Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3425 0 пікір 26 Желтоқсан, 2013 сағат 08:59

Интернет-конференция: Айдос Сарым (1-жауап)

Конференция қонағы –  белгілі саясаттанушы, abai.kz ақпараттық порталының үйлестірушісі Айдос Әміроллаұлы оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдардың алғашқы легіне жауап беріп отыр.

Айдос мырза Кедендік, Еуразиялық одақтардың болашағы жоқ екенін айта келіп, былай дейді: «Ресей үшін бұл жоба - имперлік жоба. Мақсат-міндеті – Кеңес империясын қалпына келтіру. Біздер үшін бұл өліммен тең. Сондықтан, бұл одақтың болашағы жоқ деп санаймын. Бірте-бірте өз күшін жойып, құрдымға кететін, өлу туған бала. Кейбір ішкі мәселелерімізді шешіп, айқындап алған соң, бұл одаққа я осы билік, немесе келесі билік, әсіресе жаңадан келген саяси элиталар, қазақ ұлтшылдары «қош бол!» айтатыны мен үшін анық нәрсе».

 

-  Айдос мырза, конференцияға қош келдіңіз!

1. Кедендік одақ Еуразиялық экономикалық кеңістікке айналып, 2015 жылдан бастап одаққа айналады деп күтілуде. Бұл путиндік Ресейдің империялық амбициясы деп қабылдануда. Бұл тенденцияның болашағы туралы не айтасыз?

2. Мемлекетік басшысының қабылдауына кірсеңіз қандай негізгі мәселелерді көтерер едіңіз? Сіз сияқты саясаттанушылар мен қоғам белсенділерінің үні Елбасының құлағына жетеді деп ойлайсыз ба?

Конференция қонағы –  белгілі саясаттанушы, abai.kz ақпараттық порталының үйлестірушісі Айдос Әміроллаұлы оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдардың алғашқы легіне жауап беріп отыр.

Айдос мырза Кедендік, Еуразиялық одақтардың болашағы жоқ екенін айта келіп, былай дейді: «Ресей үшін бұл жоба - имперлік жоба. Мақсат-міндеті – Кеңес империясын қалпына келтіру. Біздер үшін бұл өліммен тең. Сондықтан, бұл одақтың болашағы жоқ деп санаймын. Бірте-бірте өз күшін жойып, құрдымға кететін, өлу туған бала. Кейбір ішкі мәселелерімізді шешіп, айқындап алған соң, бұл одаққа я осы билік, немесе келесі билік, әсіресе жаңадан келген саяси элиталар, қазақ ұлтшылдары «қош бол!» айтатыны мен үшін анық нәрсе».

 

-  Айдос мырза, конференцияға қош келдіңіз!

1. Кедендік одақ Еуразиялық экономикалық кеңістікке айналып, 2015 жылдан бастап одаққа айналады деп күтілуде. Бұл путиндік Ресейдің империялық амбициясы деп қабылдануда. Бұл тенденцияның болашағы туралы не айтасыз?

2. Мемлекетік басшысының қабылдауына кірсеңіз қандай негізгі мәселелерді көтерер едіңіз? Сіз сияқты саясаттанушылар мен қоғам белсенділерінің үні Елбасының құлағына жетеді деп ойлайсыз ба?

3. Алдағы уақыттарда келесі президент кім болуға лайық деп ойлайсыз?

Құрметпен Қазақ баласы

 

- 1. Өз басым, Кедендік одақтың да, оның негізінде құрылар интеграциялық ұйымдардың болашағы жоқ деп санаймын. Себебі мынада – баянды интеграциялық жобаға бірігу үшін, оған мүдделі мемлекеттер кем дегенде бірнеше талаптарға сай болуы керек. Біріншіден, олардың арасында тарихи, мәдени қайшылықтар болмауы тиіс. Ал Қазақстан мен Ресей арасында тарихи немесе мәдени мәселелер жоқ деп кім айта алады? Екіншіден,  екі елдің экономикалық деңгейі, көлемі әртүрлі болғанымен, олар бір-біріне «үлкен-кіші», «бәйбіше-тоқалдың балалары» дегендей көзқарастардан, түсініктерден ада болуы тиіс. Үшіншіден, кез-келген одақтарға кірген мемлекеттердің элиталары мен халықтары оның мақсат-міндеттерін бірдей түсініп-түйсінуі керек. Бүгін де қазақ элиталары интеграцияны бір бөлек, ал ресейлік элита мүлдем өзгеше, тіпті бір-біріне қайшы түсініп, халқына түсіндіріп жатыр. Ресей үшін бұл жоба - имперлік жоба. Мақсат-міндеті – Кеңес империясын қалпына келтіру. Біздер үшін бұл өліммен тең. Сондықтан, бұл одақтың болашағы жоқ деп санаймын. Бірте-бірте өз күшін жойып, құрдымға кететін, өлу туған бала. Кейбір ішкі мәселелерімізді шешіп, айқындап алған соң, бұл одаққа я осы билік, немесе келесі билік, әсіресе жаңадан келген саяси элиталар, қазақ ұлтшылдары «қош бол!» айтатыны мен үшін анық нәрсе.

