Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2960 0 пікір 10 Қаңтар, 2014 сағат 20:32

Бейсенбай Дәулетұлы. Мұнайшылар ішіндегі математик

1-сурет. Тимур Ихсанов Елбасы Н.Назарбаевқа ғылыми жобаны таныстыруда. Астана, 2002 жыл.

2-сурет. Дүниежүзілік банк пен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен жобасының кеңесшісі Тимур Ихсанов. Астана, 2014 жыл.

 

Есіл-дерті – есеп

Тимурдың арифметикаға деген құштарлығы бала күнінен басталған. Математика пәнінің мұғалімі сыныпқа кіргеннен-ақ өзгелер есіней бастаса, бұның есіл-дерті бірден есепке ауатын. Әрине, түптің-түбінде  осы пән өмір жолын оңға бағыттайтынын ол кезде білген жоқ еді.

Есептен ешкімге есе жібермеген оқушы 8-сыныпта Ақтөбедегі қазақ-түрік лицейіне құжат тапсырып, бәсекелестері арасынан озып шықты. Қатарластарына қарағанда алғыр оқушы міндетті сабақты оңай-ақ меңгерді. Сондықтан оның бос уақыты жетіп-артылатын. Пән оқулықтарын күні бойы құшақтап, қайталап оқу әдетінде жоқ. Мұғалімдердің тапсырмасын орындаған соң күнделікті бағдарламадан бөлек түрік, ағылшын тілдерін үйренуге құлшына кірісті. Кіл жүйріктерді іріктеп алған таңдаулы оқу ордасының ұстаздары көп ұзамай-ақ Ихсановтың алгебрадан алдына жан салмайтын алғырлығына тәнті болды.  Көп ұзамай оны ғылыми жобалармен айналысуға шақырды.

1-сурет. Тимур Ихсанов Елбасы Н.Назарбаевқа ғылыми жобаны таныстыруда. Астана, 2002 жыл.

2-сурет. Дүниежүзілік банк пен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен жобасының кеңесшісі Тимур Ихсанов. Астана, 2014 жыл.

 

Есіл-дерті – есеп

Тимурдың арифметикаға деген құштарлығы бала күнінен басталған. Математика пәнінің мұғалімі сыныпқа кіргеннен-ақ өзгелер есіней бастаса, бұның есіл-дерті бірден есепке ауатын. Әрине, түптің-түбінде  осы пән өмір жолын оңға бағыттайтынын ол кезде білген жоқ еді.

Есептен ешкімге есе жібермеген оқушы 8-сыныпта Ақтөбедегі қазақ-түрік лицейіне құжат тапсырып, бәсекелестері арасынан озып шықты. Қатарластарына қарағанда алғыр оқушы міндетті сабақты оңай-ақ меңгерді. Сондықтан оның бос уақыты жетіп-артылатын. Пән оқулықтарын күні бойы құшақтап, қайталап оқу әдетінде жоқ. Мұғалімдердің тапсырмасын орындаған соң күнделікті бағдарламадан бөлек түрік, ағылшын тілдерін үйренуге құлшына кірісті. Кіл жүйріктерді іріктеп алған таңдаулы оқу ордасының ұстаздары көп ұзамай-ақ Ихсановтың алгебрадан алдына жан салмайтын алғырлығына тәнті болды.  Көп ұзамай оны ғылыми жобалармен айналысуға шақырды.

Міне, осы сәттен бастап өзінің бағытын тапқан баланың бағы жанды. Бас-аяғы бір жылдың ішінде дайындаған жобасы облыста теңдессіз деп танылып, 2001 жылы Алматыға аттанды. Математикадан халықаралық жобалар жарысында Тимур Ихсанов ұсынған ғылыми жоба небір ғұлама математиктердің таңдайын қақтырып,  бас жүлде мен алтын медальдің иегері атанды.

Қалыптасқан дәстүрге сай халықаралық деңгейде топ жарған талантты ұландармен Қазақстан Президентінің жыл сайын жүздесетіні бар еді. Сол үрдіске сай әр аймақта елдің атын шығарған оқушылар Павлодар қаласына жиналды. Қалың көпшілікпен бірге Тимур да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты алғаш рет жақыннан көрді. Өзіне Президенттің «Алғыс хаты» тапсырылғанда бойын керемет қуаныш сезімі биледі.

