Сәрсенбі, 4 Желтоқсан 2024
46 - сөз 765 0 пікір 2 Желтоқсан, 2024 сағат 11:59

Поэзия мен прозада қатар қалам тербеген жазушы

Суреттер: Автордың мұрағатынан алынды.

Осы заман Қытай қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, сонау 1950 жылдары-ақ поэзия мен прозада өз биігіне көтеріліп кеткен ақын, жазушы, драматург, сатирик, актор Қаусылқан Қозыбайұлының дүниеге келгеніне биыл 100 жыл, өмірден озғанына 45 жыл болды. Соған орай әдебиеттанушы, ғалым, Шынжаң қазағынан шыққан тұңғыш профессор Ахметбек Кіршібайдың ақын-жазушы Қ.Қозыбайұлының өмірі менжасампаздығы туралы жазған еңбегін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қаусылқан Қозыбайұлының өмірі мен шығармалары

Қаусылқан Қозыбайұлы 1924 жылы Тарбағатай аймағы Толы ауданының Жәйір тауылында дүниеге келген. Оның әкесі мінер ат, ішер асқа жарымаған кедей адам еді. Сондықтан ол жастайынан мал соңына еріп, он жасында жазда қозы, қыста жасан тоқты бақты. Қаусылқан 1935 жылдан 1936 жылға дейін ауылдағы діни мектепте оқып, 1936 жылдың басынан бастап ауылда ашылған жаңа мектепке барады. Сөйте тұра жоқшылықтың кесірінен ол кейде оқып, кейде оқи алмай, үзіп-жұлып білім алып жүріп, бастауыш мектепті 8 жылда әрең бітіреді. Ол кезде қазақ сахарасында бастауыш мектеп бітіру де дардай білім еді. Қаусылқан жас кезінен өлең-жырға құмартып, ертегі, жыр-дастандарды қызығып тыңдайтын.

Мектепте сауатын ашқаннан кейін халық ішіне таралған «Алпамыс», «Ертарғын»,  «Қобыланды», «Тәуке батыр», «Бөгенбай батыр», қатарлы батырлық дастандарды, «Қыз Жібек», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Мұңлық-Зарлық», «Құралай сұлу» сияқты ғашықтық дастандарын, «Біржан мен Сара айтысы», «Әсет пен Ырысжанның айтысы», «Қайсабай мен Қарғаның айтысы» тәрізді ел ішінде көп таралған даңқты айтыс үлгілерін, «Бақтиярдың қырық бұтағына» жататын қисаларды іздеп жүріп көшіріп, шамасы келгенше жаттап алып, жиын-тойларда өз ырғағымен айтып беруге әуестенуші еді.

Қаусылқанның өз айтуына қарағанда халықтың ауыз әдебиетіне құмартып, оған еліктей жүріп, өзі де 1942 жылдан бастап өлең жаза бастайды. Сол тұста шағын хабарлар мен шағын мақалалар жазуға недәуір машықтанады. Бірақ ол кезде қазақ тіліндегі газет аптасына екі-ақ рет шығатын болғандықтан, Қаусылқанның жазған өлеңдері мен мақалаларының бәрі бірдей жариялануы да мүмкін емес еді.

Қаусылқан 1939 жылы күзде Үрімжіге барып, 1944 жылға дейін моңғол-қазақ мектебінде білім алып, оқу бітіргеннен кейін ол қоғамдық іске араласып, аудармашылық және мұғалімдік жұмыстар істейді. 1946 жылдан бастап сол тұстағы «Қазақ-қырғыз ұйымында» кәсіптен тыс әртіс болады. Сол кезде «Қыз Жібек»,  «Шұға» қатарлы сахналық шығармаларда ол қосалқы рөлдерді ойнап,  өнер саладағы талантын да жетілдірген.

Қаусылқан Қозыбайұлы енді тынбай өлең, басқа да шығармалар жазумен шұғылданды. Ол 1944-1948 жылдар аралығында «Жаңа тұрмыс», «Жаз тойына», «Көркем мамырға», «Берлинге шашылған шашу Токиоға да шашылады», «Жапонға қарсы ұрыстың сегіз жылдығын еске алумен таң сәулесі» және «Ендігінің ғашығы», «Оқырманға», «Дәуір туралы», «Ақиқат не», «Нені сүйем, кім ием», «Сүйген анам – Ел мен жер», «Шын жетім» қатарлы өлеңдер мен «Кім жазалы?» атты шағын дастан жазды. Сондай-ақ «Орнынан шықпаған үміт» атты пьесаны дүниеге әкеледі.

Қ.Қозыбайұлының осы шығармасы сол кездегі «Қазақ-қырғыз ұйымының» ойын-сауық үйірмесінде дайындалып, бірнеше рет сахнада ойналған да еді. Қаусылқан әртіс болып, бір мезгіл драма үйірмесінде де араласты. 1954 жылдан бастап «Шынжаң әдебиет-искусствосы» (қазіргі «Шұғыла») журанлында редактор болып,қызметін жалғастырды.

Ол әдебиеттің табалдырығынан ақын болып аттап, өз шығармашылығын поэзиямен бастаған. Оның жазған өлең, жырлары недәуір баршылық. Кейін прозаға ауысып, талантын осы салада көбірек көрсетті. Қаусылқан алғаш 1954 жылы «Шағылған төсек», 1958 жылы «Қырықбай» атты шағын комедиялар жазды. Бұл шығармалар кезінде сахналанып жұрттың көзайымына айналған.

Қаусылқан 1957 жылдан 1965 жылға дейін «Алғашқы адымда», «Он жылдықтың озаты», «Хат», «Тамаша өмір», «Жаңа жайлау» қатарлы әңгімелер жинақтарын арт-артынан баспадан шығарды.

Жазушы және «Қырағы қыз», «Естеліктер», «Кездесулер» атты әңгімелері мен «Өзгерген өңір», «Туған ауылда», «Гүл жайнаған Күнес» сынды бірнеше мақала, очерк, сурттемелерін жұртшылық назарына ұсынды.  1965 жылы «Ауыл көктемі» деген әңгіме, очерктер жинағын баспадан шығарды. Осы мезгілде поэзиялық шығармалары да оқырмандармен табысып жатты.

