Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 7744 0 пікір 12 Қаңтар, 2014 сағат 22:07

Бөрібай Кәртен. «Елім-ай» «дастаны» – былық пен шылық

                                                                                                                       

                                                                                                                       

            Соңғы уақыттарда «Елім-ай» деген «дастанды» қазақ тарихында орын алған 1723 жылғы «ақтабан шұбырынды» оқиғасын суреттеген бірден-бір шығарма деп қызу насихаттауда. Авторы Көшебе Керей Қожаберген жырау дейді. Бірақ бұған қатысты профессор Жамбыл Артықбаевтың «Қолдан қаһарман жасаудың халыққа пайдасы қанша?» деген сын-сұхбаты «Халық сөзі» басылымында (10.04. 2013 жыл) жарияланды. Тарихшы ғалым өтіріктің артын ашқан. Біз де «Алтын Орда» газетінде (26.10. 2001 жыл) «Елім-айдың» авторы да – Биғожин!» деп осы жалғандықты сынағанбыз.

             Уағыздаушы топ Ыбырай Алтынсариннің 1879 жылы Орынбордан жарық көрген «Киргизская хрестоматия» атты кітабын алға тартады. Көшебе Керей «Қожаберген» «жырау» сонда енген деп. Хош. Бұның қаншалықты шындық екенін тексерейік.

             Шоң ұстаздың осы еңбегінің «Ұсақ әңгіме-ертегілер» деген бөлімінде «Абылай хан» атауымен берілген тақырып: «Керей Қожаберген жырауға Абылай: «Мені мақтап жыр айтшы», – деді. Қожаберген айтты:

             – Абылай, сен, мен көргенде, тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің, Әбілмәмбет ағаңа қызметкер болған ұл едің; Үйсін Төле билердің түйесін баққан құл едің. Сен жиырмаға келгенде, ақ сұңқардай түледің. Алыстан тоят тіледің: ақтан болды күніңіз, арсы менен күрсіге дау таласты үніңіз, енді сіздің бұл күнде, бір көшеге сыймайды азаткерде құлыңыз», – деп қысқа ғана баяндалып өтілген (Қараңыз: Алтынсарин Ы. Қазақ хрестоматиясы (Киргизская хрестоматия). Алматы: «Білім», 2003 жыл, 13-бет).

          Куә боп отырмыз мінекей, жоғарыдағы «Керей Қожаберген жырауға...» деген сөйлемді біреулердің өз қалауларынша «Көшебе Керей Қожаберген жырау» деп өңін айналдырып өзгертіп алуларына дәлелдері қайсы?! Бұл – анығында Шұбарайғыр Қожаберген баһадүр. Керейдің Абағынан. Үнемі Абылай ханның қасында жүрген. ХVIII ғасырдағы бұлғақта. Оған айғақ – ұрпақтарында сақталынған ол тұтынған соғыс құралдары, орыс, моңғол, қытай мемлекеттері архивтерінен есімі таңбаланған құжаттардың табылуы (Қараңыз: Ә.Тарақов. Абылайдың ақ туы.// «Егемен Қазақстан». 30.07. 2008 жыл; А.Тойшанұлы. Қожаберген батырдың ақ туы.// «Дала мен қала».22.04. 2013 жыл; Ж. Артықбаев. Қолдан қаһарман жасаудың халыққа пайдасы қанша?// «Халық сөзі». 10.04. 2013 жыл). Ал жақтары талмай кейбіреулер айтып жүрген «Көшебе Керей Қожаберген» жайлы еш тарихи дерек жоқ. Тек Қаратай Биғожин дейтіннің ойдан құрап басылымдар арқылы елге таратқан қисынсыз әңгімелерін және деректану ғылымы сараптауынсыз соның негізінде  жазылған Марат Мұқановтың  қайшылыққа толы  кітабын куә қылады. Бұлар – дәлел емес! Сондықтан, ол – есімі түзіліп, атқарған қызметі баяндалған ХVIII-ХIХ ғасырдан жеткен ескі тарихи жазбалар, архивтік құжаттар арқылы айғақталуы тиіс!

