Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Көршінің көлеңкесі 3157 5 пікір 1 Шілде, 2024 сағат 15:52

Ресей тілдік һәм саяси экспансияны қалай жүргізді?

Коллаж: Abai.kz

Кезіндегі Кеңес Одағының құрамында болған, кейіннен тәуелсіздіктерін  алған, өз уақытындағы одақтас он бес республиканың ішіндегі, қазіргі  күндері бөлшектеніп кеткені Грузия мемлекеті. 

Әрине, аумағы жағынан кішігірім мемлекет болса да, оған себепкер болған,  ішіндегі бірнеше мемлекеттік құрылымдардың болғандығы кінәлі. Грузия,  сонау тоқсаныншы жылдары саяси тәуелсіздігін алғаннан соң, құрамындағы  Абхазия Тбилисиге мойынсынудан бас тартып, соғыс ашып, қалай десек те  бөлектеніп кетті. Оларды қайтарып алуға Грузиндердің шамалары жетпеді.

Кейіннен Кремль қожайынының қолдауымен және тікелей қатысуымен, Оңтүстік Осетия да Грузия елінің қарамағынан босанып шықты. Бұл күндері, осы елдің құрамында Аджария, сондай-ақ, Мергелия құрылымдары бар.

Дегенмен, осындай жағдайға жетпеу үшін, Кеңес Одағының тұсындағы, бұл  елдің көшбасшыларының, алдын алу, дер мезгілінде шара қолдану, ел ішіндегі осындай, тіптен шағын болса да, мемлекеттік құрылымы бар  аумақтарды таратып жіберуі керек-ақ еді. Тегі, олардың көрегендігі жетпеген-ау.

Тағы бір мысал: қазіргі Сербия мемлекетінің құрамында болған, кішкентай ғана Косово да біраз жылдар майдандасып жүріп, тәуелсіз елдердің қатарына кірді. Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамына мүше болып өтпесе де, Еуропалық Одақ елдерінің жиырма екісі, Косовоның тәуелсіздігін мойындап, қазір осы елмен кәдімгідей санасатын болды. Айтайын дегеніміз, Гуржі еліндегі Абхаздар да, Осетиндер де, Сербтердің ішінде болған Косоволық Албандар да өзінің ұлттық тілін, дәстүрін, салтын, тарихын, сонымен қатар, діни наным-сенімдерін жоғалтпаған елдер. Сондықтан да, бұл елдердің тұрғындары отаншылдығын жоғалтпаған, өзге үстем елдің көлеңкесінде қалмаған, өзгенің мәдениеті мен тілін өзінікінен жоғары қоймаған, құл болудан іргесін аулақ салған ел-жұрттар. Осыдан болар, уақыты келгенде  күрес жүргізіп, қан төгуден қорықпай, қалай дегенмен де тәуелсіздіктерін алып кетті.

Солтүстіктегі көршіміз, Ресей Федеративтік мемлекеті 2018 жылы Тіл туралы заң қабылдап, құрамындағы ұлттық республикалардың тілдерін мүмкіндігінше ығыстырудың, дамытпаудың амалын тапты. Неге екені белгісіз, осы Заң шыққанда, еш бір ұлт та, ұлыс та қарсылық көрсете алмады. Тегі, жетпіс жылдық Кеңес Одағының үстемдігі бұларды да аямай жаншып тастаған-ау. Тек, удмурт Альберт Разин ғана қарсылық танытып, өзін өртеп жіберді. Осы арқылы, өз ұлтына жанашырлық танытып, ана тілін сақтап қалғысы келді. Қазір, орыс елінде ұлт тілдері факультативтік шеңберде ғана қалды. Мемлекеттік қызмет, кәсіп ашу, туризм, спорт, шаруашылық жүргізу үшін тек қана орыс тілін пайдаланасың. Болашағын ойлаған осы елдегі ұлт жастары, қазіргі күндері орыс тілінде ғана білім алып, жұмыс істеуде. Ана тілімен күнін көре алмайтындай дәрежеге жетті. Бүгінгі таңда, Ресей Федерациясы бір тілді мемлекетке айналды. Алдағы кезеңде, сарысы да, қоңыры да тұтасып, бір-ақ ұлт болып саналып, өзге шағын ұлттардың жойылып кетуі әбден мүмкін. М.С.Горбачевтың тұсындағы Федеративтік республикадан, қазірде Федеративтік империяға айналды.

Бізде қалай?! Еліміздегі барлық ұлт өкілдеріне кеңшілік танытып, ана тілдерін, дәстүрін, тіпті, діни наным-сенімдерін де жоғалтып алмауға жағдай жасалды.

Әрине, Қазақ тілі - мемлекеттік тіл. Бірақ, олардың толықтай осы тілде сөйлеп кеткендері шамалы. Ол тұрмақ, біраз қазақтардың өзін мемлекеттік тілге, яғни айтқанда, ана тіліне жақындата алмай, әлекпіз. Сонымен қатар, кейбір кішігірім қалаларымызды (Қонаев, Алатау) Сингапурға айналдырмақпыз. Бұған шынымен де қуанамыз. Дегенмен, осы қалалар орналасқан облыс аумағындағы кейбір ауданның атын қалайда өзгерту   керек! Бұл, кезінде Кеңестік замаңда кеткен саяси қателік қой. Осы орайда, өткен жылдары бір газеттен түріктің мынандай мақалын оқыдым: «Көбіктің үстіне үй салмайды, жарылып кетуі мүмкін». Осы мақалды оқып, қай мағынада айтылғанын түсінбей біраз уақыт ойланып жүрдім. Ақыры, қаупі  жоғары жерге немесе аумаққа үй, я болмаса, қала салмайды деген пікірді білдіреді-ау, деген тұжырымға келдім.

Демократияның кезеңінде тіршілік кешіп жатқан соң, пікірімізді ашық айтып отырмыз. Бұл, әбестік болмас. Сол айтқандай, кезінде кеткен осы қателікті түзетіп алмай, супер аймаққа айналдыру қалай болар екен? Осыған да, назар аударса дейміз!

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2042