Қаусылқан Қозыбайұлының сол жылдарда жиырмаға жуық кітап шығарды. Әр түрлі тақырыптағы 100-ден асатам өлеңдерін оқырман жылы қабылдады.

Ол 1966 жылдан басталған 10 жылдық «Мәдениет зор төңкерісінің» қудалауына ұшырап, қызметтен аластатылып, қарапайым  еңбекке жегілді. «Солақай саясаттан» кейін қайта қызметке алынып, әдебиетке қайта оралды. Талант иесі 1977 жылдан 1979 жылға дейін «Рас па әке?», «Сыламның құрдасы» деген бірнеше әңгіме және «Жылап отыр екі жетім», «Шоқ, шоқ» деген өлеңмен екі фельетон жазды. Жазушы жалғастырып жүрген еңбектерін аяқтай алмастан, 1979 жылы 27 желтоқсанда жүрек талмасынан қайтыс болды.

Қаламгерн қайтыс болғаннан кейін «Қаусылқан Қозыбайұлы шығармалары» деген атпен оның толық шығармалар жинағы Ұлттар баспасы жағынан айырым кітап болып шықты. Қаусылқан Қозыбайұлы Қытай жазушылар қоғамының, Қытай жазушылар қоғамы Шынжаң бөлімшесінің тұрақты мүшесі және кәсіпқой дарын иесі болған. 

Қаусылқан Қозыбайұлының өлең, жыр әлемі

Қаусылқан Қозыбайұлының шығармашылық қызметі 1943 жыдан басталды. Ол Қытай қазақ әдебиетінің дамуында үлес қосқан алдыңғы буын өкілдерінің бірі.

Оның шығармашылық бел-белестеріне үңілер болсақ, 1943-1949 жылдар аралығында шабытты өлеңдер жазған екен. 1949 жылдан кейін ол талантын прозада сынаған белгілі жазушы. Сол тұста ол прозасымен қатар поэзияны да іркімсіз ілгерілете береді. Сондықтан талантты қаламгердің шығармашылығын екі кезеңге бөліп қарастыруға тура келеді. Бірінші кезеңі – 1943 жылдан 1949 жылға дейінгі аралық. Бұл кезде ол өлең, жырлар жазумен ғана айналысты. Ал екінші кезеңі – 1954 жылдан 1979 жылға дейінгі аралықта талантын прозада таныта білді.

Ол «Соңғы үстемдік біздікі», «Сонда ғана», «Жаз тойында», «Жапонға қарсы соғыстың сегіз жылдығын еске алып», «Берлинге шашылған шашу Токиоға да шашылады», «Ел мен жер», «Нені сүйем, кім ием» «Ақиқат неде», «Бос өтпесін». «Оқырманға», «Кел қатарға», «Кеңес» қатарлы өлеңдерінде Жапон-Қытай соғысының бетпердесін ашып берді.

Ақынның бірін-бірі толықтыра түсетін өлеңдерінде ақылия, кеңес болып өрілген толғаныстары да бар.

«Көрген күн бәрі күнгірт ата-анасыз,
Қудаланды түрткіде ол санасыз.
Тілегін ата-ананың танымастан,
Есірік еркелеген ер санасыз» – деп басталатын «Сүйген анам» атты өлеңінде ақын ата-анасын танымай, ардан безгенде сөз жебесін құныға атқылайды.

«Ата-ана сен туғанда тілегі бар,
Тілектің терең тілеу тірегі бар.
Қымбатты ата-ананың тілегі үшін,
Ер істері ерінбестен жүрегі бар»  – деп, әке-шешенің адал тілегімен дүниеге келгендер ештеңеден қайтпай ер жүректі болып келетінін жан дүниесімен сезінеді.

«Тапқанда мені анам ұл деп тапқан
Істейтін ұлт, отанға «құл» деп тапқан.
Ер еңбегі елдікі адал туса,
Ұлт, отанның жолында бол деп тапқан».

Әке-шешеден туып, «адамзаттың баласы бол» дейтін, анам мені ұлтыңа, отаныңа «құл» бол деп дүниеге әкелген деуі аса жарасты түсінік. Өлеңнің соңында:

«Сондықтан елім – атам, жерім – анам,
Елсіз, жерсіз өткен күн бәрі қараң.
Қолдың құлы, қулықтың құрығы боп,
Ішкен ас, киген киім бәрі арам.
Жалпы жас еске сақта болса санаң,
Білмеген бұл міндетті нағыз надан.
Сүйіктісі сүйенетін сүйеу тірек,
Сондықтан ел мен жерім сүйген анам».

Елсіз, жерсіз, ата-анасыз сүрген өмір бәрі де бекер. Ішкен ас, киген киімің де арам. Әке-шеше мейірі мен өткен өмірің құрысын деп жеген асты да адалдап жеуге бет бұрғызады. Елі мен жерін сүю барлық азаматтардың абыройлы борышы екенін назарыңа салады.

Шабыт иесінің халықты өнер-білімге, береке-бірлікке, отырықты өмірге мәдениетке шақырған ақылия өлеңдері де баршылық. Қаусылқан қазақ сахарасындағы жартылай феодалдық, жартылай рулық қоғамды,  «қасірет қайнаған», «тар қоғам» деп таниды. Қоғамда налып: «шыдатпайды ұжданым жанып күйім» деп, кектенеді. Ол осы «темір құрсауды» шағып, «езілгенді ел қылуға» үндейді.

«Ақиқат неде» деген өлеңінде:

«Ақиқат деп ойлайды өзі ойын,
Шын ақиқат қайда тұр бұрмайды мойын.
«Ақиқат» деп кейбіреулер бас пайдасын,
Қуанышпен тойлап жүр соның тойын.
Кейбіреу ақиқатқа таласып жүр,
Талайлар ақиқатпен жанасып жүр.
Кейбіреулер ақиқаттан үміт күтіп,
Іздесем табамын деп бал ашып жүр.
Кейбіреу тапқан ақшам ақиқат деп,
Ақиқат арнасынан адасып жүр.
Алдамшы түлкі мінез кей адамдар,
Қайлалап шықпас жанға таласып жүр».

