Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 3533 11 пікір 19 Маусым, 2024 сағат 16:41

Қазақ шежіресі шындыққа сай, ғылым мұны растап отыр!

Радик Темірғалиев. Фото: Qalam Global баспасөз қызметі

Популяциялық генетика мен тарихи зерттеулер қазақ шежіресінің шындыққа сәйкесетінін растайды. Бұл туралы қазақстандық тарихшы және жазушы Радик Темірғалиев Qalam Global көптұғырлы ғылыми-біліми жобасы Өскемен қаласында ұйымдастырған «Қазақ руларының тарихы» дәрісі барысында мәлімдеді.

Тарихшының айтуынша, осыған дейін көптеген зерттеуші, оның ішінде КСРО және Батыс ғалымдары да бар, феодал билік жалған шежіре мен идеология жасап отырған деген пікір айтқан. Ұжымды біріктіру үшін саяси мақсаттарға жету жолында ел басындағылар қол астындағы топтарды бір-біріне туысқан деп жариялаған. «Біз де осы ұстанымда болдық, мұндай еңбектерді оқыған кезде, оларды рас деп қабылдадым, осындай дәрежедегі беделді тұлғалар солай деп айтса, ойдан әлдене шығару қажет еместей көрінетін», – дейді ғалым.

Алайда соңғы жылдары популяциялық генетика бұл пікірдің шындыққа сай еместігін көрсетіпті.

«Қазақстандық энтузиастар мен белсенділердің арқасында біздің елде өте көп адам зерттелді, олардың ДНҚ-сы қабылданды. Бұл ДНҚ зерттеліп, қазақ ұлтының негізгі гаплотоптары белгіленді», – дейді Радик Темірғалиев.

Оның сөзіне қарағанда, қазақ шежірелері бұл зерттеу барысында ғалымдарға бұрынғыдан қалған сөз бен генетиканы салыстырып көруде үлкен көмегін тигізген екен.

«Қандай да бір қазақ руы бірнеше тармақтан тұрады. Ғалымдар әр тармақ өкілдерінің ДНҚ-сын алып, тексеріп, олардың, яғни тармақтардың бәрі салыстырмалы түрде жақын уақытта, шамамен XVI-XV ғасырларда өмір сүрген бір адамнан тарағанын анықтады. Түптеп келгенде, қазақ рулары мен тайпаларының көпшілігі қан-туыстық негізде қалыптасқаны белгілі болды. Қазақ шежірелері рас айтады», – дейді Qalam Global авторы және дәріскері.

Зерттеулер көптеген рудың «басқа жақта пайда болды, бірақ саяси себептерге байланысты қазақ ұлтының құрамына сіңіп кетті» дегенге саятын болжамдардың да өтірік екенін айғақтайды: «Түрлі сөз бар, мысалы, адайлардың алшынға қатысы жоқ, олар – дайлардың ұрпағы екен дейді немесе беріштер бурчевичтерден тараған-мыс, яки шеркештердің қапқаздық черкестерге қатысы бар деп атайды. Шын мәнінде, бұл рулардың әрқайсысы көршілес жатқан қазақ руларымен туысады және оның бәрі түбінде бір адамнан тараған болуы әбден мүмкін. Қазақ шежіресі де дәл осыны растайды. Алайда көп уақыт бойы шежіреге мән берілмей келді, оны шалдар ойдан шығарған ертегі деп қабылдады».

Дегенмен, кей рудың жағдайы бөлектеу екен.

«Мысалы, наймандарда не қыпшақтарда бірыңғай, бәріне ортақ гаплотоп жоқ, олардың құрамы түрлі гаплотоптан тұрады. Себебі бұл тайпалар ру емес, халық болған, кезінде өз мемлекетін құрған. Және мұндай халықтарға түрлі ру кірген. Қазіргі қазақтардағы наймандар не қыпшақтар – сол ежелгі халықтардың бір бөлшегі», – дейді Радик Темірғалиев.

Qalam Global дәрісі барысында ғалым бұдан бөлек қазақ руларын зерттейтін ғылымның қалыптасу тарихы, көшпенділердің рулық-тайпалық құрамының түрі, қазақ қоғамының түрлі топтарының өзара қатынасы, сонымен қатар қырма, яғни қазақ руларына кірген өзге ұлт өкілдері туралы айтып берді.

Анықтамалық ақпарат:

Радик Темірғалиев – белгілі қазақстандық тарихшы, жазушы, «Қазақ тарихи қоғамы» бірлестігінің директоры. «Ақ Орда. Қазақ хандығының тарихы», «Соңғы батырлар дәуірі», «Қазақтар мен Ресей», «Қазақтар. Ата жолы» секілді танымал кітаптардың авторы. Оның жақында шыққан «Тамға. Қазақ руларының тарихы» атты еңбегі нағыз бестселлерге айналды.

Автордың зерттеулері Қазақ хандығының қалыптасу жолындағы түрлі кезеңді, жекелеген рулардың тарихын, олардың қоғамның бірігуіндегі атқарған рөлін қамтиды. Сонымен қатар елдің тағдырын ғасырларға анықтап берген шешімдердің қабылдануына ықпал еткен көрнекті тұлғалар мен елеулі оқиғалардың маңызын зерттейді.

Qalam Global – әлем тарихы мен мәдениетіне Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің көзімен қарайтын мультимедиялық жаңа жоба. Жобаға Қазақстан, АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Ресейден келген халықаралық зерттеушілер тобы қатысады. Qalam жобасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көреді.

Димаш Зиядин

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2050