2. Қазақ мәселесін шешу үшін, белгілі бір мәселелерді айтып-жеткізу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланған дұрыс деп санайтын адаммын. Егер президентпен кездесу болып жатса, үш кешенді дүниені айтуға, дәлелдеп шығуға тырысар едім: «ұлттық жады – отарсыздану – жаңа жады саясаты»; «мемлекеттік тіл – білім беру жүйесі – мелекеттік тілді білуге міндетті санаттар»; «ұлттық бизнес – қазақи кәсіптер мен бизнестер – ұлттық буржуазияны құру». Бұл үш мәселені сағаттап отырып таратуға болады. Ал құлаққа жету-жетпеуге келсек, білетінім біраз дүниелер біресе сопайып, біресе жалпайып жетіп жатыр. Бірақ, жетіп жатыр. Енді осы әңгімелерді нақты саясатқа айналдырсақ, президентпен, билікпен, парламентпен барлық қатынас арналарын арадағы сатқын, ресейшіл күштердің ықпалы мен кедергілерінен тазарта білсек дұрыс болар еді.

3. Білетінім, президент қызметінен өз еркімен кетейін деп жатқан жоқ. Егер ол кісінің нақты кететін күнін, сол кездегі салмақты саясаткерлер мен шонжарлардың кім болатынын нақтылап айтып бере алсаңыз, мен болжам жасай алар едім. Әзіргіміздің көбісі бос әңгіме.

- Айдос аға, ұлтшылдардың қоғамнан өзінің мәртебелі орнын ала алмауының ең басты себебі не деп ойлайсыз?

Бір бала

- Оның себептері көп. Бастысы – қазақ ұлтшылдары ұлттық буржуазияның сөзін айта алмай келеді. Ал билік үшін олар көбінесе тек саяси құрал. Өкінішке орай, көптеген жағдайда қазақ ұлтшылдары бұрынғының адамы. Менталды түрде, айтып-көтеріп жатқан әңгімелері тұрғысынан. Бұл тенденцияны қалайда өзгерту керек. Жаңа қазақ ұлтшылдары тек ақын-жазушы емес, кәсіпкер, менеджер, бухгалтер, көпшілікті басқара алатын саяси технолог, ақпарат және интернет мамандары болуы керек деп санаймын. Егер осындай буын алдағы жылдары саяси саханаға келсе, қазақ ұлтшылдарының саяси салмағы, көпшілік ішіндегі қолдауы арта түсетіні анық. Ал аға буын өкілдері тілекші, ниетші болып, шын қолдауын білдіріп отырса деген тілек. Ал егер сәл-пәл оптимистік тұрғыдан қарайтын болсақ, болашақтағы саясаттың кілті қазақ ұлтшылдарының қолында. Мемлекет – қазақтікі. Қазақ мемлекеті, ұлттық мемлекет болған соң, оның тізгінін қайткен күнде де қазақ ұлтшылдары алады. Бұл тарихи аксиома, бұны дүдәмал дүниеге балап, тәптіштей бермесек те түсінікті. Әрине, билік бүгін біздің орындарымызға басқа «ұлтшылдарды», тыныштау, өздеріне түсініктілеу, қарсы келмейтін саясаткерлерді «тағайындауға» да тырысатын болар. Ондай әрекеттер жоқ емес. Жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта біздің билікке орыс билігі де жанталасып көмектесіп жатыр. Бәрін біліп, көріп отырмыз. Бірақ, ол істерінен ештеңе шықпайды. Біздің орнымызға «тағайындалғандар» халыққа жағу үшін, жұрт көңілінен шығу үшін кем дегенде біздің сөздерімізді қайталауға мәжбүр болады. Тіпті бізбен жарысып, екі есе қаттырақ айтуға мәжбүр болуы мүмкін. Сондықтан біздің саяси алаңда жүруіміздің өзі қазақтың бүгіні мен болашағы үшін тиімді деп айтар едім. Бүгінгі қазақ ұлтшылдары да қара жаяу емес. Жанталасып жүріп, қиынынан қиыстырып, басқа да тіршілік жасармыз. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, өзімізді қажап, тағы да жаңа ұрандар мен саяси бағдарламаларды ортаға тастап отырамыз. Егер айтқандарымыз биліктің құлағына жетпей жатыр деп ойласаңыздар, маған сенбесеңіздер, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Путин мен Лукашенкоға қарсы айтқан сөздерін қалам отырып, оқып көріңіздер. Бұның бәрі біздердің біресе қатты, біресе ақырын, біресе қалам алып, біресе әрекет жасап жүргендеріміздің  арқасы десем артық емес шығар.

