Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Сұхбат 1761 5 пікір 17 Шілде, 2024 сағат 17:03

Қазақстанда «мәдени антропология» пәні оқытылуы керек пе?

Коллаж: Abai.kz

(Философия ғылымдарының докторы, мәдениеттанушы, профессор, Қазақстандық философиялық Конгрестің вице-президенті Ғабитов Тұрсын Хафизұлымен сұхбат)

Тәуелсіз Қазақстанның дaмуы бaян­ды болуын­ың бір ке­пі­лі – өзі­міз­дің рухa­ни-мә­де­ни дү­ниеміз­дің тaри­хына қaйтa үңі­лу ‑ оны ой еле­гі­нен өт­кі­зу, тaрих қaлтарысында қaлғaн рухa­ни дү­ниеміз­дің жaнды тaмырлaрын қaйтa тірілту болып табылады. Әри­не, ке­ле­шек жастары бaйырғы қaзaқи текпен қала бермейді. Олар қaзaқ хaлқы­ның әлемдегі тө­рін­ анықтаушы, заманына байланысты туын­дaған жаңа мәдениетке ие буынға айналады...

Бүгін осы мәселелерді кеңінен талқылау үшін редакцияға белгілі қазақ философы, мәдениеттанушы, профессор ф.ғ.д. Ғабитов Тұрсын Хафизұлын сұхбатқа шақырдық.


– Құрметті профессор мырза, мемлекеттің «Жаңа Қазақстан» бағдары зиялы қауымға үлкен ой салды. Сондықтан, мәселенің саяси астарларын түсіне отырып, бүгін өзіңізге жақсы таныс философия мен мәдениеттану, мәдени антропология ілімдерінің жай-күйі жөніндегі ойлармен бөліссеңіз.

– Өз тарихын, рухани мұраларын, құндылықтарын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін келесі ұрпаққа таныту – ұлттың өзін-өзі сақтау инстинкті. Әсіресе, тарихи сананы қалыптастырудың орны ерекше. Өйткені, өткенімізді білмей келешекке қадам басуға болмайды. Ұлттық мүддені ұғынуда зиялы қауымның атқарар рөлі аса зор. Нақ солар бұқара, көпшілік санасына ұлттық мүддені жеткізуі, көрсетуі тиіс. Ұлттың өз мүддесін қорғай алуы – оның күштілігінің, өміршендігінің көрсеткіші. Оның адамзат тарихынан іс-түссіз жоғалып кетпеуінің кепілі. Қазіргі өзекті мәселенің бірі – қазақтардың ұлттық өзіндік болмысын, төлтума мәдениетін сақтап қалу жайында.

– Сіз «мәдени антропология» туралы жиі айтып жүрсіз. Жалпы, «мәдени антропология» ілімінің маңызын оқырманға түсіндіріп берсеңіз дұрыс болар еді.

– Студенттер «Антропология теориясының не қажеті бар?» деген сұрақты жиі қояды. Дәл сол сияқты олар «Мәдениеттанудың қажеті қанша?» деп те сұрауы мүмкін. Егер, олар осы ілімнен хабардар болмаса, онда олар бұл сұрақты міндетті түрде қоятын болады. Негізі, «Мәдени антропология»біріншіден, мәдениеттің абстрактілі мағынасын тереңірек түсінуге және әрбір мәдениеттің ерекшелігіне байланысты қалыптасатын адамзат табиғатын анықтауға, мысалы, ұлттар мен этностар болмысын ұғуға қызмет етеді. Екінші жағынан, кез келген жалпылама теория этнографиясыз қандай да бір мәнінен айырылады. Өйткені антропологиялық мәселелердің ішіндегі ең маңыздысы ‑ ұлттардың мәдени өзгешеліктерін түсіну.