           Сонымен Керей Қожаберген хан ием Абылайға айтыпты деген жаңағы өлең үзіндісіне қайта оралайық. Бұл жайлы классик һәм текстолог-ғалым Мұхтар Мағауин бүй деп тұжырым жасаған: «Керей Қожаберген деген жырау болған. Алтынсарин хрестоматиясында аты аталады, бір үзік толғауы жүр. Бірақ белгілі Бұқарды қайталайды. Мүмкін ортақ сарын. Мүмкін әуелде Қожабергенге тиесілі тіркестер. Алайда Бұқарға біржола кіріккен» (Қараңыз: М.Мағауин. «Мен». Ғұмырбаяндық хамса.// «Жұлдыз», №8, 1998 жыл).

            Демек, бұл – Абылай ханның ақылшысы болған Бұқар жырау толғауының тармақтары. Жоғарыдағы Керей Қожаберген айтыпты деген өлең үзіндісін абыз бабамыздың бүтін қазаққа аян «Ал, тілімді алмасаң...» деп басталатын шығармасымен салыстырып қарасақ бұның талассыз солай екені еш шүбәсіз. Сөзімізге куәлік берейік, бүй дейді Бұқар жырау:

                                           Ал, тілімді алмасаң,

                                           Ай, Абылай, Абылай,

                                           Сен мен көргенде

                                           Тұрымтайдай ұл едің,

                                           Түркістанда жүр едің,

                                           Әбілмәмбет патшаға

                                           Қызметкер болып тұр едің.

                                           Қалтақтап жүріп күнелтіп,

                                           Үйсін Төле билердің

                                           Түйесін баққан құл едің.

                                           Сен жиырма жасқа жеткен соң,

                                           Алтын тұғыр үстінде

                                           Ақ сұңқар құстай түледің.

                                           Дәулет құсы қонды басыңа,

                                           Қыдыр келді қасыңа.

                                           Бақ үйіне түнедің,

                                           Алыстан тоят тіледің.

                                           Қылышыңды тасқа біледің,

                                           Алмаған жауың қоймадың,

                                           Алған сайын тоймадың,

                                           Несібеңді жаттан тіледің...

           Толғау осылай кете береді, соза бермей аттамалап пікір өзегіне айналған тұстарды ғана көрсетіп өтейік одан әрі.

                                        ...Жұлдызың туды-ау оңыңнан,

                                           Жан біткен еріп соңыңнан,

                                           Он сан алаш баласын

                                           Аузыңа құдай қаратып,

                                           Жусатып тағы өргізіп

                                           Жұмсап тұрсың қолыңнан.

                                           Ақтан болды-ау күніңіз,

                                           Арсы менен күрсіге

                                           Дау- таласты үніңіз.

                                           Өзің болған күніңде

                                           Бір көшке сыймайды

                                           Азаткерде құлыңыз...

           (Қараңыз: Алдаспан (құрастырып, баспаға әзірлеген, алғы сөзін, түсініктерін жазған филология ғылымдарының кандидаты Мұхтар Мағауин). – Алматы: «Жазушы», 1971 жыл, 151-152 беттер)

            М.Мағауин және мынадай анықтама береді: «Ал, тілімді алмасаң», –   Мәшһүр Жүсіп бойынша берілді. Алғаш «Таң» журналында (1925, №3) жарияланған; жинап бастырушы - Ғ.Жаманқұлұлы. Бір үзіндісі Құрманғали Халитұлының «Тауарих хамса» атты еңбегінде (Қазан, 1911) келтірілген», –   дейді (Қараңыз: Алдаспан. 256-257 беттер).

           Бұқар жырау туындылары өзі ғұмыр кешкен ХVIII ғасырда-ақ байтақ жұртқа тегіс тараған, бағзы заман қазақтары аталы сөзін үлгі қылған, жатқа білген. Шұбарайғыр Қожаберген баһадүр де жаңағы елге мәшһүр толғаудың үзіндісін қайталап айтса керек Абылай ханға...

