Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәдениет 1244 1 пікір 16 Шілде, 2024 сағат 14:13

Алтайдан ауған көш

Сурет: inform.kz / None

Халқымыздың тарихында қилы-қилы замандар  өтті. Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ Ұлттық музыкалық драма театрында «Алтайдан ауған ел» спектаклінің көрермен назарына ұсынылып келе жатқанына үш жылдың жүзі өтіпті. Ал Шығыс Түркістаннан кетуге мәжбүр болған қазақтардың Түркияға қоныс аударғанына 70 жылдан асты.

Қиын-қыстау кездерді бастан кеше жүріп тағдырдың сан қилы ауыртпалығына мойымай Алтайдан Анадолыға дейінгі азапты жол, қаралы көште қанқұйлы тағдыр кешіп, бозбала боп аттанып, Тәуелсіздік алған туған еліне ақсақал боп оралған ұлтымыздың ардақты азаматы Халифа Алтай мен Қалибек Хакім бас кейіпкердің біріне айналған бұл қойылым қиямет қайым күндерді, зұлмат жылдарды өткерсе де, қазақ халқының адамдықтан айнымай, тектілігін жоғалпағаны діні мен ділін, дәстүрі мен салт санасын берік ұстанғанын сөз етеді.

Спектакльдің пьесасы Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» және Хасен Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» кітаптарының негізінде жазылған.

Түрік жазушысы Исмаил Шыңғыс: «Түрік қазақтарының керуені көшкенде олардың саны 20 мың болды. Оның 2 мыңы ғана Түркияға жеткен. Бұл үлкен трагедия», - деп баға берген көш тарихы бұған дейін театр мен кино кеңістігінде қозғалмағаны өкінішті. Бұл тарихымызға үңілмеумен пара-пар.

1950-1960 жылдары Түркияның басминистрлік қызметін атқарған, белгілі мемлекет қайраткері Аднан Мендерестің қазақ халқына жасаған жақсылығы мен Анадолы жерінің әлемдегі барлық түріктердің панасы болғаны да қойылымда көрініс тапқан.

Жиырмасыншы ғасыр ортасындағы Қытайдағы қазақтардың жер-суын тастап, белгісіз бағытқа үдере көшуі қолдан жасалған саясаттың ықпалымен өзінің туған жеріне сыймай тау асып, ауа көшкен елдің басындағы тарихи трагедияны баяндайды.

Театрдағы перформанстың ерекшеліктерін жақсы игерген режиссер көрерменді өзіне елітудің, оның ойы мен санасын, сезімдерін баурап алудың барлық тәсілдерін оңтайымен қолданған. Жас ұрпақ өкілдерін отаншылдыққа тәрбиелеуде, патриоттық рухта баулуда және туған жердің қадірін терең түсінуге үндеуде Такламакан шөлінде, Гималай тауында арпалыспен өткен өмір өткелдерінде ұлттық болмысынан ажырамаған ата-бабамыздың қанды тарихын көркемдік шындық арқылы көрермен жүрегіне жол табар спектакльдің қоюшы режиссері – еліміздегі үздік режиссерлердің бірі, Фархат Молдағали. Сахналық нұсқасын жасаған – Мирас Әбіл.

Спектакльде азап пен арпалысқа толы атмосфера бар, сына жаздап сынбаған рухты, ауыса жаздап орнында қалған ақыл мен естің күшін көресің. Мұнда басты кейіпкер жоқ, керісінше ауыр тағдыр арқалап, қатал заманның қайғылы қамытын арқалаған халықтың бүтін кескіні бар. Қойылымнан кейін қаншама ауыр ой арқалап шығасың. Өте әдемі композициялық тұтастыққа қол жеткізген режиссер спектакльдің бүкіл оқиғасын актерлер арқылы жүргізген. Азат басы бұғауға бағынбай, бостандық үшін шыбын жанын құрбан етіп, тізерлеп өткенше тік тұрып өлуді артық көрген жаны сірі халық­тың ұлы ерлігі шын мәнінде бүгінгі ұрпақ үшін тағылым болар тарихтың қасіретті де қатпарлы парақтарының бір парасы. Бұл спектальдің бас кейіпкері – Көш. Бұл жай көш емес, қысымға, зорлыққа, әділетсіздікке шыдамай Алтай асқан көш. Қаралы көш, Үркін көш, Салқар көш...

Режиссер Фархад Молдағали көштің көркемдік құрылымын беймәлім бомстандыққа қарай  бет түзеген ұзын көштің тым ұзақ сапары актерлердің тізбектей жалғасқан жүрісіне құрған. Тарихымыздағы дәл осы азапты да азалы көш тағдыры қазақ драматургиясында да бірнеше рет сомдалған.