Ақтөбеге оралып, облыс әкімінің, лицей басшылығының марапатын иеленген соң осы қошеметтің барлығына жеткізген математикаға деген құштарлығы арта түсті. Осыдан кейін талпынысы еселеніп, ғылыми жобасын жан-жақты жетілдіруге кірісті.

 

Жеңіске жеткізген жобалар

Математикадан халықаралық жобалар жарысының шарты бойынша жеңісті жолды жалғастырғыңыз келсе, жасаған дүниеңізге жаңалық қосуға тиіссіз. Жаратылысты тануға құштар жасөспірім келер жылғы жарысқа да жан-жақты дайындалды. Оның үстіне дарынды балалардың кезекті бәсекесі Астанада өтетін болды. Әлемнің әр түкпірінен келетін талантты ұландармен білім таластыру, ақыл-ой оздыру оңайға түспесі анық. Тимур Қазақ елінің абыройын қорғап, беделін биіктетудің барлық жауапкершілігі бір өзіне тапсырылғандай тас-түйін болып бекінді.

Жаңа оқу жылының қоңырауы соғылғаннан кейін үш апта өткен соң біздің кейіпкер ғылыми жетекшілерімен бірге елордаға жетті. Бір қызығы, министрліктің жауапты қызметкерлері математикадан халықаралық жобалар жарысына Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың өзі қатысып, көрмені аралайтындығын айтқанда бәрі таңғалды. Енді ше, әдетте мектеп оқушылары тың жобаларын әрі кеткенде атақты ғалымдардың алдында ғана таныстыратын. Соның өзінде «Қай тұстан қате табар екен?» деп қатты толқитын. Қанша жерден «данышпан» болсаң да, өзіңше жаңалық деп ашқан дүниеңді Президентке көрсетіп, түсіндіріп беруге білімің мен сабырың жете ме?

– Басқалар сияқты мені де министрліктен жеткен ақпарат қобалжытып тастады. Өзімді-өзім жанып, санамды сергек ұстауға тырысып жүрмін. Алайда Астанадағы Салтанат сарайында дайындалған көрме залына 25 қыркүйек күні Нұрсұлтан Әбішұлы кіріп келгенде, қаншама уақыттан бері көкірегімде сайрап тұрған жобамды ұмытып қала жаздадым – дейді Тимур Ихсанов. – Ол кезде 10-сыныпта оқитынмын. Дегенмен танысуды шеттен бастағандықтан маған жеткенше толқынысымды аздап басып, айтар сөзімді жұптап қойдым. Елбасы озық ойлы, бөлек болмысты зерек замандастарымның ой-қиялына қанат бітіріп, жасаған дүниелерін аса қызығушылықпен қарады. Маған жақындаған кезде сәлемдесіп, өзімнің жаңалығымды жеткізуге кірістім. Қолданбалы математикадан таңдаған «Теория сити» деп аталатын   жобам бойынша қала ішінде қысқа уақыт аралығында аз күш жұмсап, күдікті адамды қалай ұстауға болатынын дәлелдеп көрсетуім керек еді. Ептеп шатасқаным болмаса, ойымды түсіндіре алған сияқтымын. Артынша ол кісі бірнеше сұрақ қойып, оған да жауап қайтарып үлгердім. Тіптен Елбасы менің тапқырлығыма риза кейіппен: «Тимур, еңбегің тәп-тәуір, сәттілік тілеймін. Ізденісіңді тоқтатпай, жалғастыра бер. Қап, Ішкі істер министрін ертіп шықпағанымды қарашы, сенің жаңалығыңды соған көрсету керек еді. Бұл соларға қажет қой» дегенде төңіректе тұрғандардың барлығы ду күлді.

 

«Ел ауған жаққа бақ ауады!»

Талапшыл жастардың ізденімпаздығына Елбасының ерекше көңіл бөлуі бекер емес. Тәуелсіз Қазақстанды өркениет көшіне сай төрт құбыласы тең елге айналдыру жас ұрпақтың  қолында. Жалаң қолмен жау алатын баяғы заман өткен. Кемел ойлап, кең пішетін жаңа толқынның заманауи үдерістерге үн қосып, технологияның үздігін табатын талпынысын қолдау керек. Осы жолы да біздің кейіпкеріміздің жобасы жоғары бағаланып, екінші рет жеңімпаз атанды.