Қазіргі заманда мәдени антропология  мәселелерінің өзектілігі мен ауқымдылығын білдіретін бірнеше мәдени-әлеуметтік факторларды атап өтейік. Алдымен осы факторлардың арасында ғаламдану үдерісінің рөлі ерекше екендігіне назар аударған жөн.  Әлемдік қауымдастықты құрап отырған ұлттық мемлекеттер мен аймақтардың бір-біріне өзара тәуелділігінің артуы, олардың жалпыға ортақ экономикалық, саяси және мәдени ережелері бар бір жүйеге бірте-бірте тартылуы, интеграциялануы ‑ дендеп бара жатқан ғаламданудан (глобализацияланудан) тыс қала алмайтынымызды белгілейді.

Жаһандану жөніндегі түрлі көзқарастар болса да, күшті ел әлсіз елге басымдық көрсете алмайтын, барша адамзат жатырқамайтын мәдени ғаламдастыру негізінде жергілікті ұлттық дәстүрлер мен ерекшеліктерді сақтай отырып, өзге өркениеттен, өзге мәдениеттен талғап-таңдап, іріктеп, әлемдік мәдениетте лайықты орны бар, біртұтас ұлттық мәдени кеңістік қалыптастырған ләзім.

Осыған сәйкес, Қазақстанның «мәдени-саяси даму моделі» ретінде мемлекеттік саясаттың мынадай құралдарын атап өтеміз:

  • қоғамның жан-жақты дамуының алғы шарты болып табылатын мәдениет тәуелсіздікті сақтау;
  • қоғамның негізгі субъектісі мен объектісі ретіндегі адамның жеке тұлғалық құндылықтары мен шығармашылық дамуын бағалау;
  • қоғамның адамгершілік (рухани, моральдық, діни) және интеллектуальдық ресурстарын дамыту мен қайта қалпына келтіру үшін мемлекеттік жігерді (қамқорлықты) жүзеге асыру;
  • қоғамның жоғары дәстүрлі-моральдық құндылықтар мен этникалық нормаларға жетуі;
  • негізгі ұлт қазақ халқының мәдени құндылықтарын басшылыққа алу және оны басқа ұлт өкілдерінің қабылдап, бейімделуін реттеу арқылы ұлттық модельді қалыптастыру және т.б.

– Оған қалай қол жеткізуге болады?

– Осы жағдайларды ескере отырып, жаңа Қазақстан үшін білім беру үдерісінде философия мен мәдениеттану салаларында мына шараларды іске асырған маңызды деп есептеймін:

- алдымен  ҚР БҒМ мен Жоғары оқу орындарының ассоциациясымен бірлесе отырып, философиялық, мәдени антропологиялық  білім беру пәндері бойынша жаңа типтік бағдарламаларды дайындау керек, оларда бұрынғы тоталитаризм мен авторитаризм идеологиясынан (ол қатарда діни қазіргі тоталитаризм де бар), яғни, жалпылама тілде айтсақ – «жағымпаздық философиясынан» барынша арылу қажет;

- жаңа оқулықтарды дайындау жұмысына осы пәндер бойынша қалыптасқан еліміздегі барлық ғылыми мектептер мен бағыттар қамтылуы тиіс, шығармашыл топтар ұйымдастырылып, соңғы 5 жыл аумағында осы пәндер бойынша университет ғалымдары дайындаған  кітаптар мен электрондық құралдар ескерілуі керек, барлық оқулықтар және  құжаттар алдымен қазақ тілінде жазылып, кейін басқа тілдерге аударылуы керек, бұл жұмыс барынша жария жүргізілуі қажет;

- жаңа оқулықтарды дайындау жұмысы мемлекет тарапынан жеткілікті түрде қаржыландырылуы қажет;

- жаңа оқулықтарды дайындау жұмысында бюрократиялық кедергілер болмауы керек, бұл жұмыс тек жоспар ретінде жарияланып қоймай, нақтылы шаралар қолға алынуы керек.

– Оған не кедергі?

