Сәрсенбі, 18 Желтоқсан 2024
2163 30 пікір 6 Маусым, 2024 сағат 18:23

Ұлттық  мемлекетке  айналу биліктің саясатына  байланысты

Сурет: egemen.kz

  Қазір  елімізде  қазақ ұлтының  саны  өсу үстінде.  Соған сай еліміздегі қазақ тілді ақпарат жүйесі дамуы керек еді. Алайда, бүгінде  қазақ  тіліндегі  теле  арналардың  саны  кем  осы межеден соғып  жатыр.  Сондықтан, қазақ  мәдениеті мен өнерін,   тарихымызды,  әдебиетімізді  насихаттау  үшін республика  аумағында  тек  қазақ  тілінде  ақпарат  жеткізетін  теле  арналардың  санын  қалайда  көбейту қажет.  Бұл істі одан әрмен соза  беруге болмайды.  Болмаса, өсіп  келе  жатқан  жастар өзге  елдің  тілі  мен  мәдениетінің  шылауында  кетіп  бара  жатыр. Тәуелсіз еліміз үшін Қазақ  мемлекетінің  алдағы  болашағының  қауіпсіздігін  қамтамасыз  ету – үнемі   күн  тәртібінде  тұратын өзекті мәселе болуы тиіс.  Күнде  «ертең»  деп  жүргенде ‑ уақытты  өткізіп  алып өкінетін боламыз. 

Бүгінгі  заманның  саяси  майданы  тілге  ауысып  бара  жатыр.  Қай  мемлекет  күшті  болса,  алдымен,  қасындағы  бейбіт елдердің  ұлттық  тілдеріне  ауыз  салу үрдісі белең ала бастады. Олар «күштінің  идеологиясы» атты принципті алға тартып,  құрамындағы,  сондай – ақ, айналасындағы  елдердің  ұлттық тілін  жойса ‑ ол  ұлттардың  дәстүрі  де,  салты  да ,  ата – бабасының  тарихы  да  әдрем  қалатының  біледі.  Халықтың    ұлттық  болмысы   жоғалатын  болса,  ол  екінші  үстем  ұлттың  құрамына  кіреді.  Біраз  уақыт  өткен  соң,  сіңіп  те  кетеді. Империялық басты ұстаным осы!

Мысалы, Ресейдің  құрамындағы  ұлттарды  (Кавказдықтарды  қоспағанда)  алайық:  татардан  бастап,  қалмағы  да,  башқұрты  да,  шувашы  мен  якуты  да  және  өзгелері  де  ана  тілдерін  баяғыда – ақ  жоғалтқан.  Оларда  қайбір  дәстур  де  қалды  дейсің?  Алдағы   он  -  он  бес  жылдан  кейін  олардың  ұлт  ретінде  жойылуы  тарихи шындыққа айналуы әбден  мүмкін.   Қазірдің  өзінде  оларды  ұлт  деп  санауға  да,  ұлт деп санасуға  да  келмейді.  Ал,  олардың  атамекені  болып  саналатын   аумақтар  толыққанды  орыстікі  болып  есептеледі.

    Сол  секілді,  қасымыздағы  Ұлы  Қорған  иесінің   жүргізіп  отырған  саясаты  да    осы  іспеттес. Осы  ғасырдың  отызыншы  жылдарына  дейін  Шыңжаңда  ұйғыр  ұлтының, сонымен қатар олармен қатарлас өмір сүріп жатқан қазақ ұлты өкілдерінің болмауы да  мүмкін.  Тілінен, дінінен  айырылған  соң,  ұлттың  да  құлауы  көп  қиындық  тудырмайды. 

Мысалы,  Түрік  елінің  құрамындағы  Күрдтердің  саны (15 – 17  миллионның  аралығы)   көп  болғанымен,  олардың  сол  елде  ұлт  тұрмақ,  диаспора  болып  қалуына  да  жағдайы  жасалмаған.  Барлығы  тек   түрік  мектептерінде  оқиды.  Ұлттық  баспасөзі,  театры, мәдени  орындары  жоқтың  қасы  және  біздегідей  саны  кем  болса  да,  кейбір  ұлт  өкілдеріне  ұлттық  мектептерін,  театрларын,  баспасөздерін  ашып  бермейді.  Түріктер  мұндай  әрекеттердің  ұлттық  мемлекеттің  өмір  сүруіне  кедергі  келтіретінін,  Түрік мемлекеттілігінің шаңырығын  шайқалтатынын  біледі.  Сондықтан,  ондай  істерге  рұқсат  етпейді.

     Біз  осындай  саясаттан сабақ алуымыз керек.

   Мысалы:  Қырғызстанда  біздің  елдегідей  ұйғырлардың  ешқандай  ұлттық  мектептері  жоқ.  Тіпті,  ұйғыр  тілінде  факультативтік  дәрістер  де  жүргізілмейді  екен.  Мектептерін  ашуға  рұқсат  етілмейді.  Не театры,  не  ауыз  толтырып  айтарлықтай  баспасөзі  де  жоқ.  Ал,  бізде  мүлде  өзгеше.  Бізде ұйғыр халқының Ұлттық театры да, ұйғыр мектептері де жеткілікті.  Бұл  еліміздің  кеңдігі  ме,  әлде  кемшілігі  ме?!

Жалпы,  Ұлттық  Мемлекет  болу  үшін,  айналамыздағы  елдердің  жүргізіп  келе  жатқан  ұлттық саясатына ,  олардың  Мемлекет  Құрушы  Ұлт  алдындағы   жауапкершілігіне  жете  көңіл  бөліп,  тәжірибе  алуымыз  қажет.

Ең бастысы – еліміздегі барлық диаспоралық ұлттар Қазақ мәдениеті мен тілінің, дәстүрі мен салтының төңірегінде топтастын, осы бағытта бірігетін жағдайды тездетіп орнықтыруға Қазақстан Республикасының барлық деңгейдегі билік жүйесі жұдырықтай жұмыла жұмыс істеуі керек деп білемін.

Бейсенғазы  Ұлықбек

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1856