Мұнда ақиқаттың не екенін түсінбей, адасып жүргенді мақтамен бауыздамай сояды. Біреулер бас пайдасын, біреулер тапқан еңбек ақысын, енді бірулері сол күнгі қуанышын «ақиқат» деп шатасып жүрсе, зерделілер шынайы ақиқаттан үміт күтіп жүргенін айтып, жалған өмір сүрушілерді батыл мінейді.

«Ақиқат» анығында немене өзі,
Жетеді ақиқатқа кімнің көзі.
Әр қайсы ақиқат деп күпілдеп жүр,
Шын ақиқат шындық па соның өзі» – деген бір тұңғиық екенін назарыңа іліктіреді. Сөйтеді де:

«Масаттанба жігіттер, бос аптықпа,
Ақиқатты көрсетші алып шық та.
Ақиқатты құрап кеп біреу-ақ қыл,
Ақиқат еркіндік пен азаттықта» – деген ол ел еркіндігі мен азаттығында ғана шынайы көрініс табатынын қорғасынша ерітіп, миыңа құяды.

«Кемістік енді бірі бірлігінің аз,
Тірлікте қарын тойса боламыз мәз.
Орнына өнер-ғылым дау сабалап,
Өтеді өңештеніп қыс пенен жаз».

Осы тұста ақын кеңесі елді береке-бірлікке, өнер-білімге үндейді.

Қусылқанның «Халқыма сәлем», «Оқырманға» деген өлеңдерінде жоғарыдағы ой саралана насихатталып, жалғасын табады.

Талантты қаламгер еңбекшілердің өскелең моралын, әйелдер теңдігін де сөз еткен. Барын жырлап, жоғын жоқтаған. Кейінгі ұрпаққа өсиет айтып, үлгі көрсеткен. Ол жат мінез, жалған махаббат, жасырын қиянаттарды сын тезіне алып, батыл әшкерелеген. Қаусылқанның еркіндікті, азаттықты аңсап жазған туындыларына «Кім жазалы?» атты шағын дастаны толық мысал бола алады.

«Кім жазалы» дастаны

«Кім жазалы» дастаны ақынның поэзиялық шығармаларының ішіндегі көлемді туындысының бірі. Дастан 1948 жылы жазылған. Мұнда ақын өз-өзінше замандастары қатарлы әйелдер теңдігі мәселесін сөз еткен. Яғни шығармаға қазақтың діни наным-сенім, салт-санасының құрбаны болған қазақ қыздарының қайғылы халі арқау болған.

Нақтылай айтқанда Сатбай деген бай өзінің асырап алған жиені - Сәлім атты ұлына әйелдікке әперу үшін жесір кемпірдің сегіз жастағы қызы Қазиға 60 байтал қалыңмал беріп, құда түседі. Арада сегіз жыл өтіп, Қази он алты жасқа толады. Қалыңмал иесін тауып, ырым-жырымы түгел жасалып, той тойлануға таяғанда, Сәлім қайтыс болып кетеді. Сатбай салт бойынша Қазиға жесір желегін бүркеп, қызды басқа жаққа жібергісі келмей, өзінің баласы Ақжолға қосуға ниеттенеді.

«Сатбайдың кіндігінен жалғыз Ақжол,
Бұл кезде қырық жеті жасқа толған.
Жасында жер ошақтан құрт төгіліп,
Тартылып содан оң жақ қолы қалған»  – дейді ақын. Жылы ұлғайған әрі кемтар Ақжол өз жесіріне тезірек қол жеткізуге ықыластанады. Әрі кемтар, әрі әкесіндей адамға әйелдікке баруға жаны дауаламаған жас қыз ашынған анасымен бірге сотқа барады. Сот бұлардың дауын «қазақтың сахара салты бойынша шешім етсін» деп, ел ішіндегі қазы мен бидің үкіміне жөнелтеді. Қазидің шешесінің заң алдында әділ шешім қабылданар деген  арманы орындалмайды. Жесір дауы феодалдық қоғамның төрелесінің қолына түседі.

Дастанның екінші бөлігінде Алшы бидің ауылында Ақжолдың жесір дауы мен Қазидың бас бостандығын алу мәселесі жайында салттық жиын өтеді.

Феодалдық қоғамның өктем өкілдері: «Жесір ерден кетсе де, елден кетпейді, аға өлсе ініге, іні өлсе ағаға мирас» деген көнерген қағида бойынша Қази Ақжолдың басыбайлы әйелі болуы тиіс деген тоқтаммен жиын тарайды. Бас еркіндігінен үміт күткен қызының күңіренген көз жасына күйінген, сорлы ана да шарасыздықтың шырмауында қалады. Ақжол қалыңдығын тез алу үшін қарбалас қимылдайды. Бір күні күйеу қалыңдығының ауылына ұрын келеді.

Әдет бойынша күйеу келгенде, балдыздар мен жеңгелер оны қадірімен күтіп алады. Сол күнгі кештегі ауыл тіршілігі де өзгеше болады. Ырым-жырымды қуған ауыл әйелдері еріндерін сылп еткізіп, әбігерге түседі. Желаяқ жеңгелері жеңгетай жоралғыларын алғандарына мәз. Қоңыр кештегі Қазидың қасіретіне назар аударайық:

«Келінді аламыз деп құда, күйеу,
Күн бата топтасып ода келді.
Бақыттың енді есігі бекігенін,
Ойланды да ойға алып Қази көрді.
Азырақ қабақ қатып отырды да,
Селт етті, сезіктенді көңіл бөлді,
Ел қойын қоралаған мезглінде,
Жамылып қара шапан асты белді».

Бұл жерде қыз абыр-дүбірден тыс өз еркіндігіне қол жеткізудің жолын іздеп, қара шапан жамылып, түн қараңғысында бел асып кеткені сөз болады.  Дастанның кейінгі бөлімінде:

«Жамылып қара шапан кезең асты,
Қолына ап жаулығымен көзін басты.
«Жасаған, жаның маған ашымады-ау»,

– деді де мөлтілдетіп төкті жасты».

