Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3861 0 пікір 24 Желтоқсан, 2013 сағат 09:31

МИНИСТРДІҢ БАЛАСЫ КІМНЕН АРТЫҚ?!

Аслан Сәрінжіповке хат
"Я тоже родитель. Мы три с половиной года стояли в очереди. Однако, слава Богу, эта проблема решена. После моего назначения министром мы получили место в детском саду. Вот такая польза была от моей должности".

Аслан Саринжипов,
министр образования и науки.

Құрметті Асеке!

Аслан Сәрінжіповке хат
"Я тоже родитель. Мы три с половиной года стояли в очереди. Однако, слава Богу, эта проблема решена. После моего назначения министром мы получили место в детском саду. Вот такая польза была от моей должности".

Аслан Саринжипов,
министр образования и науки.

Құрметті Асеке!
Парламент мінберінде сөйлеп тұрған жоқпын, «Пәленше Түгеншеевич» деп сызылатындай, қазақы қалпымызбен өзімсініп, жақын тартып жатқаныма  айып етпессіз. Десе де, дәл сол Парламент мінберінде сіз сөзден оңбай сүріндіңіз. Оны әдетте сөзге сақ спикер де байқамай қалған секілді. (Әлде байқады ма екен). Қалжыңдап айттыңыз ба, шын сөзіңіз сол ма, әйтеуір «министр болғанымның бір пайдасы тиіп, баламды мемлекеттік балабақшаға орналастырдым» дедіңіз. Бәлкім сізге ұсақ-түйек шаруа көрінуі мүмкін, біз үшін, неше жылдан бері мемлекеттік балабақша кезегін сарыла, сарғая тосып жүрген мыңдаған ата-ана үшін әлгі сөздеріңіз келеке-мазақ болып естілді. Қазір Астана қаласы бойынша ғана 70 мыңға жуық бүлдіршін мемлекеттік балабақша кезегінде тұр екен. Мына түрімен олар ес біліп, есейгенше сол кезегіне жете алмайды. Осыны біле тұра, сіз «министр болғанымның арқасында, баламды мембақшаға орналастырдым» деп мақтанасыз, бұл мақтаныңыз әлгі 70 мың бүлдіршінге, олардың ата-анасына мазақ болып естілмегенде қайтсын?!
Мен де сіз сияқты ата-анамын. Дәл сіз секілді осыдан 3 жарым жыл бұрын баламды мемлекеттік балабақша кезегіне қойған едім. Екінші баламды дүниеге келе салысымен тіркеткем, кезекке. Міне төртінші жылға аяқ басқалы отырмыз, кезектің қозғалар түрі көрінбейді. Қазір екеуі де жеке меншік балабақшаға барады. Ай сайын тапқан-таянғанымыздың жартысын санап береміз. Үйіміздің жанында екі қабатты зәулім әрі жаңа мемлекеттік балабақша бар. Жанынан ары-бері өткенде балам сұрайды: «Әке, ана балабақша неге үлкен де, біздікі одан неге кішкентай? Мен де сол үлкен бақшаға барсам бола ма?» деп. Сәби ғой, қайдан білсін, біздің елде мемлекеттік игіліктерді қарапайым халықтан бұрын, құрығы ұзындардың, шенді-шекпенділердің иеленіп тұрғанын. Иә, дәл солай, мемлекеттік бағдарлама бойынша бастықтар үй алады, балалары мемлекеттік балабақшаға барады. Оған қымсынып жатқан ешкім жоқ. Қымсынуыңыз не, елге мақтанып жар салады. Лауазымын асыра пайдалану біле білсеңіз, қылмыс, министр мырза! Басқа елде болса,  осы ісіңіз үшін сотталып кетуіңіз де бек мүмкін еді. Ал біздің елде бұл қалыпты жағдайға айналды. Президенттің өзі сынға алмаса, ешкім де «қарапайым халыққа зияным тиіп жатыр ғой» демейді. «Қолжетімді баспанаға» қол жеткізе алмай зар илеп жүрген қаншама жас отбасына, мемлекеттік балабақшаның кезегін зарыға күтіп, үміттеніп жүрген ата-аналарға обалым тиеді-ау» деп те алаңдамайды ешкім. Қолдан келіп тұрғанда қоныштан басады сіз сияқты. Алысқа барып қайтеміз, өзіңіз басқарып отырған мекемеде жемқорлыққа қатысты бірнеше іс тіркелді соңғы кезде. Миллиондар қолды болды. Басқасы басқа, білім, денсаулық секілді салалардан ақша жымқыру дегеніңіз барып тұрған бассыздық демеске лажымыз жоқ. Еліміздің білім саласын осындай ашкөз, тоғышар адамдар басқарғанын ойлағанда, болашағыңа алаңдап, баз кешеді екенсің.
Асеке, «басқа пәле тілден» деген қазақ. Өзіңіз жиі жүгінетін орыс тілінде де осы тақылеттес нақыл сөздер аз емес-ау. Басқа-басқа, сөзден сүрінген қандай болатынын «бас мұғалім» сіз білуіңіз керек еді. Не де болса, Астана қаласы бойынша балабақша кезегінде тұрған 70 мыңдай бүлдіршіннің үмітін сөндіргендей болдыңыз, бәрінің әкесі министр емес қой өйткені. Жә, «бір сөзіме бола сонша, жерден алып, жерге салғаны несі?» демеңіз, артық кетсем ғафу етерсіз. Қызметке жаңадан тағайындалдыңыз ғой, оны да ескерейік, мейлі. Тек алдыңыздағы әріптестеріңіз секілді, тағы да реформа жасаймын деп тыраштанбай, бұрыннан қордаланып қалған мәселелерді шешуге тырыссаңыз игі еді. Мәселенки, өз балаңызды мемлекеттік балабақшаға орналастырып қана қоймай, мыңдаған бүлдіршіннің де күрмеулі мәселесінің шешілуіне үлес қоссаңыз, халықтың алғысына бөленер едіңіз!

Құрметпен Қуат ӘУЕСБАЙ
"Халық сөзі" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3222
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5276