Өлiмнен кейiн өмiр бар ма?
Өлiмнен кейiн өмiр бар ма, жоқ адамның жаны оның денесiмен бiрге өле ме? Бұл сұрақ ғалымдарды ғана емес, кез келген пенденi толғантатыны түсiнiктi. Өлiмнен кейiн адамның жаны өлмейдi, қайта дүниеге келедi деген теорияны ұстанатын зерттеушiлердiң келтiретiн өз дәлелдерi бар.
Өлiмнен кейiн өмiр бар ма, жоқ адамның жаны оның денесiмен бiрге өле ме? Бұл сұрақ ғалымдарды ғана емес, кез келген пенденi толғантатыны түсiнiктi. Өлiмнен кейiн адамның жаны өлмейдi, қайта дүниеге келедi деген теорияны ұстанатын зерттеушiлердiң келтiретiн өз дәлелдерi бар.
САНА-СЕЗIМ ӨЗ БЕТIНШЕ ӨМIР СҮРЕДI
Клиникалық өлiмдi бастан кешiргендер жаны денесiнен ұшып кеткен соң, өзiн-өзi жеңiл сезiнiп, жарыққа толы әлемге барғандарын айтып жатады. АҚШ ғалымы Роберт Ланца адам денесi өлсе де, рухы мәңгiбақи өмiр сүре бередi деп болжайды. Ланцаның “Биоцентризм: өмiр мен сана – ғаламның нағыз табиғатын түсiнудiң кiлтi” атты кiтабында бұл болжамның дұрыстығын дәлелдейдi.
Ланца – регенеративтi медицина маманы және Advanced Cell Technology компаниясының ғылыми жетекшiсi. Бұған дейiн жұлын жасушаларын зерттеп, жойылып бара жатқан жануарларды клондау бойынша сәттi тәжiрибелер жүргiзген. Бiрақ бiрнеше жыл бұрын физикаға, кванттық механика мен астрофизикаға ден қойған профессор жаңа биоцентризм теориясын ойлап тапты.
Осы теорияға сәйкес, өлiм жоқ. Өлiм – бұл адам санасында пайда болған қиял ғана. Бұл қиял адам өз өмiрiн денесiмен байланыстырғандықтан пайда болды дейдi ол. Себебi ерте ме, кеш пе, адам өз денесiнiң өлетiнiн бiледi. Денесi өлсе, рухы мен санасы қоса өшедi деп есептейдi. Бiрақ сана-сезiм уақыт пен кеңiстiктен тыс өмiр сүредi. Яғни, адам санасы денеде де, денеден тыс жерде де өмiр сүре бередi. Бұл болжам кванттық механика заңдарына томпақ келмейдi. Өйткенi оған сәйкес, қандай да бiр бөлшек кез келген жерде жылжи бередi, ал қандай да бiр оқиға бiрнеше нұсқа бойынша өрбуi мүмкiн.
Ланцаның ойынша, бiздiң ғаламнан бөлек, тағы көптеген ғаламдар бар. Бiздiң ғаламда оқиға бiр нұсқа бойынша өрбiсе, өзге ғаламдарда дәл осы оқиға мүлде басқаша өрбидi. Яғни, бiр ғаламда дене өлiп қалса, оның санасы басқа ғаламға ауысып, өмiр сүруiн жалғастыра бередi.
Бiр ауыз сөзбен айтқанда, қазадан кейiн адам жаны жаннатқа немесе тозаққа емес, басқа ғаламға аттанып, өмiр сүредi. Бұл – шексiз жалғаса беретiн процесс.
Ланцаның бұл теориясын жақтаушылар да, даттаушылар да көп. Медицина бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Дж.Экклздың пiкiрiнше, адамның сана-сезiмi өлiмнен кейiн өз бетiнше өмiр сүре бередi.
О ДҮНИЕ МЕН БҰЛ ДҮНИЕНIҢ АРАСЫНДА
Клиникалық өлiмге тап болатын адамның нелiктен салмақсыздықты сезiп, жеңiл, бейқам, тыныш күй кешетiнiн ғалымдар түрлiше түсiндiрiп көрдi. Өлiм мен өмiрдiң арасында қалған жандар кешетiн күйдi “өлiмге жақын хал” деп атайды. Бұл термин осыдан 30 жыл бұрын пайда болған.