Қази сол кеткеннен іңір құшағына жұтылып, ауыл сыртындағы белден асып барып, биік қара жартастың ұшпа басына шығады. Жан ұшырған қыз биікте тұрып, көзінің жасын көлдетіп, бейшаралық халін шер ғып төгеді. Мұны іңірде дыр-ду, той күйбеңінің тіршілігіндегі ауыл сезбейді. Өмір қызығынан мүлде суынған қыз зар шегіп тұрып, жас өмірімен, елімен, жерімен қоштасады. Көз бұлауына  көмілген анасын ойлайды. Ақыры кең әлемнен бір басына еркін өмір сүрерлік мекен таппағанын ішіне бүгіп, бар қайратын бойына жиып алып:

«Қош, апа! Арадағы аялаған,
Мені ойлап қасіретке сіз қаласыз» – деп, көз жасын көлдетіп, біраз тұрады да:

«Тәтті анам, көркем жерім бездім сенен...» –
деп, өмірмен соңғы рет қоштасып:

«Қош енді, ұлан байтақ көркем дала,
Мен болдым өмірімде сорлы бала.
Еңкейіп құз жартастан ұша беріп,
Шырқырап зар еңірейді: «қош, қош ана!».
Күңіреніп тау мен тас та «қош, қош!» деді,
Қазидың дүниеден бітті кегі.
Қапалы қара түнде тастан ұшып,
Боп жатты арша ішінде құзғын жемі».

Құзжартастан құлады. Сол кеште жоғалған қыздың дерегі табылмайды. Жыл уағына дейін өлімтігінен де хабар болмайды. Ел аузындағы әртүрлі жорамалдың бәрі бос сөзге айналады.

Айналып жыл өткенде сол үйдің Жайбасар атты қойшысы мал бағып жүріп, арқа тастан қураған сүйекті көріп, бұл не қылған сүйек деп, маңайлап қарап жүріп, тот басқан екі білезікті тауып алады. Жайбасар екі білезікті қыздың шешесіне әкеліп беріп, көргенін айтады. Бұл жайдан маңайдағы ел хабарланады. Молдалар Қазидың саудыраған сүйегін жидырып, дорбаға салғызып әкелдіріп, жаназасын шығарады.

Қазидың шешесі қалған малды жалғыз қыздан несін аяймын деп, қызының педиясы мен схатына жұмсайды. Кеше Ақжолға зорлықпен қоспақ болған молдалар енді оның схаты мен педиясына құлқындарын мейлінше тойғызады. Дастанның соңында ақын:

«Құлақты қақ жарғандай болды азаны,
Молданың көтеріліп кең сазаны.
Арттан бір сыбырлаған дауыс шықты,
«Бейшара осы жасқа кім жазалы?» – деп, ескіліктің құрбаны болғандарға «Кім жазалы?» деген сұрақ қояды. Ақынды да кек кернеп:

«Әуелі бұған әдет-салт жазалы,
Тоқтам болып тоқтатқан шарт жазалы.
Шарттың кілтін шалдырлап байлап алған,
Шадырлықпен шатасқан қарт жазалы» – дейді. Еркіндік, теңдік, бостандық жолында құрбан болған қыз бен ұлдың қанын арқалаған би, қазы молда, қожа, дін басыларын лағнет жаудырады. Олардың ішкі пейілдерін әшкерелейді. Дастан осылайшы трагедиямен аяқталады.

Қ.Қозыбайұлы кейін прозаға ойысты. Десе де соңғы жылдары жазған өлеңдері сапа жағында алдыңғы дәуірдегі өлеңдерінен әлдеқайда жоғары болғаны әрине даусыз. Жазушы шығармашылығын Қытайдағы қазақ әдебиетінің даму тарихына кірістіре таныстыру лайық деп ойлаймыз.

Қаусылқан Қозыбайұлының прозадағы жетістігі

Қаусылқан Қозыбайұлының прозалық көркем туындылары – оның шығармашылығының екінші кезеңін құрайды. Қазіргі қазақ әдебиеті тұрғысынан қарағанда Қ.Қозыбайұлы әдебиетіміздің кейінгі өрені. Қытай қазақ әдебиеті бақшасында молынан олжа салған оны ел-жұрты өздерінің белді қаламгері Қаусылқанның шығармалары (1949 жылдан кейінгі) идеялық және көркемдік жағынан да жаңа әдебиетімізде қосылған құнды дүниелер. Өйткені ол тұста поэзия, проза, драматургия жанрларының бәріне де араласты. Десе де прозалық шығармалары жұрт назарына көбірек ілікті. Ірі Қытай қазақ проза жанрының ірге тасын қалап, шаңырағын көтерушілердің бірі болды. Оның жазған кейбір әңгімелері Қытайдағы аз ұлттар әдебиетіндегі проза жанрының озық үлгісіне айналды.

Қаламгердің «Алғашқы адымда» әңгімесімен бастаған алуан тақырыптағы әңгіме, драма, очерк, шалқымалары өмір жаңалығын өзек етіп, типтік образдар жасауымен ерекшеленіп, Қытай қазақ әдебиетінде ғана емес, бүкіл Қытай әдебиетінде де өзіндік орын алды. Оның шығармалары басқа ұлт тілдеріне аударылып, өзге елдерге де танылды.

«Алғашқы адымда» қатарлы бірқанша әңгімесі қытай, ағылшын, ұйғыр, орыс тілдеріне аударылып, мемлекеттік журналдарда басылды. Қытай мемлекетіндегі осы заман жазушыларының таңдамалы әңгімелер жинағына кіріп, жоғары мектеп оқулықтарына енгізілді.

Оның әңгіме, драма, очерк, шалқымалары 1963 жылы «Алғашқы адымда» деген атпен бір жинақ, 1965 жылы «Ауыл көктемі» деген атпен қытай тілінде бір жинақ болып баспадан жарық көрді.

Проза жанрында қаламгер – жаңа өмірдің кең тынысын, сан-саласын, ойы мен қырын қоғамдық өзгерістердің бел-белестерін, оның қойнауында болған ірі-ірі оқиғалармен көркемдеп беруімен оқырмандар ықыласына бөленді.

Ол кербақпа идея, керанау ойдың иелерін аяусыз ажуалады. Тың тіршілікке сүйінді. Уақыт ағымына сай дара образдар жасады.

