Колледжге арналған білім квотасының мөлшері өзгереді
Колледжге арналған білім квотасының мөлшері өзгереді. Енді биылдан бастап әскерде қызмет еткен жастарға тұңғыш рет квота қарастырылады. Бұл туралы Abai.kz хабарлайды.
Оқу-ағарту министрлігі колледжде грантпен оқуға арналған квота түрлерінің жаңа тізімінің жобасымен таныстырды.
- бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар арасынан шыққан азаматтар үшін – 10 пайыз (бұған дейін 1 пайыз ғана болған);
- басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер үшін – 0,5 пайыз;
- ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламалары бойынша оқуға ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін – 35 пайыз;
- ҚР азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін – 4 пайыз;
- жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы ҚР азаматтары үшін – 1 пайыз;
- ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан ҚР азаматтары үшін – 5 пайыз;
- кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 5 пайыз;
- кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар үшін – 1 пайыз;
- бала кезінен мүгедектігі бар балаларды, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 5 пайыз (бұған дейін 1 пайыз ғана болған);
- әскерге шақыру бойынша мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген ҚР азаматтары үшін – 1 пайыз (бұған дейін мұндай квота түрі болмаған).
Жария талқылау мерзімі 24 маусымға дейін.
"Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі" делінген бұйрық жобасында. Сәйкесінше, жаңа квоталар биылғы үміткерлер үшін де қолданылады.
Abai.kz