 7 мамырда ҚР Президенті «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Сол күні Президенттің Жарлығымен С.Қ. Нұрмағамбетовке генерал-полковник әскери атағы беріліп, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі қызметіне тағайындалды.
Жаңадан құрылған егемен Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі болып Сағадат Қожахметұлы тағайындалғаннан кейін, армия алдында тұрған күрделі мәселелелер кезегімен шешіле бастады. Дәл осы кісінің бастамасымен Қазақстанда игі дәстүрлер мен армиямыздың берік іргетасын қалаған әскери кадрлар дайындала бастады. Ол жоғары лауазымдарға көтерген офицерлерге сенді. Қолдап, көмектесті. Сағадат Қожахметұлының бастамасымен әскери кадрлар мәселесін шешу және қазақ офицерлерінің санын арттыру лезде қолға алынды. Қазақстан армиясының офицерлері мен курсанттарын өзге елдердің академиялары мен мектептерінде оқыту туралы келісім жасалды.
С.Нұрмағамбетов Алматы жоғарғы жалпы әскери командалық училищесін кеңейту туралы шешім қабылдады. Әскери училищеде мамандықтар санын арттырып, курсанттарды 11 мамандық бойынша оқыту жолға қойылды. Сонымен қатар әскери ұшқыштарды дайындауға көп көңіл бөлді. Ақтөбе азаматтық авиация институтының негізінде әуелі әскери факультет, кейін Әскери авиация училищесі құрылды. Орталық Азия әскери округі құрылған 20 жыл ішінде қазақтарға тіпті полктарды басқаруға сенбеген болса, енді соған лайық қазақ офицерлері жоғары лауазымдарға батыл тағайындалды. Кеңес Одағының түкпір-түкпірінде қызмет етіп, елге оралған жоғары әскери шенді бірқатар азаматтарды әр түрлі әскери бөлімдерге қолбасшысы етіп тағайындады. Қорғаныс министрі С.Нұрмағамбетовтың жетекшілігімен мұқият жүргізілген жұмыстар еліміздің әскери дамуына қан жүгіртіп, жаңаша серпін алды. Ол негізгі мәселелерді шешуге күш-жігерін шоғырландыру қабілетімен ерекшеленді. 1994 жылдың 23 мамырыда Қазақстан Президенті Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетовке №1 Халық Қаһарманы атағы берiлдi. 2013 жылдың 24 қыркүйегінде Сағадат Нұрмағамбетов 90 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Сағадат Нұрмағамбетов тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі ретінде еліміздің айбынды армиясын, ұлттық Қарулы күштерін қалыптастыруға бар күшін, ұзақ жылдарғы әскери білімі мен тәжірибесін барынша жұмсады. Қорғаныс министрлігін басқарған Сағадат Қожахметұлы өзін нағыз мемлекет қайраткері, дарынды әскери қолбасшы ретінде көрсете білді. Биыл 100 жасқа толып отырған батыр Ұлы Отан соғысының ардагерлері арасынан ТМД мемлекеттері ішінде бірден-бір Қорғаныс министрі болған тұлға еді.
Болат Сайлан,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның профессоры,тарих ғылымдарының докторы, Ауған соғысының ардагері
Abai.kz