«Алғашқы адымда» әңгімесінде жазушы Қытайдағы қоғамдық жаңа өзгерістері мол дабыралы жылдарындағы жекеменшікке көшудегі социалистік жолдың өзгертіп, коллективті кооперацияластыру әрекеттерін, өзге қаламгерлерден бұрын, алғашқы болып шығармасына арқау етті. Әрі жат пиғылдарға аяусыз соққы берді. Жаңа қоғам адамдарының белсенді істерін мадақтайды.

Кооперацияласу ісі басталып, халық қауырт соған жұмылып, ауыл-шаруашылығындағы коллективтендіруге беттегенде Жапалақ өзінің алдындағы бес-алты қараң-құраңын оған қосуға қимай шегіншектейді. Ол осы малдың өсімімен отбасын асырайтын пайда табамын деп есеп қиюластырады.

Ал оның әйелі Мәрия осы аз қараң-құраң алғашқы мойынсерікке бірлескеннен кейін ғана қораға келгенін айтып, қолдап, ақылы таяздау, күйгелек күйеуі Жапалаққа жөн сілтейді. Әйелдің бұл зердесін таныған Уаң Ли мен осы игілікті жұмысқа бастамақшылық жасап жүрген Асқар Мәрияға ризашылық танытады. Ол көптің қолдауына ие болып, кооперацияның алқа мүшелерінің бірі болып сайланады.

Жұмыс өнімді жүреді. Жан-жары арқылы Жапалаққа да үгіт, насихат жұмысы жүргізіледі. Осы тұста ауыл адамдарын күні бүгінге дейін езіп-қанап келген бай Құдияр бұл жаңалыққа қарсылық танытады. Ол Жапалақтың аңғалдығын, қорасындағы қараң-құраңын қимай жүргенін естиді. Әрі  Жапалақтың әйелі Мәрия көрікті де ақылды, саналы болғандықтан Уаң Ли мен Асқардың оны тәрбиелеп жүргенін Жапалаққа керісінше жамандыққа жори түсіндіріп, оның қызғанышын қоздырады. Мәрияның бірнеше жылдан бері бала көтермей жүріп, осы жұмысқа араласып, Асқармен жақындасқаннан кейін құрсақты болуы Асқармен ашыналығынан деп, Жапалақтың қызғанышына тағы да от көсейді.

Бұны естіген Жапалақ Асқарға тісін басып, өшігеді. Адал жан-жары Мәрия екеуінің арасына от түседі, арақатынасы өзгереді.

Құдияр кездескен сайын Жапалақтың басын айналдырып, оны өзіне әбден бас шұлғытып алып: «Асқар Уаң Лидың асыранды қырғиы. Бұдан былай қытайлардан іргеңді аулақ ұста. Әкем марқұм тақуа, софы адам еді. Қытайлармен ыдыс-аяғыңды араластырсаң, ластанасың дейтін», – деп, Жапалақты жүнжітіп жібереді.

Мысық тілеулес Құдияр Жапалақты Асқарға жауықтырып, енді кооперациядан елді бездіру, ұлттар арасына бүлік салу әрекетіне оны айдап салып, сыртынан бақылайды.

Құдиярға имандай ұйыған Жапалақ ауырдым деп, еңбекке де, жиынға да бармай, үйіне жатып алып, түн жастанып кооперация ұжымының мүлкін қиратуға кіріседі. Ол Асқар бастаған ұжымның бұлығының бір дөңгелегін түнде барып, шығарып алып, жерге көміп тастайды.

Ол Асқарға жау ыққаны сонша, оның соңынан ізін аңдыды. Кооперация бас алқаларының жиынының маңызы өзіне түсіндіруге Мәриямен бірге үйіне келген Асқарды сыртынан бағып тұрып, үйіне іле-шала, соңдарынан кірген ол: «Мәриямен бірге жатқанда ұстап алдым» деп, жанжал шығарып, ауылдан бөліне көшеді. Құдиярдың берген ақылымен бір шалғайда жалғыз үй отырады. Мәрия босанғаннан соң, баласының өзіне тартқанын өңінен көріп, балаға, Мәрияға жібиін десе де Құдияр «бала сенікі емес, түріне алданба» деп, тағы азғырады. Бұл әрекеттің арғы сырын Мәрия аңғарып, бәрін бүлдіріп жүрген Құдияр екенін кооперацияға мәлімдейді. Құдияр қолға алынады. Жапалақ қателігін түсініп қосылады.

Әңгіменің оқиғасы тартымды, құрылымы шымыр, тілі көркем.

Қ.Қозыбайұлының әңгімелері мен драмаларындағы типтік образдар

Қаусылқан Қозыбайұлы «Шағылған төсек» атты комедиясында ескіліктің етегіне ошағандай жармасып, діндік бұғау шырмауына маталып, жаңа адамдарға күдікпен қарап, оқу десе басы ауыратын Өрікбайды мысқылды күлкіге айналдырады.

Қаламгер «Он жылдықтың озаты» әңгімесінде сол уақыттағы жаңа адамдардың үздік идеясы мен еңбектегі озық жетістіктерін өзгелерге үлгі етті. «Тамаша өмір» әңгімесінде әр ұлт халықтарының бірлігін ту етіп көтеріп, ұлттар достығының ел экономикасын жетілдіруге қосқан үлесін марапаттады.

Талант иесі «Қырықбай» атты комедиясы мен «Хат» әңгімесінде жаңа өмірдегі жұрт үстінен пайда тапқыш, суыққолдыларды аяусыз сын тезіне алады. Ал «Рас па әке?» әңгімесінде «Солақай саясаттың» ел тіршілігін торғайдай тоздырып отырғанын ашына күлкіге айналдырды. Ол, әсіресе, сасаттағы асыра сілтеудің салдарынан азап шеккен халық бұқарасы мен зиялылар қауымына қабырғасы қайысты. Енді Қаусылқанның әңгімелеріндегі көркемдікті саралап көрейік.