           Жә, жақсы. Айтпағымыз бұл емес-ті. Басқа. «Елім-ай» «дастанының» жәйі-тұғын. Соған көшейік.      

          «Өнім», «тұтынушы» деген ұғымдар бар. Ежелден қалыптасқан нарықтың тұрақты ұғымдары. Олай болса, көпке түсінікті болу үшін ақынды – өндіруші, ал өлеңін – өнім, сол шығарманы тыңдаушы немесе ғибрат етіп өнеге қылушы жанды тұтынушы дер едік салыстырып. Кім-кім де әуелі тұтынар затының сапасына көңіл бөлері анық. Рухани игіліктеріңізге пайдаланыңыздар деп көпке ұсынылған соң «Елім-ай» «дастанының» тарихи дәйектілігін, көркемдік дәрежесін т.б. тексеріп алуды жөн көрдік. Бұл –       тұтынушы ретіндегі хұқығым. Сондықтан іс-әрекетімізге өзге біреулердің көлденеңнен орынсыз килігіп ашу шақыруы, ойбай-аттанға басуы – таяздық, хас надандық!  

           «Елім-ай» «дастанын» әлгі атышулы Биғожин дейтін «Дала дидары» газетінің 1991 жылғы 3 және 50, 1992 жылғы 20 және 44 нөмірлеріне, жалғасын одан кейін басылымның «Ауыл» деген атпен шыққан сандарына (22-28 қаңтар, 1993 жыл) алғаш жариялатқан.

         Н.Әбуталиев деген де тарихты шексіз бұрмалаған, шылғи өтіріктен тұратын «Сегіз сері» атты «еңбегінде» (Алматы, «Жалын», 1991 жыл) «Елім-ай» «дастанын» жеткізген «Сегіз сері» дейді. (18-бет). «Бізге жеткен екі мың жолдай өлең ғана, яғни дастанның бірінші бөлімі» дейді. Және мұның М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар бөлімінде тұрғанын нақтылап айтады. Тарихты нақпа-нақ жеткізген бірден-бір асыл мұра деп тамсанады ол одан әрі. «Елім-ай» «жырын» аталған кітабына енгізіпті (37-70 беттер).  

          Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ білетінбіз «Елім-ай» әнін. Халықтікі дейтін. Кейіннен естіп жүргеніміз, «Қожаберген» жыраудікі екенін, «Елім-ай» деген «жырының» кейбір шумақтары екенін, «Сегіз сері» арқылы «жеткен». Бірақ «Елім-айдың» кейінге «табысталуына» себепкер болған сол «Сегіз сері» «Шақшақов» ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен және М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғалымдарынан арнайы құрылған Тексеру комиссиясының сараптау қорытындысы бойынша фальсификация деп танылды. (Қараңыз: «Ана тілі».№5, 1. 02. 2007 жыл; «Қазақ әдебиеті».№5, 2. 02. 2007 жыл; «Қазақ әдебиеті».№29 20. 07. 2007 жыл)

          Халыққа бұрыннан жақсы таныс «Елім-ай» әуені мәтінін бертініректе «тапқан» Биғожин дейтіннің «Елім-ай» «дастанымен» салыстырып қарайық. Атақты «Елім-ай» әнінің елге кең тараған, исі қазаққа аян шумақтары мынадай-тын:

1.Қаратаудың басынан көш келеді.

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлдіреп жас келеді.

 

2.Мына заман қай заман, қысқан заман.

Басымыздан бақ, дәулет ұшқан заман.

Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,

Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.

 

3.Мына заман, қай заман, бағзы заман.

Баяғыдай болар ма, тағы заман!

Қарындас пен қара орын қалғаннан соң,

Көздің жасын көл қылып ағызамын.