Бұл жай көш емес, сонау ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған, сол еркін­­дік­ке талпынған жұрттың көші. Еркіндікке ұмтылған көш. Намысын ажалынан артық тұтқан көш. Жиырмасыншы ғасыр ортасындағы Қытайдағы қазақтардың жер-суын тастап, белгісіз бағытқа үдере көшуі. Халқымыздың осыншалықты тарыдай шашырап кетуінің өзінідік сыры мен себебі - Ақ бас тарихымыздың еншісінде.

Шығарма қолдан жасалған саясаттың ықпалымен өзінің туған жеріне сыймай тау асып, ауа көшкен елдің басындағы тарихи трагедияны баяндайды. Шынына келгенде Алтай баяғыдан қазақтың жері болған, кейін  совет жағы мен қытай жағы ойына келгенін қылып, қысымшылыққа душар болады, дерекке қарағанда, 1940 жылдары Қытайда қуғын-сүргін басталып, дүрбелең болғанда көш үшке бөлініп ауады.

Спектакльдің қытайлардың екіқабат әйелдің қарнын жарып, бес жасар баланы ат құйрығына байлап өлтірген сұмдықтарын баяндаудан басталуы ауыр тағдыр арқалап, қатал заманның қайғылы қамытын арқалаған халықтың бүтін кескінін көз алдыңа әкеледі. Тұтасымен қара матамен көмкерілген сахнада артық зат жоқ, режиссер мен суретші халық трагедиясын бос кеңістікте көрсетуді мақсат еткен. Сценографиялық бұл әдіс актерлік қимыл-қозғалыстармен байланысып кеткен. Хордың А.Кенжебекованың «Түйелер» әнін орындауы да әрбір қазақтың санасын жаншып, намысын таптаған күрделі уақыттың атмосферасын қоюлатқан. Алтайдан басталып, монғол жерінен өтіп, Тибеттегі соғыстан зардап шегіп, Гансу өлкесіне келген босқындарды Кашмир ханының Гималайдың аса қауіпті асуы Зұлжиламен жүргізуіне, одан Такламакан шөлінде бір тамшы суға зар болған қаралы көштің ақыры Түркия жерінде саябыр тапқанына дейінгі жүріп өткен жолының ізін беруде режиссер шартты бейнелеу тәсілін қолданған. Жалпы Ф.Молдағали күрес сапарына шыққан топтың тағдырына тарихи маңыздылық берген. КСРО және Қазақстан халық артисі Шолпан Жандарбекованың 100 жылдық мерейтойына арналған XXVIII Республикалық театрлар фестивалінде «Үздік спектакль» номинациясына ие болған «Алтайдан ауған ел» қойылымын адам жанын селт еткізер ауыр ойымен, қазақ жүріп өткен тарихи жолдың соншалықты қиын да күрделі болғандығын келешек ұрпаққа айқара ашып көрсетумен құнды

Қойылым лейтмотивіне Алмахан Кенжебекованың М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Түйелер» әні мен Ермұрат Зейіпханның туған жерге сағынышқа толы «Күнес-ай» әні алынды. Осы музыка оқиғалар желісімен қабысып, сай-сүйекті сырқыратады. Сол мақсатқа жету үшін спектакльді жетелеуші музыка мен сценографияның, жарық қою­дың да қатпарларына терең бойлап, жіті зерделенгені байқала­ды. Бұл – сөзсіз қойылымның үлкен жетістігі. Алтай асып, тұзды шөл Такламакан мен Гималайдан әрі өтіп, Үндістан мен Пәкістанға жетіп, Түркияға табан тіреп тоқтайтын бас-аяғы 6 мың шақырымға созылған адамзат тарихындағы ең алыс көштің ауқымын сахнада жеткізу оңай емес. Ал сол азапты жолдағы тауқымет тартқан тағдырлардың қасіретті жағдайын жеткізу, сон­дай-ақ режиссер мен драматургия негізін түзушілерге де аз жа­уапкершілік жүктемейді.

2024 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссиясы аталған сыйлықты алу үшін алдын ала іріктеуден өткен және конкурстың келесі кезеңіне жіберілген шығармалар тізімін ұсынды. Өнер саласы бойынша авторлық ұжым (Молдағали Фархат, Әбіл Мирас, Жақыпбеков Олжас, Қыстықбай Қуандық, Нұрымбет Ержан) -  «Алтайдан ауған ел» спектаклі қатысып жатыр екен. Өз тарапымыздан осындай кең көлемді күрделі өнер туындысын қандай бағаға болса да лайық деп танимыз.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3239
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379