Жазушы «Алғашқы адымда» әңгімесіндегі жаңа қоғамның жаңа тынысын сезінген Мәрия, оған кері бүлдіргіш Құдияр, «Он жылдықтың озатындағы» еңбек майданындағы Тиянақ пен Дәметкен, олардың қарсыластары Нұрғали, «Шағылған төсек» комедиясындағы Өрікбай, «Хат» әңгімесіндегі Күлай, «Қырықбай» комедиясындағы Қырықбай, «Рас па әке?» әңгімесіндегі шынайы еңбек өкілі Төлеубай, оның адымын аштырғысы келмейтін «Сарықұлақ» дұйжаң, (отряд басшысы) тағы басқа шығармаларындағы көптеген кейіпкерлері өмір шындығынан сұрыпталған типтік тұлғалар. Бұлар қатаң талғамнан, жазушы шеберлігімен дүниеге келтірілген образдар. Кейбірі қоғамдық белсенділігімен көзге түссе, келесісі адал махаббаттың құрбандары.  Өшпенділік пен жиіркеніш туғызатын, жаңа дәуірге жат пиғылдар да ел арасында болған, болуға тиіс кейіпкерлер.

Осылардың ішінде «Алғашқы адымдадағы» Мәрия образына ой жүгіртейікші. Ол Құдиярдың сөзімен айтқанда Жапалақтың бағына жолыққан жан. Ол өң десе өңі бар, мінезі биязы, биік талғамды, өзіндік өрелік ойы бар келіншек. Өсек-аяңға желп ете қоймайтын, ұстамды, сабырлы әйел. Ол аңғал да күйгелек қосағы Жапалаққа адал. Ол өресі тар күйеуінің теріс әрекеттеріне де сабырмен төзе біледі. Асықпай іс-әрекеттің соңын бағып, парасат, пайымымен бәрін де орын-орынына келтіреді. Мәрия өз ортасында сол ортадағы қайшылықтар күресінің жеңімпазы ретінде бірге есейіп, санасы жетіліп келе жатқан белсенді. Оның қателікке жаны қас, бірақ оны да өзі-өзін танығанша қате біледі. Ерлі-зайыптылық тұрғысынан қарамайды.

Мәрияның характері жаңаша өмірге, өркен жая бастаған қоғамға, ел бірлігіне, ұлттар ынтымақтығына қарсы әрекет жасаушы Құдияр тектес адамдарға қарсы күрес барысында ашылады. Мәрия қазақ сахарасындағы көзі ашық, көкірегі ояу, ұжымға адал, артқа қарап, алдыға озып бара жатқан қарапайым ауыл әйелінің шоқтығы жоғары типі.

«Он жылдықтың озаттарындағы» Тиянақ жасы ұлғайған адам болса да, қажырлылықпен баққан қойларынан жыл сайын көп төл алып, былайғыларға үлгі көрсетеді. Ол өз өмірін әбден қадірлейді. Өмір тәжірибесін дәуіріне тарту еткен, коллективтің мүлкіне өз мүлкіндей қарайтын кіршіксіз, адал жүректі, озат шопан. Ал оның қызы Дәметкен – өмірдің тепкісінен құтылып, теңдікке қолы жеткен, жаңа дәуірге, жаңа тұрмысқа шынайы риза, зерделі де қайратты, колхоздасқан жаңа ауылдағы озық, ойлы әйелдердің бірі. Бұлар жазушы Қ.Қозыбайұлының қаламынан туған ұнамды кейіпкерлердің көрнекті тұлғалары.

Енді ел өміріндегі жаңалық атаулыны мойындағысы келмейтін өркеуде кейіпкерлер де баршылық. Олардың көпшілігі қайшылықты қақтығыстар кезінде бой көрсетеді. Қаламгердің  «Алғашқы адымда» әңгімесіндегі Құдияр жаңа дәуірге, қоғамдық саясатқа барынша қарсы, айлалы кейіпкер. Ол өзі жарымжан болса да, әйелқұмар. Қызғаншақ мінезді Жапалақ сындыларды илеуіне тез көндіреді. Былйша айтқанда өз ойындағысын жүзеге асыра білетін ықпалды бейне

«Он жылдықтың озатындағы» Нұрғали да жаңа қоғамға деген қарсылығын қайтыс болып, алжасып жүрген, жасы егде тартқан Шәріптің шалақойлығын сәтті пайдаланып, қарсылық әрекеттерді соның қолымен жасатады. Күрес үстінде кімнің дос, кімнің қас екені айғақталады.

Қ.Қозыбайұлының шығармаларындағы ұнамды-ұнамсыз кейіпкерлер әралуан оқиғалар қақтығысы кезінде жақ-жаққа іріктеліп, қайсыбір күлкі обьектісіне айналдырғандар да өз орталарына қарай ыңғайласады. Әрине, мұның бәрі жазу шеберлігімен дараланған образдар.

Ұнамды кейіпкерлер жұртшылықты сүйіндіріп, ұнамсыз кейіпкерлер жиіркендіріп, өзгермелі кейіпкерлер аражікті ашып-қосу қызметін атқарады.

«Рас па әке?» атты «Мәдениет зор төңкерісі» тақырыбына жазылған, қысқа әңгімесінде жазушы Сарықұлақ дүйжаң (отряд басшысы) характерін даралай ерекшелеуі расында шебер. Сарықұлақ сол отрядтағы қарапайым халық бұқарасының тілімен айтқанда «ар-ұяттан үш күн бұрын емес, үш жыл бұрын туған, араққа абыройын берген мансаптың құлы». Оған ардың, ұяттың еш керегі жоқ. Ол кісілік мансапта ғана деп түсінеді. Оның танымында адам болу үшін мансабың болуы керек. Ал қарапайым адам мансапты адамнан бағыныштың құлы. Сарықұлақ содырлық, дөрекілік, орашолақтық, ақымақтық, топастық, тоғышарлық мансапты адамның басында деп қабылдайды. Жоғарыда айтылған мінездер тек қарапайым бұқарада ғана тән деп өз басына маңайлатпады. Сондықтан ол өзі не істесе де жарасымды, әрі дұрыс деп сезінеді. Бұқарамен байланысындағы сорақылығына басқалар күлсе де тым биязылығы мен сүйкімділігімді сақтадым деп білген. Әрі өзін бұқарадан жоғары, мәдениетті, білімді сезінетін. Ол өзін сайқымазақ етіп тұрған елге қарата: «Бұл неткен әдепсіздік, ұятсыздық?» – деп, көк шегір көзін ойнатып, ежірейді. Міне, бұл Сарықұлаққа тиісті даралық. Қаусылқан кейіпкерлерді типтендіруге де, даралауға да шебер жазушы. Сарықұлақтың даралық мінезі Лу Шүннің кейіпкері АQ-дың даралық характерін еске түсіреді. Қ.Қозыбайұлының шығармашылық тұрғыдан жетілуі Қытайдың қазақ прозасында беделді орны бар көрнекті әңгіме жазатын қаламгер екенін дәлелдеп-ақ тұр.