- Айдос, Сізше шеттегі бес миллион қандасыңыздың тағдыры не болмақ?! Көштің осылай тоқырауына не себеп болды деп ойлайсыз? Кеңірек тоқталуыңызды өтінем!

- Қазақ көшін ешкім тоқтата алмайды. Оған қарсы әрекеттер жасалып жатыр, әрине. Жасалатын да болар алдағы уақытта. Бірақ, мынаны ұғып алайық: біздер тұрып жатқан мемлекет қазақ мемлекеті екені анық болса, соған бағыт алса, қазақ көші ешқашан тоқтамақ емес. Себебі біреу – қазақтың Қазақиядан басқа барар жері жоқ. Басқалар басқа жерде өсіп-өнер, ал қазақтың болашағы тек Қазақияда. Түсінсем, бүгіндері қазақ қалың отырған шет мемлекеттерде қазақтың тынысы, өрісі тарылып келеді. Әсіресе, алпауыт елдердегі жайды ескерсек, ол жақта қазақтың қазақ болып сақталуы екіталай. Сондықтан қазақ көшін жаңғырту, сол жолда еңбек ету әрбір ойлы азаматтың адами міндеті, азаматтық борышы дер едім. Бүгінгі тоқтап тұрған мемлекеттік бағдарламалардың да күші мен әсерін тым көтере бермеген дұрыс. 20 жылда елге 1 миллион қазақ көшіп келді десек, осы жылдарда қазақ көшіне кеткен қаражат саны 16 миллиард теңгеден аспайтын көрінеді (ресми дерек). Олай болатын болса, осы күнге дейін елге келген әрбір қазақ мемлекет еншісінен небары 16 мың теңгеден ғана алды деген сөз. Қазіргі ақшамен долларға шақсақ 100 доллар. Ойлап қараңызшы?! 100 доллар дегеніміз, Астанада екі-үш адам бір рет түстенетін қаражат. Ал жолдарына келсек, бүгінгі күні қолға алатын бірнеше шаруа бар. 1) Көші-қон мәселесімен айналысатын мемлекеттік ұйымдарға ұлтшыл азаматтардың келуін қамтамасыз ету: 2) Қазақиядағы ғана емес, дүниедегі қазақтарды мезі қылған Дүниежүзі қазақтары құрылтайының басшылығын ауыстыру; 3) Көші-қонның жаңа кілтипандары мен механизмдерін жасақтау, олар мемлекеттік органдарға емес, жекеменшік немесе қоғамдық формадағы қорлар мен бірлестіктердің қолымен жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Мысалы, егер Қазақиядағы қазақтар ұлт көшін жалғастырамыз, қалай да жүргіземіз десе жылына 50 доллар бөлуге әзір ме? Және де кедейміз, мемлекет істесін деп жыларман болмайықшы! Мен айттым, сен жаса деген кезде бәріміз де халық әртісі, әлем чемпиондарынан бастап, барша жұрт жұмылса. Бір нәрсеге көңіл бөліп, соған жанымызды беріп, нәпақамыздан 20-50 доллар бере алмасақ, онда, атасына нәлет, не үшін жер басып жүрміз? Несіне азамат атанамыз? Израиль сияқты елдердің тәжірибесін неге қолға алмаймыз? Егер қолымыздан келмей ме, онда билікке деген қысымды үдете түсейік. Қолыңда бар 5-10 долларыңды ортақ іске жұмылдыра алмайды екенсің, онда белсенді бол, әрекет жаса, қарап отырма! Қоғам, ұлт осындайдан басталады. Тіпті еліміздегі қазақ көші деп жүрген 1000 жазушы, 20000 журналист осыған әзір ме? Күмәнім бар. Бірақ, үлкен істі бастау, жүргізу тек мемлекетке байланып қалмағаны дұрыс. Өзіміз қор құрып, оның жұмысын жіті қадағалап, ағайынды өзіміз көшіруге тырыссақ. Негізі бұл аса ұзақ тақырып, осы тұстан бір қайырайық. Алдағы жылдың басында бір топ азаматтар осы бағыттағы ұсыныстарымызды қоғамдық талқыға саламыз деп уәде беремін. Сол бұл мәселені кеңінен айтып, кеңірек баяндайтын мүмкіндік болады.

