Жексенбі, 8 Қыркүйек 2024
Аласапыран 1111 3 пікір 22 Шілде, 2024 сағат 13:18

АҚШ-тағы сайлаудың бізге берер тағылымы қандай?

Коллаж: Abai.kz

немесе Байден тірес, Трамп тартыс

Әрине, мұхиттың ар жағындағы АҚШ-та өтіп жатқан президент сайлауы, оның ішінде президент Байденнің бәйгеден бас тартуы секілді оқиғалар – сол елдің өзінің ішкі шаруасы болса керек.

Алайда, өз басым ескі Қазақстаннан Жаңа Қазақстанға жол тартқан біз кез келген елдің басқару тәжірибесінен сабақ алуымыз керек деп санаймын.

Сонымен алыстағы АҚШ-тағы науқанның бізге қандай тағылымдары бар?

Өз басым ең басыт үш жайтты атар едім.

Біріншіден, ол жақтағы басты екі партия – Демократиялық және Республикалық – бір-бірінен идеология, бағдарламалық тұғырнама жағынан ерекшеленеді. Яғни, сайлаушылар, ең алдымен, партиялық бағытқа сүйеніп, өз таңдауын жасайды.

Мәселен, демократтар либералды да, республикашылдар – консервативті көзқарас ұстанған. Демократтар өзгерістерді қаласа, республикашылдар кезінде Американың негізін қалаған тұлғалардың өсиеттерін басшылыққа алады. Мұндай жағдай аборт, қару-жарақты сатуды реттеу, ЛГБТ мәселелерін қолдау не қолдамауға өз ықпалын тигізуде.

Демократтар әлеуметтік саясатта социал-демократияға жақын боп, экономикадағы мемлекеттің ролін арттыруды жақтаса, республикашылдар көбіне-көп еркін нарық заңдылықтары мен жеке адамның бастамаларын қолдайды. Бұл екі ұстаным салық жүйесіндегі басым бағыттарға да әсер етуде.

Бізде болса, сайлауға қатысатын партиялар негізінен «биліктікі және билікті қолдайтындар» және «оппозициялық» (ішінде «жұмсақ», центрист», «радикалды» боп бөлінеді) боп құрылады да, олардың экономикадағы, әлеуметтік саладағы, қоғамдық-саяси көзқарастарына көп мән беріле бермейді.

Екіншіден, ол жақтағы партиялардың көшбасшылары маңызды роль атқарса да (мәселен, осы күнге дейін басты бәсеке Байден мен Трамптың атымен байланыстырылып отырды), басты мәселені партия жиындары шешеді. Және де бүкіл партиялық өмір, сайлау бір адамның тағдырына байланып қалмайды: Байден бәйгеден бас тартып еді, енді орнына «сен тұр, мен атайындар» дайын тұр!

Бізде болса, биліктегі болсын, оппозициядағы болсын, партия дүниеге келсе, бүгінгі не кешегі белгілі тұлға өз орнын босатуға асықпайды. «Отан», кейін «Нұротан» атанған билік партиясының мысалы бар: Назарбаев соңғы кезге дейін партия басшысы боп келді емес пе?

Өзін оппозиция санайтын партиялардағы ахуал да көп жағдайда сондай болып келді: біреу лауазымды қызметтен кетіп, кеше өзі істеген билікке қарсы шығады, партия құрады, маңайына өз жақындарын жинап алады да (олар болса, өз көсемінің жеке басына табынуды бастайды), сол орнынан кетпейді.

Яғни, партия бағдарламалық басымдықтарға емес, жеке адамның субъективті таңдауына телініп қалады.

Үшіншіден, АҚШ-та президент қаншама ықпалды болғанымен, ол өзіне оппозициядағы партия өкілдері баршылық Конгресс және Сенатпен санасуы тиіс. Мемлекет өміріндегі аса маңызды мәселелерді ол жекедара қабылдай алмайды. Оны өркениетті дүниеде «билік тармақтарының өзара тепе-теңдігі» деп атайды.

Кезінде Трамп президент болған кезде, оның да бірнеше улы-шулы бастамасын Конгресс тежеп тастаған жоқ па?

Иә, мойындау керек, Жаңа Қазақстан жобасында парламенттің ролін арттыру мақсаты көзделген.

Алайда бұл бағдарлама толыққанды жүзеге асып жатыр деу қиын болар. Оның да өз себептері бар сықылды.

Біріншіден, атқарушы билік ескі әдетке салып, бар өкілеттікті депутаттарға бере салғысы келмейтін сықылды. Мәселен, депутаттар нақты ұсыныс жасап, бюджеттен қосымша қаржы талап етсе, оған міндетті түрде үкімет өз рұхсатын беруі тиіс. Содан барып, көптеген жақсы бастамалар тұралап қалуда.

Екіншіден, елдегі жағдайға толық жауапкершілікті алып, кәсіби деңгейде мемлекет басқаруға депутаттардың өзі де дайын емес сияқты. Мәселен, экономикада, әлеуметтік салада терең де тұжырымды ой айту үшін білім, біліктілік, тәжірибе керек емес пе? Бізде болса, көбінесе, сол мәселелердің иісі мұрнына бармайтын басқа сала өкілдері жүр. Хайпы жоқ емес не лоббистік сипаты бар депутаттық сауал жолдау бөлек те, нақты заңды бүге-шүгесіне дейін зерттеп, оны ішкі жағдай мен халықаралық тәжірибемен байланыстырып, үкімет өкілдерімен терезесі тең пікірталас жүргізіп, өз позициясын сауатты да уәжді түрде қорғай алу – мүлдем бөлек!

Бәлкім, «кәсіби парламент» құру ісін көп кешіктірмей қолға алу керек шығар...

Әміржан Қосан

Abai.kz

3 пікір