Оның кейіпкерлерінің арасында сыналғандары да өмірдегі өз орнын айғақтаған. Ол керітартпа, өркеуде, діни салт-сананың шырмауынан құтыла алмай жүнжігендерді етек басты қалақтықты, пайдакүнем обырлар мен топастықты, көпшілік арасына от салғыш бүлдіргілерді жеріне жете әшкерелеп, олардың портретін типтендіре ойнатқан. Талант иесінің әңгімелері мен комедияларындағы Жапалақ пен Шәріп, Биғайша мен Күлай және күлкілі кейіпкерлер Өрікбай мен Қырықбайлар оқырмандар көкейінде сақталып қалады.

Қаусылқан Қозыбайұлының образ жасау ерекшелігі

Қаусылқан Қозыбайұлы –  өзінің әңгімелері мен комедияларының, өткір памфлеттерімен очерктерінің көркемділігімен танылған дарынды қаламгер. Әрі өзгелерге ұқсамайтын жеке бас стилімен ерекшеленіп, тұрғылас жазушылары ортасынан ойып орын алған талант иесі.

– Қаусылқан – типтік образдарды тұлғаландыруда кейіпкерлерді тікелей, жанама әрі қосалқы суреттеулермен байытуға төселген жазушы.

Шығармада типтік кейіпкерлерді ортақтықта даралай суреттеудің екі түрлі амалы бар. Оның бірі – тікелей, бірі – қосалқы суреттеу. Тікелей суреттеуге – кейіпкерлердің қабілетін, келбетін, тілін, қимыл-әрекетін, көңіл күйін суреттеу, түйіндей айтқанда портретін жасау жатады. Ал қосалқы суреттеу деп – баяндаушы аузынан кейіпкердің өмірбаянын, әлеуметтік жай- күйін идеялық көзқарасын, азаматтық ұстанымын айтқызу арқылы кейіпкерлерге сипаттама беруді айтамыз. Қаусылқанның шығармаларында бұл әдістер жақсы қалыптасқан. Мысалы, автор Мәрияның портретін былай береді: «Күміс жүзікке орнатқандай қара меруерттей көзі, «жұп-жұмыр ақ тамағы», «толықтау келген орта бойы бар», өңді әйел («Алғашқы адымда»). Және «Осы сіз ойлаған ой менде болғаны қашан, айтайын десем жасқанам», – деп, Шәріп Нұрғалиға сүмірейе қарап,  «Жас баланың өкшесіндей қылтан бітпеген қызыл иегін уқалай берді» («Он жылдықтың озаты»).

«Оның қуанғаны соншалық, ыржиып күлгенде көйкиіп тұратын тақыр иегін үстіңгі ерніне жар қабақтай төніп тұратын ұзын имек мұрны қосылып кете жаздады» т.б. Біз сыртқы суреттер арқылы кейіпкерлер мен жақын танысып отырамыз.

Тарлан талант иесінің кейіпкерлерді тікелей суреттеуіндегі тағы бір ерекшелік – оның ішкі және сыртқы әлемін жымдастыра кейіптеу тәсілі. Жазушы  құбылмалы кейіпкерлер жасауда да түрлі әдістер пайдаланады. Оның жазудағы осындай шеберлік әдістерін оқырмандар өте жақсы қабылдайды.

Әсіресе, тікелей суреттеулерде кейіпкерлердің ішкі дүниесін ашу – кез келген қалам иесіне оңайға түспейтін бұраңы мол қиынырақ тәсіл. Қашан да психологиялық мінездеу сол кейіпкерлердің характерін толық айшықтаудың негізгі шарты. Қ.Қозыбайұлының шығармаларындағы кейіпкерлері осы психологиялық көңіл күймен де бізге танымал болып отырады. Бұған мысал, Жапалақтың бұлқан-талқан болып, бойын ашу керінеп, ауылынан бөліне көшіп, көліктерін асықтыра айдап, ауық-ауық артына қарап қойып, онда да үмітпен емес, күдікпен қарап кетіп бара жатқандағы көңіл күйінің суреті оның сыртқы құбылысындағы оқыс белгілерінің бірі. Оның бурыл басының отқа күйгендей дуылдары ішкі дүниесіндегі қайшылықтың толғағы жеткенде сыртқа тепкен құбылысы ғой.

Жазушы Жапалақтың ішкі дүниесіндегі бұлқыныстың шиеленістің шегіне жеткен кездегі сыртқы әрекетіндегі «дәретім болмаса да, мына жаңа тілегім үшін тәйем соғып болса да оқиын деп, жүгініп отыра қалып, жер ошақ қазған бұқадай екі алақанымен топырақты бұрқылдата жөнелді» қатарлы суреттеулер арқылы оның характерінің ішкі дүниесін толық ашқан. Бұл суреттер арқылы оның мінезінен мынаны анық көруге болады. Күйгелектік Жапалақтың аңғалдығына желкелеп мініп, оның тұлғасына бояу болып жағылған. Біз оның шығармадағы образынан осы суреттер арқылы, бойында кемшілігі бола тұрса да жүрегінде көмескі, көлеңкелі бүкпесі жоқ адам екендігін сезінеміз. Сондықтан оның міні зілсіз күлкі шақырта отырып, оған деген тілектестікке итермелейді. Оның кооперациядан бөліне көшуі Құдиярдың қолтығына су бүркуі мен Асқарды дұрыс түсінбеуінен ғана еді.  Оны барлық қателікке ұрындыратын бойындағы аңқаулығы. Біз Жапалақтың бұл мінезін оның жандүниесін қаламгердің толымды суреттеуі арқылы әбден танимыз. Жапалақтың көңілкүй өзгерістері айнадағыдай жарқырады.