          (Қараңыз: Шәкәрім Құдайбердіұлы. Қазақтың қайдан шыққаны.// «Қазақ әдебиеті».№ 37.14.09.1990 жыл)

         Мінекей, көріп отырмыз, куә боп отырмыз, мәтін сөздерінде кедір-бұдыр тұс кездеспейді. Әуенге салып айтқанда да, мәнерлеп оқығанда да дауыстың соқпа-соқпасы сайма-сай қайталанып, жорғағы әдемі келісіп тұр! Еш кібіртік жоқ! Өлең мазмұны да бұлдыр заман оқиғасынан елес береді. Тілі көркем. Бояуы қанық.

         Енді «Қожаберген» «жыраудың» «Сегіз» жеткізген, анығында Қаратай Биғожин «жеткізген» «Елім-ай» «жырын» талдайық. Өлең бе, шөңге ме, соны нақтылайық. Авторын анықтап, «шығарманы» иесіне қайтарайық. «Дастан» былай басталады:

Баласы Халдан-Бошақтың Сыбан Рабтан,

Көрші елді жауламақ боп көз алартқан.

Бурятты халқименен қосып алып, (?)

Барабы татарларын келіп шапқан...(?)

 

 

Теріскей Алатауды қалмақ алды,

Наймен мен Қоңыратты қуып салды.

                            Қайран жер жау иелігіне көшкеннен соң,

Жоңғардың Алатауы деп аталды.

 

                             Алтын, күміс, мал беріп, аямай-ақ,

Орыстар мен Қытайдан білгір жалдап (?)

                            Сыбан Рабтан ден қойып өнерпазға,(?)

Ғаскерін үйреттірді бес жыл қамдап...

Осылайша кете береді. Осы өлең бе?! «Қожаберген» көрші елді «Қытай» дейді. Ал, Бұқар жыраудың айтатыны бар еді, «Шүршіт келем деген сөз бар-ды» немесе «Шүршіт келсе, Сырға көш» деп. Абыз үлкен көршіні сол кездегі қазақтардың таңған өз атауымен атайды...

         Әрі қарай, тағы да келтірейік.

                             Екі ұлым бізге еріп келіп еді, (12)

Қызықты Сыр бойында көріп еді. (11)

Ақыры қан майданда шаһид болды, (11)

Қос құлыным жау қалмаққа не қып еді... (12)

 

Болды ғой қиын заман япырым-ау, (11)

Жарар еді қазақ қалса апаттан сау. (10)

Үлгіртпей елден сарбаз жиюға да, (10)

Соқтықты қапияда мейірімсіз жау. (11)

 

Тарығып ұзақ жолда тарттым бейнет, (11)

Туатын күн болар ма бізге зейнет? (11)

Қолында аға-інімнің аман ба екен, (13)

Ең кенжем – жалғыз қызым, құлыным Зейнеп...  (12)

Осылай деп зарлайды Биғожин «Қожаберген» «жырау» боп!

Өлең өлшемі сақталынбаған. Академик Зәки Ахметов айтады: «Қазақ поэзиясында өлең буын санын тұрақты мөлшерде сақтау арқылы жасалады»,– деп (Қараңыз: Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедия, 4-том. Алматы, 1989 жыл, 483-484 беттер). Ал, біз көріп отырмыз: бұл «өлеңдерде» буын саны тұрақты емес: бір тармақ 10, енді бір тармақ 11, тағы бір тармақ 12, 13 буын боп келген. Айта кетейік, Қаратай Биғожин пікір өзегі – осы «Елім-ай» «дастанын» қара өлең мен 7-8 буынды жыр ағымы үлгісіне бейімдеп аралас қып шығаруға тыраштанған.

Профессор Бисенбай Кенжебаев былай дейді: «Қара өлеңнің әр тармағы 11 буынды, 3 бунақты болады; оның бір бунағы үш буынды, қалған екі бунағы төрт-төрт буынды болады. Ал, тармақ ішінде бунақтар орны жылжымалы, ауыспалы келеді» (Қараңыз: Әдебиет белестері. Алматы, «Жазушы», 1986, 80-бет).