- Айдос мырза, кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлының қасына ердіңіз, тәжірибе жинадыңыз. Алтынбек ағамыздың ел алдындағы беделі, тұлғалық ерекшелігі көрініп тұратын. Алайда, кейінгі жас саясаткерлер ондай қасиетке ие бола алмауда, соңынан жұрт ерте алмайтын секілді. Әр жерде ашық пікір, өткір сындар айтылады, бірақ күші жоқ секілді. Осының себебі неде? Әлде, жас саясаткерлер күш алу үшін белгілі бір уақыт биліктің сатысымен көтерілгені дұрыс па?

- Менің түсінігімде Алтынбек Сәрсенбайұлы секілді саясаткерлер, батыр тұлғалар  жүз жылда бір-ақ туады. Бәлкім, басқа емес, дәл осы асыл ағамызға бірінші болып оқ атылуы да осыдан болар. Алтынбек ағамыздың өткен жолын, тәжірибесін, білімін, саяси дарынын ұзақ талдауға болады. Ол кісінің қасында 10 жылға жетер-жетпес уақыт жүру маңдайыма жазылыпты. Соның өзінде ол кісінің феноменін толыққанды ашып бере аламын деп айта алмаймын. Баяғыда Платон айтыпты: «Шәкірт дайын болса, ұстаз табылады» деп. Бәлкім, 90-шы жылдардың соңы, 2000-шы жылдардың басы кезінде мемлекетті құрудың алғашқы кезеңінде саясаткерлер міндетті түрде мемлекеттік қызмет тезінен өтіп, ондағы саяси сатыларды көріп шығуы міндетті болған шығар. Оны элиталық көшбасшылық десек болар. Түсінсем, Алтекең сол бір форматтан шығып, жаңа заманға сай тың форматты іздеп тауып, соған аяқ басқандай болып көрінеді. Меңзеп отырғаным, қоғамдық көшбасшылық, қоғамның, халықтың сеніміне ие болу арқылы билікке жету деген көшбасшылық. Бұрынғы дағдымен билікке келемін дегендер Алтекеңнің осы беталысынан да қорыққан болуы керек. Егер бүгінгі қазақ жастары туралы әңгіме қозғасақ, мемлекеттік қызметтен де өткен дұрыс деп санаймын. Қасымдағы іні-бауырлардың бәріне беретін кеңесім: барыңдар, көріңдер, былыққа, ымбай-жымбайға салынып кетпесеңдер болды. Саяси шешімдердің қалай қабылданып, қалай әзірленетіні туралы хабардар болсаң, егжей-тегжейіне жетсең, онда қоғамдық салада да қор болмайсың. Жаңағы Платонның ұлағатын еске алсақ, онда қоғамымыз үшін ішкі бәсекелестіктің де қызғаны, артқаны керек. Қоғамға, ұлтқа қажет кезде өзіне қажетті басшыларын басынан шертіп тұрып таңдайтындай мүмкіндігі болуы абзал.

- Айдос, елдегі ұлтшылдар қозғалысы қай бағытта дамитыны жөнінде не ойлайсыз? қандай болжам, қауіптеріңіз бар?