– Шындықты айтар болсақ, бізде тоталитаристік және  авторитарлық сана мен әрекеттердің көріністері біршама орын алған. Тоталитаризм адамды қорлауға (орысша айтқанда – хамство), оны шектеп тастауға, аузын жабуға, құлдық сананы қалыптастыруға бағытталады. Дана қазақ халқы «бас кесу болса да, тіл кесу жоқ» деген. Бұл жерде «бас кесу» аллегориялық мағынада. Жақында бір жергілікті «бастықтан»: «Менен жоғары тұрған «бастықтарға» тек менің рұқсатыммен бара аласыз» дегенді естігенмін. Осындай санамен тым алысқа бара алмайтын шығармыз.  Онда «ауғанстан синдромының» да ауылы алыс емес сияқты.

Айтпақшы, өркениетті сана өзімен өзі қалыптаспайды. Оны жүйелі түрде насихаттау, енгізу, дамыту қажет. 2000-ы жылдардың басында белгілі  саясаткер Алихан Байменовтың жетекшілігімен арнаулы шығармашылық топ әлемдігі озық демократиялық бағыттағы әдебиетті (Поппер, Монтескье, Руссо, Локк және т.б.) қазақ тіліне аударды. Бірақ бұл кітаптар қолданыссыз қалды, керегі болмады. Менің кітап сөрелерімде олар шаң басып тұр. Мүмкін бұл кітаптарды еске аламыз. «Жағымпаздық философиясының» орнына жастарды демократиялық идеялармен сусындатамыз.

– Уикипедияға қарасақ, «Мәдени анртопологияға»: «Мәдени антропология дегеніміз (кейбір елдерде ол «әлеуметтік антропология» деп аталады) – мәдениетті материалдық объектілер иен идеялардың, құндылықтардың және өмір сүру формаларының жиынтығы деп қарастырып, оның дамуын барлық тарихи кезеңдерге байланысты қарастыру»  деген анықтама беріліпті. Яғни, ол түптің түбінде адамның қоғамдық болмысы мен ол туындатқан мәдени құндылықтарды тұтас қарайтын ілім болып шықты. Ол жеке ілім ретінде 19‑ғасыр аяғында пайда болып, 20‑ғасырда АҚШ‑та дамыған. Бірақ көптеген елдерде «Мәдени антропология» мен «Этнология» ілімінің арасы ажыратылмаған. Қазір де бұл екеуін бір ілім деп санайтындар жеткілікті. Дегенмен, «этнология» ілімінің қазіргі жағдайда өрісі тарылған сыңайлы. Себебі, халықтар мыңдаған жылдар бойы тек өзімен‑өзі ғана дамыған жоқ. Әрбір халықтың тарихы әлемдік тарихи дамумен ұштасып отырады.  Олардың бір‑біріне ықпалы, көп жағдайда, этнология ауқымынан тысқары. Мысалы, қоғамда «қазіргі қазақ тіліне араб тілінің ықпалы» атты мәселе  өткір талқыланады.  Дін өкілдері көптеген қазақ сөзінің арабтан енгенін негізге алып, қазақ халқының тарихын тек қана ислам заманымен өлшеуге кірісті. Сөйтіп, «қазақ этнологиясы» ақыр соңында «ислам дінінің Қазақ Елінде таралуы» атты сұрақпен шектелетін болды. Сондықтан, бұл шектеулі шеңберді бұзу үшін де бізге «мәдени антропология» ілімін қолға алу керек сияқты. Себебі, сонда ғана біз «этнологияның» тар шеңберінен шығып, керісінше, Түркі әлемінің араб мәдениеті мен тіліне тигізген ықпалы туралы айтуға қол жеткіземіз. Сонда ғана, мәдени антропологя бізге өзіміздің тұтас тарихымызды тек қана бір дінмен ғана байланыстырып емес, оны Қазақ елінің көнеден басталатын тұтас тарихымен байланыстыруға мүмкіндік береді дей алар едік. Осы әңгімеден соң маған осындай ой келді. Келісесіз бе, Тұрсын Хафизұлы?