Жазушы көңіл күйдегі толқуларды табиғат суретімен де жымдастыра астастырады. Табиғат суреті туралы Мау Дун «Қаншама әсерлі шықса да ол көрініс кейіпкердің көзқарасын сол сәттегі оның рухты әлемімен ұштастыра алмаса, ол пейзажды тірілте алмаған болып қалады. Табиғат құбылыстарының суреті, сондай-ақ үй-жай бұйымдарының көріністері кейіпкер образын молықтыруға дәнекер болуы тиіс», – дейді.

Мәселен, «Қас қарайып келеді, тақыр дала, жел барған сайын елеуреп, аспанда бұлт қоюланып, ұшқындап қар да түсе бастады. Көк прашкеге дәу болып тиелген көкпеңбек тотияйындай пішеннің үстіне отырып алған Дәметкен қара жолмен тартып келеді. Бұлт үйіріліп, боран бұрқанған сайын, Дәметкеннің де қабағы түйіліп, күдігі күшейе бастады» («Он жылдықтың озаты»). «Қарлы боран барған сайын ереулеп, түңдігі жоқ шаңырақтан жынын бүріккен бурадай қарды орап әкеп отқа бүркеді. Маздап жанған қызыл жалын оған пішу деп қана жауап қайырады» деген табиғат суреттері кейіпкердің көңіл күйін аша түсуде шебер пайдаланылған.

Ал енді жазушының типтік кейіпкерлерді даралаудағы қосалқы сурет арқылы адамның характерін ашу шеберлігіне көз жіберейікші.

Мысалы, «Он жылдықтың озатындағы» Тиянақтың қызы Дәметкен ауыл әйелдерінің ішінен шыққан белсенді кадр. Жазушы осы кейіпкердің тарихын Нұрғали мен Шәріптің диалогы арқылы шебер берген. Осы екеуің «апама жездем сай» емессіңдер ме, сен бір қамшының сабын сындырып, ол бір қазанның құлағын ұстап шығып отыр», «Қораңда қойың, өрісте жылқың жатқанда сен қай кедейге барып «қызыңды бер» деп жалбарынып едің, сенің лебіңді байдан қайтқан бір қатын түгіл, он бес жастағы қыз қайтарып көріп пе еді. Шіркін, мына бір байдан қайтып келіп отырған қасаң байталдың бағыңды басқа теуіп отырғанын көрдің бе? –деп, «кейіп отырған адамдай ауыр күрсінді, қабағы да түсіп кетті» деген суреттер қосалқы суреттер. Бұнда жазушы бір жағынан Дәметкеннің тарихи жағдайын, өскен ортасын, тағы бір жағынан Нұрғали мен Шәріптің ішкі әлемін аша түскен.

2) Қаусылқан Қозыбайұлының шығармаларындағы типтік характерлер көркем тіл арқылы сәтті дараланған.

Әдеби шығармаларындағы типтік кейіпкерлер жазушының тілі арқылы да тірі тұлғалығын таныта алады. М. Горький: «Әдебиеттің көрнекті қаруы сөз, көркем сөз, біздің барлық жан дүниемізді, жан-жақтылы әсерлі сезімдерімізді, қимылдарымызды бейнелейді. Әдебиет ол сөздің көмегі мен жанды суретке айналған көркемөнер, сөздің терең мағына, толық образбен тұлғалануы, қаншалықты қарапайым, түсінікті, айшықты болса, суреттелген құбылыстың адамға әсер беруі, адамның характерін бейнелеуі, әсіресе адамдар ортасындағы қарым-қатынасты суреттеуі соншалықты шынайы бекем бола бермек», – деген еді. Осы тұрғыда бағалап Қ.Қозыбайұлы өзінің тіл байлығымен де суреткер. Жазушы Қ.Қозыбайұлы ең алдымен шығарма кейіпкерлерін тұрқы, дүниетанымы бойынша сөйлетіп, кейіпкер мінезін ашады. Мысалы, «Көп адамдар кедейдің бөктеріншегінде болып кетті», «Ой, тәйір, мына заманның бізден қыры кетіп тұрғаны болмаса, қырықтағы сен түгіл, алпыстағы мен де он бестегі қызды алмас па едім?!», «Асқар ғой олардың ұшырып отырған қырғиы», «Сен бір қамшының сабын сындырып отырсаң да... Ол бір қазанның құлағын ұстап шығып отыр» – деген Нұрғалидың сөзінен оның жан дүниесін, жас шамасын, бет-бейнесін көз алдымызға елестетеміз. Жазушы қарапайым қазақ тілі арқылы өз кейіпкерлерін жеке-жеке тұлғалап, ағынан жарыла сөйлетіп, іс-әрекет барысында кімнің кім екенін танытады.

Қаламгер шығармаларында халық тілін, мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді орны-орнымен пайдаланып, кейіпкерлерінің ұлтқа тән тыныс-тіршілігін, арман- мүддесін, таным-талғамды бөлекшелейді. Сондықтан оның сөйлем құраудағы мақал-мәтелдері мен қанатты сөздері жүйесін тауып, суреттерін көріктендіріп, ұлттық бояуын айқындай түседі. Қаламгердің «Білегі бір саусақтың, тілегі бір», «Секеңдеген жігіттің серкешінің соры», «Айында тапқан жігіттен, жылында құлындаған бие артық», «Мұрнына жарай іскегі, сабасына қарай піспегі», «Құзғынның құлқыны тойса да, шұқылауын қоймайды», «Жаман қызыңды мақтансын десең алысқа бер», «Ашық әйелден ақымақ ер дәметіпті» деген секілді шешендік тіркес, сөйлемдері, мысқылға толы эпитет, теңеу, метафролары, көркем кейіптеулері оның суреткерлік шеберлігінің тамаша үлгісі.

Ахметбек Кіршібай

Автордың «ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қытайдағы қазақ әдебиеті» кітабынан аударып дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1006