Жұма, 19 Шілде 2024
Анық-қанығы 1917 34 пікір 21 Маусым, 2024 сағат 17:08

Садықовқа қастандық: Орындаушылар анықталды. Тапсырыс беруші кім?..

(Коллаж суреттері Азаттық сайтынан алынды)

18 маусым күні күндіз Киевте қазақ журналисі Айдос Садықовқа шабуыл жасалғанын осыған дейін жаздық.

Украиналық БАҚ қастандық оқиғасы Киевтің Шевченко ауданында болғанын, Киев прокуратурасы Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты «Қасақана адам өлтіруге оқталу» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлаған.

Оқ тиіп, ауыр жараланған (ота жасалған) Айдос Садықовтың қазіргі ахуалы жайлы оның әйелі Наталья Садықова әлеуметтік желі және БАҚ арқылы хабарлап отыр.

Оқиғаның қысқаша баяны:

Оппозициялық «БАСЕ» каналының негізін қалаушы және авторы Айдос Садықовқа қарсы қастандық әрекеті Киевте 18 маусымда болды. Әйелімен бірге көлікте келе жатқанда оған үйінің алдында оқ атылған. Қастандықты Киев күдікті деп танып отырған Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаевтың біреуі атқан, Наталья Садықованың пікірінше, олар кәсіби кісі өлтіргіштер.

Оқ Айдос Садықовтың басына тиген, оны операция кезінде суырып алған. Қазір Айдос Садықовтың жағдайы өзгеріссіз, бірқалыпты. Жансақтау бөлімінде жатыр. Атқыш қашып кеткен, Айдос Садықовтың отбасына қарулы күзет бекітіліп берілген.

Айдос Садықов - «БАСЕ» арнасының негізін қалаушы, Ақорданы (ескі де, жаңа де) көп жылдан бері сынға алуышы ретінде белгілі. Ал оның әйелі Наталья Садықова «БАСЕ» арнасын жүргізеді. Украинаға кеткенге дейін «Республикада» жұмыс істеген. Екеуі де Украинада босқын мәртебесіне ие.

Аталған оқиғаға қатысты күні кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми мәлімдеме жасап: «Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша Украина тарапына ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім», - деген еді.

Ал Қазақстанның Украинадағы Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаев Украина Сыртқы істер министрлігіне ресми түсініктеме алу үшін сұрау салғанын айтқан.

Сонымен қазірге белгілісі:

Айдос Садықовқа қастандық жасады деген 2 күдікті ұсталды. Олар Қазақстан азаматтары. Кеше Украина Бас прокуратурасының ресми сайтында Алтай Жақанбаев (1988 жылы туған) пен Мейрам Қаратаев (1991 жылы туған) туралы хабарлама жария болды.

«Тергеу дерегінше, олар Қазақстан азаматы Айдос Жандосұлы Садықовты қасақана өлтіруге тапсырыс алған. Тапсырыс берген кім екені әлі белгісіз, тергеу оны анықтап жатыр. Олар 2 маусымда Киевке барып, Садықовты аңдуға кіріскен, сол үшін Opel Vectra көлігін сатып алған. Садықовтың күнделікті қайда баратынын, қай жолмен жүретінін, не істейтінін анықтаған», - деп жазады «Азаттық радиосы».

НАТАЛЬЯ САДЫҚОВА НЕ ДЕЙДІ?

Айдос Садықовтың әйелі Наталья Садықова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қастандықты орындаушылардың бірі Мейрам Қаратаевтың Қостанай облыстық ішкі істер департаментінде қызмет атқарғанын жазды. Кейін ҚР ІІМ өз қызметкерлері сапында мұндай адамның жоқ екенін айтты.

САДЫҚОВҚА ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚ: ҚАЗАҚСТАН УКРАИНА ТЕРГЕУІМЕН, ИНТЕРПОНМЕН БІРЛЕСЕ ЖҰМЫС ЖАСАУҒА ДАЙЫН!

Ал қастандықты орындаушы екінші күдікті Алтай Жақанбаев туралы әзірше мардымды дерек айтылмады.

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеме жасады. Ол президент Тоқаевтың «Садықовқа жасалған қастандық бойынша тергеуді жіті бақылап отырғанын және құқық қорғау органдарына күдіктілердің қазіргі мекенжайын анықтап, тиісті шара қабылдауды тапсырғанын хабарлады.

«Қазақстан тарапы Украинаның құқық қорғау құрылымдарымен, оның ішінде Интерпол жүйесі бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын», - деп жазды Берік Уәли.

Ал Украина Бас прокуратурасы Садықовқа қастандық жасады деген екі халықаралық іздеу жарияланғанын мәлімдеді.

ҚАЗАҚСТАН БАС ПРОКУРАТУРАСЫ ӨЗ ТЕРГЕУІН БАСТАДЫ

Бүгін Киевте болған Айдос Садықовты өлтіруге әрекет ету жасау фактісі бойынша Қазақстан Бас прокуратурасы сотқа дейінгі тергеуді бастады.

«Қылмыстық іс бойынша тергеу-жедел тобы құрылды, онда қылмысты ашуға және күдіктілерді ұстауға бағытталған қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Қазақстанның Бас Прокуроры Украинаның Бас прокурорының атына осы қылмысты ашуға барынша тәжірибелі қазақстандық тергеушілерді тарта отырып, барлық көмек көрсету туралы ұсыныс жасаған болатын.

Бас прокуратура қылмыстық істі тергеу барысын ерекше бақылауға алды», - деп жазылған ресми мәлімдемеде.

Болжам:

Осы жағдаймен таныс саяси сарапшылар: «Бәленің бәрі «Ескі Қазақстан» серкелерінен шығып тұр», - дейді. Өйткені, олар күшейген Тоқаев билігін әлсіретуді көздейді. Бірақ бастысы бұл емес, мәселенің мәнісі – Айдос Садықовтың «БАСЕ» арнасында дайындаған немесе дайындап жатқан материалы. Реваншистер өздерінің Елбасизм кезіндегі былық істерін жасыру үшін осы қадамға баруы мүмкін деген нұсқа айтылады. Садықовқа жасалған қастандыққа Қазақстанның қазіргі билігін айыптау – сөзсіз жаһандық саяси аренада Қазақстан имиджіне кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Бұдан ұтатын кім? Бір нәрсенің басы ашық – «Ескі Қазақстанның» бизнес көкжалдары өздеріне журналист арнаған компроматтың шықпауы үшін осы қадамға барды деген нұсқа да ашық талқылануы тиіс-ақ...

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

Абай мұрасы

Абай іліміндегі өмір мақсаты не?

Досым Омаров 1295
Ой түрткі

Әлмерек абыздың оралуы - Елге діннің оралуы

Бақтыбай Айнабеков 2029
Көршінің көлеңкесі

Ресей тілдік һәм саяси экспансияны қалай жүргізді?

Бейсенғазы Ұлықбек 2075