– Әрине, келісемін. Себебі, Қазақстанда оқытылатын мәдениеттану пәнінің негізгі  міндеттеріне  тәуелсіз Қазақстанның мәдени дамуының дербестігін қамтамасыз ету, ұлттық мәдени дамуының дербестігін қамтамасыз ету, ұлттың мәдени сұраныстары мен талаптарын қанағаттандыру саясатын жүргізу жатады. Ұлттық мәдениеттің қайта өрлеуі екі негізгі талаптарға сәйкес келуі тиіс:

- Ұлттық мәдениет өзіндік даму амалымен өзіндік даму қабілетін анықтауы тиіс.

- Ол қазіргі кезде қоғамда болып жатқан радикалдық және инновациялық өзгерістерге кедергі жасамай, керісінше, оған демеу беріп, бірігіп, онымен іштесіп модернизациялануға ұмтылуы тиіс.

Бүгіндегі өркениеттілік философиясы мен мәдени антропологиясының басқа қырлары – олар алып келетін жағымды құндылықтар. Бұлар:

- қоғамның ашықтығы тіршілік қалыптарының жоғарылуына, экологиялық бүлдірулердің баяулауына, жалпы гүлденуге себепші бола алады;

- ашық (демократиялық) нарық жаңа жұмыс орындарын ашады, табысты молайтады, жаңа технологияларды таратады;

- әлемдік экономикамен бірігу  өзімен бірге жаңа технологиялар мен идеяларды ала жүреді, халықаралық сауданы дамытады, инфляцияны жұмсартады, инновацияларды жеделдетеді;

- ашықтық (демократия деп білу керек) адамдық факторлар ‑ білім беруге, денсаулықты сақтауға, инфрақұрылымға инвестицияларды ұлғайтады;

- өзгерістер билікті саяси және экономикалық реформаларды жүргізуге мәжбүрлейді.

Мәдениеттану мамандарын дайындауда жетекші рөл атқаратын  антропология курсы өз ішіне әлеуметтік немесе мәдени антропологияны, антропологиялық лингвистиканы, ежелгі археологияны және биологиялық немесе физикалық антропологияны қамтитын пән. Антропология пәнінде теория зор мәнге ие. Ал теория мен тәжірибе өзара тығыз байланысты. Бұл бөлімде біз антропологияға қатысты негізгі мәселелерге шолу жасаймыз. Әсіресе түрлі ұлттық дәстүр ықпалымен пәнге берілген анықтамаларға, теория мен этнографияның өзара байланысына, синхрондық және диахрондық тұрғыдан зерттеудің айырмашылықтарына және пән тарихын тарихшылар мен антропологтардың қалай қабылдайтынына мән беріледі. Мәдени антропология үшін не нәрсе маңызды және не нәрсенің маңызы жоқ екенін анықтап алмайынша, онымен айналысу мүмкін емес. Жалпы, бізге этнологияға «кіру» үшін де мәселені «мәдени антропология» ілімін игеруден бастау керек деп санаймын.

– Тұрсын Хафизұлы, байқаймын, біздің сұхбат осы әңгімемен таусылмайтын сияқты. Сондықтан, бір сұхбатта барлық философиялық мәселелерді тұтас қарастырып шығу – оқырман санасына жүк. Осыны ескере келе, біз сізбен әлі де сұхбаттасамыз деп ойлап отырмын. Бүгін бір мәселенің басын қайырдық қой деп ойлаймын. Ертең оқырманды одан да терең әңгімелерге шақырамыз деп отырмын. Сізге алғыс. Келесіде кездескенше!

– Қарсы емеспін.

Сұхбатты жүргізген Әбдірашит Бәкірұлы.

Abai.kz

5 пікір