Тимур – бір үйдің жалғыз ұлы. Алыс-жақын жұрт Ихсановтарды  «мұнайшылар династиясы» деп атайды. Әкесі отыз жылдан бері мұнай өндірісі саласында жұмыс істейді. Атасы Қайырғазы да бүкіл ғұмырын осы кәсіпке арнаған адам. Туған-туыс қазақ-түрік лицейін «Алтын белгімен» аяқтаған жалғыз ұл да әулетке тән мамандықты таңдайтын шығар деп үміттенетін еді. Жеме-жемге келгенде олай болмады. Қазақстан менеджмент, экономика және болжам институтына (КИМЭП) қаржы мамандығы бойынша оқуға түсті.

Бес жыл сынаптай сырғып өте шыққанда отбасындағылар диплом алған жалғыз ұл қара шаңыраққа қайта оралар деп күткен. Жоқ, бұлай болмады, өзге құрдастары секілді ол да Астанаға келді. Елордаға қарай жөңкіле көшіп жатқан әлдебіреулердің аузынан естіген сөзі бар еді.  «Ел ауған жаққа бақ ауады!». Сол астары терең тәмсілді жанына жұбаныш етіп, әлденеден қалып кетердей асыға жеткенімен мұнда құшағын айқара ашып, күтіп отырған ешкімді көрмеді. Алайда білімі мен іскерлігіне сенген жігіт Елордаға жеткізген екпінін жоғалтпастан бірнеше компанияларға резюмесін жолдап, әңгімелесуден өтті. Біріне бұл ұнамаса, кейбірін өзі қаламады. Ең бастысы, рухын түсірмеді. Дүниежүзілік банктің Астанадағы арнайы жобасын жүзеге асыру үшін кадрлар іріктеліп жатқаны туралы хабарды естіп, салып ұрып сонда барды. Белгіленген мерзімде білікті мамандардан құрылған комиссияның талқылауына түскен жас кадр көпшіліктің назарын бірден өзіне аударды.

 

Төрт тіл төрге шығарар

 – Елбасы жастарға үш тілді меңгеруді үнемі міндеттейді ғой. Алыс-жақын елдермен барыс-келісіміз артқаннан кейін оның өте оңды шешім екендігіне көз жеткізіп келеміз. Мен  алғашында мектепке орыс сыныбына бардым. Уақыт өте келе әкем қазақшаға ауыстырды. Ал лицей мен университетте ағылшынша мен түрікшені меңгеріп шықтым. Бәлкім төрт тілде еркін сөйлегендіктен шығар, жұмысқа орналасуда аса қиындық туындаған жоқ. Әйтпесе, Дүниежүзілік банкті білесіз ғой, мамандарға өте жоғары талаппен қарайды. Соның бәрінен сүрінбей өтіп, Дүниежүзілік банк пен Денсаулық сақтау министрлігінің әлеуметтік жобасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Негізі банк өзіне мүше мемлекеттерге әртүрлі бағыттар бойынша қарыз ақша бөледі. Біздің елдегі денсаулық сақтау жүйесіне әлемдік стандарттарды енгізіп, тиісті материалдық-техникалық базаларды орнату үшін 230 миллион АҚШ долларын ұсынған. 2015 жылға дейін жалғасатын бірлескен жоба ауқымында мен мемлекеттік сатып алу жүйесін бақылаймын. Шетелдіктермен күнделікті қызмет атқарған өте қызық. Жақын араласып кеткеніміз сонша, олар мені Түркиядағы бөлімшелеріне жоғары жалақыға жұмысқа шақырды. Барғаным жоқ. Әке-шешем қара шаңырақ иесі ретінде Ақтөбеге алдырта алмай жүргенде Анкара асып кетсем қалай болар?!

Келер жылы отызға толатын Тимур бүгінде екі баланың әкесі. Қазір кішкентай сәбиімен демалыста отырған жары Әсел – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Қазақ-түрік лицейінде дәріс берген.

Осыдан 12 жыл бұрын Елбасымен кездесіп, «Алғыс хатын» алған Тимур сол кезде көп мәселенің байыбына бара қоймағанын айтады. Таудай талабын ұштап, балаң қиялмен құрастырған ғылыми жобасына қолдау білдірген Президенттің пайымды пікірі, келелі кеңесі оған тағдырлы таңдау жасауға мүмкіндік берді. Егер Елбасымен жүздесіп, емен-жарқын сөйлеспегенде ата жолын жалғастырар ма еді, кім білсін?! Бірақ  ол  мұнайшылар әулетінің ізбасары болмағанына түк те өкінбейді. Қайта бабасы салған жүз жылдық жолды шарламай, өзінше ізденіп, тың сүрлеу тапқанына қуанады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572