- Көзге көрініп тұрғандары мынадай: біріншіден, ұлтшылдар арасында буын ауысу үдерісі аяқталып келеді. Бұл үдеріс, әрине, оңай болмайды. Бәріміз билікке кенедей жабысып отырған ағамызды сынаймыз ғой. Сол сияқты кішкентай бір төбешігіне жабысып, ешкімді тыңдамай, ешкімді қажет етпей жүрген көсемдеріміз де, көсемсымақтарымыз да, көсемчиктеріміз де жетіп артылады. Бұны «өсудің аурулары» деп айтып жатады. Бұны трагедия деп түсінбеймін. Керісінше, осындай көсемдер, көсем болуға тырысқандар мүлдем жоқ болып қалса, онда трагедияның көкесі болар еді. Кенесарыдан Абайға дейінгі кезеңді елестетіп көріңіздерші. Қорқынышты ғой... Біздің тарихымызда ұзақ уақыт бойы ортақ басшыға деген ізденіс, сұраныс көп болды. Отарлық саясат адамдар мен лауазымдарды девальвацияға ұшыратты, оларды  халыққа деген тәуелділігінен айырды. Абайдың «бас басына би болған өңшең қиқым» дегені осы болар. Бұл - билікке жету үшін халыққа емес, билікке жақын болу керек болған заманның әңгімелері. Біздер осындай әңгімелерді аламыз да жөн-жосықсыз бүгінгіге таңып тастағымыз келеді. Әр заманның өз сөзі, өз түсі мен өз мақалы болуы керек. «Абылайдың түсі» жалпы қазақ түсі емес, мәселен, құлдырауға түскен бір әулеттің түсі. Хан бабамыз осындай түс көріпті деп, өзімізді құрт-құмырсқаға теңесек, онда сол құрт-құмырсқаның тіршілігін жасаймыз. Өз басым құрт-құмырсқа емеспін. Замандас достарым, серіктерім, ардақтаған азаматтарым да құрт-құмырсқа емес. Барлығы да ірі-ірі, кесек-кесек тұлғалар. Екіншіден, жаңарып келе жатқан ұлтшылдар арасында бірнеше жік бар. Бірі – діни жік. Бір топ қазақ жастарын уахабишілік, салафишілік бағыттағы дүмшелер елден бөліп, соларды қолшоқпар еткісі келетіні анық. Өз мақсаттарына жету үшін оларды қырып-жоюға да бар. Олай болмаса, уахабишілер жариялаған жиһадқа елігіп жүздеген қазақ баласы Сирияда өзін-өзі өлтіруге баруға дайын болды ма? Ойланатын тақырып па? Әрине! Екіншісі, биліктің, сыртында Кремльдің жүргізіп жатқан саясаты. Қазақ ұлтшылдарының арасына жік салып, оларды қалай да ірі саяси күшке айналдырмау мәселесі. Бұл жердегі басты мәселе – алдағы уақытта ұлттық мәселелер бойынша биліктің негізгі әріптесі немесе қарсыласы кім болады, ұлтшылдық бағыттың әкімгері кім болады деген мәселе. Бұл мәселе, әрине, талай азаматтар арасында дау-дамай, айтыс-тартыс туғызады. Бұның барлығын басымыздан өткеруіміз керек. Кішкене уақыт өтсін, жігіттер сұрыпталады, алдыға бірінен кейін бірі шыға бастайды. Табиғи, заңды үдеріс. Оның барлығын мынаған бағын, мынаның қол астына кір деп асықтырудың қажеті жоқ. Ұлт мәселесі - үлкен мәселеге келген кезде бастары бірігеді. Бірақ, көшбасшылық мәселесінде ішкі бәсекелестіктің арта түскені жақсы, тиімді. Ішкі айтыстар, дискуссиялар саны артқан сайын, олардың да өнері, дарыны дамиды, аргументтері сұрыпталады, уақыт тезінен өтеді. Жұрт кімнің мықты екенін өзі түсіне бастайды.

- Айдос оппозицияның күні қашан туады деп ойлайсың?

- Қай оппозицияның деген сұрақ туындайды. Егер бүгінгі күні өзін оппозициямын деп жүрген Тұяқбай, Әбділдин, Тұрсымбаев, Своик, Алдамжаровтарды меңзеп отырсаңыздар, онда олардың күні туа қоймас. Егер олардың миы болса, онда жаңа буын саясаткерлерге жол ашқаны дұрыс. Тіпті ертең сақалын сатып, арын сатып, парламентке өтіп жатқан күннің өзінде олардың жеңісі емес, адами, саяси өлімі болар деп айтар едім. Биліктің қолындағы ойыншықтардың саны оларсыз да артып жетіледі. Ал оппозициялық бағытты, үрдісті айтсаңыз, онда, менің ойымша, өзгерістер 5-7 жылдың ішінде болып қалуы ықтимал. Бүгінгі күні елді басқарып отырған президентті емес, сол кісі өзіне мұрагер қылып кеткен адамды әділ сайлауда бірінші турда жеңіп шыққаны абзал. Оған қыруар еңбек ету керек. Технологиясы да, механизмдері де бар. Әттең, тарихи уақытымыз шектелген дегеніміз болмаса. Ал жай ғана оппозиция емес, демократия қашан орнайды дегенді меңзеп отырсаңыз, онда «үш айналымды» бастан өткізуіміз керек. Мысалы, Назарбаевтан кейінгі мұрагерді оппозиция жеңіп шықса, оның жақтастарын қудаламай, олардың келесі әділ сайлауда жеңіп шығуына мүмкіндік бере отырып, келесі сайлауда жеңіп шыққан жағдайда ғана елде мызғымас емес-ау, бірақ аяғын нық басқан, екінің бірі заң мен конституцияны аяқ асты етпейтін демократия орнар еді деп айта аламын.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282