Жалпы «Елім-ай» «жырының» бітімі ғалымдар айтқан анықтамаға сай келмейді. Демек, елде жоқ «жанр»! Басқа «айшық»!

Рас, ертедегі жыраулар поэзиясында буын сандары әртүрлі боп келетін шумақтар ұшырасады, бірақ оның жөні бөлек, жосығы басқа.

Бәрін бастан аяқ шашаусыз тізіп көрсету міндет те емес, мүмкін де емес һәм  газет беті шектеулі ғой. Сондықтан шумақтарды «дастанның» әр тұсынан алып талдап отырмыз. Тағы да көз жүгіртейік «жырға». «Елім-ай» «дастаны» жұрт білмейтін «тың» «мәліметтерге» қанықтырады.

                                      Ойғырдың анасы – қытай, атасы – түрік,(?)

Қытаймен көрші тұрды жиенсініп.(?)

Соқтығып Ұлы жүзге әлсін-әлсін,

Шетінен еліміздің салды бүлік.

 

Шүршіттің анасы – қытай, атасы – араб,(?)

Жатпады олар-дағы текке қарап.

Тиісіп Найман, Қоңырат, Жалайырға,

Мазасын кетірді елдің шабуылдап.

          «Ойғыр» қандай халық осы уақытқа шейін ел естімей келген?! Араб атай мен Қытай әжейдің некесінен туған Шүршіттің де тарихын білгіміз келеді. «Қожабергентанушылар» осыны таратып, талдап, айтып берсе дейміз. Әрі қарай.

                                       Құрттатып ет жейтұғын қалмақ кәпір,(11)

                                       Қазақтың сахарасын жайлады ақыр.(12)

                                       Теңемек болып бізбен терезесін,(11)

                                       Жауығып жүруші еді тігіп шатыр.(12)

         Академик З.Қабдолов бүй депті: «Ұйқас – ұйқас үшін тұрмауы керек, яғни өлеңнің пішініне ғана емес, мазмұнына қызмет етуі шарт» (Қараңыз: Сөз өнері. – Алматы: «Қазақ университеті», 1992 жыл, 280-бет).

         Өкінішке қарай, жоғарыдағы «кәпір», «ақыр», «шатыр» деген мәтіндегі есімдер ғалым айтқандай ойлы, терең мазмұнға қызмет етіп тұрған жоқ, бос ұйқасқа құрылған. Оқырманға ұғынықты бола түссін, тәптіштеп түсіндіріп көрсетейік, мәнсіз, бөстекі мына сөздерден «өлең» шумақтарын жасаған: «Құрттатып ет жейтұғын  кәпір қалмақ қазақтың сахарасын ақыр жайлады. Бізбен терезесін теңемек болып шатыр тігіп жауығып жүруші еді». Өлең құраудағы «тың әдіс», «соны соқпақ»! «Елім- ай» «дастаны» бастан аяқ осындай жолмен жамап- жасқалған.

         «Дастанға» одан әрі тағы да назар салайық, ондағы сорақылықтарға көз жеткізе түсу үшін.

                                        Қызығын жаулар көрді жиған малдың.

  Нақақтан қанын төгіп талай жанның,

  Біз кеткенде жорықта жүрген бес ұл

  Шіркін-ау, тірімісің, қайда бардың?  – дейді.

           Бұл өлең емес! Таза шатпақ! Сорақылық былай өрбиді одан әрі:

                                        Төреден Әйтеке би безін деді,

                                        Келді ғой көсем сайлар кезің деді,

                                        Қазақты батыр көсем басқармаса,

                                        Быт-шыт қылар жау қалмақ сезін деді.

                                       

                                       ...Осындай көптен көсем ізде деді,

                                       Хандарды шеттетуді көзде деді.

                                       Қазақты төре бастап көгертер деп,

                                       Малтаңды би мен бектер езбе деді, – дейді «Қожаберген».

 

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570