Көп зерттеушi бұл сезiмдi психофизикалық себептермен байланыстырады. Бiрi миға оттегi жетiспегендiктен, адам миы өзгерiске ұшырайды десе, ендi бiрi өлiмнен қорқу сондай реакция тудырады дейдi.
Голландия ғалымы Пим Ван Ломмель жетекшiлiк ететiн зерттеу тобы “адам өлiмге жақын халдi нақты қай уақытта кешедi: клиникалық өлiм кезiнде ме, әлде ми мүлде өлiп қалғанда ма?” деген сұраққа жауап iздеп көрдi. Кездейсоқ оқиғаның арқасында осы сұрақтың жауабы табылды.
Бiрде ауруханаға комаға түсiп қалған ауру жеткiзiлдi. Жүрек массажы, қолдан дем алдыру жасаса да, түк шықпады. Әлгiнiң миы өлiп қалды, ал энцефалограмма ұзын жасыл сызықты көрсеттi. Осы кезде дәрiгерлер интубацияға жүгiнiп, көмейге арнайы түтiкше жiбермек болады. Сөйтсе, аурудың аузында тiс протезi бар болып шықты. Дәрiгерлер протездi алып тастап, қапелiмде оны жылжымалы үстелге сала салған. Жарты сағаттан кейiн аурудың жүрек ырғағы мен қан қысымы қалпына келедi. Бiр аптадан кейiн денсаулығы дұрысталып, аяқтан тiк тұрған соң, тiс протезiн қайтаруды сұрапты. Сөйтсе, жөпелдемеде ем жасаған дәрiгерлер протездi қайда қойғанын ұмытып қалса керек. Ал сол кезде ес-түссiз жатқан ауру дәрiгерлердiң протездi қайда қойғанын өзi бүге-шiгесiне дейiн суреттеп берiптi. Дәрiгерлер мұны қайдан бiлдiң десе, өмiр мен өлiмнiң арасында жатқан адам төсектiң төбесiнен өзiн және дәрiгерлердiң әрекетiн бастан‑аяқ бақылап тұрған екен. Ол бұл уақытта палатадағылардың не iстеп не қойғанын ғана емес, өзiн дәрiгерлер құтқара алмаса қайтем деген үрей билегенiн егжей-тегжейлi баяндап берiптi. Дәрiгерлерге өзiнiң тiрi екенiн сездiруге тырысқаны да оның есiнде қалыпты.
Осы оқиға адамның санасы миы мен денесiнен тыс жерде де өмiр сүре беретiнiн көрсеттi.
ҚҰДАЙДЫҢ ОРНЫ БЕЛГIЛЕНБЕГЕН ТЕОРИЯ
Американдық физиолог Гэри Шварц – өлiм құпиясын зерттегендердiң бiрi. Аризона университетiнiң энергетикалық жүйелер зертханасында түрлi тәжiрибе жасаған ол жоғарыдағы теорияның дұрыстығына көз жеткiзген. Сондай‑ақ, ол өлiлермен байланыс орната алатын адамдар – медиумдар феноменiн зерттеп көрдi. Ғалымның ойынша, бақилық болған адамдардың энергиясы мен ақпараты ғаламда қалып қояды. Адамдар дәл жұлдыз тәрiздi көзге көрiнбейтiн жарық фотондарын бөледi. Ал бұл фотондар ғарышқа тарайды. Осылайша адамның ақпараты, энергиясы мен сана‑сезiмi өмiр сүруiн жалғастыра бередi.
Осы болжамды АҚШ‑тың профессоры Стюарт Хамерофф та құптайды. Оның болжамынша, адам миы – кванттық компьютер, ал оның рухы мен сана‑сезiмi – кванттық деңгейде жинақталған ақпарат. Дене өлген соң осы ақпарат ғаламмен қосылып, онда мәңгiлiк ғұмыр кешедi.
Хамерофф және оның әрiптесi Роджер Пенроуз санасезiмдi тасымалдайтын элементтердi таптық деп есептейдi. Бұлар – нейрондардың iшiнде орналасқан ақуыз микротүтiкшелерi.
Ланца, Шварц, Хамерофф пен Пенроуздар өлiмнен кейiн өмiр барын ғылым тiлiнде түсiндiрiп көруге тырысты демесеңiз, о дүние туралы түсiнiк бағзы заманнан берi дiнде бар. Бiрақ әзiрге бiрде‑бiр ғалым өз теориясында Құдайдың орнын белгiлеген емес.
Елнұр Бақытқызы
"Жас Алаш" газеті