Армения ЕАЭО-ға қош айта ма?..
Армения мен АҚШ стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян 14 қаңтарда Вашингтонда қауіпсіздік саласында екі ел арасындағы әріптестікті кеңейту туралы келісімге қол қойды.
АҚШ пен Армения "стратегиялық әріптестік комиссиясын" жасақтап, қорғаныс, экономика, демократия институтын дамыту сияқты салаларда байланысты нығайту мүмкіндіктерін қарастырады деп мәлімдеді Энтони Блинкен келісімге қол қою рәсімі кезінде.
Ол сонымен бірге Арменияға шекараны нығайту бойынша сарапшылық көмек көрсету үшін мамандар тобы жіберілетінін де айтты.
Армения кейінгі жылдары Ресейдің ықпалы басым Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына қатысуын тоқтатқан. Оның алдында аталған ұйымның әскери жаттығуларына қатысудан бас тартып, АҚШ-пен бірігіп армян-америкалық жаттығулар ұйымдастырған. Сейсенбі күні Ресей бұл қадам Ереванның Еуразия экономика одағына мүшелігімен қиыспайды деп мәлімдеді.
Abai.kz